Мәскеулік аруларды қазақша сөйлеткен қандай құдірет?
Бұл екі ару біздің қазақтың жүрегін бір видеомен-ақ жаулады. Мәскеуде тұратын Лиза мен Настя бүгінде Қазақстанға танымал болып үлгерді. Орыстың қос аруын танытқан олардың «Москва қазақша» атты YouTube желісінде шыққан бейнематериалдары еді. Онда бойжеткен қыздар Мәскеудегі түрлі әсем көшелер мен ғимараттарды қазақ тілінде таныстырады. Қыздардың еңбегін отандастары бастарынан сипай қоймас, алайда Qamshy.kz ақпарат агенттігі мұны ерекше бағалады. Қазақ тілінде бірауыз сөз білмейтін кейбір қазақ дөкейлерінен гөрі ана тілімізде сайраған өзге ұлттың қыздарын жанына жақын санадық та, сұхбаттасуға асықтық. Настя мен Лиза неге қазақ тілін таңдаған, қазақ тіліне деген махаббаттары қайдан пайда болды, осы және басқа да сұрақтарға жауап алдық. Екеуі де — Мәскеу мемлекеттік лингвистикалық университетінің студенттері.
— Неге қазақ тілін таңдадыңыз-дар? Неге қызықтыңыздар?
Елизавета Осипова: — Университетте тілді біз таңдамаймыз, дегенмен біздің таңдауға қазақ тілі түскеніне қатты қуандық. Бұдан бұрын мен француз тілін үйреніп жүрдім. Кейін қазақ тілінің бай, әуезді екенін байқадым да еріксіз ғашық болдым. Мен үшін қазақ тілі таза ауаның тынысындай…
— Қазақ тіліне деген махаббат қайдан пайда болды, мүмкін біреу себепкер болған шығар?
Анастасия Решетникова: — Расында, қазақ тіліне махаббатымыз ерекше. Грамматикасы еуропалық тілдердің ешқайсысына ұқсамайды. Әрбір сөзінде үлкен тарих жатыр. Оның мағынасын түсіну қиын, бізді қызықтырып тұрғаны да осы.
— Тілді меңгермей, білмей жүрген кездеріңізде Қазақстан, қазақ тілі дегенде ойларыңызға бірінші не келетін еді?
Е.О: — Қазақстан, қазақ халқы жайлы ақпарат бізде болған жоқ десек те болады. Алғашқы сабақта Қазақстан дегенде көз алдыма дала, жайылып жүрген түйелер, сосын президент Нұрсұлтан Назарбаев елестеді. Мұны қазір ойласам, өз-өзімнен ұялып кетемін. Ал қазіргі уақытта біз мемлекеттің әлеуметтік, экономикалық жаңалықтарын, оқиғаларын бақылап отырамыз. Қазақстан туралы көп ақпарат жинадық.
— Қазақстанда болдыңыздар ма?
А.Р: — Мен Қазақстанда үш рет болдым. Біріншісінде университетте бірге оқыған студенттермен бірге Алматыдағы аудармашылар конференциясына қатысып қайттық. Одан кейін қазақ тілі бойынша жарысқа бардым. Үшінші рет Астанадағы Еуразиялық ұлттық университетте тәжірибеден өттік. Бұл сапарларым Қазақстан туралы жетік білуіме себеп болды.
Е.О: — Ал мен Қазақстанда болған емеспін, бірақ бару — үлкен арманым.
— Лиза, сіз бармаған екенсіз. Айтыңызшы, Қазақстан халқын қалай елестетесіз?
Е.О: — Қазақ халқы — өте қонақжай. Қонағының алдына бар жақсысын үйіп-төгеді. Халқы жайлы секілді. Барсам, өзімді өз үйімде жүргендей сезінетініме еш шүбәм жоқ.
— Қазақстан жайлы не білгілеріңіз келеді?
Е.О: — Мені Қазақстанның тарихы мен дәстүрі қызықтырады. Әр сабақ сайын ол мемлекет жайлы жаңа, бұрын-соңды естімеген ақпараттарды біліп жатамын, сабақ сонысымен қызықты өтеді.
— YouTube каналдарыңызда көбіне қазақ тілді көрермендер қолдау көрсетіп жатады, ал Ресейде сіздердің қазақша блогтарыңызды қалай қабылдайды?
Е.О: — Өткен аптада аудармашылар конференциясында Настя екеуміз жобамыз жайлы толығырақ айтып бердік. Қатысушылар бізді қолдады, жобамыздың креативті, болашағы зор екенін айтып қуантты. Отандастарымыз бізді қолдайды. Әрине, ризамыз!
