ЖАҢА ҮКІМЕТ МҮЛДЕМ ТЫҢ БЕТБҰРЫС ЖАСАМАСА, БӘРІ БЕКЕР
«Құланның қасынуына, мылтықтың басылуы» дөп келіп, Үкіметті 2 жыл, 5 ай, 1 апта, 5 күн басқарған Премьер-министр Б.Сағынтаев командасы 21 ақпан күні Президенттің қаулысымен отставкаға кетті. Расы керек, бұл өзі қоғамға ойламаған жерден тиген «шаншу» секілді әсер етті. Тіпті «Нұр Отан» партиясы төрағасының сьездің ашылуына бір апта қалғанда мұндай шешім қабылдауы, кездейсоқтық емесін құрып кеткір іш сезеді… «Бал ашқыш», «пәтуә» бергіштердің кейпіне еніп, саясаттың диірменіне салып жіберсем, президенттің бұл шешімін сан-саққа жүгіртіп, алда келе жатқан сайлауға икемдеп, сьездің маңызын ашуға итермелеп жіберуге себеп жетерлік… Басқа да ұпай жинаудың, түлкі бұлаң жоспарлардың «құрбандығы» деп те көсілуіме болар еді… Бірақ, күдіктің қоламтасын қотаратындар менсіз де көп болғандықтан, үміттің шоғын үрлегім келеді… Жамандықты шақыра бермей, жақсылыққа да жүк артсам деймін.
ШҰҒЫЛ ОТСТАВКАҒА КЕТУДІҢ СЫРЫ НЕДЕ?
Қалай десек те қоғамдағы жанайқайлар… Шектен шыққан дарақы ойлар… Отқа оранған балақайлар… Аналардың ашуымен күңіренген алаңқайлар — Ақордаға жаңғырығып жар салып жетпесе де, сыбыс болып «сыңғырлап» жеткені анық. Ел болашағына алаңдап отырған Президент мұндай сәтте нақты бір шешім қабылдау керектігін жан жүрегімен сезінгені шындық. Әйтпесе «қолын кеш сермеуі мүмкін ғой».
Сондықтан «төс тартпасы мен айылы босап бара жатқан» Үкіметті, халықтың сенімінен шыға алмай «күшенген» Үкіметті таратқаннан басқа жол қалмады-ау, сірә. Сөз басындағы нақыл сөз осы орайда айтылған тұжырым.
Иә, ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлімдемесінде үкімет жұмысын сынға алды. Жетістіктердің де бар екенін айта келе «Көптеген заңдар мен үкіметтің шешімдері қабылданса да, экономикада оң өзгеріс болмады, мақсаттар орындалмады. Ішкі жалпы өнім тек шикізат есебінен өсіп жатыр. Үкімет пен ұлттық банк экономиканың өсуіне жағдай жасай алмады. Мемлекеттік бағдарламалар орындалғанымен негізгі бағыттар бойынша нақты нәтижеге қол жетпеді. Жұмыс орындары аз құрылып жатыр. Әсіресе, ауылдарда жұмыс орындары аз. Шағын және орта бизнес өскен жоқ. Шағын және орта бизнесті дамыту әкімдер мен министрлердің негізгі міндеті болған еді» деп бір қайырды. Демек ел ішіндегі жайттардан, әлеуметтік желідегі сыпсың сөздерден құлағдар. Бұлай деп сеніммен айтып отырғаным: қоғамдағы мәселелерді зерттеп-зерделу, халықтың психологиялық көңіл-күйін бажайлау жұмыстары билік тарапынан жіті қаралатыны көнеден келе жатқан әдіс. Одан мақұрым қалу — өзіңді жар басынан төмен тастаумен тең — парықсыздық! Олай болса Ақорда «Ұзын арқан, кең тұсау» жайылып, әліптің артын бағып отыр деу — ақылға қонбайтын түсінік…
Сонымен Президент «әлеуметтік, инфраструктура және денсаулық, білім саласын дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар қабылданғанымен, жүйелі жұмыс жасалмағанын» жасырмады.
Сондай-ақ, халықтың табысы өспегенін, азық-түлікке кететін шығынның көбейгенін айта келе, «Бұл үкіметтің, министрлер мен әкімдердің халықпен жұмыс істей алмайтынын, халықтың мәселесін тыңдай алмайтынын көрсетеді. Менің ойымша, үкімет отставкаға кетуі керек. Жаңа үкімет халықтың жағдайын көтеріп, экономиканы дамытуы үшін нақты қадамдар жасауы тиіс», — деді.
