Ақұштап Бақтыгереева, ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты: Мына ғасырдың, қоғамның әйелді қайда әкелгеніне түсінбей далмын
Басшы жүре тыңдаса мәселе асқынады
— «Нұр Отан» партиясының съезінен қандай ой түйдіңіз?
— Әр жылдан, съезден жаңалық күтетін әдетіміз ғой. Ал бүгін шын мәнінде нақты мәселелер айтылды. Менің ойымша, әсіресе, ана мен баланың мәселесі, жәрдемақы көлемін ұлғайту мәселесі өте орынды. Бұл да онша көп болмас, бірақ бұрынғыдан жақсы. Ол көңілге қонды. Содан кейін жалдамалы тұрғын үй мәселесі. Үйі жоқ жастарға өте тиімді болады-ау деп ойлаймын. Тек сол айтылғандай өмірде де іске аса қойса… Үйсіз жастарымыз көп, өкінішке орай, бай елдің байлары да көп қой, бізде. Шіркін, солар жиналып үй салып берсе, ол да бір шешімін тапқан мәселе болар еді.
Жалпы, біз, жетімдерімізді түгендеуіміз керек. Біз бай елміз, халық саны ап-азғантай. Әлемде жер көлемі жөнінен 9-орын алатын Қазақстанда бір Москва қаласының халқы сапындай ғана тұрамыз. Осы аз ғана халықтың тұрмысын қамтамасыз ету қиын емес қой. Съезде бәрі айтылды, бәлкім, біздің ойымыздағыдай шаруалар әлі де шешілер деген үміттемін. Ал «Нұр Отан» тек жиналыс жүзінде, қағаз жүзінде емес шын мәнінде халықпен бірге жүріп, түйінді мәселелерді зерттеп, тексеріп, шешілуіне басшылық етсе, әрине, жақсы болар еді.
— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев әр балаға 21 000 теңге көлемінде жәрдемақы берілуі керек деді. Алайда Қаржы министрі Әлихан Смайылов әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға кірісті есептеу арқылы табыс белгілі шектен аспаған жағдайда ғана төленеді деді. Осыған байланысты жәрдемақы неге әр балаға берілмейді, табысты есептеу арқылы билік әр отбасының әлеуметтік жағдайын, еңбек ету қабілетін шектеп отыр деген пікірлер айтылып жатыр. Бұған не дейсіз?
— Әр балаға берілсін деген соң табысқа қарамай берсе артықтық етпейді. Баланың бүгінгі таңда шығыны мол, бәрінің бірдей дені сау емес, емдету керек пе, керек. Тіпті, толық табысы жетеді деген отбасының өзіне де көптік етпес еді. Халықтың ішінен тек қана жетпейтінін, мүгедегін іздеп жүргенде, мұның аяғы тағы қылдай болып кетпей ме? Ал, енді 5 бала жұрттың бәрінде жоқ сияқты. Егер халықтың санын өсіргіміз келсе, бала басына беру керек.
— Қазір әлеуметтік мәселе ушығып, халықтың жағдайы тым жақсарып кетпегенін билік мойындады. Жүйелі жұмыс жүргізілмегені себепті нақты табыс өспегені, тұрмыс сапасы артпағаны айтылып жатыр. Сіздің ойыңызша мемлекеттік қызметтің сапасын қалай арттыру керек? Жүйелі жұмыс істеуге не кедергі?
— Атқарушы билік қарапайым халыққа жақындап, олармен қоян-қолтық бірге жүруі керек. Сонау Абай заманынан келе жатқандай, олар халықты жүрдім-бардым тыңдайды. Абайша айтсақ,..
Күштілерім сөз айтса,
Бас изеймін шыбындап,
Әлсіздерім сөз айтса,
Жүре тыңдап қырындап,.. — дейді. Бұдан артық не деуге болады. Әне кел, міне кел, анау дұрыс емес, мынау дұрыс емес деген бюрократияны қою керек. Келген адамды тыңдап, дер кезінде шаруасын аяқтап, бітіріп бергені дұрыс. Ал бізде депутат пен басшыға жолығу мүмкін емес. Сөйтіп, адамдарда билік, депутат, басшы халықтан алыстап кетті деген көзқарас қалыптасады. Ол келесі адамға «менің шаруам бітпеді, сенің де шаруаң бітпейді» дейді. Ісі түспейтін қарапайым адамды жүре тыңдаудан мәселе асқынады. Қазір әлеуметтік қоғамның, адамдардың санасы өскен кезеңде өз мүддесін талап етуі, биліктің халыққа жақын болсын деуі қалыпты жағдай.
Алақан жаймайтын адамда рух болады
— Ғасыр өтсе де, біз, қазақ Абай заманынан әлі де өзгермедік. Осы орайда ана ретінде, ақын ретінде сізді қатты толғандыратын қандай мәселелер?
— Мені толғандыратын — рухани тәрбие. Рухани тәрбие жоқ жерде сен үй салып бер, ақша бер, жағдай жасап бер, бәрібір оның берекесі ойдағыдай болмайды. Рухани тәрбие, ақыл тәрбиесі — сана, парасат, ұят деген сөз. Ол адам қиналған кезде алақан жаймайтын болады. Намыстанып жағдайын жасайды, өзі туған балаларын өзі асырай алады. Себебі, оның ар жағында рух бар. Ал рухани тәрбие, адами тәрбие берілмеген адамға бәрібір. Ол келіп есігіңді қаға береді, ол алғанын қайда жұмсайтынына да ақылы жетпейді. Ол бәрібір азады, тозады. Мені қинайтын, алаңдататын осы нәрсе.
Алдымен ақша емес, тәрбие беруіміз керек. Тәрбиелі адам бір көйлекпен жүрсе де намысты қолдан бермейді. Өзі жол табады, өзі өмірмен күреседі. Сауатты адам мәдениетті болады, сауатты адам өмірді қалай сүруді біледі. Бұл өмірге неге келгенін біледі. Ұлт алдында жауапкершілігін сезінеді. Баласы алдында жауапкершілігі болады. Бесіктен берілген тәрбие жоғалды бізде. Ұлттық тәрбие жоқ. Баяғы ата-баба тәрбиесінен қол үздік. Мені ақын ретінде де, ана ретінде де осы нәрсе қинайды. Жоғары оқу орнында, ақылы бөлімде оқып жатқан, ертең маман болатын ұл-қызға қараймын. Олардың көздерінде мейірім жоқ. Тек қана есілдерттері ақша, есіл-дерттері қайтып, қай жерден мал табу, жол табу. Оларда адами жауапкершілік, жүрегінің түбінде парасат, тәрбие, ұлттық мәдениет көрінбейді. Себебі, біз осыларды бесіктен бере алмай отырмыз.
— Сіздіңше, қазір қол үзіп қалған ұлттық тәрбие, ұлттық психология, ұлттық философияны қайта қалпына келтіре аламыз ба? Үш тілділік мәселесінде де «басқа тілдерді бастауыш сыныпта оқытпауымыз керек еді» деген қарсылық әлі де бар. Осыған көзқарасыңыз қандай?
— Заман талабына байланысты үш тілден бас тартуға болмайды. Сәбиді қалай тәрбиелесе, солай алып кетеді. Менің өз балаларым да, әрине, басында тілдері қазақша шықты, кейін үш тілді меңгерді. Немерелерім де үш тілді үйреніп жатыр. Қазақ мектебінің өзі орысша сөйлеп кеткен кездері, балалар да орысша сөйлеген кездері болды. Ағылшынша сөйледі. Одан кейін санасына әсер етіп, намысын қайрап едім, қазақша үйренуді қайта қолға алды да, сөйтіп үш тілді меңгерді. Себебі, жағдайға байланысты қызым шетелге жұмысқа барды да екі немеремнің тілі ағылшынша шықты. Мен бұл қалай болар екен деп ойладым. Қорқудың керегі жоқ екен. Бала деген тәрбиеге көніп кетеді.
Мына тұрған Ресейге дәрігерге барасыз, басқа шаруамен барасыз. Тіл білгеннің еш сөкеттігі жоқ. Үш тілді білуге мен ешқандай қарсы емеспін. Біздің қазақтың баласының миы тап-таза. Шетелге бара қалса, тіл білсе қысылмайды, өзін батыл, еркін сезінеді.
