ЕЛДІҢ КҮШІ БАСШЫСЫНДА, АЛ, БАСШЫНЫҢ КҮШІ ЖАҚСЫ ІСТЕРМЕН ҮЛГІ БОЛА БІЛУІНДЕ!!!

Бүгінгі күні айтар ойы, бір жазары барлардың бәрі өтпелі кезең президенті Қасым –Жомарт Тоқаевтың жарты айдың ішінде жасаған тірлігін, көтерген бастамаларын мақтап жаза бастады. Дұрыс. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» дейді атам қазақ. Егерде Қасым –Жомарт Кемелұлы елдің еңсесін көтеретін тірлік жасап, көптің көңілінде жүрген ойды айтып, соны жүзеге асыруға бағыт сілтеп, пәрмен беріп жатса, неге жылы сөз арнамасқа!

Сәл кейін шегіс жасайтын болсақ, 19 наурыз күні кешкілік Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілеттігін тоқтататынын айтып, жалпақ жұртқа жария еткенде, ел есеңгіреп, өңмен түстің ортасында тұрғандай хал кешкені белгілі. Елбасы заң бойынша президенттік тізгінді Қасым — Жомарт Тоқаевтың қолына тапсыратынын айтқанда көпшілік: «Тоқаев сұңғыла дипломат, өте мәдениетті адам. Ешқандай топтарға қосылмайтыны тағы бар. Бірақ елді үйіріп, мемлекеттің ісін дөңгелетіп алып кете алама, қайдам?» деген сенімсіз ойға қалғаны хақ. Алайда Тоқаевтың жарты айда істеген тірлігін көрген жұрт әлгі қиянпұрыс ойдан арылып, президенттің ілкі тірлігіне риза бола бастады. Әр түрлі орталарда, әсіресе әлеуметтік желілерде Тоқаев жөнінде ризашылық әңгімелердің көптеп айтыла бастауы соның көрінісі. Рас, Қасым –Жомарт Кемелұлы қысқа уақыттың ішінде көпшіліктің көкейінде жүрген ойды дөп басты. Әкім-қаралардың халықпен етене араласуын талап етті. Әлеуметтік желілерде парақшаларын ашып, халықтың ой-арманын, мұң-зарын, талап-тілегін біліп отыруды, бұқпантайламай жауап беруін талап етті. Өте дұрыс. Өзі де әлеуметтік желілерді белсенді қолданушылардың бірі. Өз жерінде, өз елінде еңсесі түскен ана тіліміздің бағын ашу үшін, «алдымен қазақ тілі» деуі елдің Тоқаевқа деген сенімін арттыра түсті. Тіпті қасиетті қара домбыраны мектеп бағдарламасына енгізу жөніндегі бастамасы да көпшіліктің қолдауына ие. Өзгені былай ысырып қойып, ана тілімізде жарық көретін аға газеттер «Егеменмен» «Айқынға» арқа-жарқа отырып сұхбат беуінің өзі Тоқаевтың өз ұлтының арда азаматы екенін көрсетеді.

Тағы бір айта кететін жайт, президенттік тізгінді алысымен иісі алаш баласы үшін қасиетті Түркістан жеріне сапарлай баруыда тегін емес. Ол жерде жатқан қазақтың хандарымен батырларына , әуле-әнбиелеріне тағызым жасау деп түсінген жөн. Қысқа уақыттың ішінде Тоқаев елдің бетіне тік қарайтын, көкейіндегісін оқи алатын сұңғылалығын танытты. Алда атқарар тірлігіне Алла жар болсын! Құдай қуат берсін! Қытай ғұламасы Конфуцийдің «Елдің күші басшысында, ал, басшының күші жақсы істермен үлгі бола білуінде» деген сөзі бар. Ақиқатын айтар болсақ, басшының жақсы істерін халық қашанда қолдауға дайын. Ендігі бір мәселе, Қасым-Жомарт Тоқаевтың президенттік өкілеттігі алдағы сайлаумен тоқтала ма, әлде додағы түсіп, жеңімпаз атанып, билік тізгінін сақтап қала ма, жоқ па, ол жағы бізге белгісіз. Алайда президенттік таққа кім отырса да, Тоқаевтың ел үшін жасап жатқан игі тірлігін жалғастыра алса болды.

Азаматхан Амиртай