«Өзіңнен баста!» – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Аблайхан Оспанов жаңа бастама көтерді
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Аблайхан Оспанов «Біз цифрлық мәдениетті қалыптастырамыз» атты Town hall-ы барысында «Өзіңнен баста» жаңа бастамасын көтерді. Оған сәйкес, басқарма төрағасы 5 адамға мемлекеттік қызметтерді онлайн алуды үйретпекші.
«Кино әлемінде «Pay It Forward» атты фильм бар. Онда кішкентай бозбаланың бес адамға көмек қолын созу туралы ойлап тапқан идеясы көрсетіледі. Адамдардың мейірімділігін, бір-біріне жәрдемдесуін дәріптейтін туындыдан біздің аларымыз мол. Әрқайсымыз жұмыс барысында мемлекеттік корпорацияға жүгінетін кез келген адамға пайдамызды тигізе аламыз. Біздің фронт-офистеріміз еліміздің барлық өңірінде жұмыс істейді. Осы бірегейлігіміздің арқасында біршама адамға көмек жасау мүмкіндігіміз бар. Біз оларға цифрлық қызметтерді үйретіп, онлайн сауатын арттыра аламыз. Осы ретте, мен танымайтын бес адамға қызметтерді электронды түрде алуды үйретемін. Біздегі әр қызметкер де лауазымдық міндетін ғана орындамай, цифрлық мәдениетті таратуда белсенділік танытып, өзгелерге үйретсе деймін», – деп атап өтті басқарма төрағасы.
Town hall барысында мемлекеттік корпорацияның «Sana» цифрлық мәдениет коды таныстырылды. Адамдар мен мемлекеттік органдар, бизнес сектор арасында өзара байланыс орнататын мемлекеттік корпорация саналы қызмет көрсету арқылы сапалы нәтижеге қол жеткізуді мақсат етіп отыр. Мекеменің бетке алған бағдарын айқындайтын төрт бағыт келесідей:
Senim – Біз көмегімізге мұқтаж азаматтарға шынайы көңілмен жәрдемдесуге тырысамыз.
Ashyqtyq – Біз цифрлық технологиялардың көмегімен инновацияларды дамытамыз.
Natije – Біздің қызмет алушыларымыз сапалы нәтиже алады.
Abyroi – Халқымыз үшін адал қызмет ету – біз үшін абырой.
Аталған құндылықтар қызметкерлер арасында жүргізілген сұрау нәтижесінде анықталған. Мемлекеттік корпорацияның 8,5 мыңға жуық маманы корпоративті мәдениетті қалыптастыруда осы қағидаттарға дауыс берді. Қызметкерлердің бастамаларын қолдап, құндылықтарды дәріптеу – инновациялық цифрлық мәдениеттің қалыптасуына жол ашады.
Бүгінде азаматтардың цифрлық сауаттылық деңгейін 83%, электронды форматта көрсетілетін қызметтер үлесін 90% жеткізу міндеті тұр. Осылайша, семлекеттік корпорация «Sana» цифрлық коды арқылы да халық арасындағы цифрлық сауаттылықтың артуына өз үлесін қоспақшы.
«Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ
баспасөз қызметі