БЕРЕКЕ МЕН БІРЛІКТІҢ БАСТАУЫ АУЫЛДА, бірақ оларға жеткілікті деңгейде көңіл бөлінбей отырғаны қалай?
«Қазақстан — 2050: «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» атты «Нұр Отан» партиясы, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, «Qazaqstan dauiri» газеті, «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтының бірлескен экспедициясы өз жұмысын Астанада қорытындылады.
Ауыл — бар қазақтың бүйрегі бұрып тұратын киелі мекен. Ауыл — ырыс пен берекенің, ынтымақ пен бірліктің бастауы! Олай болса ауыл жыры ешқашан таусылмақ емес. Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев та ауылда туып, даланың құмына аунап, өзенге шомылып, асық ойнап, атқа мініп, саф ауада қыдырып есейгені баршаға мәлім. Естелік кітаптарында ауыл жайлы толғанатыны қандай? Қарапайым ауыл тұрғындарын сағынатынын, балалық шақты аңсайтынын еш жасырмайды. Содан да болар ел тізгінін ұстаған күннен бастап ауыл жайлы үнемі айтып келеді. Жыл сайынғы жолдауларында ауылдың тұрмысына қатысты бағдарламалар туындап жататыны да содан болар. Елбасы бір сөзінде: «Ауыл шаруашылығын дамытуға мемлекеттік қолдау көрсету қажет. Ауыл тұрғындарының жеке шаруашылығы, малдары бар екенін ескере отырып, олардың өсіп-өнуі үшін ветеринарлық қызметті халықаралық стандарттар деңгейіне жеткізу керек. Ауыл шаруашылығындағы ең үлкен мәселенің бірі — өнімдерді өңдеу. Қазір ауылда бар өнімді ұқсата алмай отырмыз. Алған өнімімізді дайын тауар ретінде шетелге сатсақ, оның өндірушілерге де, мемлекетке де пайдасы тиері анық. Ауыл шаруашылығы өнімін өңдеуді дамыту арқылы осы саланың мамандарын қорғау, оларға қолдау көрсету, ауыл тұрғындарының табысын көтеру, оларды жұмыспен қамту сияқты негізгі мәселелер шешімін таппақ. Бұл бағыттағы үкіметтің ауылға деген саясаты жұмыс орындарын ашуға арналуы керек деген ұстанымға келіп саяды», — деген болатын.
Он жылдан аса ауыл проблемасын шама-шарқымыз жеткенше көтеріп, ауылдан алыстап кеткен кей шенеуніктердің елге деген ықыласын аударуға күш салдық. Елім деп еміренген басшылардың көңіл-көшін ауылға бұрдық. Ауылдағы қарапайым халықтың арыз-шағымын, өтініш-тілектерін билікке БАҚ арқылы жеткізуге тырыстық. Нәтижесі де жаман болған жоқ. «Жыламаған балаға емшек бермейтіні» сияқты, мұң-мұқтаж да айтылмаса, қозғалмаса діттеген жеріне жетуі қиын нәрсе болып шықты. Шүкір дейміз. Ойға алған, халық қалаған мәселелердің бәрі болмаса да, көпшілігі шешімін тапты.
Жыл сайын еліміздің төрт бұрышына экспедиция жасалады. Қаңырап қалған ауылдар мен жаңарып қалған елді мекендерді көзбен көреміз. Өсу мен өшудің аражігін салмақтаймыз. Көргенімізді көңілге түйіп, қағазға түсіріп, газетіміздің әр нөмеріне шығарып елді хабардар етіп отырамыз. Біздің сапарға обалы нешік, министрліктердің де құлағы түрік. Сапардан түйгенімізді жыл соңында Парламент пен Үкіметке сауын айтып, қоғам қайраткерлерінің талқысына салу — аманат арқалаған біздерге міндет жүктейді! Ондағы мақсат, елдің жанайқайын билікке жеткізу. «Бәрі жақсы» деп тәтті сөзге семіргендерді ара-тұра ащы пікірлермен қамшылау! Қалғып кеткен шенеуніктер болса дүр сілкіндіру!
Осы мақсатпен Журналисттер үйінде өткен «Қазақстан — 2050: «Ауыл — рухани жаңғырудың қайнар бұлағы» атты экспедиция қорытындысына дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Оған билік партиясы «Нұр Отаннан» арнайы өкілдер келіп қатынасты. Ауылшаруашылығы министрлігі тікелей қолдаушымыз болғандықтан, сол саланың мамандары көптеп жиналды. Әттеген-айы, Парламенттің қос Палатасы атынан жалғыз ғана Мәжіліс депутаты келгені болды. Ел үміт етіп отырған заң шығарушы органның мүшелері халықтың хал-ахуалын нақты білу үшін, айлап емес жылдап шаң-тозаңға көміліп, шаруалардың мұң-мұқтажын арқалаған бұл жиынға келулері керек еді. Ел мен жердің амандығын білуден асқан бақыт та, қуаныш та жоқ қой бұл жалғанда. Сондай-ақ, халықтың атынан сөйлеу үшін де, халықтың жоқ-жітігін біліп отырғанға не жетсін!
Ауылдағы ағайынға бүйрегіміз бұрып тұрады
Ардагерлер кеңесінің өкілі Көпболсын Бекмағанбетов:
— Біз де ауылдың баласымыз, ауылдан шыққанбыз. Ауылдағы ағайынның бүгінгі халіне қарап жанымыз ашиды. Әрине, қолдау көрсетуге, көмек беруге үнемі мүмкіндігіміз бола бермейді. Бірақ, «Қарты бардың — қазынасы бар» демекші, қарияларымыздың ортамызда аман отырып, жастарға үлгі-өнеге көрсетіп, жөн сілтеуінің өзі ауылдарымызға тигізіп отырған пайдасы деп ойлаймын.
Ауылға жанашырлық болмай — іс алға баспайды
Зейін Әліпбек, А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы бас директорының БАҚ жөніндегі кеңесшісі:
— Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, академик Кенже Қожахметұлы Абдуллаев басқаратын Шортанды ауданындағы А.Бараев атындағы астық шаруашылығы ғылыми-өндірістік орталығы 17 дәнді-дақылдарды зерттеумен айналысады. Орталықтың ауыл шаруашылығы саласына қосып отырған бірден-бір үлесі — аталмыш дақылдардың жаңа әрі тиімді, пайдалы сорттарын зерттеп, соларды өсіру технологиясын егіншілікпен айналысатын ағайынға үйретіп келеді. Соңғы екі жылдың бедерінде орталық жұмысына қан жүгіріп, мәселен, жас ғалым Жылқыбай деген азамат бидай сортынан 46,5 центнер өнім алуға болатынын ғылыми түрде дәлелдеді. Екіншіден, «Нақты егіншілік» деп аталатын жоба жүзеге асып жатыр. Бұл жоба цифрлы технологияларды пайдалана отырып, қазіргіден 2 есеге артық өнім алу және шығын көлемін 25%-ға дейін азайтуға мүмкіндік берді. Бір жыл атқарылған жұмыстың нәтижесін былтырғы күзде көрдік.
Мұның бәрі орталығымыздың жұмысы болғанымен ауылдарымызбен тікелей байланысты деп есептеймін. Өйткені, егіншілікпен айналысатын ағайынның бәрі ауылдарда тұрады. Алдағы уақытта біздің жұмысымызды ауылдың қарапайым диқандары да атқарып кетеді деген сенімдеміз. Ал сіздердің ауыл-ауылды аралап, өткізетін экспедицияларыңызға сырттай қараған адам «не пайда, не азап?» деуі мүмкін. Мұның бәрі ауылға деген жанашырлықтың көрінісі деп ойлаймын. Сол жанашырлықтарыңыз түгесілмей, шырылдап жазып жатқан, жүгіріп жүрген еңбектеріңіз нәтижелі болғай деп тілеймін.
Ермұрат Назарұлы
Қордаланған көп мәселе бізге де таныс
АШМ “Шаруашылық” департаментінің директоры Нұржан Мырзабеков:
— Біздің министрлік өкілдері де негізінен ауылға жиі барамыз. Бірақ біз шенеуніктерміз ғой. Сіздер қанша дегенмен — халық өкілісіздер. Сондықтан жергілікті тұрғындар сіздерді өздеріне жақын қабылдайды. Шынында да газет — алтын көпір. Сіздер көтеріп отырған мәселелер бізге де таныс. Министр блогына да көптеген сұрақтар келіп жатады, хаттар да, өтініш-арыздар да министрлікке көптеп келіп жатады. Мысалы, су шаруашылығы — суармалы жерлерді ары қарай дамыту туралы бағдарлама, “Рухани жаңғыру” бағдарламасы негізінде “Ауыл — ел бесігі” деген бағдарлама төңірегінде және “Жастар” жылы аясында көптеген жұмыстар атқаруды жоспарлап отырмыз. Алдағы уақытта сіздермен бірлесіп көп жетістіктерге жетеміз деген ойдамыз. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деген.
Банктер тәуекел етпеген қадамға біз барып жатырмыз
АШМ “Қаржылай қолдау қорының” басқарма бастығы Жандар Омаров:
— “Qazaqstan dauiri” расында да тәуелсіздікпен жасты баспа. Сіздердің жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін. “Дөңгелек үстелге” шақырғандарыңызға рақмет. Егер нәтижелерге тоқталатын болсам, бізде “Жұмыспен қамту” бағдарламасы бар. Осы бағдарлама аясында тұрғындарға несие беру бойынша жұмыс істеп келеміз. 2017 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатқан “Жұмыспен қамту” бағдарламасы, қазір “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау” бағдарламасы аясында 2017 жылы 18,6 миллиард теңге, 2018 жылы 30 миллиард теңге қаржы бөлінді. Кейін Елбасының тапсырмасы бойынша соммасы 50 пайызға дейін ұлғайып, 44,7 миллиард теңгеге дейін өсті. Соның 60-тан астам 70 пайызға жуық қаражаты, яғни 30 миллиард теңгеден астам қаражат біздің қор арқылы игерілді. Нәтижелеріне тоқтайтын болсам, былтырғы қайтарылған ақша бар, былтыр бөлінген қаржы бар 9 мыңға жуық шағын несиелер берілді. Мысалы, банктер ауылға қаражат бермейді. Себебі, ауылдағы кепілге қоятын заттарды банктер алуға қорқады, өйткені оларды кейін сатуға қоя алмайды. Басқа да тәуекелдерге банктер барғысы келмейді. Сондықтан Елбасы тапсырмасымен “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау” бағдарламасының сомасын көтеріп жатыр. Ал, біздің қор біріншіден ауылдағы жер болсын, үй, көлік, техника бәрін қабылдаймыз. Екіншіден “Сыбаға” бағдарламасы бойынша әкелінген малды несиеге алатын болса, сол малды кепілге қою механизмін де қолға алып жатырмыз. Сондықтан сатып алатын затының өзін 2018 жылдан бастап кепілге алу мәселесін енгізіп жатырмыз.
“Сыбаға” бағдарламасы бойынша шетелден мал әкелу мәсеселесі. Қазір осы бойынша министрлікте үлкен мәселе көтеріліп жатыр. Біз қашан дамимыз? Егер экспортқа шықпайтын болсақ, өз ішіміздегі нарық көлемі үлкен емес, сондықтан сыртқа шығу мәселесі министрлік тарапынан өте маңызды болып отыр. Басқа да шетелдермен ветеринарлық қауіпсіздік тұрғысынан келісіп, етті сыртқа жіберу мәселесі қолға алынып жатыр. Бірақ экспортты ұлғайту үшін біздегі мал саны өте аз болып отыр. Сондықтан сырттан мал әкелу арқылы халыққа арзан пайызбен кепілдік мәселесін жеңілдету арқылы несие беріп отырмыз. Сөйтіп, ішкі нарықтағы мал санын көбету көзделіп отыр.
Жалпы кепілге келер болсақ, биылдан бастап, “Қазагро кепіл” деген мекемемен бірлесе жеке қосалқы шаруашылықтарға несие беруге гарантия беруге атсалыспақ. Егер кепілге қоятын затының сомасы жетпей жатса, 85 пайызға дейін осы мекемемен бірлесе біз кепілге гарантия беретін боламыз. Ол кепілді алып, “Микроқаржы” ұйымы немесе несиелік серіктестер арқылы несие алып, біздің гарантиямен сомасын ұлғайтып алуына болады.
Осы мәселенің бәрі мемлекеттік бағдарламалар негізінде нақтыланып жатыр. Сондықтан сіздердің газеттеріңіз арқылы, біз осындай мүмкіндіктер бар екенін халыққа жеткізейік, насихаттайық. Сонымен қатар, лизинг қолжетімділігі күшейтілсе екен деген мәселе бар. Атап өтер болсақ, 2018 жылдан бастап субсидиялаудың жаңа түрі – 25 пайызға дейін техниканы субсидия беру енгізіліп жатыр. Егер лизингтік компанияға баратын болсаңыз, техника алу үшін бастапқы төлем 25 пайызды төле дейді. Сол 25 пайыз бастапқы төлемді шаруалар “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау” бағдарламасынан алған субсидияны бастапқы төлем ретінде лизингтік компанияға өтініш беру арқылы өткізіп техниканы алуына болады. Яғни, шаруа тарапынан кепіл мәселесі шешілген және бастапқы төлем мәселесі шешілген. Қосымша проблемасыз техникаға қол жеткізуге болады. Мұны да халыққа жеткізуіміз керек, халық білуі керек. “Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті қолдау” бағдарламасы аясында негізінен қандай шаруашылық болса да ешқандай шектеу, кедергі жоқ. Жеке шаруашылықтарға 4 миллион теңгеге дейін беріп жатырмыз. Былтырғы есеп бойынша орташа есеппен 3 миллион 600 мың теңге жеке шаруашылықтарға берілді. Бұл дегеніміз 20 бас ірі қараға дейін, қой болса, 130 басқа дейін деп есептейміз.
Қой шаруашылығы бойынша “Сыбаға” бағдарламасы ет бағытында 14 пайыз деп есептегенімен, субсидия 4 пайызбен 10 жылға 30 миллион теңгеге дейін беріп жатырмыз. Жалпы халық “Сыбаға” бағдарламасының тиімділігін әлі де болса толық түсінбей жатыр. Өзіміздің ауыл-аймақтағы филиалдарымыздың өкілдері де ауылға жылына немесе квартал сайын бір рет барып, кездесіп түсіндірсе деген талаптарымыз да бар. БАҚ арқылы, телевидение арқылы халыққа насихаттау жағын жоспарлап жатырмыз. Егер қаралатын болса, бір ұсыныс “Қазақстан” телеканалы ауылдағы халық көп қарайтын арна болғандықтан, солар арқылы біраз бағдарламалар түсіріп, халыққа жету жағын насихаттайық десек, шынын айтқанда барлығы сауда-саттық болып кеткен, уақытына ақша-қаражат сұрайды. Сондықтан мемлекет тарапынан бір арнайы уақыт бөліп, “Ауыл сағаты” әр апта сайын халыққа түсіндіру жұмысын, насихаттау жұмысын қолға алсақ деген ұсынысымыз бар.
Сұрақ-жауап кезеңі
Журналист Нағашыбай Қабылбек:
— Ауылдағы сабан үйлерді кепілге алмайды, өйткені ауылдағы үйлердің көбі дерлік сабаннан салынған, ауыл халқы басқа кепілге қояр заты болмаса, не істейді?
АШМ “Қаржылай қолдау қорының” басқарма бастығы Жандар Омаров:
— Сабаннан салынған үйлерді банктер ғана қабылдамайды. Бірақ біз жылына, ескі-жаңасына қарамай кепілге алып жатырмыз. Бағдарлама бойынша біздің қор да, “Аграрлық несие серіктестері” де, “Микроқаржы” ұйымдары да қабылдап жатыр.
Журналист Ерқазы Сейітқали:
— Қазіргі кезде “Ауыл шаруа-шылығы” министрлігінің субсидиялау бағдарламасы жақсы-ақ. Бірақ, керісінше, төменгі жақта алдаушылық бар. Соны сіздер білесіздер ме? Мысалы, шетелден, Ресейден келетін сиырлардың “қайнары” менің білуімше, үзіліп қалды. Яғни, сиыр жоқ, документтер жүріп жатыр. Ірі шаруа қожалықтары сондай алаяқтыққа барып отыр деген ақпарат бар. Сондай-ақ, ауылшаруашылық техникаға қатысты лизинг мәселесі, Ресейде 10 млн. тұратын комбайн бізде 30 млн. Осы жағын сіздер білесіздер ме, қалай бақылайсыздар? Қазір жұмыс істеймін деген адамға жұмыс бар, десе де жемқорлық мәселесі де тыйылмай отыр. Бұған не дейсіз?
“Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу” департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов:
— Бірінші сұрақ бойынша, ондай жағдайлар болды. Біз оны өзіміз анықтадық. Сонау шекарада ветеринарлық посттар бар. Солар арқылы анықталған жағдайлар бар. Сондықтан былтыр қаржыландыру ұйымдарының филиалдары барлығы бірігіп кеңес өткізіп, шешім қабылдадық. Малды әкелген кезде, посттан өткен кезде жүк өтті деген арнайы талон арқылы әкелген малдың саны, ветеринариялық құжаттары бәрі тіркеледі. Сол талонды бұрын талап етпейтін едік, қазір талап етеміз. Бұл талонды тек шекаралық КМБ ғана бере алады. Басқа органдар бере алмайды. Қазір бұл мәселені шештік. Қазір қаржы тиімді қолданылды ма, жоқ па, арнайы қожалыққа барып тексеру жағы қатаңдатылды.
АШМ “Қаржылай қолдау қорының” басқарма бастығы Жандар Омаров:
— Қосымша айтатын мәселе — біз қаржының мақсатты жұмсалуын қадағалаймыз, құжаттармен тексереміз. Осы мәселе бойынша талонды қостық, сонымен қатар мал шекарадан өтті ме, жоқ па тіркейтін мекеме бар, соларды тексереміз. Банк-терден қаражат аударылды ма, сол құжаттарды да қадағалаймыз. Ондай фактілер бар. Анықталған жағдайда ақшаны қайтарып, 25 пайыздық айыппұл талап етеміз.
Төменде көп мәселе бар деп жатырсыз, біз оларды азайту үшін биылдан бастап, ХҚКО-лар секілді талон талап ету мәселесін жолға қойдық. Яғни, құжат толық өтсе, біздің мамандар талон береді. Бұрын құжаттар қабылданғанымен, уақытылы жауап берілмейтін. Сондықтан биылдан бастап талон енгіздік.
Ал лизинг мәселесіне келер болсақ, нақты менің құзіретіме кірмейді. Оны “Қазагро” қаржы акционерлік ұйымы бақылайды.
