1 СӘУІР, ӨТІРІК АЙТПАҒАНЫҢ ТӘУІР!
Бірінші сәуір – ешкімге сенбе. Бұл – күлкі, алдау күні деп адамдар бір-бірін алдап, өтірік айтып, қарық болатын күн.
Жалпы дініміз Исламда әзілдеуге тыйым салынбаған. Адамзаттың асыл тәжі, Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) сахабаларымен әзілдескені туралы хадистер бар. Бірақ, назар аударатын болсақ Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын) әзілдеген кездің өзінде де ешқашан өтірік айтпаған.
Керісінше «Адамдарды күлдіру үшін сөйлегенде өтірік айтатын кісінің соры құрысын. Соры құрысын, соры құрысын», — деп Алла Елшісі (оған Алланың сәлемі мен игілілі болсын) бұл іске қатаң тыйым салған.
(Әбу Дауд, Адаб, 80/4990; Тирмизи, Зухд, 10/2315)
Яғни, адамдарды күлдіру үшін ойнап өтірік айту күнә екенін түсінеміз.
Басқа бір хадисте Пайғамбарымыз (оған Алланың сәлемі мен игілігі болсын): «Ақиқатында, шындық — жақсылыққа бастайды, ал жақсылық жаннатқа бастайды. Бір адам (үнемі) шындықты айтса, Алланың жанында шыншыл деп жазылады. Өтірік — жамандыққа бастайды, ал жамандық тозаққа бастайды. Бір адам (үнемі) өтірік айтса, Алланың жанында өтірікші деп жазылады», — деген.
(Бұхари және Мүслім)
Демек, өтірік айту Алланың қаһарына ұшаратып, тозаққа бастайтын жолдардың бірі.
«Қоңырау шалған адам мені сұраса үйде жоқ деп айта салшы», немесе кездесуге уәделескен адамға «міне келе жатырмын, жақын қалдым» деп сөйлескенде өтірікті араластырып сөйлейтіндер арамызда сірә, бар шығар. Алайда бұл істер – екіжүзділіктің белгілерінен. Өтірік айту адамды арсыз етеді, ал арсыздық адамды абыройдан жұрдай етеді.
Асыл дініміз қосып сөйлеуге тек үш жағдайда рұқсат етеді:
1. Соғыста;
2. Араздасқан елдің арасын татуластыру барысында;
3. Ерлі зайыптылардың ара-қатынастарын жақсарту үшін.
Ал бұдан өзге кез-келген жағдайда өтірік айтуға рұқсат жоқ.
Шын мәнінде «1 сәуір күні» қазақ халқы үшін қарапайым күндердің бірі. Қазақтың белгілі бір күні жаппай өтірік айтып, бір-бірін алдайтын әдеті болмаған. Қайта, дана бабаларымыз «Басқа бәле тілден», «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», «Ойнап сөйлесен де ойланып сөйле» деп тілімізге ие болуға шақырған емес пе?!
Өтірік қосып әзілдеймін, қорқытамын деп жақыныңызды ренжітіп аласыз, ал бейтаныс адаммен мүлде түсініспеуіңіз әбден мүмкін.
Сондықтан бауырлар, ойнап болса да өтірік қосып сөйлеуден, алдаудан сақ болайық!
Нагашыбай Қабылбектің фб парақшасынан