Әйелдің ең бірінші бақыты — отбасылық бақыт
— Қазір ажырасушылар саны артып кетті. Былтыр еліміз бойынша 40 000-нан астам неке бұзылған. Бұл мәселені қалай шешуге болады? Жастарға қандай ақыл айтасыз?
— Қазір ажырасудың көбеюінің түп-тамыры әріде жатыр. Кешегі социализм әйелге тең құқықтық дегенді берді. Ал ұлы қазақ о баста әйел — табиғаттың өзі әйел етіп жаратты сені деп тәрбиеледі. Мұнда үлкен ұлылық бар.
Әйел — ана ғой, әйел — сұлулық қой, әйел — нәзіктік қой, әйел — мейірім ғой. Біз оны тракторға да салдық, ауыр жұмысқа жектік. Әйелді басқаша қылып жасап шығардық. Әйел қазір өзгеріп кетті. Өйткені, ғасырымыз сондай болды. Еркектен кем емессің, сен де табыс табасың, ол істеген жұмысты да істей аласың деп әйелдің түсінігін бұзды. Менің азаматым, менің қорғаным, елдің қорғаушысы — ер адам деген нәрсені сызып тастады. Енді қазір мұндай санадан арылу қиын. Қыздарымыз қазір өзі біледі. Бизнесті де өзі жасайды, машинаны да өзі айдайды, баланы да өзі бағады. Еркек маған неге керек дейді. Ал шын мәнінде табиғатқа қарсы тұра алмайды. Одан кейін есейе келе ауру болады. Әкесіз бала өсіреді. Әкесіз баладан тексіздік шығады. Тегі жоқ, бала кім екенін білмейді.
Ұлы даланың ұлылығы сонда, ол ататекті, баба дәстүрін бәрін сақтады. Қытайдың Конфуцийі не деді. Міне, Конфуцийдің ілімі барлық адамзатқа керек екен ғой. Әкем не істеді, атам не істеді, бабам не істеді мен де сондай болам деген балада арман жоқ. Мына дала менің батыр бабамнан қалған деп айтатын бала жоқ. Қазір қазақ баласының ататегі жоқ. Әкесіз өсіп жатқан бала жетім. Тірідей жетім. Әкесі жүр, бар, тірі. Қыздар: «өзім үшін туып алдым», — дейді. Бұрын ол ұят саналатын еді ғой. Ұят болатыны ол бала тексіз болатын еді. Тексіздік қазаққа жат еді. Сондықтан мәселе қазір оңайдан оңай оңалмайды. Бірақ табиғат бізден күшті.
Әйелге жалғыздық ауыр, жараспайды. Қай жағынан да. Мына өмірдегі, қоғамдағы орны, билігі, бизнесі бәрі алдамшы. Табиғат жаратқан ана болу борышынан айырып отыр. Жар болу. Бұл әйелдің табиғаттан жаралғанда алған үлесі еді. Жарға еркелей алмаса, баласын еркелете алмаса, ол тек бұрап жіберген ойыншық сияқты. Бизнес деп үстел ұрып, ақша санап, зырылдап, шапқылай берген мәртебе емес. Ол қайда барып тоқтайды. Қанша бояп қойғанмен, кім үшін боянды деген де сұрақ туады. Сүйген жары үшін, жүрегі қалаған адам үшін боянса — ол бақытты бояу. Тек боянып тұрған нәрсе — ол жасап қойған қуыршақ сияқты. Міне осыдан келіп, мен әйел затын аяймын. Мына ғасырдың, қоғамның әйелді қайда әкелгенін ойлап аяймын. Ол барлық нәзіктігі мен еркелігінен, аналық бақытынан бәрінен айырылып қалды.
Қыз неге бала туып, баласын лақтырып қашады? Бұл не деген сөз? Ол табиғатына сай ана болғысы келіп тұр. Бірақ қоғамға қарап, сол аналықтан қашып тұр. Оның үстіне әйелдің өз қиындығы бар. Өмір де, қоғам да әйел үшін ауыр сынақ. Оны жеңілдететін азаматы еді, қазір ол да жоқ. Еркектердің өзі қазір әйелге сенбейді.
— Өткенде Денсаулық сақтау министрі әйелдің мәселесін жеңілдеткісі келгені ме әлде басқа ма… 16 жастан бастап, мектептерде мүшеқап тарату мәселесін көтерді. 16 жастан абортқа рұқсат беруді заңдастыру керек деген әңгіме айтты. Ондайға рұқсат беруге бола ма? Азаматтық некені қалай түсінесің? Біздің қоғамда некесіз қатынас мәселесін заңмен шектеуге бола ма?
— Жалпы көтерсе, мәселе көп. Егер кәмелетке толмаған қыз туып қалған жағдайда баласын тастап қашпасын, оны қыздың анасына жазып беру керек. Дүниеге келген баланы неге жетім қылып тастап кетеді. Егер анасының бауырына салса, ол бала өсе келе өзінің қанын, тегін біледі. Анасы ғой қызды өсірген, қате анадан. Олай болса, некесіз туған бала қыздың анасында өссін. Кейін екі ананың ортасында өсе келе, анасының мейірімін оятады.
Шақалақты далаға тастап кету, балалар үйіне тапсыру Құдай алдында да күнә. Сәбиге де обал. Туған бала сол үйден кетпеу керек деп ойлаймын, өз басым.
Ал түсік жасауға жасты санамай-ақ, ертеде «13 жаста отау иесі» деген. Егер баратын жеріне барып қойса, көндіріп қосу керек. Бұл мәселеде сол ата-баба дәстүрін қолға алған дұрыс сияқты.
Енді некесіз қатынасқа бармау керек дегеніміз, ол үйдегі тәрбиеге байланысты. Қазір қыздарымызды көше, интернет, теледидар түрлі ашық-шашық әлем тәрбиелеп жатыр. Олардың бәрі сол сананы бұзу үшін жүргізіліп жатқан астыртын зұлым іс. Қазақ «қызға қырық үйден тию» дейді. Жалпы ұлттық тәрбиеден шығарып алғаннан соң өкініп отырмыз. Ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүр бойынша, аңдаусызда от басқан жастарды құдаласып қосып жіберген немесе баланы анасы, үлкен жеңгесі бауырына басқан. Сөйтіп, жетімін де, жесірін де ешқайда жібермеген. Қазір шұбырып жүрген жетімдердің ешқайсысы кімнің баласы екенін білмейді. Содан келеді де ылғи ауру балалар дүниеге келеді. Аутизм, гиперактив деген де көбейіп кетті. Табиғаттан, уақыттан көреміз, бірақ атасы жақындар қосылып жатыр ма білмейміз. Мұндай бұрын біздің ұлтта жоқ еді. Осының барлығы терең ойланатын нәрсе. Мұны әрбір ошақтағы ана ойлануы керек.
Бұл баланы мен неге тудым? Туып алып, «менің бес балам бар, Үкімет асырасын» деуге болмайды. Әрине, аналарды ойлауымыз керек. Бірақ анада сана болу керек. Өзі туған балаға жауапты сен бересің ғой. Үкімет деген не, кім ол Үкімет деген? Ол адам емес. Үкімет деген система. Неге сен системаға баламды асыра деп бұлданасың. Балаға жауапты ең алдымен ата-ана. Сен анасың, сен әкесің деген заң керек.
Сосын тек қана қыз кінәлі… Жігіттер қайда? Намыс қайда? Жауапкершілік қайда? Азаматтық қайда? Міне, тәрбие. Мені қинайтыны қазір бізде тәрбие жібі босап кетті. Адамзатты адами тәрбие ғана құтқара алады. Кітап оқуды қойдық. Қайткенде ақша табу, пайда табу жанталас уақыт. Осындай бір ғасыр шығар. Бірақ ғасыр дегенмен, адам адам емес пе… Сондықтан әрбір адамның қоғамдағы орны, сауаты, тәрбиесі үлкен рөл ойнап отыр.
Мен қазір өлең жазуды тоқтаттым…
— Сіздің ақындығыңыз, шығармашы-лығыңызға ойыссақ. Қазір не жазып жүрсіз?
— 75-тен кейін бірдеңе жазу… Жазатынды жазып, айтатынды айтып біраз тасқа басып қойдық. Оны қазір жасыратыны жоқ, оқып жатқандар да жоқ. Оқыса, қыздар талай нәрсе табар еді. Менің тақырыбымның өзі қыздар, әйел тақырыбы. Соның махаббаты, қасіреті. Оның қалай болғанда да нәзіктігі, жүрегі, ана жүрегі, әсіресе ана сыйлауы. Ана сыйлау деген үлкен өнер. Ана болу деген үлкен мамандық. Мамандықтың көкесі ана болу. Сен ана бола алсаң, содан кейін сен бизнесмен, содан кейін сен профессор, экономист бола аласың. Ал ана болу үлкен жұмыс, ауыр жұмыс. Әуелі ана болып ал. Ол сенің табиғаттағы борышың. Қайталап айтам, табиғаттағы басты борышың — ана болу. Ана жүрегі табиғаттан жаралған — жүрек. Сол жүректі суытып алмай, балаңды дұрыс өсірсең, сен аналық борышыңды атқарғаның… Одан кейін ұлтыңа сол елдің қызымын, анасымын, әйелімін деп жауап берсең, сен ұлысың. Мен осы мәселелерді жырыма арқау еттім, өлеңімде жаздым, өмірімде де дәлелдегім келді. Сондықтан кез келген қызға айтам, өмірден түйгенімді айтам. Мен мұның бәрін әжемізден, анамыздан үйрендім. Бұл жалпы солай сабақтасып келе жатқан ұлттық тәрбие.
— Соңғы кезде кітаптарыңыз қайта басылып, жарық көріп жатыр ма?
— Таңдамаларым жинақталып, 3 том болып шықты. Республика бойынша тарады, барлық кітапханаларға жетті. Бірақ кітапханаға барып кітап оқып отырғандар аз. Санасы барлар, қыздар көбіне оқиды, жаттайды. Әсіресе, ана жайлы, қыздар жайлы жырларымды жаттап, жылайды. Осыны түсінген қыздар анасын қарттар үйіне тапсырмас деп үміттенемін. Себебі, қазір қарттар үйі де көбейді. Қарияларын үйден қуып жатқандар көп. Бұл да адамгершілікке жатпайтын ұлттық қасірет.
Қазір естеліктер жазып жүрмін. Өзімнің көрген-білгенім, түйгендерім. Апа-әжелер айтқан, ұлтты сүйетін ұстаздар айтқан сөздердің мән-жайын жазып жүрмін. Қазақ «қазаннан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» деген. Ол не нәрсе? Қазақ сауатсыз болса, сөйтіп айта ма? Мысалы, жалғыз қазаның таза болмаса, қақпағы жабылмаса не болады. Бұл тек қана әйелге қатысты айтылған нәрсе емес. Салақ әйелге байланысты, бүкіл адамзатқа байланысты айтылған ақыл. Қазаныңды ит жалап кетпесін деген қазақтың бір-ақ ауыз мақалы, бірауыз сөзі қандай мағына береді. Ана тілімізді осы үшін қастерлеуіміз керек. Ана тілімізді тек сөйлеу үшін емес, терең түсінуі үшін оқытуымыз керек. Біздің мақалдарымыз үлкен ғылыми дүние. Міне, осындай бұрынғы өткен әжелерден естіген естеліктерді жазамын.
Қазақтың бойындағы рух жасымайды, өлмейді
— Қазақты сақтап қалған Жұбан Молдағалиевтар, Өзбекәлі Жәнібековтер, Жұмабек Тәшеновтар, Қаныш Сәтбаевтар сынды асқақ рух деп ойлаймын. Сіздіңше, қазіргі ұрпақтың бойында ұлтты сақтап қалуға қауқарлы ұлттық рух, әділдік, адалдық, қайсарлық қалды ма?
— Ұлттық рух бар. Қазақтың қанында қайтпас қайсарлық бар. Себебі, Махамбет десе, қазақтың арқасы қозып кетеді. Махамбет деген сөз, Махамбет деген жыр сүйену үшін, рухты өлтірмеу үшін керек. Рух соно-оу тектен келе жатыр, кешегі батырлар ма, би-шешендер ме, Бауыржандар ма, Жұбандар ма жалғасып келе жатыр. Ол жоғалмайды. Ол қай кезде де тұтанып кетуі мүмкін. Егер халқың әбден бір тұйыққа тірелсе, сол кезде лап етуі мүмкін. Бірақ бейбіт уақытта олай болудың қажеті де жоқ. Күнде-күнде көтеріліс жасап, берекең қашса жақсы ма? Саған бұйырған ғасыр осы. Маңдайға жазылған тағдыр осы.
