Феномен

Ілия Жақанов! Бұл есімді қай қазақ баласы білмейді? Ән деп жүрегі  соққан, жастық арман жылуында маужыраған, туған жерге деген асыл сезім  құшағында тербелген, достыққа деген пәктікті жүрегінде әлдилеген қазақ  елінің әрбір перзенті Ілия әндерінің жаныңды баураған сазының ғажайып  лиризмге бөккен мелодиясымен сусындап өсті.

Екі ғасыр — жиырмасыншы және жиырма бірінші ғасырлардың бір-бірімен жамырасып табысқан жылдарында Ілия Жақанов әлемнің көзі  мен жүрегін аялаған музыкасымен найзағайдай жарқылдап, асқар толқынды  Каспийдің жағасында Атырау халқының асқақ ағынында жүргендігі шексіз  қуаныш, әр  жүректе ерекше шабыт бұлқынысы мен таңғаласын туғызды.    Атыраудың  әкімі болып келген Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов бір шоғыр  қазақтың таудай  айдарлы да айбарлы өнер қайраткерлерін республиканың  шалғай аймағы болып есептелетін Атырау  жеріне қос ғасырдың тоғысында  алып келуі сөз жеткізіп айта алмайтындай құбылыс еді. Күй құдіреттері Шамғон Қажығалиев, Әзидолла Есқалиев, Қаршыға Ахмедияров; академик – ғалым, сөз зергері Зейнолла Қабдолов; күміс көмей  әншілер Ғафиз Есімов, Сәуле Жанпейсова; композитор Ілия Жақановтар кәрі Каспий мен Ақ Жайықтың мөлдір кәусәрін бұрын-соңды болмаған  толқынды тебіреніске кенелтті.

ілия жақановҚазақтың  көрнекті  ақыны  Жұбан  Молдағалиевтің  80  жылдық  торқалы  тойы  Оралдан бастау  алып, Атырауда  жалғасын тапқанда  облыстық қазақ драма театрының сахнасында атақты «Еділ – Жайық» әнінің  шығу тарихынан тебірене де теңселе сөйлеп, Жұбан ақынмен екеуі құдіретті  әнді қалай дүниеге келтіргендерін айтып, сол әнді өзі әр көрерменнің  жүрегін шымырлата, қан қысымдарын бастарына шапшыта шырқап болып: – Құрметті Атырау азаматтары, мен Жұбан рухын тірілтушілермен бірге жүрген жолаушы едім, сіздер осы бір естен кетпес өнердегі тарихи оқиғаны  әрқашан ұмытпай жүрерсіздер демекпін. Әзірге, хош,-деп сахнадан түсіп  бара жатқанда, поэтикалық кешті өзі басқарып отырған облыс әкімі Иманғали Тасмағамбетов жұлып алғандай:

— Ілия аға, сіз халықпен қоштаспаңыз. Сіз енді Атырау тұрғыны боласыз. Қаланың қақ төрінен Сізге пәтер сайлап қойдым. Соған  жайғасасыз. Каспий өңірінің жастары сіздің әндеріңіздің сусынын емін-еркін  сіміруі керек,- деді. Залдың аузы-мұрнынан шыға толып отырған торқалы  тойға келген халық дүрілдеп кетті. Бұл тарихи сәт 2000-шы  жылдың күзі  болатын.

