ТҮРКІСТАНДА «ҰЛТТЫҚ ҚОЛӨНЕР – ҰЛЫ МҰРА» АТТЫ КӨРМЕ ӨТТІ

Түркістан қаласында  «Ұлттық қолөнер – Ұлы мұра» атты қолөнер шеберлерінің көрмесі  өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары аясында  ұйымдастырылған іс-шараға қатысушылар «Ұлы даланың мұрасы» атты қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесін тамашалады.

Көрменің басты  мақсаты –   ұлттық қолөнерді дамыту, қолөнер шеберлеріне қолдау көрсету, олардың жасаған бұйымдарын халық арасында кеңінен насихаттау, жас әрі дарынды  қолөнершілерді анықтау. Сонымен қатар аймақта туризмді дамытуға ықпал ету. Бабадан қалған қолөнерді ұрпақ санасына сіңіріп, кәсіп ретінде дамыту.

Мерекенің негізгі бөлігі «Есімхан» алаңында жалғасты. Онда  «Ұлттық қолөнер» шеберлерінің еңбегін сипаттайтын бейнеролик көпшілік назарына ұсынылды. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, БАҚ өкілдері, көрме қонақтары мен барлық аудан, қаладан  қолөнер шеберлері қатысты.

Салтанатты шарада облыс әкімінің орынбасары Ербол Садыр жұртшылықты Алғыс айту күнімен және қолөнер шеберлерінің көрмесінің ашылуымен құттықтады

«1 Наурыз алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Көктемнің алғашқы күнімен бірге келген шуақты мереке бір-бірімізге деген сыйластықты арттырып, бірлігімізді бекемдей түседі. Қазақ халқының мейірбандығын көрсететін мейрам құтты болсын! Түркістан қаласы көне замандардан бері кәсіпкерлік пен қолөнердің орталығы болған. Бүгінгі іс-шара арқылы өңіріміздегі үздік қолөнер шеберлерін анықтап, оларға қолдау көрсетуді көздеп отырмыз. Екіншіден, Түркістан облысы үшін туризм саласының орны ерекше. Ал туризм дамуы үшін қолөнеріміз де дамуы тиіс. Сондықтан шеберлерге жағдай жасалып, шағын кәсіпорындар ашылуы қажет», – деді  Ербол Садыр.

Қолөнер көрмесінде зергерлік бұйымдар, керамика, ағаш ою, былғарыны көркемдеп өңдеу, тоқыма, киіз басу және өзге де салалар бойынша үздік атанған шеберлерге арнайы диплом мен  сыйлықтар тапсырылды. Көрме соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты.

Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі