СЫНАҚ
Башқұрт жазушысы Айгиз Баймұхаметов қазақ оқырмандарына «Тастамашы, ана!» кітабымен таныс. Өзінің балалар үйінде басынан кешірген ауыр тағдырын шығармаларына арқау еткен Айгиздің кітаптары Башқұртстанда ең көп таралыммен шығып, оқырмандардың қызығушылығын оятқан. «Тастамашы, ана!» кітабы былтырғы жылы 5000 таралыммен қазақ тілінде жарық көргенде азғантай уақытта тез оқылып, қоғамдық пікірлер қалыптастырған болатын. Кітаптың аудармашысы Саят Қамшыгер қазір сол кітаптың жалғасы — «Ертегісіз өткен балалық шақ» атты хикаятты аударып бітті. Газет оқырмандарына Айгиз Баймұхаметовтің алдағы уақытта жарық көретін осы кітабынан үзінді беруді жөн көрдік.
Соңғы кездерде біздің топтың оқу үлгерімі нашарлап кетті. Бұл жолы біреу екі алса, одан кейін тағы біреуі алады. Ол үшін балалар үйінің директоры әдетте тәрбиешілерге ұрсады, ал олар бізге айқайлайды.
Бұл жолы Райфа апай, біздің тәрбиешіміз, бәрімізді жинап алып екі алғандарға ұрсуды бастады:
— Сендер — арамтамақсыңдар! — деді ол сілекейін шаша айқайлап. Жылы жерде ұйықтауды, тойып тамақ жеуді ғана білесіңдер, басқа жұмыстарың жоқ. Сендерді асырағаннан гөрі мемлекетке шошқа фермасын ашқан анағұрлым тиімдірек. Сендер біздің балаларымыз түсінде де көрмеген игіліктерге шомылып жүрсіңдер. Жарты тырнақтай болса да пайда жоқ сендерден.
— Күндердің күнінде бізден де пайда болады, — деді Амиля. Өзінің сөзін бөлгені үшін Райфа апай тіпті қатты ашуланды.
— Шайтан алғыр, сен бе! Мен сөйлеген кезде аузыңды ашушы болма, ақымақ!
— Мен шайтан алғыр емеспін…
— Үндемей қалу қолыңнан келмесе, мә саған!
Райфа апай аяғынан ауыр тәпішкені бірден шешіп алып Амиляға лақтырып жіберді. Тәрбиешінің «қаруы» нысанаға дәл тиді, тәпішке қыздың қолына қатты тиді.
Қолы ауырғандықтан ол жылап шығып кетті. Бәрінің көзінше Амиляның аузын жаптырғанына масаттанып, тәрбиешінің көңіл күйі бірден көтеріліп кетті. Сол жағдайдың қожайыны ретінде сезінген ол бізге ұрсуын ерекше сезіммен жалғастырды. Енді бәрімізге тиісті.
— Мен ойланып мынандай шешімге келдім. Райфа апай тоқтаусыз ұрысқаннан терлеп кеткен көзілдірігін сүртті. Халықта сөз бар: «Қолы қимылдағанның аузы қимылдайды». Бұл мақалды мен басқаша айтар едім: «Кім оқымайды, сол тамақ жемейді». Сондықтан бүгіннен бастап байқау жарияланады. Осы тоқсанды кім бәрінен үздік, үштік бағасыз аяқтайды, сол жүлде алады: бүкіл топ оған бір реткі түстен кейінгі тамағын береді. Осындай талапқа келісесіңдер ме?
Көпшілігі келісімін берді. Динар деген бала ғана үндемей қалды. Шынын айтқанда, ол барлық сабақтардан екі алып қажып жүрген еді. Күн сайын ол мектептен жаман бағалар алып келетін. Жұрттың күлкісіне қалған оған «академик» деген лақап ат берілген.
— Сен неге үндемей отырсың, академик? — деп Райфа апай мысқылдай сұрады.
— Білмеймін…, — деді Динар. Түстен кейінгі тамаққа қандай да бір жемістер берілсе, оның барлығы әлгі оқымыстыға беріле ме?
— Қолыңнан келсе, сол оқымысты сен бол, — деп тәрбиеші кесіп сөйледі.
— Жарайды, Академик, ұнжырғаңды түсірме! Келісе сал, қандай жағдайда да сен жеңімпаз боласың. Біреу Динарға қатты әзілдеп еді, барлығы күліп кетті…
Тәрбиешіміздің бұл байқауын біреулер дұрыс қабылдаса, біреулер ауыр күрсінді. Бірақ қалай болса да Райфа апайға қарсы бірдеңе деп көр! Оның тәпішкесі немесе көп кілттердің ауыр жиынтығы бізді ақылға үйретуге үнемі дайын тұрады.