Ілия Қазақстанның оңтүстік өлкесінде қазіргі Жамбыл облысының  Сарысу ауданы Ақтоғай ауылында 1936 жылдың балбыраған мамыражай  кезі — мамыр айының басында дүние есігін ашып, табиғат жаңарып жатқан  шағында ілесе бірге келіпті.Заман  аласапыран боп, дүркіреп тұрған кез.  Аппақ кіршіксіз ақ адамдар еріктерінен тыс «жау» аталып, түрмеге қарай  бағытталып жатқан мезгіл. Дүниеге сәби келіп, мәре-сәре болып жатқан отбасына жандарын қоярға жер таба алмай, айдалып кетеміз деп зәрелері  кетіп жүрген үш ел азаматы құдайы қонақ боп келе қалады. Балаға әлі ат қойылмаған екен. Бұлар сол рәсімді атқармақ боп, нәрестеге есім берудің  саяси жағын да қамтып, Лениннің әкесінің атын қойыпты. Содан  бала  «Илья»  атанады. Ат қойылу тарихы аудан басшыларына жетіп, баланың  әкесі Жақан да, ат қойып, азан  шақырған үш  қонақ та қуғын-сүргіннен аман   қалыпты.

 Орта мектептен соң, Қазақтың С.М.Киров атындағы мемлекеттік  университетінің филология факультетіне оқуға түсіпті. Бұл 1954 жыл еді.  Әнге, жырға әуестігі толастамады. 1956 жылы, студент кезінде тұнғыш   сыймаған сезім дүмпуімен лықсып алғашқы ән туыпты. Ол «Түн ортасы  болғанда» деп  аталыпты. Ілия жастайынан поэзия пірі  Қасым  Аманжолов  жырына сүйсінген.  Өзі әнге сұранып тұрған ақын өлеңі Ілияның мөлдіреген нәзік сазына оранып шыға келіпті. Оған Қадыр Мырзалиев сөзіне шығарылған «Салтанат» әні жалғасыпты. Әндер легі бір-біріне ұласып,  композитордың шын  шабытты, жұлдызды шағы жарқырап, тума талант  тиегі ағытылыпты. Студенттер бұл Таланттарды табиғат үндестіреді. Сол  шақтарда  туған  әндерінің  бірі — «Ақ  қайың». Осы  әнге байланысты  Ілия  бір тебіреністі кезінде былайша сыр шертіп еді. Радиода істеп жүргенінде тұнғыш рет Мұқағали Мақатаевпен танысыпты  Бұрын Ильяны сыртынан білетін ақын «Ақ қайың» әнін радиодан тыңдап жүреді екен. Кездескенде Ілияны қасына шақырып алып, былай депті.

-Ілия, сенің «Ақ  қайың» әнің ғажайып шығарма. Бұл әнді тыңдағанда  көзіме жас келеді. Бойлай керемет тебіренемін. Мұнда  бір тылсым сыр бар.  Адамның ішкі тіндерін қозғайды. Мен бұл әнге ғашықпын.

Ілия Жақановтың ән құдіретін тудырушы, ғажайып сазгер болуының  кездейсоқ емес екенін сезініп едік. Мұны оның өмір жолын өз жазбаларына  үңіліп барып, саралағанда байқадық. «Зәу-затымның  баяны» атты  элегиясында өзінің Жетірудың Тама руынан екенін, Таманың ұраны – Қарабура екенін аяндапты.

Кітаптың «Елдік пен ерлік киесі» атты алғы сөзінде Әбіш Кекілбаев  былай дейді: «Қарабура… әлденеше ғасыр бойы ауыздан түспей  келе жатқан  есім.  Қиналғанда медет болар  қуат. Шамданғанда қайрат  бітірер  ұран.  Қалай болғанда да, бүгінгі қазақтың ұлт болып ұйысуына ғасырлар бойы  нақты үлес қосып кеп  жатқан нақты  құбылыс.Оның халқымыз дамуының  жаңа жолына түсіп, күллі  адамзатқа танылып, жаңа заманға көшіп жатқан  тарихи  кезінде қайтадан ауызға алынып, кеңінен ұлықталып жатуы  да  әбден заңды».