— «Москва қазақша» қазір кәдімгідей танымал? Бұл блогты жүргізудегі мақсаттарыңыз қандай болды?
А.Р: — «Москва қазақша» арқылы біз қазақстандықтарды Мәскеудің көрікті көшелерімен, қаланың тарихымен, мәдениеті және сәулет өнерімен таныстырғымыз келеді. Әрі ресейліктердің де қазақ тілін үйренуге деген ынтасын арттыруды мақсат етіп отырмыз. Осы жоба арқылы Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасын нығайтсақ дейміз.
Е.О: — Иә, бұл мәдени дипломатия сияқты…
— Танымал болып кетеді деп ойладыңыздар ма?
Е.О: — Жо-о-оқ! Біз үшін көрерменнің ыстық ықыласы маңызды. Қалай қабылдайды деп қобалжыған едік, алайда бәрі сәтті шықты. Мұны видеодағы пікірлерден-ақ байқауға болады. Бұл жобаны бастағанымыз бекер емес деп ойлаймын. Қоғамға, халыққа пайдамыз тисе болғаны…
— Қазақ тілінен өзге тілдерді білесіздер ме? Қазақ тілін үйрену қаншалықты қиын болды?
Е.О: — Жоқ, білмеймін, бірақ түрік тілін үйренгім келеді. Шыны керек, қазақ тілін үйрену өте қиын болды. Қиындық тудырғаны — қазақ тіліндегі жалғау. Орыс тілінен қазақ тіліне аударғанда калькаға салып кетемін. Оның үстіне акцент те қатты байқалады. Бірақ уақыт өте келе бұл олқылықтардың бәрін жеңемін деп сенемін. Қазақ тілінде бұлбұлша сайрайтын боламын.
— Қазақ тілінде қандай кітап оқыдыңыздар, қандай әндерді білесіздер?
А.Р: — Қазақ тілінде біз Абайдың, Мұқағали Мақатаевтің өлеңдерін оқыдық. Ал ең сүйікті əңдерім — «Дудар-ай», «Аспанға қараймын», «Армандастар» және маған Son Pascal-дың әндері қатты ұнайды.
— Қандай ақын-жазушыларды және әншілерді білесіздер?
Е.О: — Бұл тізімінің көшін бастайтын әрине, Абай Құнанбаев. Мұқағали Мақатаевты, Мұхтар Әуезовті жақсы білеміз. Ал қазақ әншілерінен Әлібек Дінішев пен әлемге танымал Димаш Құдайбергенді білеміз әрі тыңдаймыз.
— Қазақ достарыңыз көп пе?
А.Р: — Мен Қазақстанға барғанда бірнеше қазақпен таныстым. Қазіргі уақытта желі арқылы ара-тұра араласып тұрамыз. Өзге мемлекеттерде танысыппын. Мәселен, Ұлыбританияда Регина деген алматылық қызбен таныстым. Екеуміз — жақын достармыз.
— Жақындарыңызға қазақ тілін үйретесіздер ме?
А.Р: — Әрине, мен ғана емес, жақындарым да тілге қызығады. Ата-анам кей сөздерді білсе де сөйлем құрай алмайды. Сонда да тырысады. Менің қазақша сөйлегеніме қызығады.
Е.О: — Қазақ әндерін тыңдайтын достарым көп. Олар да кейбір сөздерді біледі. Оған ықпалымның тиіп жатқанына тек қуаныштымын.
— Болашақтарыңызды қазақ тілімен байланыстырасыздар ма?
Е.О: — Иә, әрине! Менің дипломат болғым келеді. Магистратураның екінші курсында оқып жүргенімде Ресей Сыртқы істер министрлігінде тәжірибеден өттім. Болашақта Ресей мен Қазақстан арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту үшін жұмыстар атқарғым келеді. Және қазақ тілін үйренгісі келетін студенттер мен қазақстандықтар үшін басқа да қызықты жобалар жасауды армандаймын.
— Жалпы қазір не істеп жүрсіздер, қайда жұмыс істейсіздер?
А.Р: — Қазір мен ақпарат агенттігінде тілші болып жұмыс істеймін.
Е.О: — Мен сарапшы болып жұмыс істеп жүрмін. Кей-кездері аудармамен айналысамын.
— Сұхбаттасқандарыңызға рақмет! Әр істеріңізге береке берсін!
P.S: Қасиетті тіліміздің қадірін, күшін, құдіретін қандастарымыздың өздері білмей тұрғанда қос орыс қызының білуі ғажап емес пе! Үлгі-өнеге алыңдар, өз тілімізді қадірлегеніміз өзімізді, ұлтымызды қадірлегеніміз, бауырлар!
Сұхбаттасқан — Гүлім Жақан
Qamshy.kz сайтынан