БӘРІБІР АЛЛА БІЗГЕ МЕЙІРІМДІ! (Түрмеден шыққан қыздың таңдауы)
Жанельмен біз басқа тақырыпта интервью жазуға келіскенбіз. Бірақ үш сағаттай отырып сөйлескен әңгіменің ауаны – оның түрмеде өткізген жылдары мен бұл өмірдің мәніне келіп тіреле берді. Даналықты, бәлкім, адамға өмірдің өзі үйрететін шығар. Біз соны түсінбей жүрген сияқтымыз ба, кім білген. «Бәлкім, Құдайды ұмыту сондай төмен деңгейге дейін жеткізетін шығар?» дейді ойлы көзімен терең ойға берілген кейіпкеріміз. Әйтеуір Жанельмен әңгімелескен үш сағат уақыт жан-дүниемізді бір сілкіп алды. Өйткені, ол «түсіне білген адамға түрме деген үлкен өмір академиясы» деді.
Он жылға жуық уақыт темір тордың артында болған Жанельдің сағын түрме сындыра алмағаны, оның өзін-өзі жоғалтып алмай, терең депрессияға түсіп кетпегені бізді таңғалдырғаны рас.
– Жанель, темір тордың артындағы өмір – бір үлкен жағдайдың салдары. Қыз баласы үшін өте ауыр үкімге не түрткі болды?
– «Басқа пәле – тілден» деген рас екен. Жалындап тұрған 21 жасымда өлімді көп айтып жүрдім. Қазір ойлап отырсам, сол кездері терең депрессияда болыппын. Сау басыма сақина тілеп, «осы мен өліп қалсам әке-шешем жылай ма, жыламай ма» деген сұраққа бас қатыратынмын. Өлгім келіп, қалай өлуге болады дегенге жол іздейтінмін. Шыны керек, сол жылдары мен үшін өмір сүрудің ешбір қызығы, мән-мағынасы болмады. Кейде ұйықтайтын кезде «О, Құдай, бүгін түнде мені алып кетші» деп тілейтінмін. Шынында осындай жағдайлар болды басымда, жасырмаймын. Не үшін атам қазақ «жақсы сөз айт немесе үндеме» дейді?! Құдайдан сұрап жүрген өлімнің, айтқан сөзімнің жауабын Алла кешіктірмей бергендей болды. Өзім үйде еркенің еркесі болатынмын. Айтқаным айтқан, дегенім деген ерке қыз болып, еркін өстім. Соның әсерінен көзқарасым да сондай еркіндікке кетіп қалды ма, білмеймін. Қаныма сіңген шығар, досыма өте адал едім. Ол айтпа деген соң ешкімге ештеңе тіс жарып айтпадым. Өзімнен де кінә бар шығар, бармайтын жерге бардым. Бармайтын үйге кірдім. Өте қиын сәтте құрбымның жанында болып қалдым. Қазір ойлап қарасам, сол кездері менде рухани аштық болыпты. Бәлкім, Құдайды ұмыту сондай төмен деңгейге дейін жеткізетін шығар. Тергеу жүріп жатқан сегіз ай ішінде намазға жығылып, күнде дұға тілейтінмін. Шымкентте тергеу изоляторында отырғанымда иманға келдім деп ойлайтынмын. Бірақ менің сол кездегі ең үлкен қателігім – Аллаға шынайы көңілмен сенбегендігім. Әке-көкемізге, ақшаға сеніп жүрдім. «Ақша бәрін шешеді, әке-шешем ақша беріп мені шығарып алады» деп сендім. Тергеу аяқталып, үкім шыққан кезде мен де, әке-шешем де қатты жылады. Камераға кіргенімде қыздар «не болды?» деп сұрап жатқаны есімде. «Болды, сотталып кеттім» дедім де, дәрет алып, екі рәкат намазымды оқыдым. Бүгін оқып жүрген намаздарымды дәл сол кездегідей оқи алмайтын шығармын, сірә. Өйткені, дәл сол сәтте Аллаға біртабан емес, жан-жүрегіммен өте жақын болдым. Маған кесілген үкімге шүкір еттім. Осы сынағыңа, берген жаза мерзіміңе ризамын дедім. Өзім басында аңғармай қалыппын, бірақ сол сөздер шын жүректен шығып жатыр еді. Сөйтіп, Шымкенттің абақтысында 3,5 жыл отырдым. Онда 500-ге жуық әйел болатын. Ал камерада 7-8 қыздан отырдық. Алаяқтықпен қамалғандары бар, біреуге несие алып беріп, жер алып беріп жүріп делдалдықтан айналысқандар дейсіз бе, әйтеуір бәріміз бір кемедеміз. Жалғыз-ақ арманымыз – бостандыққа шығу. Біраз уақыттан соң ол жақ қатаң режимдегі түрмеге ауыстырылды да, бізді Алматыға алып келді. Қалған жаза мерзімімді осында өтедім.
– Қанша дегенмен басыңыз әлі жас. Түрме деген жабық әлем. Қандай қиыншылықтар болды?
– Түрмеге түскен күннің ертесінде маған екі апам мен мамам келді. Әлі де еркелік бар, оларды көре сала жылайтын шығармын деп ойладым. Үшеуі мені бас салып құшақтап, жылаған уақытта екі минутқа сөз сөйлей алмай, тұрып қалдым. Үшеуі бірге жоқтау айтып жатқандай жылайды. Сол сәтте көз алдыма менің мүрдемді табытқа салып алып бара жатқан картина келді. Бір кездері сау басыма солай өлім тілеп жүр едім, қайта Алла маған өлім емес өмір берді деп шүкір еттім. «Өлімді көргің келуші еді ғой» деп өз-өзіме қатты ұрыстым. Қандай жағдай болсын, әке-шешең өзіңмен бірге ауырып, өзіңмен бірге бәрін көтереді екен. Ешкім мұндай болады деп күтпеді. Өте бір ауыр жағдай, отбасымызға түскен сынақ еді. Әке-шешеме ризамын, сол бір ауыр сынақты бірге көтере алдық. Сонша уақыт тар қапаста отырғанымда Алладан бостандықты сұрамаппын, бәлкім сұрағанымда берер ме еді. Түрмеде жүргенде бостандыққа лайық болсам, бере көр, бірақ дәл қазір қайырлы ілім бергейсің деп дұға ететінмін. Әке-шешемнің амандығы, еліміздің тыныштығы үшін дұға жасайтынмын.
Қиыншылық болды, әрине. Ұрып-соғу барлық жерде болады. Оны жасырудың қажеті жоқ. Мен қазақтар үшін таяқ жегенім есімде. Бір тәтені қорғаймын деп соққыға жығылдым. Сонда ол жақтың бір заңы «сен бәрі үшін емес, өзің үшін жауап беруің керексің». Біреу үшін сөйлеме, әркім өзі үшін жауапты. Әркім өз жазасын өтеп жатыр, сен де өзің үшін ғана жауап бер. Түрмедегі жазылмаған заңдылық, ішкі тәртіп сондай. Шындықты айтпасам, шыдамайтын мінезім бар. Сол үшін милициядан таяқ жеген кезім де болды. Дегенмен, түрме маған өмірге басқа көзбен қарауға мүмкіндік берді. Көп нәрсенің қадірін түсінбеппін. Кейде адам баласы алдымызға келген астың өзіне қанағаттанбайтынымыз бар. Түрмеде барға қанағат, жоққа сабыр еттік.