Зерделеген адамға, әр сөздің ұңғыл-шұңғылына үңілген адамға, ел тағдырына алаңдаған Президенттің шарасыздықтан осындай қадамға барып отырғанын аңғару қиын емес.
Иә, тәуелсіз ел тарихында Ел Үкіметінің отставкаға кетуі бір бұл емес. Талай мәрте қайталанған. Бірақ Премьер-министрлер Президенттің шешімімен емес, өздерінің қалауымен кететін. Бұл жолы басқа бағытта өрбіді. Мұндай жағдайда «Халық қаласа хан түйесін сояды» деген тәмсіл айтылғаны орынды. Басқа болжам жасауға жол жоқ!
Көзі қарақты жұрт Ақорда төріндегі мәжілістерден, жиын-кеңестерден хабардар. Президент алдында талай Үкімет мүшелерінің « Сабақ оқымай келіп, мұғалімнің алдында не істерін білмей жалтақтаған баладай» кескін-келбетін көріп, бейшара қалыптарынан халықтың түңілген кездері аз болмады. Ондай сәттерде Президент те аянып қалмады. Министрлер кабинетінің жұмысына көңілі толмай, оларды ширықтыру мақсатымен: «Сендер ер емессіңдер, езсіңдер!» — дегенге шейін барды. Басқа не істей алады? «Өз қолын өзі кесе алмасы» тағы белгілі. Бұл — Елбасының біліп киіген тұстары… Ол кісі білмейтін, сезбейтін, көзбояушылық пен өтірік ауыз жаласқан әлеміш дүниелер қаншама?
ПАТШАДАН МАЗА ҚАШСА, УӘЗІРДІ ҚАРА БАСАДЫ
Бүгінгі жаһандану заманында биліктің әр ісі, жүріс-тұрысы, әр қадамы ел назарында. Алыс-жақын шетелдерде болып жатқан оқиғалар, жердің асты мен үстіндегі байлықтардың үлесі, бай мен кедейлердің ара салмағы, тұрмыс деңгейі мен мүмкіндіктерді салыстыру жағы да оқыған жұртқа оп-оңай. Кешегі момын, айтқанға көніп, айдағанға жүретін қауым жоқ қазір. Өз құқығын талап ету, әділетсіздікке қарсы тұру — бой көрсете бастады. Мұның жақсы да, жаман да тұсы бар. Жақсылығы — Алла Тағала берген ырыздықты қарапайым жұрт керегіне жаратқысы келеді. Әділ патша, адал уәзір халыққа қызмет етеді. Жамандығы — ата-баба аманаты «Ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетеді». Халық дүрлігеді. Патшадан маза қашады, уәзірді қара басады. Жаратқан ие мұның бетін әрі қылсын!
Жоғарыда айттық. Елбасы ескі үкіметті «Халықпен тіл табыса алмады» деп қадап айтты. Ол рас. Ең бірінші халықпен тіл табысу деген — оның өз ана тілінде, мемлекеттік тілде сөйлеуі емес пе? Егер бұл мақсат жолға қойылмаса, ендігі сайланатын Үкімет те халыққа жақындай алады дегенге кім сенеді? Кеше ғана сайланған жаңа Премьер Асқар Мамин бұл үдеден шыға ала ма? Егер шыға алмаса өз соры! Іште қыжылы бар қоғам қай кезде де былық-шылық іздеуге құмар келеді… Демек, Үкіметтегі тілдің «мүкістігін» қазақ қоғамы кешірмейді. Жаңа Үкімет осыны ескеруге тиіс. Сосын өткеннен сабақ алып, қоғамның «ең жанды жерлеріне» қол жүгірте бермеуге тырысса дейміз….
Пайыздық саны артқан ұлттың көңілінен шығу үшін жаңа Үкіметте мәңгүрттер аздау болуы уақыт талабы. Мүлдем болмаса тіпті жақсы. Өйткені қарапайым халықпен қазақтілді министрлер ғана тіл табыса алады. Жаны жылап, жүрегі шаншу, қамығу деген — туған ұлтыңның тілі арқылы берілетін ұлы қасиеттің бірі. Одан жұрдай адам — робот қана. Бұйрыққа тастай болғанымен, өз бетімен қадам баспайды. Өз пікірі, өз ұстанымы жоқ басшыдан халық әбден шаршады. Ал тіл мәселесін қаузап келе жатқалы, сол кезеңде туған баланың өзінің иегіне сақал шықты. «Тіл — тас жарады, тас жармаса бас жарады» деп дана қазақ бекер айтпаса керек. Тілдің — құдіреті деген осы!
Менің пайымдауымша, қоғамдағы сілкіністі терең саралаған, сараптаған Президент тың бастамаға иек артары сөзсіз! Жаңа үкіметке реформа керек. Бұл жаңалық емес.
Елбасы халықтың жағдайын, талап-тілегін толық біліп отыр. Сол себепті пессемизмге салынбай, жаңа үкіметтен үміт күтпеске шарамыз жоқ. Бір анық пайым бар. Бұл жолы Ақордаға қателесуге болмайды. Қате қадам — ашуы теңіздей толқыған халықтың, жағалауды ұрған толқындай тасуына жол ашама деп қорқамын….
Президенттің мәлімдемесіне көз жүгіртейік. «Үкіметтің жаңа басшылығы өмір сүру деңгейін арттыруға, экономиканы ынталандыруға, стратегиялық міндеттерді жүзеге асыруға бағытталған нақты шаралар әзірлеуге тиіс. Мен «Нұр Отан» партиясының жақында өтетін съезінде әлеуметтік қолдауды күшейтуге және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған бірқатар шаралар ұсынамын. Осы мақсатпен бюджеттен және Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінетін болады. Бұл қаражат мынадай міндеттерді шешуге бағытталады:
— аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету ісін күшейту.
— халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарының баспана жағдайын жақсарту мүмкіндіктерін арттыру.
— өңірлерді дамыту саясатын түбегейлі өзгерту. Үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысы осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталуы тиіс. Үкімет пен өңірлердің иелігіндегі қаражат көзделген мақсатқа сай жұмсалмай отыр. Мұның бәріне бақылау орнатылады. Осы тақырыптар жөнінде «Нұр Отан» партиясының съезінде толығырақ айтылатын болады».
Яғни, үміт басым. Ізгі ниет жүзеге асып жатса кем-кетік толығып, кедей байып кетпесе де, күпті көңілі масайрап қалары сөзсіз! Уақыт өзі көрсеткендей, атамекенінде қазақтілділер сөзсіз көпшілікке айналады, жастар көбейе береді, ал оларға жұмыс пен баспана керектігі күн тәртібінен түспейді. Демек, алыс жылдарға жасалған 2030, 2050 бағдарламалары дәл қазір керек боп тұр…
ЖАҢА ҮКІМЕТ ӨТКЕННЕН САБАҚ АЛСА ИГІ
Біз ескере бермейтін тағы бір мәселе бар. Мысалы елімізде президент пен Мәжілістен басқаның бәрі бюрократтар. Яғни сайлаумен емес тағайындалумен қызметке келетіндер. Премьер де, Сенат депутаттарының біразы, әкімдер, ҰҚК төрағасы, Прокурор, соттар, тағысын тағы. Тағайындалған жауапты адам жұмысын жақсы атқармаса тағайындаған кісінің өзі жауапкершілік арқалайды. Бұл шындап келгенде Басшыға деген халықтың қарсылығын үдете түсетін аргумент! Бұл бір жүйеге қойылмаса, бір бюрократ кетсе бір бюрократ келеді. Одан кім ұтады?…
Сосын Үкімет басшысынан бастап барлық шенділердің бір жұмысты қолға алса болды «Елбасының тапсырмасымен» дей беру де күлкі шақыратын көрініс. Егер өз ойы, өз талғамы болмаса, ол басшыдан қандай өрелі іс күтеміз. Халықтың шамына тиюге бұл да жеткілікті!
Кей кезде билікті шахмат тақтасына ұқсатамын. Қарапайым жауынгер пешкалар мәреге жетсе болды, Иесінің ұйғарымымен қалаған фигураға айналып шыға келеді. Көзге бір түсіп алған соң билік тақтасынан «аяғын шалыс басып сүрініп кетпесе» кетуі қиын. Осындай сәтті белгілі жазушы марқұм Рақымжан Отарбаевтың мына жазбасы ойға оралады.
«Бір топ үйрек бір көлді тастап, дүр етіп көтеріліп, екінші көлге қарай ұшып барады дейді. Жолай сұңқар кезігіп сұрайды: «Қайда бет алдыңдар?» — деп. Сонда үйректер: «Құрысын, мына көл сасып кетті. Ана көл таза, соған барамыз», — деседі. Сұңқар айтты дейді: «Мына көтендерің аман болса оны да сасытарсыңдар», — деп. Облыстан облысқа, министрліктен министрлікке ұшып-қонып түк бітірмей жүрген біреулерді көрсем ылғи да осы әпсана есіме түседі», — депті жарықтық. Міне, кеспей сою деген осы!
Тағы бір өзекті проблеманың басын аша кетейін. Халық пен Биліктің арасының тым алшақтап кетуіне не себеп? Шынымен-ақ сыртқы күштердің әсері болды ма? Халық неге ашынады? Үкімет қай жерден қателесті? Бұл өзі тамыры тереңге кеткен мәселе.
Дегенмен өзімше саралап, өте терең бойламай, бетінен қалқып көрейін. Меніңше біріншіден білім саласындағы — үш тұғырлы тіл қатты қарсылыққа тап болды. Бірақ «Көп қорқытады, терең батырады» принципі іске қосылып, тезге салғандай қабылданды. Айтылған жүйелі ойлар мен түйінді пікірлер адыра қалды. Бұл — кімге ұнасын! Одан қалды латын әліпбиі де қоғамды екіге жарды. Қазақ тілділер қолданысқа енгізген күннің өзінде, орыс тілділерге «кейінірек те» үйренуге мүмкіндік жасалды. Бұдан асқан жалтақтық, бұдан асқан кіріптарлық бар ма жалғанда?! Бұл кімге ұнайды? Ең сорақысы мектептегі ер балаларға презерватив тарату, мектеп жасындағы қыздарға түсік жасатуға қатысты дау-дамайды қосыңыз. Егер терең кетсем, балабақша жетіспеуі, Астана іргесіндегі Қоянды ауылындағы (Басқаға не жорық!) мектепте әлі күнге үш ауысыммен оқып жатқан балалар тағдыры да шыға келеді. Бұл жетістік пе? Кері кетушілік пе? Халықтың қарсылығын туғызған осы жайттарды ескеріп, Елбасының министр Ерлан Сағадиевті жаңа үкіметтің сапынан «қырқып тастауы» дұрыс шешім болды. Таяқтың екі ұшы болады емес пе? Бір ұшын бассаң, екінші басы өзіңді келіп ұратыны бар. Сол тәрізді Е.Сағадиевке деген өкпе-реніштің бір ұшы Елбасыға да тиіп кетуі әбден мүмкін еді… Жаңадан сайланған Білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинованың көп жайттан хабары бары сөзсіз! Артылған жауапкершілікті терең сезініп, жұмыс жасайды деген ойдамын. Әйтсе де жүрек күпті: Бастауыштан үш тілде оқыту реформасы енгізіліп қойды. Жаңартылған бағдарлама деген қойыртпақ қолданыста. «Жаңашыл кітаптары» басылып шығып, ендігі оқытылып жатыр. Қысқасы, үлкен ақшаның қызығымен кірген реформа жемістерінің бірін де кері айналдыра алмайды-ау деп қорқамын….
Екіншіден, әлеуметтік ахуалдың ушығуы аналардың ашу-ызасын туғызып тұр. Бір ғана Астананың өзінде үйсіз-күйсіз жүрген көпбалалы аналар қаншама? Ата заңымызда — мемлекеттің құндылығы адам екені анық жазылған. Ендеше мемлекеттің бағалы «капиталы» балалардан ақша аяу ар-ождан алдында қылмыс емес пе?.. Министр Мәдина Абылқасымова ханым көпбалалы аналарға 16 мың теңгені көпсініп тарихта қалды. Егер Үкіметті ұятқа қалдырған министр қыз, жаңа үкіметтің құрамынан «жарқ ете қалғанда» халықтың қандай күйге түсетінін көзге елестетудің өзі қиын.
Жоғарыда айтқанымдай қоғамдағы сілкіністі әбден зерделеген Президент көп ойланғаны, көп толғанғаны көрініп тұр. Құны түсіп, құлдырап кеткен әлеуметтік салаға Бердібек Сапарбаевтай қажырлы, қайратты, тәжірибесі мол, қазақшылығы үстем, білімі таудай қайраткерді отырғызуы — Патшамыздың мерейін үстем етер қадам деп бағалаймын.
Соңғы уақыттары облыс әкімдерінің халықпен жолығуы, тілдесуі, мұң-мұқтаждарына құлақ тігуі — жаңаша сипат алды. Жазушы Оралхан Бөкей айтпақшы, неге біз осы тықыр таянғанда, жан алқымға тығылған да ғана «сахнаға» шығамыз… Кәсіби актерлардың кейпіне еніп, олардың өздері қаймығатын түрлі «трюктар» жасалғанға таңдай қағамыз… Бұл да жаңа үкімет ескеретін, сабақ алатын нәрсе…
ТҮЙІН:
БАС УӘЗІР ҚАЗАҚ ТІЛІН ҚҰРМЕТТЕСЕ ҒАНА ҚАЗАҚ ҚҰРМЕТТЕЙДІ
Сонымен, Үкімет отставкаға кетті.
Тәуелсіз Қазақ елінің 10-шы Үкіметі!
Экс-премьер Бақытжан Сағынтаев жайлы не айтуға болады? Иман жүзді, парасат пайымы кемел, қазақылығы басым азамат. Көпшіліктің есінде салиқалы болмысымен қалары анық. Әрине, көпке жағу қиын нәрсе ғой, бәлкім біреулерге ұнамаған да болар. Әңгіме онда да емес. Әңгіме, екі жарым жылда не тындырды, сонда? Осы Үкіметтің тұсында, елімізде қаншама бағдарлама қабылданды, қаншама стратегиялық шешімдер іске асырылды. Бірақ, осынау шешімдер халықтың әл-ауқатына оң әсер ете алмағаны ащы да болса шындық. Бұны ашық айтуымыз керек. Өйткені «жіпсіз байлаулы» экс-премьердің қол астындағыларға сөгіс беруге қауқары жетпеген жерде шынайылықтың ауылы алыстай береді ғой қашанда! Осылайша Министрлер кабинетінің адами, рухани-әлеуметтік келбеті халық алдында көмескілене берді.
Дегенмен менің пайымдауымша, Б.Сағынтаев үкіметі тәуелсіз Қазақстан тарихындағы ең қазақы үкімет болды. Үкіметтің кеңейтілген мәжілісі көп жағдайда мемлекеттік тілде өтті. Б.Сағынтаев үкімет мүшелеріне тапсырмаларды таза қазақ тілінде берді. Үкімет басшысы ретінде Бақытжан Әбдірұлы өзінің жанына жас министрлерді жинады. Қызмет еткен екі жарым жылында қазақы премьер Бақытжан Сағынтаевтың соңынан қауесет ерген жоқ. Ол И.Тасмағамбетовтен кейінгі қазаққа жаны жақын үкімет басшысы ретінде тарихта қалады. «Тоқал ешкі мүйіз сұраймын деп, сақалынан айырылыпты» демекші, келешекте әйтеуір, осындай тұлғаларға зар болып қалмасақ бопты да.
Біздің бойымызда қатып қалған бір жаман мінез бар. Күні кешеге дейін Үкіметті мақтап, бастамаларын жақтап жүрген сарапшылар, қайраткерлер Үкімет «күйреген» күні 180 градусқа жалт бұрылып, ол байғұстарды президенттен де асып сынап жатыр. Бұл барып тұрған екі жүзділік қой! Шынымен жанашыр болса, кім оларға қой депті Үкіметтің дәурені жүріп тұрғанда. «Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болу» жастарға үлгі етер қылық емес…
Президент Үкімет құрамын толық жасақтап берді. Енді Премьер-министр Асқар Маминге Күлтегін бабасы секілді «Түнде ұйықтамадым, күндіз отырмадым» деу ғана қалып тұр. Ұлы Абай «Осы жұрт Ескендірді біле ме екен?» деп жазғанындай, осы жұрт 2007-2012 жылдары ҚР Премьер-министрі болған Кәрім Мәсімов пен таяуда ғана, яғни 2019 жылдың 25 ақпанында Үкімет басшысы болып тағайындалған Асқар Маминнің Астана қаласындағы Киров атындағы №1 элиталық мектепте бір сыныпта оқығанын біле ме екен? «Мегаполис» басылымының 2007 жылғы санында екі премьерге сабақ берген ұстаз Марья Исакқызы (құжат бойынша есімі — Мүслім Айсаққызы) былайша сұхбат беріпті. Сұхбат барысында шенеуніктердің қандай оқушы болғанын айтып береді: «Балалар жақсы оқыды. А.Мамин ортаңғы қатардың бірінші партасында отыратын. Тәртіпті бала болды, бірақ анда-санда қылықтарын көрсетіп қоятын. Бірде барлық оқушы «картоп жинауға» шыққанда, Асқар достарымен қашып кеткен. Ал келесі күні мектепке ата-анасымен ғана кіргізілді. Мен қатал болатынмын. Бұзықтық жасаған оқушыларды бұрышқа тұрғызып қоятынмын. Асқар да сынып бұрышында жиі тұрды. Аздап қулығы бар еді. Жанында отырған оқушылардан көшіріп алатын, сол үшін де оны жиі жазалайтынмын. Ал жалпы тыныш бала болды», — депті. «Болар бала тезегінен» деген осы-ау. Бала кезінде картоп жинаудан қашқаны балалығы шығар, бірақ Президент пен тұтас халықтың тұрмысын жақсарту жолында қиындықтан «қашпаса» болыпты. Мектеп жасында бұрышқа тұрғанын кешіруге болар, алайда Президенттің алдында басы салбырап сөгіс естіп тұрмаса екен.
Мына бір жері тіпті қызық. Қазақ тілінен сабақ берген Марья ханым: «Көбі қазақ тілін білмейтін. Ал А.Мамин білді, бірақ сөйлеуге ұялатын. Сұрақ қойсаң, үндемей тұрады. Немесе «Не знаю» деп жауап береді. Екі де, үш те алатын, бірақ төртке оқыды. Себебі қазақ тілін білетін бірен-саран оқушылардың бірі еді. К.Мәсімовке де төрт қоятынмын. Бірақ ол бағаға лайықты емес еді. Өзге пәндердің бәрі бестік болғандықтан, амал жоқ, төрт қоятынмын…». Қазақ «Ат болатын құлынды, желі басынан танырсың» деп бекер айтпаған. «Президентпен ширек ғасыр жұмыс істеген» А.Маминнің, бала мінезінен «әлі күнге арылмағаны» көңілге қаяу түсіреді біртүрлі. «Аюда қазақ тілін үйренетін ширек ғасырда» қазақ тіліне «құламаған» адамның, премьер болғанда, қат-қабат шаруадан қолы босағанда, қазақ тілін үйреніп кетеді деу өтірік болар… Қайтеміз енді, көнеміз де… Негізі бала Асқар мен бала Кәрім кеңестік дәуірде қазақ тіліне көңіл бөлмепті. Тіпті сөйлеуге намыстанған. Бірақ екеуіне қазақ тілін құрметтемесе де, қазақ Үкіметін басқару бақыты бұйырыпты…
Сөз соңында айтарым:
Әрине Б.Сағынтаевтың үкіметінде кемшіліктер орын алды. Оның ең шырқау шегі көпбалалы аналардың жанайқайы дер едім. Бұл өзі сан жылдар бойы «іште булыққа ашу» секілді лықсып төгілді. ФБ әлеуметтік желісінде Ғалия Достан деген әйел: «Есіме бір оқиға түсіп кетті. Сонау 1992 жылдары болса керек, пенсия, пособия дегендер кешіктіріліп берілмей жатқан кезі еді. Содан Шалқар қаласы үлкен станция ғой. Москва-Ташкент, Москва-Алматы бағытындағы барлық пойыздар осы стансаның үстімен өтеді. Пенсиясын ала алмаған кемпірлер, әйелдер рельске отырып алды. Содан пойыздар тұрып қалып, самолётпен ақша әкеліп, пенсия, пособияны беріп құтылған болатын. Негізі әйелдер мықты ғой, айтқанын істетпей қоймайды, оларды ештеңемен қорқыта алмайсың. Біріксе тіпті жаман», — депті.
Мұны жазып жатқаным, Б.Сағынтаев басқарған Үкіметті «Әйелдер көтерілісі» отставкаға жіберген деп жазып жатқандар көп. Бәлкім рас та шығар. Асқар Мамин Үкіметі кемшіліктерден сабақ алып, қазақ халқының өсіп-өнуіне жағдай жасамаса «Ой — өрісі жетілген» халықты енді ауыздықтау мүмкін емес сияқты…