Павлодар облысының төл басылымы 90-жылдық мерейтойын атап өтті
Облыстық «Сарыарқа самалы» газеті 90-жылдық мерейтойын атап өтті. Аймақтағы ана тіліндегі тұңғыш басылымның мерейтойына арналған салтанатты іс-шара Естай атындағы мәдениет сарайында өтті.
Газеттің мерейтойына басылымның ардагерлері, әріптестері және тұрақты оқырмандары шақырылды. Құрметті қонақтардың қатарында болған Павлодар обылсының әкімі «Сарыарқа самалы» газеті нағыз халықтық басылымға айналғанын атап өтті.
— Газет Ертіс-Баян өңірінің шежіресін жазып келеді, — деді Болат Бақауов. – Сарыарқа самалында Қалижан Бекхожин, Мұзафар Әлімбаев, Аманжол Шамкенов сияқты классик-жазушылар өз мақалаларын жариялады. Газет түрлі саладағы реформаларды, облыстағы маңызды жобаларды халық назарына жеткізіп отырады. «Сарыарқа самалы» газетінің ауылдық жерлердегі оқырмандары аймақ тынысы туралы ақпаратты басылым беттерінен алады.
Салтанатты шара барысында аймақ басшысы басылымның ұжымын марапаттады. Ақпараттық бөлімнің меңгерушісі Сая Молдайып «Облыс алдындағы еңбегі үшін» медалімен, бас редактор Нұрбол Жайықбаев пен оның орынбасары Мұрат Аяғанов облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, шолушылар, кореспонденттер мен дизайнерлер алғыс хаттармен марапатталды.
Қонақтар үшін мәдениет сарайының кіре берісінде газеттің тарихына арналған көрме ұйымдастырылды. Экспозицияға газеттің алғашқы нөмірлері, басылымның бастауында тұрған тұлғалардың фотосуреттері және 90 жылдық тарихтың шежірелік құжаттары қойылды.