Петропавловск атауы өзгермеуінің 3 себебі

Қазаққа бүкіл қастерлі болған қашаннан
Қызылжар біздің шымқай қызылмен жасанған:
қызыл жарларды қаумалай қонған үйлердің
қабырғалары қып-қызыл тастан қашалған.

Қызылжар таңы қып-қызыл болып атады,
Қызылжар күні қып-қызыл болып батады.
Қызылды-жасыл шапағын шашқан шат түні
Қонағуар жұртты құшақтап тыныстатады, — деп жерлес ақын Болат Қожахметов жырлағандай, «Қызылжар» атауының өзі қандай керемет! Кеш бата жардың басы қызыл түске боялып, табиғат әсемдігімен одан сайын қызара, құлпыра түседі. Бұл Қасиетті өлкенің ең бір әсем көрінісі.
Қызылжар өңірі — Қазақстанның мақтанышына айналған тұлғаларға өте бай. Қожаберген жырау, Шал ақын, Сегіз Сері, Үкілі Ыбырай аталмыш аймақтың ғана емес, күллі қазақ халқының біртуар азаматтары, дарынды өнерпаздары. Бұл топырақтан қазақ поэзиясының ірі өкілі М.Жұмабаев, көсемсөз зергерлері Ғ.Мүсірепов пен С.Мұқанов шыққан. Мағжан, Сәбит, Ғабиттей жандар өскен өңір киелі болмай, қандай болсын? Бірақ бүгінгі сөз болмақ әңгіме Қызылжардың көркі мен мақтанышын тізбектеп жаза беру емес, сол киелі өлке қашан «Петропавлдан» ресми түрде қазақша «Қызылжар» деген атауға көшеді екен соны ойлану. Бұл өзгерісті қай кезге дейін күтеміз?
Әлі күнге дейін Петропавл атауы өз үстемдігін жоймай отыр. Тас кенеше жабысқан бұл атау қалар емес. Қазақ қашанғы Петропавлдың Қызылжарға, Павлодардың Баянауылға ауысатынынан үміт етіп, күте бермек. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2008 жылдың 29 мамырында берген сұхбатынан: «Қазақта «Жерiңнiң аты – елiңнiң хаты» деген сөз бар. Халық жерге ат қою арқылы елiнiң тарихын да жазып отырған. «Тәуелсiз мемлекеттiң бiр белгiсi – оның ұлттық нышандары» десек, сол ұлттық нышандар елдi мекендердiң, көшелердiң, алаңдардың да аттарынан көрiнiп тұруы тиiс. Елiмiздiң зиялы қауымы бiраздан берi «Петропавл мен Павлодар секiлдi қалалардың атауларын да өзгертсек» деген ұсыныстар айтып жүр. Ленинград, Сталинград, Ульяновск секiлдi қалалар, басқа да жер аттары өзгерiп жатқанда, бұл да орынды ұсыныс…».
«Елбасы бастап, қызылжарлықтар қостағанда арада 11 жыл өтсе де, жер атауы неге өзгермей тұр?» — деген сұрақ қаладағы қазақтарды көбірек алаңдатады.
Бұл шаһардың түп атауы Қызылжар екендігі бұрыннан дәлелденген. Жазушы-журналист Жарасбай Сүлейменов: «Тарихқа үңілсек, 18 ғасырдың өзінде Қызылжарға арналған өлең болған. Сол кезде Абылай хан әскери бекіністің командиріне хат жазып, ол жерден сауда жәрмеңкесін ашуды сұрайды. Артынша, халық ол жәрмеңкені Қызылжар деп атап кетеді», — деп айтқан. ХХ ғасырда белгілі қазақ жазушысы Сәбит Мұқанов өзінің «Аққан жұлдыз» романында: «Бұл қаланың Қызылжар деп аталатын себебі — Есіл өзенінің топырағы қызғылт түсті жарына орнағандықтан екенін білеміз», — деп анық жазады. Сонау заманда Қожаберген жырау: «Атыңды «Қызылжар» деп бабам қойған», — деп жырлаған. Әу баста бабаларымыз «азан шығарып» қойған атымен атамай, ауыз үйреніп қалған «Петропавловск» деп жүрміз. Менімше, шаһар атауының өзгермеуіне негіз болып отырған себептер де бар.
Біріншіден, қазақи ортада тәрбиеленетін қазақ балалары аз. Әке-шешесі қазақ бола тұра орысша сөйлеп, балаларына ана тілінің қадірін түсіндірмей, керісінше қашыратындары баршылық. Бұл Қазақстанның өзге де қалалары бойынша дендеп тұрған дерт. Алайда Солтүстіктегі қала жұртының басым көпшілігі орыстілді екенін мойындау керек. Орысша білетіндеріне мақтанып, қазақша сөйлеуді ұят көретіндер де жоқ емес. Қоғамдық көлікте кетіп бара жатқанда қазақтың ұл-қыздарының қазақ тілінде тіл қатысуға арланатындығын байқап жүрегін сыздайды. Орысшаға тілдері келмесе де күбірлеп, өз тіліңде сөйлеуге қымсынатындары, ана сүтімен бойға дарыған тілді құрметтемейтіндері көп. Тіл қадірін түсінбейтін ұрпаққа қалаларының атауы «Петропавловск» бола ма, яки «Қызылжар» бола ма алып кетер айырмашылық бар ма?
Кезінде Жүсіпбек Аймауытов: «Ұлтшыл жұрт — Жапония. Олардың баласы жасынан ұлтым деп өседі. Есейген соң бар білімін өз жұртының күшеюіне жұмсайды»,- деген екен. Ал біз қазақ сол жапондықтар құрлы жоқпыз ба? Тіпті кеше ғана Президентіміз бірнеше мемлекет елшілерінен сенім грамоталарын қабылдағанда ұлттық киім кимоно мен хакама шалбарын киіп келген жапондық дипломат Тацухико Касаи өз ұлтына деген сүйіспеншілігін көрсеткендей болды. Міне, ұлтын сүю, ұлттық болмысын сүю деген осы. Ұлтын сүймеген адамдар «қалаларының атауы өзгере ме, жоқ па?» оған мән бермейді де.
Екінші себеп, шаһар жұртының көптеген көшелердің де атауы орысша екендігіне еті үйренгендігінде. Бұл жағдай да қала атауының қазақшалануына кедергі болып тұр. Себебі Қызылжарда Рижская, Солоника, Челюскина, Клары Цеткин, Молодогвардейская және т.б. осы сынды толып жатқан ел тарихына еш қатысы жоқ кеңестік көше атаулары жетіп артылады. Олар ақыл-ойы мен сана-сезімі жетіліп келе жатқан жастардың тұлғалық дамуын тежейді, жас жеткіншектер санасын орысша атаулар билеп, «Қызылжардан» гөрі «Петропавловск» дегенді құп көріп өседі. Сондай-ақ, тағы бір айта кетер жәйт, қалада көше атауларынан бөлек ғимарат, мейрамхана, балабақша, сауда үйлері мен ойын-сауық орталықтарының да атауларын қазақиландыру керек. Егер қазақша аты бар мекемелер көбейсе, тұрғындардың оған бірте-бірте көзі үйренеді. Артынан қала атауының қалай өзгергенін де байқамай қалады. Ал бүгінгі қалыпта тұра берсе, одан не қайыр?
Үшіншіден, шаһар тарихы туралы қазақтар арасында қалыптасып қалған бір аңыз бар деседі. Ол аңызда: «Орта жүз сұлтаны, Атығай-Қарауылдың ханы Абылай орыстарға соғыс ашарын, не ашпасын білмей дал болып жүрген тұсы. Бұл кезде ақ құлақтар қазақ жеріне баса-көктеп кіріп, ойына келгенін істеп, қоныстана бастаған еді. Орыс әскері батыстан бекініс орнатып, күн санап ішкеріге қарай сұғына еніп келе жатты. Жаздың жайма шуақ бір күнінде қазақтардан жер сұрап екі орыс балықшы келеді. Олар ағайынды Петр мен Павл болатын. Ағайындылар ханнан Есіл өзенінің ой жақ бетіне қос өгіздің терісіндей аумақтағы жер бөліп беруін өтінеді. Хан ойланып, келісімін береді де, өтініш айтқан екі бауырға малы да, жері де көп Атығайдың атақты байы Дәулеткелдіге аттандырады. Жер таңдағаннан кейін ағайындылар екі өгіздің терісін жіңішке таспа қылып тіледі. Қылдырықтай жіптерді бір-біріне жалғастырып байлайды. Сөйтіп ұзыннан ұзақ бау жасап, алған жерлеріне белгі қояды. Осылайша, орналасқан қоршауға ағайынды орыстар алдымен әскер әкеліп бекініс, кейін сол алаңға шіркеу салған деседі. Қала ағайынды орыстардың атымен Петропавл қаласы атанған екен», — деп айтылған. Аңыз осылай дейді. Христиандық екі әулиенің атындағы шаһардың атын өзгерту туралы сөз болса, бұл діннің өкілдері белсенділік танытып, билік басындағы түрі қазақ, тілі орыстар жыланша жиырыла қалады. Осындай жергілікті тұрғындар санасын жаулаған аңыздарды құрту керек. Петропавл атауы тек Қазақстанда ғана емес, Ресейде де бар. Ендеше бұл атаудың Қазақ еліне қажеті қанша?

 

Ақнар Қазезова