Байқамаса быламыққа да тіс сынады
Францияда футболдан Еуропа чемпионаты басталды. «Кәрі құрлықтың» ең таңдаулы командалары қатысатын бұл додаға әлем көз тігіп отырғаны шындық. Дүниежүзінің барлық телеарналары әр матчты таласа көрсетуде. Аллаға шүкір, қазақ халқының ішінде де спорт десе ішкен асын жерге қоятындар аз емес.
Әсіресе футболға құмар жастар легі көп. Соны сезді ме, жоқ әлде қөптің қалауы деді ме, Францияда өтіп жатқан футбол тойын «Қазақстан» телеарнасы тікелей эфирден көрсетуді бастады. Құптарлық-ақ нәрсе. Алайда «Әп-әдемі ән еді, пұшық шіркін қор етті-ау» дегеннің кебі келіп тұр. Бұлай таусыла сөйлеуімізге еліміздегі жалғыз мемлекеттік тілдегі ұлттық арнаның шала бүлініп, тікелей эфирді екі тілде жүргізуі себеп. Бұл не, жалтақтық па, қорқақтық па?! Әлде рейтинг көтеруге талпыныс па? Жарты жолға жеткенде жүрісінен жаңылған жорғадай тапырақтап кеткен «Қазақстан» телеарнасын қай түлен түртті екен, ә?
Егер жалтақтық болса, оған еш негіз жоқ. Себебі біз тәуелсіз елміз. Өз әнұранымыз, көк туымыз, президентіміз бар. Осыны басшылық ескерсе керек-ті. Қорқатын да жөндері жоқ. Құдайшылығын айтайық, ресми тілдің қазаққа өкпесі болуы екіталай. Оны айтпаған күннің өзінде Ресей тарапы «сендер біздің тілде еуропа чемпионатын жүргізбедіңдер» деп, «Қазақстан» телеарнасын жауып тастамайтыны айдан анық. Ендеше, телеарна басшылығының тотыдай түрленіп, жалт беруі — сүйкімсіз әрекет!
Ал Еуропа чемпионатын «рейтинг көтеріп қалуға таптырмайтын сәт» деп, ресми тілге жүгінген болса, қатты қателескендерін білмей отыр олар. Үндінің, кәрістің, түріктің сериалдарын қазақшалап ұсынып, халықтың құрметіне бөленген ұлттық арна «Байқамаса быламыққа да тіс сынатынын» көрсетіп берді. Онымен қоймай, өздерінің нақты ұстанымы жоқтығын, табандарының бүрі кетіп тайғанай бастағандарын қазақ халқының алдында тағы бір әйгіледі. Қоғадай жапырылған көрермендерінің назарына қазақ тілі мен орыс тілін қосарлап, кей адамдардың өкпе-ренішін арқалап жатқандары айдан анық. Тілге жанашыр, қорған болады деген ұлттық арнаның «өз қағынан жеріп», «өзгенің қаңсығына таңсық болуы» құлқынның құлы деген атаққа лайық!
Мемлекеттік тілдің қадір-қасиетін білмейтін, қазақ тіліне жүрдім-бардым қарайтын адамдар, біріншіден, «Қазақстан» телеарнасы матчтарды орысша араластырып жүргізіп жатыр екен ғой деп, түні бойы телміріп отырмасына бәс тігемін. Бірде ет, бірде май асатқандай, бірде қазақша, бірде орысша алмасқан репортаждан гөрі, «Отау» қондырғыларынан, Ресейдің телеарналарынан өздеріне түсінікті тілде футболды тамашалаған олар үшін әлдеқайда пайдалы. «Сенген қойым сен болсаң, күйсегеніңді ұрайын» деген екен бір қазақ! Сол айтпақшы, «Сенген телеарнамыз сен болсаң, жетіскен екенбіз.
Нағашыбай Қабылбек