Ел игілігі үшін жасалып жатқан шаруа шаш етектен
“Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу” департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов:
— Мұндай жиынға бірінші рет қатысып отырмын. Келесі жылы да міндетті түрде келемін. Сіздер атқарып жатқан жұмыс шынында да үлкен жұмыс. Жергілікті жердегі халықтың мұң-мұқтажын бізге жеткізу, Үкіметке жеткізу үлкен шаруа. Өз басым аймақтарға шығып отырамын. Ауыл адамдарының мәселесін көбіне тікелей сол жерде шешіп беруге тырысамыз. Бірақ кей жағдайларда құжаттарға өзгеріс енгізуге тура келіп жатады, жалпы бірлесіп жұмыс атқарған нәтижелі болады. Жаңа Ертай ағамыз үлкен мәселелерді айтып өтті.
Бірінші субсидиялау мәселесіне тоқталар болсақ, былтырдан бері министрлікте субсидиялауды автоматтандыру мәселесі жүзеге асты. Субсидиялаудың бағыты бойынша, бірінші кезекте субсидия беру мәселесін барынша айқын, қолжетімді қылуға тырысып жатырмыз. Сол үшін “Қолдау kz” порталын жасадық. Бұл жерде өтінішті адамның көмегінсіз тікелей электронды қолтаңбамен, ХҚКО арқылы немесе портал арқылы қабылдауға мүмкіндік жасап отырмыз. Биыл 9-ын жасап үлгердік, қалғанын биыл жасап бітіреміз. Ол үшін Үкіметтің қадағалауымен арнайы тапсырма бар.
Екінші мәселе қазір көктемгі дала жұмыстары басталып жатыр. Сондықтан “Энергетика” министрлігімен бірігіп, “Жол картасын” әзірледік. Соған сәйкес биылғы көктемгі және күзгі жиын-терін жұмыстарына 800 мың тонна жеңілдетілген, арзандатылған жағармай берілетін болды. Қазіргі нарықтық баға бойынша жағармай 197 теңге болса, меморандум аясында фермерлерге 160 теңгеден беріледі. Бұл да біршама көмек. Дегенмен бір мәселе жеңілдетілген жанар-жағармай беру мәселесі заңды тұрғыда реттелмеген. “Ауыл шаруашылығы” және “Энергетика” министрлігі меморандум бекітіп жатыр. Бұл нарық заңы бойынша дұрыс емес, бірақ біз фермерлердің мұқтажын ескеріп, бұл қадамға барып отырмыз. Бұл көлем көктемгі және күзгі жиын-терін жұмыстарына толықтай жетеді. Енді оның берілу шарттарын айтар болсақ, былтыр пилоттық түрде Павлодарда жағармайды бөлу мәселесін автоматтандырдық. Соның салдарынан бұрынғы кейбір шаруашылықтардың жанар-жағармайды алу көлемі 40 пайызға төмендеп қалды, соны қайта есептеп мұқтаж фермерлерге қайта бөлдік. Сөйтіп, республиканың барлық түкпіріне жетуін қадағалаймыз.
Тағы бір өзекті мәселе – мал ұрлығы. “Ауыл шаруашылығы” министрлігінің тікелей “Ішкі істер” министрлігімен арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, бекіттік. Соған сәйкес біз қазір жергілікті полицияларға ауылшаруашылығын бірдейлендіру базасына әр малдың иесін анықтауға рұқсат беріп жатырмыз. Яғни, ұрланған малды базарда сатады десек, ветеринарлық лабораториялар арқылы малдың сырғаларына қарап, анықтау жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Заңнамалық тұрғыда жауапкершілікті күшейту мәселесі, қылмыстық кодекске де біршама өзгерістер енгізу мәселесі де қаралып, зерттеліп жатыр.
Ал, кепіл мәселесіне келер болсақ, 2016 жылы субсидияның пайыздық ставкасы деген бағдарлама болды, сол кейін алынып тасталды. Осы мәселені былтыр қайта енгіздік. Бұл фермерлер алатын субсидия пайызын барынша төмендетуге бағытталған. Мұның арқасында мал шаруашылығында несие 4 пайызбен беріліп отыр. Несиелеу мерзімі 7 жылдан 15 жылға ұзарды. Бұл төлейтін жылдық үстеме пайызды азайту арқылы, фермерлердің табысын арттырады. Парламент депутаттарымен бірлесіп, агроөнеркәсіп саласына тиімді заң жобасын жүзеге асырып жатырмыз. Солардың бірі агросақтандыру, біріншіден кепіл мәселесін сақтандыру арқылы бұл салаға тек өзіміздің квази қаржыландыру ұйымдарын ғана емес, банктерді де тартуға мүмкіндік туады. Егер бұл заң жобасы қабылданса, біршама көмек болады. Келесі мәселе — салық. Жалпы ауыл шаруашылығында төленетін салық көп емес. Бірақ оның механизмі қиын. Мысалы, қазір бір шаруа қожалығы 8 түрлі салық төлейді. Біз сол жұмыстарды оңтайландырып, бір салық түріне айналдыруды көздеп отырмыз. Сөйтіп, шағын шаруа қожалықтары ИП-лар секілді патент алады да, бір реттік төлем жасап, жұмыс істей беретін болады. Ол салық жердің әр гектарына есептеліп, соған сәйкес фермер жылдың басында немесе аяғында жердің көлеміне сәйкес бір реттік төлемін төлеп тастайды. Бұл дегеніңіз ауылдық жерде әр фермерге 8 салықты есептеу үшін бухгалтер қажет ететін мәселені шешетін болады, яғни әр фермерге бухгалтер ұстаудың қажеті болмайды. Себепті, себепсіз тексерісті де азайтуға мүмкіндік береді.
Қант зауыттары мәселесі бойынша, қазір қант шаруашылығы саласын дамыту бойынша жеке бағдарлама қабылданып жатыр. Солтүстік аймақтарда Петропавл және Павлодар облыстарында қант зауыттарын салу, инвесторлармен жұмыс нәтижесінде Жамбыл облысында жаңадан қант зауыты салынады. Бұл қант саласындағы 70 пайыздық импортты төмендетуге мүмкіндік береді. Алматы облысы бұл жағынан өте тәжірибелі. Сол тәжірибені солтүстік аймақтарда жүзеге асыру көзделген. Қазір Елбасы тапсырмасымен ауыл шаруашылығы ғылыммен тікелей байланыста жұмыс істеуге бейімделіп келеді. Көп жағдайда техника ескі, тұқым себу дұрыс жолға қойылмаған, егінді ору жұмыстарын жеделдету секілді жұмыстарды “Бараев” орталығымен бірлесе озық тәжірибелерді енгізу арқылы шешу бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Ендігі мәселе — ауылдың инфрақұрылымын дамыту. “Рухани жаңғыру” бағдарламасы аясында ауылдың инфрақұрылымын дамыту, жалпы ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлердің мәртебесін жоғарылату. Малшы деген ең төменгі сатыдағы адам деген көзқарасты өзгерту мақсатында жастар мен жасөспірімдер арасында оқу жұмыстарын жүргізу, фермердің дәрежесін арттыру арқылы тұрмысын түзеу мәселелеріне басымдық беру қарастырылып жатыр. Биыл Жолдауда да Елбасы ауылдық жерлерде ауызсу, жол мәселелерін шешуге ерекше көңіл бөліп отыр. Әрбір аймаққа тән аймақтық бағдарлама құру арқылы әр ауылдың жағдайына қарай қаражат қарастырылып, әкімдіктермен бірлесіп, ауылдың жағдайын көтеру басты мақсат болып отыр. Осы алда жоспарланып отырған игі істеріміздің бәрін, сіздердің газет арқылы халыққа жеткізуге біз мүдделіміз. Сондықтан бірге жұмыс істеуге дайынбыз.
Тілекгүл Есдәулет
Дайындағандар — Нағашыбай Қабылбек, Ерғазы Сейтқали, Тілекгүл Есдәулет, Ермұрат Назарұлы