Мұнда, балалар үйінде бізді жемістер беріп жиі еркелетпейді. Астанадан «үлкен» қонақтар келгенде ғана бізге біраз тәттілер беріледі. Анда-санда алма береді, оны да бізден мықтырақ балалар тартып алады. Түстен кейінгі тамаққа кешігіп келсең, онда саған ештеңе бұйырмайды, саған тиесіліні міндетті түрде біреу өзіне алады. Кей кездері тәтті алмаларды сондай жегің келеді, тіпті бір шелегін жеп қоюға даярмын. Біздің тобымызда бүгінде жиырма шақты ұл-қыз тәрбиеленіп жатыр. Егерде осы тоқсанды барлығынан жақсы аяқтасам, онда … елестету де қиын! Маған жиырма алма беруі мүмкін! Міне, мен солайша қып-қызыл, нәрлі алманы қырш еткізіп тістеп жеймін. Мен үшін керемет мереке болады! Көз алдымда пайда болған суреттен сілекейім шұбырып кетті. Жоқ, бос қиялдай бермейін, одан кейін тіпті қиын бола түседі. Кімнің жеңетіні әлі белгісіз. Мүмкін мен жеңімпаз бола алмаспын. Өзіме тиесілі үлестен айырылып қалмайын, бәріне даяр болуым керек. Бәрібір де оқу үлгерімім үшін қойылатын жақсы бағалар менен басқа ешкімге керек емес. Бәрібір сабақты жақсы оқуым керек…
Райфа апай жариялаған байқау топтағы көпшілік баланың қолдауына ие болды. Кейбір балалар оқуларына жауапкершілікпен қарай бастады. Енді біреулер үшін бұл келісім ешқандай маңыз атқармады. Қалай да біздің топтағы балалардың да түрлі мінездері бар. Арамызда алдыға ұмтылатын оқушылар да бар, жалқаулар да бар, бірауыз сөз сөйлете алмайтын, үндемейтіндер де бар, бірдеңе айтып бастап берсең, аузы жабылмайтын мылжыңбайлар да бар.
«Академиктің ұйқысы»
Тобымыздың тәрбиеленушілері мектепте болғанда әйтеуір бір оқиғаларға міндетті түрде тап болып жатады. Ол жайттардың куәгерлері бәрін балалар үйіне алып келіп, түк қалдырмай айтып береді.
Бүгін Динар — Академикпен болған нәрсе бірден бүкіл балалар үйіне жайылып кетті. Динар оқуға селсоқ қарайды. Ол мектепке ешқашан кітаптар мен дәптерлерін апармайды. Оның сөмкесінде оқу жылы біткенше бір ғана қалың дәптер жатады. Оған ол анда-санда математика, физика пәндері бойынша жазу жазады, кейде география бойынша бір-екі сөйлем жазып қояды. Шамасы ол «қалың дәптер» дегенді барлық сабақтарға біреуін ғана пайдалану деп түсінетін болар.
Сонымен математика сабағы болып жатқан. Динар сыныпқа кіріп, артқа қарай өтіп, бір қатарға төрт орындық қойып жатып, ұйықтап қалған. Мұғалім оны көрмеген. Оқушылар бірінен соң бірі тақтаға келіп есеп шығарып жатқан. Сабақтың бір қызған кезінде талас болып қалды. Бір сыныптасымыздың үй жұмысын біреулер дұрыс орындаған деді, енді біреулер қате жасалған деді.
— Апай, барлығы дұрыс жасалған онда. Есеп сіз бізге үйреткен формуламен шығып тұр ғой! — деп біреулер дәлелдегісі келді.
— Не айтып тұрсың! Онда қателер өріп жүр! — деп тағы біреулер қатты сөйледі.
Таластың қашанға дейін жалғасары белгісіз еді, кенеттен артқы қатардан біреудің сөзі естілді:
— Неменеге сендер шуылдап кеттіңдер! Адамға ұйқы бермедіңдер ғой!
Бәріміз бірден тыныштала қалдық. Мұғалім де, балалар да. Не болғанын білген соң бәрі қарқылдап күліп кетті. Біздің Академик ұйықтап кетіп, сабақта екенін ұмытып кеткен екен…
Амиляның қулығы
Динар сабаққа барады ғой әйтеуір, ал Даян сабақты мүлде ойламайды да. Кей кездерде ғана көріну үшін пайда болады. Көбіне ол сабақтарға келмейді. Таңертең балалар үйінен шығады, жолдан өзінің достарына қарай бұрылып кетіп, темекіні әбден тартады. Одан соң бірдеңе етіп әйтеуір уақыт өткізіп, балалар үйіне тура түскі асқа келеді.
Ол өзіне тіпті ақталатын сөз тауып алған:
— Мен денешынықтыру техникумына оқуға түсемін, — дейді. Онда түсу үшін көп білімнің қажеті жоқ, күш-қуатың болса болды. Көресіңдер, бірнеше жыл астанадағы техникумда оқимын да, деревняма оралып, мектебіміздің директоры боламын. Сол кезде маған екі қойып қинаған мұғалімдердің басына бұлт үйіремін. Оларды жанып тұрған шоқтың үстімен жүгіртемін…
Амиля да соңғы кезде оқу үлгерімін түзей бастады. Үй жұмысын орындауға үлкен жауапкершілікпен қарайтын болды. Маған мектепте назар да аудармайды, ал жұмыстарына көмек керек болып қалған кезде мазаңды алып, артыңнан қалмай қояды.
Амиля мектепте өзін паң, тәкаппар ұстайды. Сыныптастар онымен сөйлесуді өздеріне мерей санайды. Оның кез келгенмен сөйлеспейтінін барлығы біледі. Оның тілі де кекесінді, уытты.
Амиляның денесі сәл толықтау. Бірде сыныптас қыз Амиляны кемсіту үшін бәрінің көзінше:
— Толық қыздарды сондай аяймын. Жігіттердің ешқайсысына олар ұнамайды…, — деді.
Амиля тұрып қалмай оған жауап берді:
— Жігіттер сүйекке жүгіретін аш иттер емес. Менің керісінше, арық қыздарға жаным ашиды!
Бірде Амиля қоңырау кезінде жаныма келіп отырды да менің қал-жайымды, сабағымды, көңіл күйімді сұрай бастады. Жоспарларым туралы сұрады:
— Саған қараймын да, Ілияс, таңғаламын, — деді күлімсіреп, мектепке ылғи уақытында келесің, кешікпейсің. Бәрін білесің, мұғалімдердің сұрақтарына дұрыс жауап бересің…
— Асыра мақтама, көзің тиіп кетер.
— Неге мақтамасқа? Сен сияқтыны бұған дейін кездестірмедім. Білсең сен, Ілияс,өзіңмен араласу, сөйлесу мен үшін бақыт.
Мен сыныптасымның салған беттен мақтай жөнелгеніне аң-таң болып қалдым.
Келесі қоңырауда Амиля жаныма тағы жақындап келіп:
— Ілияс, не, сенің басың компьютер ме? Сен бәрін қайдан білесің? — деді.
— Сабақтан қалмаған, мұғалімді зер салып тыңдаған кез келген жан осы нәрселерді білетін болады.
— Қане, басымызды ауыстырайықшы, — Амиля күле әзілдеді.
Біразға дейін Амиляның бұл іс-әрекетін түсінбедім. Мақтағанда бұлбұлдай сайрайды! Мүмкін емес! Мұның астарында бір себеп бар шығар.
Ақыры математика сабағында бәрі белгілі болды.
— Ілияс, біздің ақылдымыз, менің сенде бір өтінішім бар. Амиля маған қарай жақындады, білесің бе, қазір математикадан емтихан болады. Кейде қиын формулалардан шатасатыным бар. Сенімен бір партада отырсам болады ма? Маған аздап көмектесіп жіберсең…
Сыныптасым Амиляның жаны жадырап, маған бәйек болып жүргенінің себебі осы екен ғой… Мен аңқау, шынында да жылы сөз бен жомарт мақтауға лайықтымын деп сене жаздадым. Оған бірден келісім бергенімді өзім де білмей қалдым:
— Отыр, маған көмектесу ешқандай қиындық тудырмайды…
Шіріген алмұрт және қызыл алмалар
Сабақтар біткен соң біз балалар үйіне қарай жарыса жүгіреміз. Әдетте топ бойынша кезекшілер түскі астың дастарқанын әзірлейді. Бірінші тамақты тәрелкелерге құяды, нан қояды. Кешіксең сорпа суып қалады. Салқындап қалған сорпадан ешқандай пайда да, сезім де жоқ. Асханаға тездетіп жүгіріп келсең де ыдысыңда ештеңе қалмай қалатын кездер де болып тұрады. Сондықтан тезірек жүгіріп бармасқа амал жоқ.
Бүгін ерекше себеп бар. Амиля жағымды жаңалықты жеткізді. Түскі асқа бізге алмұрт таратуы мүмкін. Алақай! Уууух, балалар үйіне жылдамырақ бару керек. Жемістің тәтті дәмін таңдайыммен сезініп үлгердім. Ернімнен тәтті шырын ағып барады… қандай керемет! Осындай ой ойлағаннан ауызымнан алмұрттың бал татыған дәмі сезіліп кетті.
Қас қылғандай, осындай сәттерде кедергілер шыға келеді. Қазір де солай, барлығы баяғыда-ақ жүгіріп кетті, бізді сабақта ұстап қалды. Сабыр сақтап, төзімділік таныту керек. Әлде сабақтан қашып кету керек пе? Жоқ, болмайды, кейін мұғалім сазайымызды береді… Бірақ ағашта ілініп тұрған піскен алмұрттар қайта-қайта елестеп жаныма тыныштық бермей тұр…
Сабақтан кеш келдім. Киімімді ауыстырмастан бірден асханаға бардым. Ох! Енді алмұртымды жеймін-ау. Жоқ! Бірден жей салатын мен тоғышар емеспін. Ең бірінші ерекше ләззатпен тістеп, шырынын жұтамын…
Өзімнің үстеліме жүгіріп барғанымда сасқалақтап, абыржып қалдым. Алдымда шіріген, көгерген бірнәрсе жатты. Бүгінгі арманымның жемісі деп оны айтуға да жарамайды. Өз көзіме өзім сенбедім. Қолыма шірік алмұртты қалай алғанымды, алақанымнан сасыған сұйықтық ағып бара жатқанын да білмей қалдым. Арманым мыжылып, сыртқа ағып бара жатқандай елестеді. Шіріген жемісті қайтадан үстелге тастадым да асханадан жүгіріп шығып кеттім…
Бірнеше күннен кейін менің тәтті алмұртым қалайша шіріген жеміске «айналғанын» білдім. Бұл Даянның кезекті оңбағандығы екен. Ол бірінші өзінің алмұртын тез жеп алып, одан соң менікін жеген. Сонымен қоймай маған қыр көрсетіп қоқыс шелегінен шіріген алмұртты тауып алып, менің ыдысыма салып қойған…
Сол күні оның үлесімді жеп қоюуына емес, мені масқаралағанына жүрегім ауырды. Шіріген жемістерге қарағанда шіріген жандар жиіркенішті көрінеді… Сол бір шіріген, көгерген, сасық алмұрт сияқты жан дүниесі бүлінген жандар да сасық иістерін бүкіл әлемге мүңкітіп таратады…
Оқу тоқсаны тез-ақ, байқалмай өтіп кетті. Таңғы тұман сияқты алмұрт жайлы оқиға да ұмытылды. Бірде түскі астан соң бәріміз бөлмеде жиналдық. Тәрбиеші Райфа апай өткен тоқсан туралы жиналыс өткізді.
— Мен сөзімді ылғи орындаймын, — деп бастады Райфа апай. Сендердің естеріңде, тоқсан басталғанда біз байқау жариялаған едік. Жеңімпаз сыйлық ретінде бүкіл топтың түстен кейінгі асын алады деп келіскенбіз. Бәрің соған келістіңдер. Міне, айтқанымызды орындайтын кез келді. Райфа апай менің алдыма алмаға толы үлкен пакетті қойды.
— Ренжімеңдер, бірақ бұл тоқсанда оқу үлгерімі жағынан Ілияс ең үздік болды. Ілияс қана оқуды үшсіз аяқтады. Құттықтаймыз, Ілияс! Ас болсын!
Ештеңе айта алмадым. Райфа апай тез шығып кетті. Топтағы балалар маған телміріп қарап қалды. Олардың көзқарастары жанымды тырнап барады. Осы тоқсанды үшсіз аяқтауды қалай армандап едім, енді, міне, оған өкініп тұрмын. Пакетті алдым да алмаларды балаларға тарата бастадым. Осы кезде біреу құлағыма сыбырлады:
— Даянға берме! Есіңде ме, ол кезінде саған шіріген алма қойып қойған еді ғой!
Даянға кезек келгенде пакетте бір-ақ алма қалған болатын. Мен үнсіз ол алманы Даянға ұсындым.
Орыс тілінен аударған — Саят Қамшыгер