ҚР Вице-премьері Ақтөбенің студент жастарымен кездесті
14 наурыз, бейсенбі күні үкіметтіңҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбіхалықова бастаған жұмыс тобы екі күндік қызмет бабымен Ақтөбеге келді.
Делегация құрамында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Бердібек Сапарбаев, білім және ғылым министрі Күләш Шәмшидинова, денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, ИИДМ құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықістері комитетінің төрағасы Мархабат Жайымбетов, АШМ орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Қайыр Рыскелдинов бар.
Жұмыс сапары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті жанындағы жаңартылған Жастар орталағының жұмысымен танысудан басталды.
Ғимарат реконструкцияланғаннан кейін фортепиано, баян және домбыра кластары, Р.Жаманова атындағы хор өнері кабинеті,Н.Тапалова атындағы хореография залы, «Музыка және хореография» кафедрасы,музыкалық өнер әдістемесі, кино залы, «Aтриум» көрме залымен «Мәңгілік ел» баспасөз конференциясы залы ашылды.
Жастар сарайының жарақтануымен танысып болған соң ҚР вице-министрі студенттермен кездесіп, жастар саясаты мен әлеуметтік саясаттың өзекті мәселелері талқыланды.
Г.Әбдіхалықова бүгінде еліміздің жастарына Жастар жылы, мемлекет басшысының Бес әлеуметтік бастамасы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы, бизнес бастамаларды қолдау бағдарламаларының аясында үлкен мүмкіндіктер ашылғанын атап өтті.
«Елімізге жоғары білімді, бәсекеге қабілетті жастар қажет. Қазақстанның 26 жоғары оқу орны еліміздегі жоғары білім мен ғылымның флагманына айналады, білікті мамандарды даярлауда Назарбаев университетінің тәжірибесін қабылдап, тарататын болады. Жастардың жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін жұмысқа орналасуы маңызды. Алайда, жоғары оқу орындарының рейтингі түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейіне байланысты болады. Биыл мемлекет жастардың проблемаларын шешіп, қолдау үшін қосымша 26 млрд теңге бөледі. Тек Жастар жылы ғана емес, алдағы уақытта да жастардың проблемалары мен бастамалары елеулі түрде қолдау табатын болады»,- деді ҚР вице-премьері студенттерге.
Кездесу еркін әңгіме түрінде өтіп, студенттер үкіметтің жұмыс тобына өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.
Жұмыс сапары «Азаматтарға арналған үкімет» КАҚ филиалы — «Халықтық кеңсенің» тұрғындарға мемлекеттік қызмет көрсету сапасымен танысумен жалғасты
«Халықтық кеңсе» іске қосылысымен ақтөбеліктер енді мемлекеттік қызметтерді алу үшін түрлі инстанцияларды араламайтын болды.
«Халықтық кеңсеге» тапсырыс қалдырса болғаны мамандар оны тиісті мемлекеттік органдарға жібереді. Қазіргі таңда мұнда қызметтердің700 түрі көрсетіледі. «Халықтық кеңседе» Халыққа қызмет көрсету орталығынан өзге БЖЗҚ, көші-қон қызметтерін көрсету, құқықтық қызметтер көрсету орталықтары орналасқан.
Жоба ҚР Президентінің «Жүз нақты қадам» ұлт жоспарының транспорентті және халыққа есеп беретін мемлекет құру бөлігінде көрсетілген тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылған.