ҒАШЫҚТАР МҰҢДАСУЫ…
Ауырып іште жарамыз,
Байқатпағандай боламыз…
Өкпе, наз артып жүргенде,
Алшақтап кетті-ау арамыз.
Алыстамасыншы арамыз,
Суындық неге аға біз?
Ғашықтар едік кеше біз,
Бүгін таныстар ғанамыз…
Кінәні кімге тағамыз?
Сыздайды әлі жарамыз…
Ғашықтық дерті ауыр дерт,
Дәруін қайдан табамыз?
Қалтырап жүрек… тоңамыз,
Қалмаған ба әлде шарамыз…
Қос жүрек қайта қосылсын,
Ғашықтар-ек қой, аға біз…
Қалтырап жүрек мұздамай,
Қайғы, мұң тартып сыздамай,
Қосылсын жүрек қосылсын,
Алшақтамақпыз біз қалай…
Шын сүйіп, ғашық болғандар,
Алдыңда талай таңдар бар.
Махаббат барда — арман бар,
Жоғалтып оны алмаңдар!
Әділбек Қаба,
(«Махаббат маусымы») топтамасынан.