«Nur Otan» — партиясына 20 жыл! Маңғыстаулықтар не дейді?!
Еліміздің бас қаласы Астанада Қазақстан Республикасының Президенті, «Nur Otan» партиясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының XVIII кезекті съезінің өткеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Партияның 20 жылдығына арналған съезге өңірлік конференцияда сайланған Маңғыстау делегациясы белсенді қатысқан болатын.
Съездің басты жиынын «Nur Otan» партиясы төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев ашып, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде партияның 2030 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын қабылдау, партия Жарғысына өзгертулер мен толықтырулар енгізу, Саяси кеңес пен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының есептік кезеңдегі жұмысын қорытындылау және аталған органдардың жаңа құрамын сайлау мәселелері қаралды.
Мемлекет басшысы сөйлеген сөзінде Қазақстанның өткен 20 жыл ішінде қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып, елімізде болған барлық оң өзгерістердегі «Nur Otan» партиясының рөлін ерекше атап өтті.
«Баршаңызды «Nur Otan» партиясының 20 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын! 1999 жылғы 1 наурыз егемен еліміздің жылнамасына партиямыздың негізі қаланған күн ретінде енді. Тарих өлшемімен қарағанда бұл – көп уақыт емес, бірақ біз үшін тұтас дәуірге бара-бар. Ғасырлар тоғысындағы күрделі экономикалық жағдай тез арада дұрыс таңдау жасауымызды талап етті. Тәуелсіздігімізді нығайтып, мықты мемлекет құру үшін бізге батыл әрі маңызды реформалар жасау керек болды. Әйтпесе, өркениет жолына бастайтын әлемдік даму көшінен қалып қоятын едік. Осындай ұлы мақсатты көздеген Nur Otan партиясы халықтың сенімін ақтап, орнықты ілгерілеуімізді қамтамасыз ететін бірден-бір саяси күшке айналды», – деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев.
Жаңа міндеттер айқындалған съез туралы түрлі пікірлер әлі де болса айтылуда. Мәселен, «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филалы төрағасының бірінші орынбасарының м.а. Звира Есбергенова, президент атап өткен кейбір мәселелер туралы өз ойын былай жеткізді:
Елбасы өз сөзінде Қазақстанға шетелден 320 миллиард долларға жуық тікелей инвестиция тартылғандығын айтқан болатын. Жалпы елімізде инвестиция тартудан Маңғыстау өңірі алдыңғы қатарда. Азаматтарымыздың кірісі 16 есе көбейтілгенді де тілге тиек етілді. 141 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салынғандығы да сөз болды. Біздің өңір тұрғын үй салуда кенде емес. Елімізде әлеуметтік маңызы зор жаңа инфрақұрылым нысандары бірінен соң бірі бой көтерді. Бұл қуантарлық жағдай. 1 400 заманауи аурухана, емханалар мен амбулаториялар, 2 865 жаңа мектеп, колледждер мен балабақшалар ашылғандығы да қуантады. Елбасы өз сөзінде мұның бәрі – бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі деп атап өтті, толықтай келісемін. «Nur Otan» мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға ықпал етіп, сайлаушылардың сенімін ақтап келеді деген болатын президент. Алда бағындыратын жаңа белестер тұр, ел болып көздеген мақсатымызға қол жеткізу үшін бізге бірлік қажет.
Мұқанжан Камалов — «Нұр Отан» партиясы Мұнайлы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары: Өздеріңізге белгілі, көптеген елдердің экономикалары бір-бірімен тығыз байланысты. Оның үстіне, қазіргі таңда әлемдегі саяси-экономикалық жағдай тұрақсыз екендігі баршамызға белгілі. Ашығын айту керек, бұл мәселе біздің елге де өзінің салқынын тигізбей қоймады. Бірақ, бұл қиын-қыстау кезең де артта қалары анық. Бірлік пен татулық болса, қандай қиындық болмасын еңсере аларымыз сөзсіз. Бұл ретте «Nur Otan» партиясының мүшелеріне үлкен жауапкершілік жүктеледі. Биыл «Жастар жылы» екендігін ескерсек, үлкен сенім осы жастарға артылып отыр. Менің ойымша, еліміздің әр өңірінен съезге қатысқан делегаттар партияның төңірегіне тығыз топтасып, берік бірлігі мен бұлжымас ынтымағын көрсете алды. Елбасымыз ұстанған сара саясатқа деген адалдығын танытты. Партияның көшбасшысы партия алдына жаңа бағдарламалар аясында нақты міндеттер қойды. Ендігі жерде баршамызды елді жаңарту орайындағы ауқымды жұмыстар күтіп тұр. Біздің баршамыздың міндетіміз — елді сақтап, егемендікті нығайту болып қала бермек. Ал кез-келген қиындықтарды жеңу үшін, партияның әр мүшесі өзінің бойындағы бар күш-жігерін жұмсауға дайын тұруы қажет.
Киікбай Жаулин — Маңғыстау облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы:
Осындай саяси маңызды шараға делегат ретінде қатысқаныма қуаныштымын. Кездесуде біраз өзекті мәселе айтылды. Мемлекет басшысы өз сөзінде елімізді дамытудың өзекті мәселелеріне тоқталды, сондай-ақ «Nur Otan» партиясы алдына бірқатар міндеттер қойды. Елбасы бұрыннан да әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ерекше назар аударып келе жатқандығы баршамызға белгілі, әсіресе денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет салаларына қатысты бағдарламалардың жүзеге асырылуы маңызды. Сонымен қатар, халықты жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту, экономикаға серпін беру күн тәртібінен түспей тұрған өзекті мәселелер болып қала бермек. Қорыта айтқанда, Елбасы сөзі бізді тың істерге жігерлендірді деп ойлаймын, қазір бізге қажеттісі бірліктің сақталуы.
Есберген Іңірбайұлы – «Nur Otan» партиясының ардагері: Мен осы шарадан үлкен әсермен шықтым. Мемлекет басшысы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев баяндама жасап, өткенімізді бағамдап, саяси партия алдына нақты міндеттер қойды. Оның әрбір сөзінде үлкен мағына жатыр. Рас, тәуелсіздік жылдарда жеткен жетістіктерді, қоғам алдына қойған мақсат-міндеттерді орындауда «Nur Otan» партиясының рөлі орасан. Партия ардагері ретінде айтарым, осы жылдар ішінде «Nur Otan» халықтың үлкен сеніміне ие болды. Ал сенім — халықтың партияға берген ең үлкен бағасы деп айтуға толық негіз бар. Көптеген елдер экономикалық дағдарыстан шыға алмай әлек. Әсіресе, бүгінде жұмыссыздықты болдырмау мәселесі өзекті. Бүгінгі Съезде айтылған барлық ұсыныстардың орындалсын деп тілеймін. Ең бастысы елдің ауызбіршілігі, ынтымағының артқаны маңызды. Ол үшін барлығымыз бір кісідей жұмыстансақ ғана, нәтиже болары сөзсіз.
Айта кету керек, съезд жұмысына 2 мыңға жуық адам қатысты. Олардың 1200-і еліміздің барлық өңірлерінен келген делегаттар болса, ал қалған 800-ге жуығы — қонақтар. Съезде әлеуметтік қолдауды күшейтуге және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған бірқатар бағдарламалар ұсынылды. Ол үшін бюджеттен және Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлінбек. Аталған қаражат аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету ісін күшейтуге, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарының баспана жағдайын жақсарту мүмкіндіктерін арттыруға, өңірлерді дамыту саясатын түбегейлі өзгертуге жұмсалмақ. Бұл ретте президент үкімет пен барлық деңгейдегі әкімдердің жұмысы осы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталуы тиіс екендігін айтқан болатын.
Съезд барысында партияның Саяси кеңесі мен Орталық бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы бекітіліп, аталған органдардың жұмыс қорытындылары жөніндегі есебі қабылданды. Саяси кеңестің құрамы 67 пайызға жаңарған. Партияның жоғары өкілдік органы болып саналатын Саяси кеңестің өкілеттігіне партия съезінің шешімдерін орындау бойынша партия органдары қызметінің негізгі бағыттарын анықтау, партияның қатысуымен болатын сайлау кампанияларына қатысты мәселелерді қарау, партия атынан саяси мәлімдемелер мен үндеулерді қарау және енгізу, қалыптасқан қоғамдық қатынасқа байланысты партияның ұстанымын анықтау, партия Төрағасының ұсынысы бойынша өз құрамынан партия Саяси кеңесінің Бюро мүшелерін сайлау, партия съезін шақыру, олардың күн тәртібін қалыптастыру, партияішілік талқылауларды өткізу туралы шешім қабылдау, оларды өткізуді ұйымдастыру және қорытындылау, партия съезінің ерекше құзіретіне қатысы жоқ партия қызметіндегі басқа да мәселелерді шешу кіреді. Кеңестің өкілеттік мерзімі 4 жылды құрайды.
Съезд аясында жаңадан сайланған Саяси кеңестің алғашқы жұмыс отырысы өтті. Онда Саяси кеңес Бюросының мүшелерін сайлау мәселесі қаралып, құрамы бекітілді. Еліміздегі жан-жақты жаңғыру үдерісіне сәйкес партияның даму кезеңінде де жаңа межелер айқындалды.
Айта кету керек, бүгінде «Nur Otan» партиясы 1 миллионнан астам мүшесі мен 6 мың бастауыш партия ұйымының басын біріктіріп отырған үлкен күшке айналды. Сонымен қатар, еліміз бойынша партияның 247 филиалы жұмыс істеп, қазақстандықтардың өзекті мәселелерінің оң шешілуіне ықпал етіп келеді.
Кәмшат Ізбасарова
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы