Аңызға айналған «Айгүл» жартығасырлық тойын атап өтті

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің 50 жылдығына арналған «Аңызға айналған «Айгүл» атты салтанатты кеш өтті.

Қазақ өнерінің қарашаңырағы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында ұйымдастырылған мерейтойлық концертте ансамблдің бірнеше буыны қатар өнер көрсетіп, өнерсүйер қауымды жастық шағына саяхат шектірді.

Кеш шымылдығы «Аңызға айналған «Айгүл» атты театрландырылған бейне қойылыммен ашылды. Онда өнер ұжымының құрылу тарихы, даму кезеңдері мен шығармашылығы кеңінен баяндалған. Режиссер Медет Ағабыловтың айтуынша, қойылымда отандық эстрадада тек қана қыздардан құралған алғашқы ансамблдің ерекшелігі мен өзіндік өрнегіне басымдық берілген.

Мерейтойлық кештің ресми бөлімінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының «Айгүлдің» мерейтойына орай жолдаған құттықтау хаты оқылды.

«Алғашқы қадамынан-ақ халық сүйіспеншілігіне бөленген топтың ұлт өнерінің дамуына қосқан үлесі ұшан-теңіз. Ұлттық сарынды сақтай отырып, заманға лайық дүние жасау – бүгінгі топтың басты ерекшелігі. Әсем ән мәнерімен, сахнадағы өзіндік бітім-болмысымен, ерекше дауысымен көзге түскен «Айгүл» ансамблі жастарды өнерге, жан-жақтылыққа, сұлулыққа, музыканы сүюге тәрбиелейтіні сөзсіз. Уақыт талабына сай жанданып өзіндік өрнегін қалыптастырып келе жатқан «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің 50 жылдық мерейтойын риясыз көңілмен құттықтай отырып, отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық пен шығармашылық табыстар тілеймін», делінген құттықтау хатта.

Ал Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің жартығасырлық тарихы бар өнер ұжымына деген ізгі лебізін шаһар басшысының орынбасары Арман Қырықбаев оқыды. Сонымен қатар шарада Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ректоры Такир Балықбаев, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов, Қазақстанның Еңбек Ері, белгілі педагог Аягүл Миразова, қоғам қайраткері, Қыздар университетінің түлегі Асылы Османқызы және өзге де жоғары оқу орындарының басшылары мен танымал азаматтар өнер ұжымының мерейтойымен құттықтады.

Өз кезегінде Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова көзіқарақты көпшілік «қазақ қыздарының парасат мектебі» деп ат қойып, айдар таққан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті өзінің 75 жылдық тарихында тек жоғары білікті педагог мамандар даярлап қана қоймай, еліміздің мәдениет саласының дамуына да елеулі үлес қосқанын атап өтті.

– Мәдениет пен өнер – ұлттың рухани өзегі, парасаты мен бет-бейнесі. Өркениетті мемлекет ең алдымен төл тарихымен, бай мәдениетімен ерекшеленбек. Осы орайда оқу орнының студенттерінен құралған «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің құрылуы қазақ өнерінің тарихындағы айтулы құбылыс болғандығы белгілі. Ансамбль әлемнің көптеген мемлекеттерінде өнер көрсетіп, еліміздің мәдениетінің танылуына және дамуына елеулі үлес қосты. Қазақ эстрадасында тек қыздардан құралған алғашқы ұжымға әр жылдары мәдениет саласының майталмандары жетекшілік жасап, оның шығармашылығының өрістеуіне ұйытқы болды.Олардың қатарында Ескендір Хасанғалиев, Марат Балтабаев сынды азаматтар бар.Әлемнің 10-нан астам еліне гастролдік сапармен барған «айгүлдіктердің» ерен еңбегі ескерусіз қалмады. Шоқтығы биік мемлекеттік сыйлықтармен марапатталып, «Халықтық шығармашыл ұжым» атағына ие болды. Бірнеше байқауларда «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығып, үздік атанды.Аты аңызға айналған топ құрамында болған әншілер бүгінде есімі елге танымал тұлғалар. Қазіргі күнде де аға буын өкілдері жастарға ақыл-кеңесін айтып, бағыт-бағдар көрсетіп келеді. Бұл тағылымды дәстүр – ұрпақтар сабақтастығының тамаша үлгісі деп ойлаймын. Жарты ғасыр бойы тыңдармандарын сырлы да әсем әндерімен қуантып келе жатқан өнерпаздар бүгінде де өз биігінен түспей, шығармашылық ізденіс үстінде. Талай жастың шабытын жанып, одан әрі ұштай түсюіне ұйытқы болған «Айгүл» алдағы уақытта да ұлт мәдениетінің керегесінің кеңеюіне қызмет ететініне сенімдімін. Игілігі мол бұл істе ансамбль мүшелеріне зор табыс, шығармашылық шабыт, отбасыларына бақ-береке тілеймін, – деді өз сөзінде Гаухар Алдамбергенова.

Кеш барысында ансамблдің шоқтығы биік әндері орындалып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Олардың қатарында «Тек қана қыздар», «Гүлдерайым», «Қаракөзайым», «Су тасушы қыз», «Алматының алмасы», «Бәрінен де сен сұлу», «Қазақтың ару қыздары» сынды туындылар бар.

Сондай-ақ концертте Қыздар университетінің студенттерінен құралған «Томирис» би ансамблі де өз өнерін ортаға салып, «Сән әлемі» орталығында дайындалған қазақ киім үлгілері көрермен назарына ұсынылды. Алматы аспанын әнге бөлеген кеш «Айгүлдің» жаңа құрамының орындауындағы «Жастар» әнімен аяқталды.

