Жастар театры жаңа қойылымын сахналады
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі Асанәлі Әшімовпен кездесу өтті.
Жиын барысында аты аңызға айналған актердің шәкірттерінен құрылған «Жаңа ғасыр» театрының «Соңғы қоңырау» қойылымы көпшілік назарына ұсынылды.
– Мемлекет басшысы биылғы жылды Жастар жылы деп жариялады ғой. Өскелең ұрпаққа, талантты жастарға нақты қолдауымыз болсын деп жаңа театр ашқан болатынбыз. Бүгінге дейін өнер ұжымының репертуарында 7 қойылым бар. Соның ішінде шоқтығы биік Мұхтар Әуезовтың «Қарагөз» драмасы, И. Миччидің «Арыстандар патшалығы» музыкалық драмасы және Елдар Ташкенбайдың «Соңғы қоңырау» поэтикалық драмасы көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Сахналанған спектакльдердің жанры да, идеясы да, пішіні мен мінезі де әрқилы. Бір-біріне ұқсамайды. Театр әртістерінің барлығы да менің шәкірттерім. Келешегінен үлкен үміт күтетін жастар, – дейді А. Әшімов.
Атап айтқанда, театрдың 30 әртісі қазақ өнерінің қарашаңырағы Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында Театр өнері факультетінің Асанәлі Әшімов шеберханасында 2014-2018 жылдары аралығында білім алған. Биылғы жылдың қаңтар айында құрылған театрдың көркемдік жетекшісі – Асанәлі Әшімов, режиссері – Талғат Кубеков.
Қыздар университетінің ұжымы мен студенттерінің назарына ұсынылған «Соңғы қоңырау» драмасы достарға деген риясыз шынайы көңіл, бала махаббат пен ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігін бейнелейді. Оқиға желісі басты кейіпкер Ораз бен оның жолдастары арасында өрбіп, түрлі адамның болмыс-бітімін ашады.
Шығарма авторы Елдар Ташкенбайдың айтуынша, қойылым кейіпкерлерінің барлығы мейірімді, бір-біріне сүйіспеншілікпен қарайтын жастар. Драма осынысымен өзекті.
– Алматыдан ауылдағы мектепке бір оқушы қыз бала ауысып келеді. Оны көрген сыныптасы бойжеткенге ғашық болып, оның өмірге деген көзқарасы мен жан дүниесі өзгереді. Алғашқы кіршіксіз сезім, шынайы махаббат бозбаланы жақсы қасиеттерге ынталандырады, – деп атап өтті Е. Ташкенбай.
Қойылым алдында Асанәлі Әшімов жиналғандар алдында сөз алып, театрды ашудағы басты мақсатын атап өтті. Сондай-ақ ол «Жан бөлек», «Майраның әні» атты кітаптарын Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергеноваға сыйға тартты. Өз кезегінде оқу орнының басшысы Халық әртісіне ізгі ниетін білдіріп, сый-сияпат көрсетті.
– Тарихи сананы жаңғыртып, бекзат өнерді өрге сүйреп келе жатқан өнер ұжымы отандық мәдениеттің дамуына зор үлес қосады деп сенемін. Өнер мен мәдениет – ұлттың ұлылығын айшықтайтын халықтың асыл мұрасы, парасаты мен бет-бейнесі. Өркениетті мемлекет ең алдымен әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан қомақты үлесімен өзгелерден бәсі басым болмақ. «Хас сұлудың көз жасындай мөлдір өнер» – театр саласының өркендеуіне және елімізде тәжірибелі өнер адамдарының мектебін қалыптастыруда Сіздердің өзіндік алар орындарыңыз бар деп ойлаймын. Жасампаз халқымыздың және жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп, жаңалықтың жаршысы болып келе жатқан театр ұжымына зор алғысымды білдіремін. Ұжым мүшелеріне зор денсаулық, отбасыларына баянды бақ-береке, шығармашылық табыс тілеймін, – деді өз сөзінде Гаухар Алдамбергенова.
Сонымен қатар кеш барысында Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров өнер өлкесіне қадам басқан жастарға ақ жол тілеп, бастамаға қолдау білдірді.
– Сахнаның киесі мен ұлы өнердің құдіретіне деген шексіз һәм шынайы махаббат бізді «Жаңа ғасырға» алып келді. Халқымызда «Ел ішінде өнер бар, өнерді тапқан шебер бар» деген ұлағатқа айналған ұлы сөз бар. Қазақ театры мен киносының корифейі Асанәлі ағамыздан тәлім-тәрбие алғанымыз біз үшін үлкен мақтаныш, зор абырой, үлкен мектеп. Сондай-ақ біз үшін қоғамдық ой-сананың шарықтау шегі мен адами дүниетанымның жемісі болып табылатын театр өнерінің орны бір төбе. Болмыс-бітімі әрқилы кейіпкерлердің рөлін ойнау арқылы мәңгілік сезімге толы бекзат өнердің қыр-сырын меңгере түсеміз, – дейді театр әртістері.
Жандар АСАН,
Қыздар университетінің Баспасөз орталығының басшысы