Ислам, дін деген не деген сауалға жауап іздей бастадым. Білімге деген құлшынысым керемет болды. Қара нан мен су болса да шүкіршілік айту, шүкір ету дегенге үйрендім. Бір күн бар, бір күн тамақ жоқ. Тар қапас, төрт жағың түгел бітеу, меңіреу қабырғаның ішінде тәбетің басқа тамақты қалап тұрса да, сен алдыңдағы асқа шүкір етеді екенсің. Мен соған үйрендім. Түсіне білген адамға түрме – үлкен өмір академиясы. Ол – жақсы адамның жақсы қасиетін арттырып, жаман адамның жамандығын алатын жер. Иманға келгеніме ризамын. Ерте ме, кеш пе, адам баласының иманға келгені дұрыс екен. Өйткені, сен оны сатып ала алмайсың, біреуден уақытша сұрап та ала алмайсың. Түсіне білген адамға тар қапас өмірлік үлкен сабақ. Керегін алып, керек емесін сызып тастау керек. Иә, ол жақта да негатив бар. Қаншама адамның басын қосқан жерде түрлі эмоция болатыны жасырын емес. Әйелдер ашуланғанда боқауыз сөз айтып жатады, сондайда өзіңді-өзің тежеп, олардан алыс ұстайсың. Олар сияқты болмауға тырысасың.
– «Тағдыр саған лимон ұсынса, сен одан лимонад жасай біл» дегенді оқығаным бар. Сіздің жағдайыңызға қарай икемдесек, түрмедегі он жылға жуық уақыт ішінде жеке басыңызға қатысты қандай да бір жақсылықтар көре алдыңыз ба?
– Түрмеде оқимын деген адамға интернеттен басқасының бәрі болды. Яғни журнал мен кітапқа бай едік. Соның арқасында өзіммен бірге үлкен рухани байлық алып шыққандаймын. Әдетте, түрмеге түскен адамдардың басым көпшілігінде деградация болып жатады, ал менде бәрі керісінше. Сөйлеу мәнерім жақсара бастады, көпшілік ортада еркін сөйлеп, еркін өз ойымды сауатты жеткізуді үйрендім. Тігуді, гүл егуді меңгеріп шықтым. Көп адам жиналған жерде түрлі мінез, түрлі тәрбие бар. Әр адам өзінің бір өнерін шығаратындықтан, бай өмірлік тәжірибе жинадым. Талай адамды көрген соң бостандыққа шыққанда адамдарды рентген сияқты танып тұрады екенсің. Біреудің басына күн туса, қазір күлетіндей жағдайда емеспіз. Қайта сол адамның басына түскен қиыншылыққа ортақ болып, қолдау білдіруіміз керек. Неге? Себебі, ертеңгі күні өзіміздің басымызға не келерін білмейміз.
– Камерада жалғызсырағанда не істейтін едіңіз?
– Бұл дүниедегі ең қайырлы нәрсе – жүрекпен Аллаға келу дейді екен. Алланы еске алатынмын. Иә, жас келді намаз оқу керек, уақыт келді оқу керек деп жүрген адамдар баршылық. Бірақ Аллаға жүрекпен келу деген өзгеше. Басымда қайғым бар, қамаудамын. Намаз оқыған сәтімде сол құлшылықтан ләззат алуға тырысатынмын, аз да болса түрмеде екенімді ұмытам. Басыма берді емес, шыны керек, өзім тілімнен тауып, тілеп алдым, бірақ өлім емес, қайта өмір берген Аллаға сансыз шүкір етем. Сондай ризалық сезіммен намаз оқитынмын. Иә, білем, бір кездері өлімді көп айттым. Бәрібір Алла бізге Мейірімді. Ол маған «өміріңе басқа көзбен қарап көр, Мен саған иманды берейін, осы иманмен жүре аласың ба?» деген сияқты. Көп шүкіршіліктер айтамын.
– Ең үлкен сабағыңыз қандай болды?
– Өмірде әрбір адамның, әрбір жағдайдың, әрбір күннің қадір-қасиетін білу керек екен. Басыңда қандай қиын жағдай болып жатса да, соның қайырын бере көр деп тілеп, ертеңгі күні бір нәтижемен шығу керек. Басыңа қандай жағдай түсіп, күн туса да, Аллаға деген жүректегі сенімді жоғалтпаңыз. Жоққа – сабыр, барға – қанағат, болса да, болмаса да. Түрмеге түскен адам үлкен депрессиямен келеді. Өз басыңнан өткен соң түсініп тұрасың ба, уақыт өте түрмеге жаңа түскен адамдарды депрессиядан шығаруға көмектесетінбіз. Сөзбен болсын көңіл бөліп, зейін қойып тыңдауға тырысатынбыз. Ауырып отырсаң да, ауруға берілмейсің, себебі, ауырып жатсаң да сені ешкім емдемейтінін білесің. Қарның ашып, ішегің шұрқырап тұр, бірақ сен өзгенің табағына қол сала алмайсың, барыңа қанағат етесің. Әр нәрседен өзіңді тежей білуге үйренеді екенсің. Жоққа да бойыңды үйретесің. Түрме – өмірде қандай қиын жағдай болсын, соған төтеп беруге шыңдап, адамды қайрай түседі. Сондықтан бұрын өзім үшін проблема, қиын жағдай болып көрінген нәрселерге жеңіл қараймын. Қамауға түскенге дейін ай сайын телефон ауыстырып, киімнен киімге қызығып, мүмкіндігінше сәннен қалмай жаңартып жүретінмін. Әйтеуір үнемі алу керек, алу керек.
– Ал қазір өмірге қандай көзқарастасыз?
– Өмірді сүру керек, сүргенде де айналама пайдам тисе екен деймін. Жәй ғана өмір сүру керек болған соң сүріп жүрмін емес, кәдімгідей мағына беріп, өмір сүруді үйрендім. Керемет киініп, керемет қымбат телефон ұстап, қымбат көлік айдау – мақсат емес. Жан-жүрегіммен өзімнің сүріп жатқан өміріме көңілім толатындай саналы ғұмыр кешу. Бұл дүниенің тозағы сол тар қапас деп ойлаймын. Бостандықта жүргенде киген киімім, ұстаған дүниемнің бәрі түгел түрмеге түскенде артымнан келген жоқ, қалды. Өйткені, ол жақтың өз тәртібі бар. Адам о дүниеге аттанғанда ешкім артынан киімін алып бармайды ғой, дәл сондай жағдай болды. Сондай күй кештім. Бәрі артымда қалды. Қу дүние. О дүниеге кеткен адам бұл дүниеде жіберген қателіктері болса, оны түзете алмайды. Бәрі кеш. Ал маған бүкіл мүмкіндікті беріп, ап-айқын қылып көз алдыма көрсете салғандай болды.
– Бостандықта жүрген адамдардың өмірін сырт көзбен қарайықшы. Бізге қазір несие, баспана, жұмыссыздық, инстаграмда шалқып өмір сүретіндердің рахат өмірі дегендер маза бермейді. Әйтеуір басымызда проблема толып жатыр. Бірақ бұлар қай деңгейдегі проблема?