Филология факультетін 1959 жылы бітірісімен 1959-1963 жылдары «Қазақстан  пионері» ( қазіргі  «Ұлан»)  газетінде, 1963-1984 жылдары Қазақ  ҚСР телевизия  және радиохабарларын тарату жөніндегі мемлекеттік  комитеттің редакторы, аға редакторы, Қазақ  радиосы музыка   редакциясының бас редакторы қызметін арқарғандығы жазушы қаламы  төселіп,  шеберлене түсуіне үлкен  себепкер болғандығы даусыз. Әдеби  көркем шығармаларында жазушы музыканың адам өміріне байланысы, адам  болмысында музыканың алатын орны, оның адамды  тәрбиелейтін, адамды  адам ететін қасиеті, адамның сазсыз өмір сүру мәнінің жоқтығы шынайы  суреттеледі де, өнер қайраткерлерінің  естен  кетпес бейнелері  жасалады.  Мысалы, бір  ғана қазақ халқының құдіретті  қобызшысы Ықылас туралы  романы  өткен замандардағы қобыз  өнерінің асқан  шеберінің ғұмыр  тағдырын оның өнерімен байланыстыра суреттейді. Жазушы қобызшының,  қобыздың, Ықылас тудырған күйдің адам  жан дүниесін дыбыспен  аялайтын,  әспеттейтін қасиетін шебер бейнелеген.Сәкен Сейфулин Ықыласты өз    көзімен  көріп, бірге жүргендіктен оның қасиеттеріне тәнті болып,  ауызының суы құрығанша: «Ықылас қобыз тартқанда сауулы інген иіп  тұрады»-деп, немесе, тыста қара түнде шулаған, сарнаған қамыстың үнімен  бірге Ықыластың қобызы да сарнап жылайды-деп, еске алыпты.

 Ілияның 2006 жылы жарық көрген «Бұлбұл әуені» атты жинағындағы  «Қазақ вальсі», «Бұлбұл»,  «Өр  Алтай, асқақ Алтай, асқар Алтай», «Айгөлек», «Түнек  сәулесі», «Жас  қазақ», «Жүрек  сыры», «Қаракөз», «Қайықта» атты  шығармаларын жазушы «көркем эсселер» деп атаған екен, оған қоса біз бұларға өнер тақырыбындағы көркем повестер мен әңгімелер  деп айдар тағар едік. Мұндай шығармаларды кез-келген музыка өнерінен  алыс жазушы жаза алмайды. Бұл  шығармаларды тек қана өз жүрегінен нәзік  үн саулатқан жазушы ғана жаза алады. Сондықтан да Ілия бейнелеген Ахмет  Жұбанов, Латиф Хамиди, Күләш Байсейітова,  Евгений Брусиловский,  Жамал  Омарова, Бақытжан  Байқадамов, Садық Кәрімбаев, Рамазан  Елебаев,Жүсіпбек  Елібеков, Шәмші  Қалдаяқов, Әбілахат Есбаев,  Махсұтбек Майшекен сияқты әншілер мен композиторлардың сомдалған  бейнелерін жасаумен бірге, тарихта болған өнер адамдарының өшпес  шығармашылық балқыма шабытты шақтарын, олардың тылсым өнерпаздық құпияларын шеберлікпен көрсеткен.