Кешегі аштық көрген, соғыс көрген бабалар соншалықты бір сорлы емес еді ғой. Оларға бұйырған ғасыр солай болды. Азапты күндерді бастан кешті, айдалды, қаңғып өлді. Қарап отырып аштан өлді, қырылды. Қолдан жасалған геноцид. Одан кейінгі Карлагтар, АЛЖИРлер, атылу, Сәкендер, Ахметтер, Мағжандар бәрі де бұйрықты, мәжбүрлі тағдырлар. Бірақ менің рухымда батырлық бар еді деп, көрінген жерде шапқылауға болмайды. Тыныштық керек. Бірлік керек. Халықты босқа толқытып, тектен-текке аттандауға болмайды. Ар-ұят алдында ала шапқын болуға болмайды.
Желтоқсан көтерілісі болды ма, болды. Қанда бар қайсар рух қалғымады. Оянды. Желтоқсан әдейі жасалмады. Неге қазақты қазақ басқармайды? Неге басқа жақтан басқа ұлт келіп қазақты басқаруы керек? Қазақ бар ғой деген нақты сұрақ намысты қайрап, лап ете қалды.
— Сөзіңіз аузыңызда, бұл сұрақтың қойылу себебі, қазір ойбай біз құрдымға кеттік, ұлт құрып барады, ел болудан қалдық деген байбалам салушы пиғыл бар екенін айту. Соның соңынан салпақтап еріп кетпеу үшін жұдырықтай жұмылған бірлік пен елді Тәуелсіздік тұғырында ұйыта алатын Рух жайлы айтып отырсыз.
— Қазақ тарих көшінде шаң жұтып қалады деу бекер. Қазақ өзінің тағдырлы даму жолын кешіп жатқан ұлт. Талай ұлт жоғалып кетіп, талай ұлт өшіп кетіп отыр ғой. Ал қазақ өзінің дамуымен, өзінің ғасырымен, Алла жазған шынығу жолымен, сонау тағдырлы түп-тамырымен өсіп келе жатқан, терең тамырланған ұлт. Тілі де, өзі де мәңгі жасайды. Тек тыныштығы болсын.
Қазақты сен ынжықсың, намыссызсың деп емес, сен еңбекті сүй, өзіңді тәрбиеле, мәдениетті бол, озық бол, соған ұмтыл, Абайды оқы, білім ізде, бауырмал бол деп үйрету керек. Бізге өсу керек. Біліміміз, мәдениетіміз, ұрпағымыз өсуі керек. Ол үшін тыныштық және даму керек. Адамды адам ететін білім мен өнер. Соған ұмтылу керек. Отырып алып айтақтауға болмайды. Қазақ ынжық болса, кең байтақ жерін сақтай алмас еді, қазақ ынжық болса, баяғыдан батырларын тумас еді, қазақ ынжық болса, құртақандай Димаш Құдайберген әлемді таңғалдыра алмас еді. Бір ғана баланың өзі қазір қазақтың кім екенін әлемге мойындатып қойды. Даусымен ғана қазақты әлемге танытты.
Қазақты өнермен, ғылыммен ғана әлемге танытуға болады. Соған қазақты үндеу керек. Жатпа үйіңде, қара басқа озық жұртқа. Туған жерге тал ек, жемісіңді жайқалт, еңбек ет, өс-өн деп үйрету керек.
— Күлімдеп көктем де келді. Тіршілік тамырына қан жүгіріп, табиғат ана иіп, мейірімімен жер-дүние жасанып жатыр. Алда ардақты аналар мерекесі. Оқырмандарымызға, барлық аналарға тілегіңіз…
— Мереке құтты болсын! Аналарымыздың жүзі жарқын, көңілі тоқ болсын! Әрдайым аспанымыз ашық, еліміз тыныш болсын дегім келеді.
— Сұхбат бергеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан — Тілекгүл Есдәулет