Бізге еуразиялық емес, түркілік ақпарат кеңістігін құруға асығу керек
Осыдан бірнеше уақыт бұрын Еуразиялық Одаққа мүше мемлекет басшыларының Астанадағы басқосуында, Ресей президенті В.Путин одаққа мүше елдерге ортақ БАҚ кеңістігін ашу туралы бастама көтеріп, бұған біраз жұрт алаңдап қалған болатын. Бұл туралы біз де газетімізде жаздық. Сол жолы газетімізге арнайы сұхбат берген қоғам қайраткерлерінің пікірлерінің дені бұның соңы жақсылық емес екендігіне саятын. Расымен де, әу баста ЕАЭО тек экономикалық мәселелерді ғана реттеуге бағытталған еді, ал сол одақтың руханиятымыз бен мәдениетіміздің қозғаушы тетігі саналатын ақпарат саласына да ортақтасуын қалай түсінуге болады? Осы тұрғыдан, сөз етпек болып отырған негізгі мәселеге көшсек, түркітілдес мемлекеттер тарапынан ортақ телеарнаға деген сұраныстың артқанына және бұндай бастаманың көтерілгеніне біраз уақыт болды. Елбасының өзі Түркітілдес Мемлекеттер Ынтымақтастығы Кеңесінің IV саммитінде нақты ұсыныс тастағаны бәріміздің есімізде. Ал 2015 жылдың 18 тамызында Түркі Кеңесінің ақпарат және медиа саласы министрлерінің бірінші кездесуінде Ақпарат және медиа салаларының ынтымақтастығы жөніндегі ортақ хаттамаға қол қойылды. Сол хаттама негізінде Елбасымыздың сол саммитте айтқан «Халықаралық қоғамдастыққа Түркі әлемінен ақпарат беретін ортақ телеарна ашу» жөніндегі бастамасы бойынша жаңа телеарнаның тұжырымдамасы қаралды. Әрине, бұндай ауқымды жобаның асығыс әрі тез арада жүзеге асырылуын ешкім де күтпейді. Алайда «біздің бұндай бастамамыздың алдын «еуразиялық бастамалар» орап кетсе, қолымызды мезгілінен онсыз да кеш сермеп отырғанда, бұл арманымызға жететін күн де алыстап кетпейді ме?» деп қауіп те жоқ емес.
«Ортақ телеарна құрудың ең тиімді жолдарын қарастырудамыз»
Осы мақсатта, Елбасы ұсынған бастама Түркі Кеңесіне жүктелгендіктен, Кеңес басшылығына хабарласып, ортақ телеарнаның бүгінгі беталысы мен атқарылып жатқан жұмыстар туралы сұраған едік.
«2014 жылы Түркі Кеңесінің 4-ші Саммиті барысында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ортақ ақпарат телеарнасын құру жөнінде ұсыныс жасағаны белгілі. Соған сай, Түркі Кеңесі шеңберінде Ақпарат және медиа саласындағы ынтымақтастықты дамытуға байланысты құрылған жұмыс тобы өзінің бес отырысында телеарнаны құру туралы тұжырымдама жобасын, атап айтқанда, болашақ телеарнаның құрылымын, қаржыландыруын, жұмыс істеу ережелерін және басқа мәселелерін талқылаған болатын.
Өз кезегінде, 2015 жылы 18 тамызда Астанада Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Ә.Исекешев төрағалығымен Ақпарат және медиа министрлерінің 1-ші кездесуі өтіп, онда жұмыс тобының ортақ телеарнаға байланысты құжаттары бекітілді. 2015 жылы 11 қыркүйек Астанада өткен Түркі Кеңесінің 5-ші саммитінде президенттер ортақ телеарнаның тұжырымдамасын бекітті. Осы саммитте Елбасы түркі әлемінің ортақ ақпараттық кеңістігін құру қажеттілігіне де баса назар аударды. Яғни, ортақ телеарнаны құру бойынша президенттердің саяси шешімі бар. Телеарна құру үлкен қаржылық қолдауды қажет ететіндіктен, ендігі кезекте оны құрудың ең тиімді жолдарын пысықтау басты міндет болып тұр. Түркі елдеріне ортақ құрылатын телеарнаның алғышарттары ретінде қандай жұмыстар жасалынып жатыр деген сауалға келер болсақ, алдағы айларда Әзірбайжанда жоспарланған 2-ші Ақпарат және медиа министрлері кездесуінде телеарнаны құру жолдары қарастырылады деп күтілуде. Сонымен қатар, Қазақстан тарапы Ақпарат және медиа саласындағы ынтымақтастықты дамытуға арналған 2016 жылғы жоспарын әзірлеп, тараптарға ұсынды. Мүше мемлекеттер аталған Іс-шаралар жоспарын қарастырып, қабылдады. Қазіргі кезде ол бойынша жұмыстар өткізілуде. Бұл құжатқа сәйкес, тараптар ақпарат және медиа саласында бірлескен жобалар мен бағдарламаларды іске асыруы қажет»,—дейді Түркі Кеңесі Бас хатшысының орынбасары Абзал Сапарбекұлы.