Міне,  Ілияның осылайша  жазушы екенін білсек, тек соңғы жылдары ғана  дүниеге келген «Аққу  әні», «Еділ-Жайық», «Сырлы  жүрек  пернесі»  атты кітаптары  арқылы  оның  музыка зерттеушісі екеніндігіне  көзімізді  жеткіземіз. Ілия  Алматы, Астана, Атырау теледидарынан төгіліп сөйлеп  отырғанында арғы –бергі замандардағы композиторлардың, әсіресе  әнші сал-серілердің әрбіреуінің сазгерлік табиғатын  тарата, ашып  айтқанда,  көрермендердің өздерін  ұмытып тыңдайтындарын қастерсіз. Не  деген  жанкештілік, не  деген тереңдік десеңізші. Мұның бәрін ол қайдан білді? Ілиядан  бұрын да атақты  халық әншілері  туралы  зерттеу  еңбек  жазылыпты. Ол – біреу  ғана. Ол  Ахмет Жұбановтың «Замана  бұлбұлдары». Бірақ  Ілияның  зерттеулері  ондағы  зерттеулерге ұқсамайды. Себебі  Ілия өзінің пікірлері  мен  тұжырымдарын,  деректерін Ахметтен  алған  жоқ, әлгі  белгісіз жайларды халық  аузынан  жазып  алды. Ол  ел аралады. Зәредей  де  болса  деректің  түбін  қазды,  соның  шындығына жетуге тырысты,  әндердің  табиғатын  ашты, қалай  пайда болған тарихын зерттеді, іздеді,  табаны  тозды,  жүрді,  тау,  дала,  орман,  тоғай,  құмды  жолдарды  кезді.  Әнші- сазгерлердің  өмірлеріне,  ән  тағдырына, әндердің  туу  тарихына  байланысты  бұлдыр  жайларды  нақтылады,  шындықты  ашты,  қолға  ұстатқандай  айқындады. Сөйтіп, халық  алдына  көп  құпияларды  жайып  салды.

 Ілияның әрі эссе, әрі  зерттеу, әрі теориялық талдаулар  беретін  очерктері  көп  екенін  айтар  болсақ,  олар  мыналар: «Үшқара», «Топайкөк»,  «Иман Жүсіп әндерінің тағдыры», «Ақшашақ»,  «Есіл  өзен», «Жиырма бес», «Жүрек  пернесінде»,«Дударай», «Тәңірберген Молдабай», «Мен  өзім  Аманғали  атанамын», «Таңжарбайдың  әні», «Махамбеттің  отты  әуені», «Қызыл  әнші», «Мәриям  туралы  ән»,  «Қойыстың  әні», «Балқадиша», «Жалмұқан-Ақтоқты»  және  тағы  басқалар. Осы  шығармаларын  оқығанымызда  алуан  әсерге  кеңелеміз. Осы  айтылғандарды  біраз  мысалдармен дәлелдеп  өтейік. Әр  өнер  сүйер  қауым  күні  бүгінге  дейін  «Дударай»  әнінің  авторы  Мария Жагорқызы Рекина  деп  келді.  Мұның  өзі  халық   арасында лақаппен тараған қате дерек екенін Ілия  тайға  таңба  басқандай  етіп, елді  ұйқыдан оятқандай селт еткізді. Бұл  әнді  Мария   шығарды  дегенге Марияның  өзі  таң-тамаша  қалған  көрінеді.  Тіпті  оған  Қазақ  ҚСР-нің   еңбегі  сіңген артісі деп  атақ бергеніне де таңданған. Ал,  шынында,  бұл   әннің  сөзде, музыкасын да  шығарған өнерімен бір  аймаққа ғана белгілі  болған, бірақ  барша халыққа аты  таралмаған Үлебай  деген  адам  екенін зерттеуші дәлелдеп  берді.  Немесе «Балқадиша» әнінің  шығу  тарихын  да  халық  теріс түсінгенін, Балқадиша  өмірде болған  адам  екенін,  фотосуретіне дейін баспасөзде жариялаған Ілия оның Ақан  серінің,  ешқандай  ғашығы болмағанын, тек оның әні қыздың сұлулығына,  өнеріне  сүйгендіктен туған  туынды  екенін  дәлелдеді. Сонымен  бірге  ән тексі  кеңестік  дәуірге  лайықталып бұрмалағанын да анық айтты.

Өлең  жолдары: «Дегенде Балқадиша, Балқадиша, күйеуі сексен  бесте   шал  Қадиша» деп  бұрмаланғанын  көрсетті. Балқадишаның сүйген жары  Сүлеймен деген нар  тұлғалы, елдің халық  құрметтеген  ардақты  азаматы  болғандығын, оның  «Балқадиша» әнін өте жақсы  көргенін, Балқадишаға  арналған  әнге  сүйсінгеннен, әншілерге, Балқадишаның  өзіне  үнемі  айтқызып,  Ақан  Серінің  талантына  бас иіп  өткен адам  екенін жақсы  бейнелеп  көрсетті.

Ілия – лирик ақын. Алғашқы кезде оның бірқатар әндері өзінің сөзімен шықты, ілгеріректе мүмкін  композитор әніне лайық сөз таба алмаған  болар. Сондықтан өзінің ақындық талантын іске қосқан. Әуелі туған  мелодиясының мінезіне  сай сөзді өз көкірегінен туындатты. Мысалы, мына әндер Ілияның өз сөзімен үндестік тапты: «Ақ қайың», «Асылым», «Әсел», «Бозкөл», «Бұлбұл еді», «Даниярдың әні», «Жайлаукөл кештері», «Көгілдір көлме», «Қыземшек», «Сырымбет», «Толағай», «Шолпан жұлдыз».Олар  мелодияның дәл пернесін басқан  поэтикалық жолдармен қиындасса, кейіннен Батыс  Қазақстанда туған  «Доссор вальсі», «Мақаттың ерке бұлбұлы», «Құлсары», «Ағады Жайық, ағады», «Маңғыстау» әндері  де өз жан  жүйесін  баураған сөздермен  дүние  есігін ашты.

Жақанов ЕлбасыменЖазушылық пен журналистік. Екеуінің арасына Қытай қабырғасын қоюға да, екеуін бірдей деуге де болмайды. Алайда журналистік әуелі басталып, жазушылыққа ұласып кетушілік күнделікті өмірдегі  табиғи  құбылыс  екен. Талайлар көсемсөзден бастап, оқырманды үйірген қаламын сөз зергерлігіне  ұластырғаны  белгілі. Ілияның табиғаты дәл осыған келеді. Алайда, бір айтатын жай,  екі стихияның мұхитында еркін қалықтай алатын қаламгер бұл шеберліктерін эфирде тоқайластырды. Ол шебердің шырқау биікке шыққандығы екендігіне ешкім таласпас. Бұған дәлел мол. Ілия жасаған фильмдер мен радиоспектакльдер осының көрінісі. Қазір қазақ теледидарының гауһар қорына айналған «Біржан сал», «Ақан сері», «Үкілі Ыбырай», «Естай әнші», «Жаяу Мұса», «Мәди», «Майра», «Балуан Шолақ»…. және қазақ композиторлары Мұқан Төлебаев, Ләтип Хамиди, Сыдық Мұхамеджанов, Қапан Мусин, Бақытжан Байқадамов және басқа көптеген сал- серілер мен музыка шеберлерінің шығармашылық бейнелері; сонымен бірге «Шоқан және музыка», «Жамбыл және музыка», «Сәкен және музыка »атты телесериалдар және «Доссор вальсі» мен «Доссорда шай құяды  Гүлжансары» фильмдері ;    Штраус вальсі мен Бетховен шығармашылығына арналған «Вальспен қоштасу», «Айлы соната» атты музыкалық телеспектакльдер өнер саласындағы үлкен тарихи құндылықтарға айналды.

Бұл айтылғандардың бәрі Ілияға радиожурналист, тележурналист,  режиссер  деген шеберлік қырларын да  телуге   болады  деген сөз.

Ілия – композитор. Студент кезінен бері екі жүзден астам ән шығарып, жазған екен. Ата – бабалардың керемет қасиеті бойындағы бұла  күшпен мәнерлі құйылып, елді саумал сазбен сусындатқан екен. Ілия әндері! Әр қазақ музыкант емес, бірақ әнді түсінерліктей мүмкіндігі зор. Той – томалақтарда әр   қазақ «әу» деуден   құр емес. Композиторлардың әндерін сүйсіне тыңдап, шырқап айтады да. Солардың ішінде қазақтың жанына, жүрегіне жақын тамаша композиторлардың бірі  — Ілия Жақановтың әні.

Ілияның бұрынғы әндері де, қазіргі Ақ Жайық өңірінде туған жаңа әндері де, Қасымхан Бегманмен шығармашылық   байланыста туған әндері де ерекше жаратылысты,  басқа   композиторлардың әндерінен  табиғаты мүлде бөлек. 

Ілия – әнші. Оның әншілік өнерін өзіміз тыңдап, көріп, риза боп, рахаттанып   жүрміз. Егер ол  әндерін сахнадан орындауды бірден дағдыға айналдырғанда, Ескендір Хасанғалиев сияқты шебер орындаушы бола алатындай мүмкіндігі зор. Себебі Ілияда әсем  тенорлық дауыс бар. Және нағыз ер дауыс, нағыз ерлік дауысы, нағыз ұранды дауыс. Кең  диапозон, шырқай жөнелгенде шексіз кеңістікті жаңғыртқандай, әлемді уысына үйірердей дауыс.

Жақанов 1

Ілияға жар қосағы Тиышкүлді ән құдіреті табыстырған. Тиышкүл — тамаша әнші. Бір кезде жас жүректердің дүрсілі әнмен  бірге соқса,  қазірге  дейін сазға бөлене мызғып, сазға тербеліп  оянады. Жаңа  туған  әнді  тұңғыш  рет  айтып, Тиышкүл әннің тұсауын үйде кесетін көрінеді. Содан  кейін  ғана  елге  тарайды. Ілия  әндерін  қазір  қазақ  және  әлем  сахнасында  қазақтың  дүлдүл әншілері сүйсініп, үлкен махаббатпен орындайды. Ермек Серкебаев,  Ринат Абдулин, Жамал Омарова, Бибігул Төлегенова, Әлібек Дінішев,   РамазанСтамғазиев, Роза Рымбаева, Бағдат Сәмединова, Ақжол  Мейірбеков,  Майра Ілиясова, Қайрат Байбосынов, Қажыбек Бекбосынов, Толқын  Забирова, Сәуле Жанпейісова, «Мұзарт», «Серпер»  топтары; Атырауда  Аманжан  Басығараев,  Гүлмайдан  Сүндетқызы, Маржан  Төреханова және  тағы  басқа  жез таңдайлар  Ілия  әндерін  халық  жүрегіне  тебірене  жеткізушілер.

Ілия Жақанов туралы қанша айтса да тауысу қиын. Оның сегіз қырлы феномендігі туралы сөз жыраулардың талай толғауларындай, күйшілердің домбыра күмбіріндей төгіле береді. Ілияның  ұлан-ғайыр еңбегі мемлекет дархандығымен орынды бағасын алғандығы оның мынадай әдеби қаламгерлік, ғылыми  және композиторлық  дәрежелерімен  айшықталады.      Ол — Жазушылар Одағының және Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан музыка қайраткерлері  Одағының мүшесі. Ол – СССР теледидары мен радиосының үздігі,  Қырғызстанға еңбегі сіңген мәдениет қайраткері, Әлеуметтік ғылымдар академиясының  академигі, Халықаралық Жамбыл атындағы сыйлықтың  иегері, Шынғыс Айтматов атындағы сыйлық иегері, Қазақстанның еңбек  сіңірген  қайраткері, Қазақстанның «Парасат», Қырғызстанның «Дәнекер»  ордендерінің  иегері. Ілия Жақанов — халық сүйіспеншілігіне бөленген  жазушы, ғалым, музыка зерттеушісі, дүлдүл композитор.

Бүгінгі күні  Ілия Жақанов торқалы 80 жасқа толды. Қазақтың біртуар феноменіне мықты денсаулық, шалқар шабыт, мөлдір көңіл–күй тілейміз.

Қадыр Өтегенұлы Жүсіп,

Қазақстан Жазушылар  Одағының   мүшесі,

филология ғылымдарының докторы,

Х. Досмұхамедов атындағы

Атырау мемлекеттік университетінің

профессоры.