– Ақша жоқ, жұмыс жоқ деп жатамыз ғой, оның бәрі жәй нәрсе. Бізде денсаулық болмаған күндер де болды. Ол кезде әйтеуір тіріміз ғой деп шүкіршілік айтатынбыз. Бұлар проблема шығар, бірақ үлкен проблема емес. Біз өзімізге-өзіміз проблема жасап аламыз. Проблеманы көбіне аспанға шығарып қоямыз да, «проблеееема» деп қараймыз. Оған төбесінен қарауымыз керек, болмай бара жатса, түкіре салыңыз. Жұмыссыз жүрсің бе, ол уақытша нәрсе. Бастысы, ешкімге, ешнәрсеге кіріптар емессің, бостандық, өз еркің өзіңде жүрген адамсың. Сәті түссе, жұмысқа орналасасың. Ең бастысы, бұл жерде – сенім. Адам көбіне сенімсіздіктен проблема жасап алады. Өзіне-өзі қайталай берген соң, тілінен табады. «Жұмыс жоқ, дұрыс жұмыс жоқ, ешкім қазір таныссыз жұмысқа алмайды» деген сөздерді айта жүріп, адам өз басына өзі тілеп алады. Өте ұсақ-түйек нәрселерге алаңдаймыз. Ақшаның аздығы, жұмыстың жоқтығының бәрі уақытша. Алдыға қойған нақты мақсат пен сенім керек шығар. Түрмеде отырғанда жұрттың көбі тұмаудан, менингиттен өліп жатыр дегенді естіп, таңқалатынбыз. Бізде ол аурудың бірде-бірі жоқ. Кейде ойлаймын, бәлкім, Алла Тағала бізді сондай аурудан өзі қорғаған шығар. Бізде «ауырмау керексің» деген программа бар, ауырсаң ешкім сені емдемейтінін білесің. Мен басында көп ораза ұстайтынмын, сонда қыздар «әй, сен туберкулез болып қалмашы» деп мен үшін алаңдайтын. Мен емес, қатты қорыққан сол қыз туберкулезбен ауырып қалды. Ал мен сондай қыздардың ортасында әңгіме айтып, солармен бірге шәй ішіп жүргенде қорқыныш сезімі болған емес. Бір Аллаға сенген соң, адамның сенімі сондай мықты болу керек деп ойлаймын. Сақтансаң сақтайды ғой, дегенмен қорқынышқа берілмеген жөн. Сенім мықты болса, ол ешқандай ауруды да жолатпайды. Жиі ораза ұстайтындықтан шығар, өмірге деген құштарлық менде күшті болды. Ауыз ашқан сәтте шүкірлігім артып, керемет күй кешетінмін. Өз денсаулығыңды Аллаға аманат етіп қойдың ба, жүрекпен сен. Адам баласы жасауы мүмкін, Алла Тағала ешқашан аманатқа қиянат жасамайды. Біз Соған сенуіміз керек. Түрмеде отырғанда «денсаулығым мен өмірімді бір өзіңе аманат еттім, не берсең де қайырлысын бере гөр» деп жиі дұға жасайтынмын.
Қазір бостандықтағы өмірде өсек айту, өзгенің бақытын көре алмау, инстаграмда уақыт жоғалту деген сияқты бізді алдайтын дүние көп. Соларға ғана алданып өмір сүрсек, теңіздің бетінде жүрген көбік сияқтымыз. Өз өміріміз, өмір сүрудегі мән-мағына қайда? Теңіздің түбіне түскен адам оның астындағы қаншама үлкен байлықты, маржан тастарды көреді. Өмірдің мәні – сол маржандарды көре білуде, ал оны көру үшін әрбір адам өз жүрегіндегі Құдайын табуы керек. Сенім қажет. Құрбыларым маған түрмеге келгенде «саған қарап қызығамыз, сен мынадай жақта отырып, өмірге деген құштарлығың керемет, біз бостандықта жүрсек те депрессияда жүрміз» дейді. Егер өміріңіздегі бір нәрсені өзгерте алмай жатсаңыз, егер ол қолыңыздан келмей жатса, жәй ғана сол проблемаға деген көзқарасыңызды өзгертіп, сол нәрсенің өзінен жақсылық іздеуге тырысыңыз. Қазақта «ойбай, сотталып кетіпті» деген сөз қарабетсің дегенмен бірдей. Мен өзімді ақтамаймын да, қараламаймын. Бәріміздің барар жеріміз бір жер. Сол жерде Алла Тағала әділ шешімін лайықты түрде берер. Ең бастысы, бұл дүниеде ешқайдан, ешкімнен сатып ала алмайтын жүрекке иман берген Аллаға шүкір! Мен осындай қиын жолмен исламға келдім, сол үшін тәубе деймін. Түрмедегі жылдарым босқа өткен жоқ, ілім алдым.
– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан – Әсел ДАҒЖАН.