Лаңкестік әрекеттер EXPO-ға залалын тигізбей ме?
Әлем көз тіккен ЭКСПО көрмесінің ашылуына да аз уақыт қалды. Елдігіміз бен кеңдігімізді көрсететін бұл шараға мемлекет қазынасынан бөлінген қаржыда қисап жоқ. Көл-көсір дүниенің дәмін татып, кертіп жеп, кердеңдеп жүргендердің біразы істі болып, қамауға алынды. Ол туралы еліміздің БАҚ-тары жарыса жазды. Оны қайталағымыз келмейді. Біраз у-шудан кейін Елбасының тікелей тапсырмасымен 2015 жылдың 9 тамызында Ахметжан Есімов «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының» АҚ Басқарма Төрағасы болып тағайындалды. Содан бері тынымсыз ізденісінің арқасында біраз жұмыс бітірген Есімов, ЭКСПО-ға жаңа серпін, тың жобалар енгізгені жайлы жағымды ақпараттар айтылып жүр. Қаржыны да үнемдеген көрінеді. Оған біздің де келіспеске шарамыз жоқ. Себебі қаншама жыл жоғары қызметтерде жүрсе де, қу дүниенің соңынан жүгірмей, байлыққа құнықпай, қарапайым тіршілік кешкенін журналистер талай мәрте сүйіншілеп таратты. Соның жарқын дәлелі — өз атында бір үйдің болмауы. «Әйелімнің үйінде тұрып жатырмын» деген оның сөзіне алғашында елдің елең ете қалғаны бар. Кейіннен аптал азаматтың дүйім жұрттың алдында өтірік айтпасына сенген халық, бұл мәселені жылы жауып қойғаны содан. Бұл жердегі біздің мақсат — «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген қағидатқа жан бітіру, елге үлгі ету.
Енді негізгі мәселеге қарай ойысалық. ЭКСПО — халықаралық үлкен жоба. Оған әлемнің түкпір-түкпірінен қонақтар ағылады деп күтілуде. «Той десе қу бас домалайды» дейтін халқымыз бұл көрмеге көз тігіп отырғаны анық. Алайда қыруар қаржыны игерген ЭКСПО-ға кіру құны қанша? Бұл — көптің көкейіндегі сауал. Осы орайда көрме билеттері сатылымға шыққаны жайлы айтқымыз келіп отыр. Қазіргі кезде көрме билеттері www.tickets.exрoastana.com сайтында сатылып жатыр. Маусымның 20-сына дейін 50 пайыздық жеңілдік бар. Одан кейін 30 пайыз, ал шілденің 10-ына дейін билетті тек 20 пайыздық жеңілдікпен ғана алуға болады. Қыркүйек айында ЭКСПО билеттері Қазақстанның барлық кассаларына түседі. Бірақ ол кезде 20-50 пайыздық жеңілдіктер болмайтынын естеріңізге саламыз. Бұл — билет сатып алуға қауқарлы адамдарға қарата айтылған байлам. Күнкөрісі төмен, әлеуметтік жағдайы мәз емес қауымға да ЭКСПО тарихында алғаш рет жеңілдіктер жасалып отырғанын баса айтқымыз келеді. Мысалы, Ұлы Отан соғысы ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, жетім балалар мен 6 жасқа дейінгі балалар көрмеге тегін кіре алады. Бұдан бөлек, зейнеткерлер, көп балалы аналар, студенттер мен оқушылар үшін де бар жағдай жасалмақ. Айта кетейік, қазіргі жеңілдік науқаны аяқталғаннан кейін ЭКСПО билеттерінің бағасы 6-8 мың теңге айналасында болмақ. Ал көрменің ашылу мен жабылу күндері, сондай-ақ Астана мен Конституция күндері билеттердің бағасы екі есе қымбаттамақ.
Әлемнің тынышын алған лаңкестік оқиғалар көптеген елдердің ұйқысын бұзып отырғаны шындық. Ол біздің мемлекетке де таңсық емес. Оған кешегі Ақтөбедегі лаңкестік әрекеттер куә. Жауыздық пиғылдағы топтар халықтың көп шоғырланған жерін аңдитыны белгілі. Оған елімізде өткелі отырған ЭКСПО таптырмас нысан. «Қауіп айтып келмейтіні» жадымыздан шықпауға тиіс. Осы ретте «Астана ЭКСПО — 2017» ұлттық компаниясы басшысының орынбасары Ербол Шормановтан Ақтөбедегі оқиғаның көрмеге тигізер зияны мен оған қарсы жасалып жатқан іс-шаралар туралы қысқаша сұрап білдік.
— ЭКСПО-ның қауіпсіздік шаралары туралы айтсаңыз. Дайындық қалай жүргізілуде?
— Ақтөбе оқиғасынан кейін ЭКСПО-ның қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Әсіресе қауіпсіздік мәселесіне ерекше мән беріле бастады. Бүгінде қауіпсіздік бойынша кешенді бағдарлама аяқталуға жақын. Оның ішінде қауіпсіздіктің озық шешімдері ескерілген. Әлбетте, біз барлық жерде бейнебақылауды орнатамыз. Бұдан бөлек, арнайы күзет нарядтары болады. Ішкі істер министрлігі өз тарапынан қауіпсіздік шараларын қамтамасыз етпек. Арнайы мақсаттағы органдар тағы бар. Оған қоса, бізбен келісімшартқа отырған жекеменшік күзет компаниясының мамандары жүреді.
— Меніңше, олай болмайды. Ақтөбеде болған лаңкестік әрекеттер көрмеге келетін қонақтардың санына әсер етпейді деген ойдамын. Өздеріңіз де білесіздер, халықаралық аренада Қазақстанның беделі айтарлықтай дәрежеде. Ондай оқиғалар көптеген елдерде болып жатыр. Жер-жаһанның бәрі тыныш емес. Ал ЭКСПО көрмесі кез келген уақытта адамдардың қызығушылығын тудырып, әлем бойынша миллиондаған адамды жинап келген. Сондықтан бәрі дұрыс болады деген көзқарастамын.