Нені  декларациялаймыз?

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап әрбір қазақстандық табыс декларациясын өткізуі тиіс. Декларация келесі жылдың 15 шілдесіне дейін қағаз түрінде, ал 15 қыркүйекке дейін электронды түрде қабылданады. Ал декларацияны дер уақытында өткізіп үлгермесе, ондай адамға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (75 750 теңге) айыппұл салынады. Жұртты: «Табыс декларациясын қалай толтыру керек? Ол арада нені көрсетіп, нені көрсетпеген жөн? Мүлікті жасырып қалса не болады?» — деген сауалдар мазалайды. Бұл сауалдарға республикалық кәсіпкерлерге көмек орталығының директоры Дмитрий Казанцев: «Біреулер өзінің мүлкін жасырып қалғысы келуі мүмкін. Бұл дұрыс емес. Керісінше, мұндайда ұтыласыз. Мәселен, енді жыл сайын сіз қаржылық жағдайыңыз бойынша міндетті түрде есеп бересіз, оның қайдан шыққанын дәлелдеп беруіңіз керек болады. Дәлелдей алмасаңыз, айыппұл, оған қоса салық төлейтін боласыз. Айыппұл көлемі 30 АЕК болса, салық сол соманың 10 пайызын құрайды. Қазір, яғни бастапқыда тіркелген дүниелеріңізге ешкім дәлел талап етпейді. Сондықтан бұл мүмкіндікті ұтымды пайдаланып, басыңызда бар мүлік пен ақшаны, тіпті малды да заңдастырып алған абзал.
— Нені декларациялаймыз?— деуге келсек, оларға: жылжымайтын мүліктерді (ғимараттар, жер телімдері, үйлер, пәтерлер, Қазақстан ішіндегі және елден тысқары жердегі саяжайлар және т.б.); жылжитын мүліктерді (көліктер: мотоцикль, яхта, жеңіл және ауыр көліктер және т.б.); ақшаны (банктегі және одан тысқары жердегі есепшотыңызда, депозитте, картадағы ақшаңыз, қолдағы ақшаңыздың қанша екенін көрсетесіз); қарызды (нотариалды түрде куәландырылған және куәландырылмаған қолхаттар тіркеледі). Бұл жерде іс жүзінде сіз кімге қарызсыз, сол адамның ЖИН-і және сізге қарыз адамның ЖИН-і көрсетілуі тиіс; Мұраға қалған, сыйлыққа келген тарихи бағалы бұйымдар, әшекейлер; Биологиялық активтер, яғни бұл графаға қорадағы малды тіркейміз. Егер жалғыз ат болса, оны тіркеудің қажеті жоқ. Ал қорадағы ірі-қара бес-алтау боп, оның құны 500 мың теңгеден асатын болса, оны тіркеген жөн. Жалпы екі есеп тапсыру керек. Табыс декларациясын өткізген соң жеке тұлға оның басқа формаларын да өткізуді жалғастырады: қысқа және кеңейтілген есеп.
Қысқа есепті қызметкерлер, зейнеткерлер, студенттер тапсырады. Олар жалақыдан басқа бір жыл ішінде мүлігіне қатысты ешқандай өзгеріс болмаса, осы қысқа есепті толтырады. Ал қандай да бір дүние сатып салса, онда қосымша кеңейтілген есеп өткізуге тура келеді. Кеңейтілген есепті көбіне кәсіпкерлер тапсырады. Мәселен, музейде тұратын бағалы затты сыйға аласыз. Ондайда сыйлық берушіден чек сұрау керек. Ол болмаса, онда бағалаушы маманды шақыртып, ақысын төлеп, құнын белгілетіп алыңыз»,— деп түсіндіреді.
Бағалы сыйлықтарды табыс декларациясында «өзге құнды заттар» деген бөлікке толтыру керек. Таксистер де, той жасаушылар да одан түскен табысын декларациялайды. Оның бәрі қосымша табыс ретінде декларацияда тіркеледі. Желілік маркетингпен айналысушыларға 2020 жылға дейін жеке кәсіпкерлік ашып, салық төлеуге кеңес беремін. Тіпті, бұл бизнес сыртта тіркелген болса да бәрібір ол заңсыз деп танылады. Өйткені бұл — бизнес, картаңызға табыс түсіп жатыр, ертең оны заңдастыру өте қиын боп кетеді. Ал ірі желілік компаниялар енді Қазақстанда ресми түрде тіркеліп, меморандумға қол қояды. Бәрі ашық болады. Ал табыс декларациясын дұрыс толтырмаса не болады? Бұл жерде салық инспекторы жеке тұлғаның мәліметтеріне өздігінен кіре алмайтындықтан, барлық ақпарат автоматты сипатта болады. Ақпараттық жүйе деректердің сәйкес келмейтінін автоматты түрде анықтайды. Мысалы, табыс декларациясындағы мәліметтер мен қысқа есеп ішіндегі дәйектер сәйкес келмесе, онда жеке тұлғаның поштасына салық органынан шақырту келеді. Ондайда 30 күн ішінде салық органына барып, төбе көрсетпесеңіз, шоттарыңыз бұғатталып қалады»,— деп түсіндіреді.

Ермек НАЗЫМ