Мемлекеттік қызметшілер балалар ауылының тәрбиеленушілерін Наурыз мейрамымен құттықтады

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыстық департаменті, ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Маңғыстау облыстық филиалы бірлесіп облыстық отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілерін Наурыз мерекесімен құттықтап, сый-сияпат жасады.

Аталмыш шараға Арнайы мониторингтік топ, Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері және БАҚ өкілдері қатысқан болатын. Наурыз мейрамы қарсаңында ұйымшылдық таныта білген топ балалармен көрісті және Амал мерекесімен құттықтап, болашақта білікті мамандар қатарын толықтыруға тілектестігін білдірді.

«Қазақта «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» деген қанатты сөз бар. Тағдырдың жазғаны болар, бірақ бұл балалардың дені ата-анадан күтпеген қамқорлықты кімнен күтеді деген сұрақ кім-кімді де ойландыруы тиіс. Біз, мемлекеттік қызметшілер осындайда терең ойлануымыз керек, өзгерістерді өзімізден бастап қарапайым бола білуге ұмтылуымыз қажет. «Ұяда не көрсең ұшқанда соны ілерсің» дегендей, еліміздің болашағы осы балалар үлгілі тәлім-тәрбие алып, жақсы азаматтар болып өсуіне өз үлесімізді қосуды жөн санаймыз. Біз – мемлекеттік қызметшілер болсақ та, қызметімізден тыс уақытта осы балалардың тәрбиесіне атсалысуға уақыт тауып, тәрбиелік мәні зор бүгінгідей осы шараны ұйымдастыруға бел будық. Жалпы, Наурыз мерекесі әрбір шаңыраққа құт-береке әкелсін! Еліміз – аман, жұртымыз – тыныш болсын. Ұлыстың ұлы күні қарсаңында әрбір отбасына – ырыс, молшылық, әрбір ұжымға – ауызбіршілік, балаларымыздың болашағына тек қана бақыт, жарқын күндер тілеймін», — деді өз сөзінде агенттіктің аумақтық департаментінің басшысы Нұргүл Жанназарова. 

«Облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылы» мемлекеттік мекемесінің негізгі міндеттеріне жетім, тастанды, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасылық өмірге жақын бағып-күту, тәрбиелеу және еліміздің жан-жақты дамыған жеке тұлғасын қалыптастыру, әлеуметтік қоғамға бейімдеу болып табылады. Әсіресе балаларды отбасы жағдайында дербес өмірге тәрбиелеу, оқыту, сауықтыру және рухани – адамгершілік дамуына қалыпты жағдайлар жасауда тәрбиешілер, әлеуметтік педагог және психолог барын салуда. Яғни балалардың әлеуметтік қорғалуын, оңалуын және бейімделуін, денсаулығын сақтау, психофизикалық жай – күйін нығайту және профилактикалық шаралар жүргізу, сонымен қатар балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, болашақ кәсібін дұрыс таңдауына жәрдемдесу үшін осындай кездесулер маңызды.

Айта кету керек, отбасы үлгісіндегі балалар ауылының тәрбиеленушілері жан-жақты, мәдени шараларға белсенді қатысады, оқу озаттары аз емес, түрлі олимпиадаларға қатысып жүлделі орындарға ие болып жүргендері бар.

Мемлекеттік қызметшілер мен қоғам өкілдері балаларға әсерлі әңгімелерін айтып, естелікке суретке түсті. Меймандармен болған кездесуде тәрбиеленушілердің орындауында әндер айтылып, өлеңдер оқылып бимен жалғасты. Бұл күні спорттық жарыстар ұйымдастырылды. Арқан тарту, қазақша күрес және гір көтеру сияқты сайыста атой салғандар диплом, медаль, Кубок және қаржылай сертификаттарға ие болды. Жеңімпаздарды марапаттау құрметі Арнайы мониторингтік топ жетекшісінің орынбасары, «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысының Маңғыстау облысы бойынша филиалының жетекшісі Дайрабай Үсіпбаев, Әдеп жөніндегі кеңес мүшесі Аббат Өрісбаев және т.б. меймандарға берілді.

Ал агенттіктің аумақтық департаменті басшысының орынбасары Қайрат Байгебаев, бағы мен бабы қатар шапқан жас саңлақтарды құттықтады және осындай сайыстар дәстүрлі түрде өткізіліп тұрса деген тілегін білдірді.

Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шаралардың идеялық-құндылықтық мазмұны өзінің өзектілігін жоғалтқан емес. Наурыз мейрамын тойлаудың негізгі мақсаты жалпыұлттық келісімді және қазақстандық патриотизмді нығайту, рухани жаңғыру және тарихи сананы жаңғырту құндылықтарын дәріптеу болып табылады.

Яғни рухани-ізгіліктік, гуманистік мәні, оның түпкі мәнінің тәуелсіз Қазақстанның құндылық бағдарларына сәйкестігін ашып көрсету және Қазақстан халқының дәстүрлі құндылықтарына құрметпен қарауды дәріптеу маңызды.

Бұл ретте, Мемлекет басшысының Жолдауының, Бес әлеуметтік бастаманың, Жастар жылының, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалаларының және басқа да бағдарламалық құжаттардың басымдықтарын негізге алу маңыздылығын жоғалтпайды.

Ал мерекелік іс-шараларды өткізуге аймақтағы үкіметтік емес ұйымдар, этномәдени, ардагерлер, жастар бірлестіктері, мәдениет қайраткерлері, еңбек ұжымдары, бизнес-қауымдастықпен қатар мемлекеттік қызметшілерде белсенді түрде тартылуда. Соның дәлелі ретінде облыстық отбасылық үлгідегі балалар ауылында өткен шараны айтуға болады.

Осылайша әлемдік өркениеттің дамуына ұлы даланың қосқан үлесін айшықтап көрсетуге бағытталған мәдени шараларды өткізу бойынша дайындық жұмыстары басталып кетті.

Бұл ретте халықтың аз қамтылған топтарын, қарт азаматтарды, көпбалалы отбасыларды, жалғызбасты аналарды қолдауға, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға көмек көрсету ортақ парыз. Тұтастай алғанда, Наурыз мейрамын тойлау аясындағы барлық іс-шаралар жалпыұлттық келісімді, қазақстандық патриотизмді және қазақстандықтардың әлеуметтік оптимизмін нығайтуға септігін тигізбек.

 

 

ҚР Мемлекеттік қызмет істері

және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл

агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша

департаментінің баспасөз қызметі