Бірнеше буынның жастық шағын көз алдыңа әкелетін әйгілі «Айгүл» ансамблінің жартығасырлық  мерейтойы осылай ел жадында қалды. Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің өзі «Айдай жарқырап, гүлдей жайнаса, нұр үстіне нұр болмас па?» деп «Айгүл» атауын берген өнер ұжымының кешегі бойжеткендері бүгінде ақ жаулықты ана, аяулы әжеге айналған. Елу жылда ел жаңарып жатқанда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетідәстүрден жаңылмай, үрдісті бұзбай, кешегі «ЖенПИ»дің аңызға айналған ансамблінің өнерін жалғастырып келеді.

Айта кетейік, «Айгүл» вокалдық-аспаптар ансамблінің құрылған күні – 1969 жылғы 8-наурыз. Осы орайда бір дерек, Қыздар педагогикалық институтында 1968 жылы құрылған «Айгүл» атты вокалдық-квартет, осы аттас ұлт-аспаптар оркестрі және «Айгүл» атты бишілер тобы  болған. Осы «Айгүлдерді» аты аңызға айналған «Айгүлмен» шатастырып алатындар көп. Өнерде өз қолтаңбасын қалдырған, халықтың сүйіспеншілігіне бөленіп, жарты әлемді шарлаған – «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблі. Бүгінде есімдері елге танымал Мәдина Ералиева, Құрманай Әжібаева, Ұлжан Айнақұлова, Тамара Асар, Кәмшәт Жолдыбаева және Ұлбосын Белғозиева сынды әншілердің өнер жолы осы ұжымнан бастау алды.Марат Балтабаев жетекшілік жасаған «Айгүл» ансамбліне Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының сол кездегі ректоры, қазақтың қайраткер қызы Күләш Құнантаева үлкен қолдау көрсетті. Бұл ұжым өнер жанашырының тікелей қамқорлығында болды. Ансамблдің оқу орнының ғана мақтанышы емес, күллі ел мәртебесін өсіретін өнер ұжымы болатындығын Күләш Құнантаева оның алғашқы қадамдарынан-ақ бағамдаған еді. Сенімі алдаған жоқ. Бұған тарих куә. «Айгүл» ансамблі алғаш болып қазақтың көне ұлттық аспаптарын заманауи музыкалық аспаптармен астастырып, үлкен сахнаға алып шықты. Тыңдарман жаңа сипаттағы ұлттық әуезді үлкен құрметпен қарсы алды. Бұл – сол шақта тыңдарманы сиреген қазақ сазының мәртебесін көтерген құбылыс еді.Топ жетекшісі Марат Балтабаев еліміздің білгір музыкатанушыларын бір мүдде, бір мақсатқа ұйыстырды. «Айгүл» ансамблі көне мұраларымыздың іздеушісі – зерттеуші Болат Сарыбаевтың лабораториясына айналды. Ол арысы – археологиялық қазбалардан табылған, берісі – мұражайларға қойылған аспаптарды қыздардың қолына ұстатты. Ғалым шаңқобыз, шертер, асатаяқ, дабыл, үскірік, дауылпаз сынды аспаптардың үнін, тарихын, мінезін «айгүлдіктерге» жете ұғындырды.Ансамбль шоқтығы биік мемлекеттік сыйлықтармен марапатталып, «Халықтық шығармашыл ұжым» атағына ие болды. Бірнеше байқауларда «жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар» шығып, үздік атанды. Өзбекәлі Жәнібеков, Әзірбайжан Мәмбетов, Болат Сарыбаев сынды ұлт руханиятының жанашырлары ұжымды қолдап-қуаттады. Ел есінінен ұмытылған «Айгүлді» Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институтының 60 жылдық мерейтойында оқу орнының сол кездегі ректоры, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Шәмшә Беркімбаева қайта жаңғыртып, Республика сарайында өткен салтанатта ансамблдің алғашқы құрамын сахнаға шығарды. «Өткенін еске алған – өскендіктің белгісі, өткенін ұмытқан – өшкендіктің белгісі» деген осы болар.

Қыздар университетінің 70 жылдық мерейтойына тарту ретінде «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің «Қазақтың ару қыздары» атты ән жинағы жарық көрді.Альбомға ансамбль репертуарындағы қазақ композиторларының 9 шығармасы енгізілді. Олардың қатарында «Қазақтың ару қыздары», «Үшқоңыр», «Тек қана қыздар», «Ардақты ұстаз», «Толағай», «Су тасушы қыз», «Жетісу» және «Өз елім» сынды танымал әндер мен Нұртуғанның «Қанеки, тілім сөйлеші» атты термесі бар.

Жарты ғасыр бойы тыңдармандарын сырлы да әсем әндерімен қуантып келе жатқан ансамбль бүгінде де өз биігінен түспей, шығармашылық ізденіс үстінде. Қазіргі күнде «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамблінің құрамы қайта жаңартылып,  репертуары жаңа әндермен толықтырылды. Ұлттық сарынды сақтай отырып, заманға лайық дүние жасау – бүгінгі «айгүлдіктердің» басты мақсаты. Қыздар университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова жарты ғасырлық тарихы бар ұжымға әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Уақыт талабына сай жанданып өзіндік өрнегін қалыптастырып келе жатқан «Айгүл» вокалды-аспаптар ансамбліне биыл 50 жыл толып отыр. Бұл өткенге көз тастап, болашақты бағдарлайтын уақыт.

Жандар АСАН,

Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы