Елбасы алтын тақтан неге бас тартты немесе ел тағдыры кімге аманат?
19 наурыз күні тәуелсіз қазақ елінің тұңғыш президенті тікелей эфирде халқымен қоштасып, 30 жыл басқарған билік тізгінін Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсырды. Бұл Ата заңға сай тәртіп. Оған бағыну ләзім. Осылайша сексеннің сеңгіріне қадам басқан Елбасы, артына қызығы мен шыжығы мол, тарих үшін сан қатпарлы шежіреге толы дүниені «аузы буылған қанардай» етіп тастап кетті. Ол қанардың ішінде бәрі қаттаулы. Оның ішінде не жоқ дейсіз? Саясат қырқасындағы түлкібұлаң жүрістер, арыстандай ақырған сәттер, жолбарыстай атылған мезеттер, арлан қасқырдай қызылсырап жортқан кезеңдер, қыран-бүркіттей құйылып түсіп, жемтігін бауырына басып ашқарақтана жеген күндер, тотыдай мың сан түрленген түндер…
Бірақ ол қанар қаптың қазіргі жүргізіліп жатқан саясат тұрғысынан қарағанда бүгін-ертең ашыла қоюы екіталай. Тарих — сонысымен жұмбақ, сонысымен қадірлі. Әйтсе де қанар қаптың буылған аузы түбінде бір шешілері анық… Сонда айтылар даңқ пен дақпырттың шындығы; сонда көрінер шындық пен жалғандықтың аражігі; сонда білінер адами болмыстың тазалығы; сонда сезілер, ер мен ездің парқы; сонда айқындалар жағымпаздық пен аңғарымпаздықтың шарты; сонда таразыға тартылар асыл мен жасықтың құны.
Қалай десек те, 30 жыл ел билеген Президенттің (әлі де мүмкіндігі бола тұра) «алтын тағынан» бас тартуы — үлкен ерлік! Тамаша бастама! Бұл ақсақал дәрежесіне жеткен кісінің көп толғанысының жемісі! Халық болғасын, оның ішінде ұрдажықтары да болады емес пе? Сондайлардың президентке тіл тигізіп, әлеуметтік желі арқылы «Әй, шал, кет!» деп айқайлағаны да есімізде. Бұл әрине әбес қылық. Көргенсіздік! Оны Президент естіді ме, естімеді ме, ол жағы бізге беймәлім. Белгілісі: соңғы уақытта халық дүр сілкінді. Қалың ұйқыдан оянды. Алды-артына қарайтынды шығарды. Жақсы мен жаманның парқын, аражігін аша алатын болды. Жердің асты мен үстіндегі мол байлықтың қайтарымы жайлы сөздер айтыла бастады. Талап-тілектер күшейді. Жемқорлық жайлаған жүйедегі келеңсіздіктер бас көтерді. Мұның бәріне әлеуметтік желінің ықпалы зор әсер етті… Қорыта айтқанда, президенттің бұл шешімі — Халық қаласа хан түйесін сояды деген тәмсілге сенуге итермелейді… Иә, біреудің ішіне біреу кіріп шығып па? Бәлкім билікке жанама әсер етуге де ықпалы болар… Өйткені ел еңсесін көтеруге бағытталған, қыруар қаржы жұмсалған бағдарламалар аяқсыз қалмауға тиіс қой…
Баз бір саясаткерлер Қазақстанның таңдаған билік транзиті Сингапурдың президенті Ли Куан Ю-дың жолына ұқсайды деп жүр. Олай болса Ли мырза да 30 жыл ел басқарып биліктен кетіп «Аға кеңесші» деген атақпен ақыл-кеңесін беріп, Сингапур мемлекетінің саяси өмірінде өз орнын сақтап қалды емес пе?… Ендеше тұңғыш президенттің мол тәжірибесіне неге иек артпасқа?
Шыңыраудай терең саясаттың түбіне жеткен кім бар? Оның бұлтарысы мен қалтарысы қаншама? Сондықтан да нақты кесіп-пішіп айту қиын. Айтарымыз тек болжам ғана. Әйтпесе, біздің елде орындыққа «жамбасы жабысып қалған» қаншама шенеуніктер бар. Былқ етпейді-ау, былқ етпейді. Жастар өсіп келеді-ау, менің осы жүрісім не дейтін біреуі жоқ. Орнынан қозғаса көздері жасаурап, тілдері күрмеліп аянышты кейіпке енетіндері қаншама? Тіптен дардай болып еңіреп жылағандарды да білеміз. Ал мұндай билік тармағынан — қандай жаңашылдық, қандай тың бастама күтуге болады? Ешқандай! Сондықтан ендігі «қариялар» Президенттен үлгі алып, биліктен өз беттерімен бас тартып, жаңа заманның жаңашыл ұрпағына жол беретін кезі жетті. Өйткені «Елбасының айтқанымен», «Елбасының тапсырмасымен» жүретіндерге, енді «Елбасының соңынан» еретін де уақыт келді… Елбасыға адалдық — осындай да көрініс беруі тиіс…
ЕЛБАСЫ КЕТКЕНДЕ ЖҰРТ НЕГЕ ЖЫЛАДЫ?
Көкейдегі бір сауал «Президенттің өз еркімен отставкаға кетуін халық қалай қабылдады?» — дегенге саяды.
Меніңше, Президент ауысып көрмеген қазақ елі мен даласы үшін бұл тосын жаңалық, соны соқпақ көрінгені жасырын емес. Әйтпесе, бір президенттің кетіп, бір президенттің келіп жатуы дамыған елдерде қалыпты жағдай. Тіпті Түркияда, Қырғызстанда у-шусыз-ақ әскери төңкеріс жасап немесе көтеріліске шығып, президентті тақтан құлатқан оқиғалар болған. Ондай сәттерде біздің елдегідей «жүрегі ауырып, көзі қарауытып» жылап жатқандар мүлде кездеспеген тәрізді. Салқын қабылдайды. Әрине, көзі үйреніп қалған адамда қимастық сезімнің бой көрсетуі табиғи қалып. Ол оттықтың ұшқыны тәрізді нәрсе ғой. Жарқ етеді де, жалп етеді… Сондықтан тұңғыш президенттің билік сахнасынан кетуімен өмір бітпейді. Тіршілік жалғасын таба бермек.
Ат төбеліндей ғана мемлекеттік сая-сатқа қарсы топтардың айқай-сүреңі мен аттандаған дауысы, қарапайым жұрттың да делебесін қоздырып қоятыны бар кейде. Содан да болар бүгінде қонақсыз күні өтпейтін (жарымай отырса да) қазақтың саясатты сөз етпейтіні некен-саяқ. Көшеде де, көлікте де, ырғын кезекте де қоғамға реніш өршіп тұр. Бай мен кедейдің арасы тым алшақтап кеткені де билікке үлкен — сын болды. Әлеуметтік мәселенің де ушығуы — «арық атқа қамшы ауыр» екенін аңғартты. Бұдан не түюуге болады? Меніңше, қоғамды «шаң-тозаңнан» арылтып, өзгерісті күтетіндер саны артып барады. Демек, жаңа президенттің алдында үлкен жауапкершілік пен ұлы міндеттер тұр…
«Сырт көз сыншы» демекші, Президенті ауысқан елдің «болашағын» талқылаған шетел саясаткерлерінің дені Нұрсұлтан Назарбаевты көшбасшы президент деп қолпаштап-ақ жатыр. Кім қандай ниетпен айтуда, оны саралау, анықтау келешек ұрпақтың міндеті. Өз қайраткерлеріміз де қалыспай, «ода жарысына» түсіп кеткендей аламанда ат оздыруда. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін халықпыз ғой. Бірақ лайсаңы мен батпағы көп тіршілікте, үстіңе тозаң жұқтырмай өту мүмкін бе өзі? Осыны естен шығарып алып жатқандар көп. Күні ертең бастағы бақ жалт бергенде, кімнің кім екені танылар… «Бақыт кімнің күліп тұрса басында, сатқындықта күліп жүрмек қасында» Мұхтар Шаханов.
Елбасыға бір кісідей дат айтқан жанның бірі мен едім. Билікті де сынаған кезім көп. Ол үшін мені қудалап, абақтығы сүйреген жан болмады. Қысым да көрсетілген жоқ. Енді бүгін, өз түйгенімді былайша өрбіткім келеді. 30 жылда аюдай ақырған орыспен, аждаһадай ысылдаған қытаймен арбасу — тұңғыш президенттің пешенесіне жазылыпты. Осынау ауыр жолда қаншама жүйке мен төзім сарп етілді десеңізші? Мұны көрмеу, мұны бағаламау көрсоқырлық емей немене? Елбасының қандай деңгейдегі саясаткер екеніне Тариx ата бағасын бере жатар. Бірақ өз заманында Орта Азияның барлық президенттерінен жоғары тұрды. ТМД аумағында беделі зор басшы болды. Бұл — дәлел! Бейнелеп айтсақ, 30 жылда елі үшін атқарған шаруасы қара нарға артылса, ол жануар ақырып-ақырып шөгіп қалар еді. «Көрмес түйені де көрместің» кебін кимейік. Біз Елбасының ерен ерліктерін мақтан етуге тиіспіз… Қате-кемшіліктерін енді тере беру — немәрттік!
Сондықтан билік басынан кететін адам кетті. 30 жыл ел басқарып билік транзитінің Қазақстандық үлгісін көрсетіп ұрыс-керіссіз, атыс-шабыссыз әдемі кете білді. Отанымыз үшін қажетті қадамды жасады. Кім не десе де биліктің транзиті басталды! Ендігі президент — өткеннің жақсылығын алып, жамандығынан жиренгенін тілейік.
ЖАҢА ПРЕЗИДЕНТ ЖАҢАШЫЛДЫҚ КӨРСЕТЕ АЛА МА?
Ендігі сөз Президент міндетін атқарушы Қасым-Жомарат Тоқаев һақында. Сөз басында айтқанымыздай Ата заңымызда Сенат төрағасы Президент ауысқан жағдайда автоматты түрде сайланатын Тұлға! Демек, билік басында отырған адам өз қауіпсіздігін ойласа, бұл орынға сенімді, өзіне адал жанды отырғызып, «келешекке де көз жүгіртіп», алды-артын саралап, өзінен кейін саясаттың арбасы өз даңғылымен жүруін қалайтыны анық. Егер осы формулаға салсақ, саяси есептің жауабы оп-оңай шыға келеді. Ал босаған сенат төрағасы орынтағына жайғасқан Дариға Назарбаеваның сайлануы — терең пәлсафалық ойларға жетелейді… Ол бөлек әңгіме арқауы…
Сонымен Қасым-Жомарат Тоқаев кім? Қазақстанның мемлекет және қоғам қайраткері, саяси ғылымдар докторы, Қазақстан Республикасының бұрынғы Премьер-министрі (1999-2002), Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы (2013 жылдың 16 қазанынан бастап). Осы деректердің өзі-ақ Тоқаевтың саяси салмағын биіктетіп тұрғандай. Ол аз десеңіз, Тұңғыш президенттің «тәрбиесін» алған тұлғаның, «өзі су ішкен құдығына түкірмесі» айдан анық. Ендеше көзі ашық, көкірегі ояу адам, бүгін-ертең тың жаңалық болмайды-ау деп күманданады. Бірақ жаңа президент билік арғымағының қос тізгінін қатар ұстамаса да, әрегідік «әйт, шу» деп қоятынына көріпкелдік қажет емес…
Әлеуметтік желідегі қауым жаңа президент ант беру рәсімінде Елбасына жағынып сөйледі деп кінәлап жатты. Жалпы Тоқаев — тұйық адам. Дипломат. Ішкі, сыртқы саясаттан хабары мол. Ақорданың тыныс-тіршілігі де жат емес. Атойлап шабатындардың да санатына кірмейді. Не болса да ішінде. Ал үлкен кісінің алдында төменшіктеуі — мысы басқандығынан болар. Ұлттық менталитет те қанда бар. Билік дәлізіндегі әріптестік бір төбе! Жақсылықтың өтеуі де жадында. 30 жыл ел басқарған адамның жағасына жармаса кетсе, кісілігі қайда қалады? Сынағанның жөні осы деп төпелей беруге болмас. Мұндай сәттерге ар-ұят биігінен қараған жөн. Сосын бұл ресми сайлау алды дебат емес. Қаралап күйе жаға беретін. Өз еркімен кетіп, билікті ұстатқан тұңғыш президентті шығарып салуға арналған тарихи кезең. Ол қалай болса да Қазақстанның тұңғыш президенті! Сый мен құрметке бөлеп шығарып салу ұлт болып ұйысқанымызды, саяси мәдениетімізді көрсетеді.
Тұңғыш президентке Халық каһарманы мен Алтын жұлдыз белгісінің берілуі де елдігіміздің көрсеткіші. Нұрсұлтан Назарбаев бұл сый-сияпатқа әбден лайық тұлға! Ешкімнен кем емес. Әлем мойындаған тұлғаларға қарап отырсаң кем-кетіктен ада біреуі жоқ. Тұлға жасау ұлттық болмысты анықтайтын — анықтауыш секілді! Ендеше «бұдан да жаманында тойға барған қазаққа» бәрі жарасады.
Иә, уақытша сайланған президент туралы алып-қашты әңгіме көп. Көбінің айтатыны: жүйе өзгермейді. Қауіпсіздік Кеңесі, «Нұр Отан» арқылы тұңғыш президент бар билікті өз бақылауында ұстайды дегенге саяды. Оған жауапты жоғарыда бердік. Негізі келесі президент сайланғанша, жаңа президент өз билігін мойындатып, оң-солын танығанша Елбасының саяси өмірдегі белсенділігі мен ықпалы қажет-ақ. Бірақ бұл да уақытша нәрсе. Бәрібір бұрынғыдай бір кісінің аузына қараған саяси жүйе енді болмайды… Себебі сырттан қараған адам — сыншы келеді! Ол — өзіне дейінгі басшылар сүрінген шұңқырды айналып өтеді…
Тұңғыш Президент мақтауға, мадаққа зәру жан ба? Әрине жоқ. Бірақ біздің шенділер асыра мақтауға тым үйір. Тәттіні көп жеген адамның тілі уылып кетуші еді. Олардың тәттіге тәбеті басылмай тұр… Бұрынғы бұрынғы ма, экс-президентке мақтау-мадақ, айқай-сүрең үдеп тұр. Сол керек пе өзі? Әрине, қажет емес. Жамандық пен жақсылық итжығыс түсіп жатқан мына заманда, көпіртіп мақтау мен өшіріп даттауға уақыт керек. Он жыл, бәлкім ширек ғасыр! Бүгінгі шуылдақтардың қаншалықты салмағы барын да мезгіл таразысы өлшеп береді. Мысалы, Тұңғыш Президенттің қиын-қыстау кезеңде Астана сияқты әлем тамсанған алып шаһарды салудағы мақсаты айқындалды. Арман-мұраты да анықталды. Қалың қазақ Сарыарқаға ойысты. Ал оны бір кездері ақымақтыққа балағандар, бүгіндері таңдай қағысып, тамсанып жүр. Сондықтан да не нәрсеге де түпкілікті баға беруге болмайды. Шындығын айтайық, бүгіндері Астана мен Нұрсұлтан егіз ұғымға айналды. Оны енді ешкім ажырата алмайды…
«НҰР-СҰЛТАНДЫ» ҚОЙҒАНДА ХАЛЫҚПЕН НЕГЕ ЕСЕПТЕСПЕДІ?
Парламенттің қос Палатасы жаңа Президент Тоқаевтың Астана қаласын Нұр-Сұлтан атымен атау жайлы ұсынысына әдеттегідей бірауыздан дауыс беріп қолдайтындарын білдірді. Оған көз көріп, құлақ үйренгелі қашан? Тым құрыса біреуі, «Нұрағамыздың биліктен кеткені бүгін ғана. Соншалықты асығатын не бар? Мұнымыз сырт көзге оғаш көрінбей ме? Халықтың да пікірімен санасайық» демеді-ау!
Әрине бұл ұсыныс халықтың көпшілігіне соншалықты ұнай қоймады. Біраз жұрт жағымпаздықтың шыңы деп бағалады. Әркім әр саққа жүгіртті. «Альпари» аналитикалық-ақпараттық орталығының басшысы Александр Разуваев Астана атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуге шамамен 125 млн. доллар қаражат кетеді деп жазды. Бұл жайында РИА НОВОСТИ сайты мәлім етті. Сарапшының пайымдауынша 80 млн. доллар қала тұрғындарының құжаттарын жаңалауға, 25 млн. доллар бағыт көрсетуші, нұсқаулық тақтайшаларды жасауда, ал 5 млн. доллар қала картасын жаңартуға кетеді. Сонымен қатар 15 млн. доллар Конституцияға өзгеріс енгізу барысында жұмсалуы мүмкін. Әрине, өзге де ірілі-ұсақты шығындар тағы бар. 125 млн. доллар өте үлкен қаражат. Еліміздегі әлеуметтік мәселелер қордаланып тұрған сәтте, бұл қаражатты халықтың тұрмысын жақсарту мақсатында қолданса қайтер еді… Қала атауын өзгертуге бәлки бұл қаржыдан аз, бәлки көп кетер. Өйткені бұл бір ғана сарапшының есептеуі. Мемлекет әлі нақты көлемін көрсетпеді. Тіпті бізге жеткен соңғы ақпараттарда қала атауын өзгертуге көп қаржы шықпайды деген сөздер айтылуда. Бірақ мәселе онда емес, мәселе дәп қазір бізге осы керек пе? Міне, үлкен сұрақ осы!
Совет дәуірінде Сталинград, Ленинград, Калининград, Ворашиловград деген қалалар болды. Бүгінде аты түгілі, заты да жоқ. Сол секілді өз халқын қиын кезеңдерде тығырықтан шығар жол тауып, жарқын өмірге алып шыққан басшылар көп. Бірақ олардың ешқайсысы президенттің ғана еңбегі деп санап, астаналарын президентінің құрметіне ауыстырып жатқан жоқ. Өткен уақытта түркиялықтар Стамбулды Ататүрік қаласы деп, сингапурлықтар Сингапурды Ли Куан Ю деп неге атамаған? Тіпті атышулы солтүстік кореялықтар мен кубалықтар Пхеньянды Ким Ир Сен деп, Гавананы Кастро деп атамағанына таңғаласың. Иә, американдықтар елінің астанасын президентінің атымен атады. Ол — Вашингтон. Бірақ ол бір күнде жүзеге аспады. Халықтың қалауымен санасып барып іске асты. Біздегідей бір күнде ұсыныс айтылып, халықпен санаспай ертесіне қызу қолдауға ие болған жоқ…
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің әр қаласындағы орталық көшелер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталуы керек деп мәлімдегені сол еді, ертесіне еліміздегі бүкіл қалалардағы орталық көшелері өзгеретін болып шыға келді. Қайталап айтамын, халықпен санасу, тұрғындармен кеңесу деген қайда? Халық — Алланың бір аты емес пе?! Әлде әпербаққан басшылар, «халық біздің қолымызда. Олар бізден асып қайда барады» деп ойлай ма екен?! Егер олай ойласа қатты қателеседі! Халық — жұмылған жұдырық секілді. Кез келген уақытта соғып жіберуі мүмкін. Сонда кінәлі кім болып шығады? Жалпы әкім-қараларға жоғарыдан түскен пәрменді қарамағындағы жұртына көркем мәмілемен түсіндіре білу үлкен өнер. «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деген осы!
Мәселен, Павлодар қалалық мәсли-хатының депутаттары шаһардағы Тәуел-сіздік даңғылын Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен қайта атау туралы бірауыздан келіссе, Қостанай қаласындағы Абай даңғылы енді Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы болып кетуі бек мүмкін.
Ал Ақтөбедегі Әбілқайыр хан даңғы-лының бір бөлігін Нұрсұлтан Назарбаев көшесі деп атауға байланысты облыстық мәслихатта кезектен тыс сессия өтіпті.
Абай мен Әбілқайыр хан атындағы, тұғырлы Тәуелсіздігіміздің атындағы көшелердің Нұрсұлтан Назарбаев деп өзгеруі миға қонбайды тіпті. Бұл дегеніңіз бір алыпты бір алыпқа жығып беру емей не? Атау керек болса, 30 жылда мұрты бұзылмаған Петропавл мен Павлодарды неге еске түсірмейміз?.. Әйтпесе Абай мен Әбілхайырдың, ата-баба аңсап өткен тәуелсіздіктің өз орындары бар емес пе? Неге бұрын шыққан мүйізден, сақал озуы керек?
Бұра тартып мақтағаным емес, бұл көрініске Тұңғыш Президент Н.Назарбаев та, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та кінәлі емес. Бұған «шаш ал десе, бас алатын» жағымпаз әкімдер мен «үндемес ойнаудан жүлде бермейтін» депутаттар кінәлі.
