Көкпар алаңын кез келген ауылда жасауға болады
Көкпар — аттылар әлемінің жарқын айғағы, көшермендік өркениеттің көрнегі мен өрнегі. Дегенмен, оны уақыттастыру, бүгінге бейімдеу үдерісі енді басталды. Бүгінгі көкпар ойыны бұрынғы этноойындық сипаттан арылуда, әлемдік деңгейге тарату жолында мақсат қойылып, соған сәйкес әрекет басталды. Көкпардың мұндай стратегиялық форматқа көшуі алға біршама мәселелерді шешуді міндеттеп отыр.
Бұған дейінгі қалыптасқан көкпар ойынының командалық форматын одан әрі дамытуға мәжбүрміз. Бұл жолда көкпардың реквизиттері мен жарақтарын жетілдіріп, алаң келбетін, ойын құрылымын одан әрі дамыта түсу қажеттігі өзінен өзі туындайды.
Аталмыш жоба көкпар алаңын жетілдіруге бағытталған. Нәтижесінде ойын алаңдағы жүйелі қозғалыс пен командалық сипатты одан әрі нығайта түсуге және қозғалыстың ретсіздігі мен жапатармағай сипатынан арылуға мүмкіндік беріп, ойын тиімділігі мен көрнектілігін арттырады.
Бүгінгі көкпардың шығуы мен оның сипатына қарабайыр, тайыз таныммен қарау қалыптасқан. Көкпар ойыны аттыларға тән болғандықтан Аттылар өркениетінің бірнеше мыңжылдық тарихымен сабақтас қарап, оның философиялық тұжырымын жоймай, одан әрі нақыштай түсу арқылы ойынға деген терең көзқарас орнықтыру қажет.
Сайып келгенде, Күн мерекесі саналатын ежелгі Наурыз мейрамының басты тартысының бірі Көкпар (көкбөрінің қатысы жоқ) аталуы тегін емес және оны о баста командалық сипат емес, әркім өз ауылына, өз ошағына, қазанына тартудың көрінісі де әр жанның Көк ырзығына таласу секілді мәнінде жатыр. Бұнымен көкпардың тарихын бірнеше мыңжылдықты және этнологиялық жағынан аса күрделі қырлары барын байқату, бұл ойынды бір немесе бірнеше ғана этностың, халықтың емес, жалпы Еуразиялық Ұлы далада қалыптасқан Аттылар мәдениетінің көрінісі ретінде мойындау арқылы абырой тапқан абзал. Бұл тұжырыммен оның басты отаны — Ұлы даланың бүгінгі кіндігі Қазақстан болып қала бермек.
Жоғарыда айтылған тарихи-философиялық негізді ескере отырып, бүгінгі алаңдық/командалық көкпардың болмысын соған лайықтауды ұсынамыз. Ол үшін тараптардың көкпар салатын «ыдыстың» — «отау» емес, «қазан» аталуы керек. Бұл — Көк несібесін қабылдау реквизиті саналатын қазанға деген құрмет. Отау — бұған қатыссыз ұғым. Ортадағы ойынбастар шеңберді «Күн» атай отырып, оған басты ырзық мағынасын жүктеу. Бар іс, өмір, тірлік Күнге қатысты екенін мойындау және соны қадыр тұту белгісін орнықтыру!
Көкпардың бүгінгі ойын алаңының бұрынғы тұрқын қолдай отырып, бірақ бұл алаңның тарлық етіп келе жатқанын ескеру керек. Алайда, оны кеңітудің қажеті жоқ, командалар құрамын 7 адаммен шектеу қажет! Сонда алаңға төрешіні қоса есептегенде 17 атты (үшеуі — төреші) сығылыспай, еркін шабуға мүмкіндік болады және жерді кеңітпеу есебінен ойын қарқынын үдетуге мүмкіндік туады.
Енді Көкпар алаңын жаңарту сипатына көшейік. Алаңның қақ ортасында Күн шеңбері, диаметрі — 2м. Алаңның екі басында тараптардың қазаны, диаметрі — 3 метрден. Алайда, оның сыртына радиусы — 7 м болатын, қалыңдығы 4 метрлік белдеу-шеңбер бар. «Күн» мен «қазандардың» арасы 100 метрден. «Күн» мен қапталдың арасы — 40 метр. Алаңның жалпы ауданы: 250мХ82м=20500 ш.м. Әрине, бұл өлшем мен шамаларды өзгерту қолдағы нәрсе.
Әр қазанды торуылдап қарсы жақтан бір ойыншы Торушы ретінде әлгі қазан сыртындағы жалпақтығы 4 метрлік Торуыл-белдеу бойында қарсыластар қазанын күзетіп, қарсылас тарапты торумен жүреді. Бұл футболмен салыстырғанда қақпаға қарсы тараптың ойыншысы тұрғандай, мақсат — қазанға көкпар салғызбау. Қарсы команданың мақсаты — торушының қарсылығын жеңіп өз қазанына салым салу. Алайда, торуыл-шеңберге қазан иелерінің тек қана көкпар ұстаған мүшесі қарақшымен жекпе-жекке шыға алатыны ескерілуі керек. Қазанның ішіне кіруге рұқсат жоқ — қасиетті қазынаны таптау болып табылады!
Мұндай жағдайда 5 мүмкіндікке ие боламыз:
1) Көкпарлы ойыншы торушымен жекпе-жекке түседі немесе сырттағы жақтастарына көкпарды қайта беріп, олардың торуыл-шеңберді айнала жүріп, басқа жағынан тактикалық тәсілдермен ентелеп салуына мүмкіндік бар;
2) Көкпарға айып салымын тағайындау мүмкіндігі болады;
3) Алаңдағы төрешіден басқа екі төреші қапталда емес, қазан маңын қадағалайтын болады.
4) Айып нүктесі — ортаңғы сызық пен торуыл-шеңбердің түйіскен жерінде орналасады және сәйкес шеңбермен белгіленеді.
5) Аталмыш артықшылық көкпардың ережесін нақтылап, оны айшықтай түседі, безендірімі арта түседі. Мазмұны мен ұғымдары айқындалып, жалпытүркілік мифологияның шындыққа айналған спорттық сипаттамасына айналады.
Айып салымын салу үшін екі тарап қарама қарсы торуыл-шеңберді бойлай тұрады да, салушы жақтың шеткі ойыншысы айып шеңберінде тұрып көкпарды ұстаған күйі төрешінің ысқырығы шыққан бойда ұмтылып не қазанға қарай болмаса (өзінің қазанға ұмтылуы міндетті емес) өз жақтастарына көкпарды беріп шабуылды бастайды.
Бүгінгі ойын құрылымы 2 тараптың тартысы болғанымен, одан әрі командалық сипат дамытылмаған. Негізгі тартыс көкпарға қол жеткізуші мен оны қуалаушының айналасындағы оқиғаға айналған. Басқа ойыншылардың зерігіп кетуіне апарып соғады және ойынды тартымсыз етеді. Осыдан барып көкпардың стратегиялық сипаты аса төмен.
Жалпы алғанда, командалық спорт ойындарына тән ойын таласының дамуы мен жүйелі болуы үшін лайық шабуыл, қорғаныс мәселелері қаралып, ол жайт команда құрылымында қарастырылып, дамытылуы керек. Сөйтіп, көкпаршыларда да шабуылшылар мен қорғаушыларды жай ғана атап емес, олардың ойын үдерісіндегі нақты орны мен міндетін белгілеген абзал.
Біз қарастырған алаңда қарсы жақтар қарсы қазанға өз торушыларын қойып, қалған алты ойыншыны: екі шабуылшы, екі қорғаушы, екі қапталшы етіп тағайындауға мүмкіндік болады да, ойын нағыз командалық сипатқа көшеді. Қазіргі ойын сипаты ондай жүйеге жол бермейді.
Ойластырылған алаңдағы шеңберлер мен дөңгелектерді қалай жасау керектігі өзінен өзі туындайтын мәселе. Оны да оңай шешуге болады: бүгінде жасанды киіздің (болмаса пластикалық не резиналық материалдың) неше түрі бар, ол материал аттың тұяғына қауіп келтірмейді. Ал адам мен атты жаралап жүрген «қазан бекінісін» солайымен аластауға ешбір дау бола қоймас. Осылайша әр шеңберді, дөңгелек алаңшаларды түсті материал төсеп сәнін де, мәнін де, икемін де қарастыруға толық негіз бар. Ондай нәрсеге Күн мен Белдеу-қазан жатады. Сондай-ақ, алаңды шөппен немесе көгалмен емес, сусыма құм төсеп жарақтаған жөн деп санаймыз.
Біз қарастырған көкпар алаңы мен ойын ережесінің өзгерімі ойынды спорт дәрежесіне жеткізуге мәжбүрлейді. Және де оның экономикалық тиімін барынша қолдайды, бүгінгі 11-12 мүшесі бар аттыларды әр өңірге тасудан гөрі олардың санын 30 пайызға қысқарту арқылы саннан гөрі сапаға көшетін боламыз. Сондай-ақ, бұл жайт ойыншылар құрамын қосалқы топпен жасақтауға да мүмкіндік бермек.
Аталған жоба көкпар алаңын кез келген ауылда, аймақта жасақтауға әрі экономикалық тиімділікке итермелейді. Осындай ойын алаңдарын шамамен 1-2 млн. теңгеге жасақтауға әбден болады.
Серік Ерғали, мәдениеттанушы