Жалпы, ортақ ақпараттық кеңістік не үшін керек? Ең алдымен түркілік тегіміздің сақталуына нақты қадамдар жасаған болар едік. BBC, «Әл-Жазира» сынды күллі түркі жұртына ортақ телеарна ашылып, ақпараттық кеңістік орнаса, бүкіл дүниежүзіне өз дауысымызды жеткізіп, жалпы түркі әлемінен хабардар етер едік. Түркі елдерімен ғана емес, дүниежүзіндегі түркітілдес бауырлас халықтармен ақпарат саласында ынтымақтастық орнату қандай ғанибет! Телеарна — идеологияның бірден-бір қозғаушы құралы. Сол үшін де жедел ақпарат алмасу, баспасөзде серіктестік құру, түркілік тегімізге ортақ тарих, тіл, мәдениет, руханият, дінімізді насихаттаған болар едік. Түркі тілдес журналистердің басын қосып, түркі мемлекеттерінде өткізіліп жүрген түрлі саммиттер мен жиындар да осындай тілектерден туса керек. Десе де ақпараттық кеңістікте бірігіп, түркілік идеологияны бірге көтеруге деген армандарға аяңдап болса да жетіп жатқан сияқтымыз. Бұл да болса дәтке қуат. Мәселен, «Түркітілдес журналистер қоры» ҚҚ, «Түркі Әлемі Журналистерінің Дүниежүзілік Федерациясы», «Түркі мемлекеттері халықаралық журналистер қоғамы» секілді түркі мемлекеттері ақпарат саласы қызметкерлерінің басын біріктіретін қорлар мен бірлестіктер осы мақсатта құрылған. Мәселен, сондай бірлестіктердің бірі, Түркі Әлемі Журналистерінің Дүниежүзілік Федерациясының Бас хатшысы, құрылтайшы мүшесі Шемсеттин Кузеджимен жедел сұхбаттасудың реті түсіп, әңгіме желісін осы бағытқа бұрған болатынбыз. Шетелдік әріптесіміз өз ойын былайша жеткізді:
— Шемсеттин мырза, Түркі Әлемі Журналистерінің Дүниежүзілік Федерациясы қашан және қандай мақсатта құрылған еді?
— Түркі Әлемі Журналистерінің Дүниежүзілік Федерациясы 2014 жылдың 1 қаңтарында Анкара қаласында құрылған болатын. Бұндай федерацияны құрудағы мақсатымыз бүкіл түркітілдес халықтарға тиесілі, мейлі мерзімді баспасөз, мейлі ақпараттық сайттар болсын, я болмаса телеарна мен радио арқылы болсын хабар тарататын ақпарат құралдары арасында байланыс пен ынтымақтастық орнату, осы жолда түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, мақсаттарымызға қол жеткізу үшін бірлесе жұмыстар атқару және әлемдік ақпарат кеңістігінде өз орнымызды нығайту болып табылады. Сонымен қатар, адам құқықтарының теңдігі, еркіндігі сақталған, плюрализмді жақтаушы құқықтық мемлекет түсінігі аясында байланыс пен баспасөз еркіндігінің жалпы түркі халықтары арасында толыққанды салтанат құруына бағытталған. Халықаралық деңгейде ықтымақтастығымызды дәлелдеу де басты мақсатымыздың бірегейі. Федерацияның бас штабы Анкара қаласында орналасқан.
— Түркі халықтарына ортақ телеарна құру туралы бастаманың күн тәртібіне қойылғанына біраз уақыт болды. Бұл мәселеге қатысты қандай ойдасыз? Бұның түркі халықтары үшін қаншалықты маңызы болмақ?
— Түркі халықтарына ортақ ақпараттық кеңістік орнатып, бір арнада тоғысатын кез әлдеқашан келген. Тіпті біз бұл мәселеде кешеуілдік танытып отырмыз деп те айта аламын. Өкінішке орай, кейбір жетекші пікірлер мен кертартпа көзқарастар бұл мақсатымыздың жүзеге асуына айтарлықтай кедергі келтіруде емес пе? Құзіретті органдар бұл жоспарды кейінге қалдыра бермей, іспен дәлелдеймін десе, оған пәрмендері жетеді. Аз уақыттың ішінде жүзеге асыра алатын іс қой бұл. Қайтеміз, әзірге тек қағаз жүзінде ғана айтылып, жоспарымыз сиырқұйымшақтанып барады…
Ал енді, бұның түркі халықтары үшін қандай маңызы болмақ деген сұрағыңызға келер болсақ, барша түркі халықтарына ортақ құндылықтарды — салт-дәстүрімізді, мәдениетімізді, әдебиетімізді, қысқасы, руханиятымызды сақтап қалу үшін өзекті болмақ. Ортақ ақпараттық кеңістік әлемдік сахнада түркілік тегімізді танытуымыз үшін де маңызды. Әлбетте, ортақ телеарна ашу оп-оңай іс емес, мәселелер жеткілікті болмақ. Солардың бірі — ақпараттың қай тілде таратылатындығы. Бірақ бұл түйінді қиын мәселе емес. Мәселен, әр халық субтитр арқылы өз тілінде хабар тарата алар еді.
PS: Ақпарат қызметкерлерінің басын біріктіру — ақпарат саласында келешекте бірігу, ал бұл дегеніміз, бүкіл түркі халықтарының ортақ ақпараттық кеңістігінің қалыптасуының алғышарттары болса керек.
Нұргүл ЖАМБЫЛҚЫЗЫ