Бір желі қолданушы «…Мәселен, Өскемендегі орталық Тәуелсіздік көшесін өзгертпей-ақ, дәл сол орталықтағы Чехов, Протозанов, Астана, Ворошилов, Карбышев көшелерін Назарбаевтың есімімен атаса болмай ма? Солай болса, қайта бір көшеміздің атауы қазақшаланып қалды деп қуанар едік. Тіпті Петропавлді Нұркент, Павлодарды Нұрқала десек те артық болмас еді. Əсіресе осы облыстарда бір көшенің атын өзгерту үшін жан беріп, жан алысып, 5-6 орыс зейнеткерден қорқып, жер-су, көше аттарын өліп-талып қазақшаға аударғанға мәзбіз…» деп жазыпты. Бұл халықтың ойы білгенге…
Тағы айтамын, Тоқаев тапсырма бергенде Абайды аласартып, Тәуелсіздікті төңкеріңдер деген жоқ. Бәрі жағымпаз, дарақы басшылардың ісі… Осы бір жалаулататын, алаулататын әдеттен арылатын күн қашан туар екен?
ТҮЙІН:
БӘРІН ҚАТАЛ УАҚЫТ ӨЗ ОРНЫНА ҚОЯДЫ
Биылғы Наурызымызға саясат араласып кетті. Кездейсоқтық па, жоқ әлде, сәйкестік пе? Тұңғыш президент — Наурыз мейрамы қарсаңында 30 жыл басқарған билікті Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа табыстады. Табиғаттың адам баласына берген тамаша сыйы — күн мен түннің теңескен, жер бусанып, бәйшешек гүл алты ай бойы сірескен қар астынан қылтиып шығатын уақытта билік ауысты. Атамыз қазақ «Наурызда Самарқанның көк тасы жібиді» деуші еді. Есті патшалар Наурыз айында өз халқына мейлінше жақсылық жасауға тырысатыны да айтылатын. Тым ертеде бұл күні патшалар құлдарына азаттық беріп, байлар шүлен таратады екен.
Көнекөз қарияларды көрген, салт-дәстүрді жетік білетін Президент Нұрсұлтан Әбішұлы ырымға сенді ме, әлде басқа бір ойлағаны бар ма, әйтеуір тап осы күні тәуекел етті.
Шынын айту керек, «анау деп, мынау деп» кінә артуға бейім жұрт басында абдырап қалды. Қимастық сезім бой көтерді. Көңілшектігі көлдей, ашу-ызасы шөлдей, өкпеге қисада өлімге қимайтын халықпыз ғой, арамызда жылағандар да кездесті. Бірақ біздің жылағанымыз не тәйірі, депутаттардың көздері қызарып, жасқа толған жанарлары мөлт-мөлт етті. Құдай аясын оларды.
Қайтейін, кей журналистер жылаған депутаттардың сөзін сөйлеп, көңілшектікке теңепті. Үндемей қалуға да болар еді, бірақ ар-сотының алдында адал болуы үшін іштегі запыран ойды сыртқа шығарып тастамақпын. Айтайын дегенім, сол көңілі бос адамдар Астанада 5 сәби тірідей өртеніп өлгенде қайда қалыпты? Көздерінен жас шықпақ түгілі, көңіл айтуға да жарамады ғой! Жаңаөзенде қыршындар қиылып жатқанда көңілдері неге мұз болып қатып қалды? Ата жауы ма еді олар? Ақтөбе мен Қызылордада ыстан өлген сәбилер шетінегенде, қамкөңіл болып, пікір білдірген депутат болды ма? Көпбалалы аналар үкіметке талап қойып жанайқайын жеткізіп жатқанда «қайтсін, байғұстар-ай» деп көзіне жас алғаны бар ма? Осындай қысылтаяң кездерде жас шықпаған көзден, Президент биліктен кеткенде жас тамшылауы қалай?…
Тұңғыш президенттің Астанаға сіңірген еңбегін айттым. 20-30 жылдан кейін келесі буын бағалап дұрыс деп тапса атауын қалдырар. Қаламаса Астана атына қайта көшірер. Бәлкім басқа атау табар. Ол келешектің шаруасы. Ал бүгін шешім қабылданды. Астана — Нұрсұлтан атанды. Көптеген жерде жасанды қолдау акциялары да өтіп жатыр. Тариxқа қарасаңыз өміршең шешімдер өз күшінде қалып, әкімшілік күшпен қабылданған дүниелер уақыты өте келе жойылып отырған. Сондықтан ең дұрысы бұл тақырыпты тариx таразысына беру жөн-ау, сол!
Иә, жөн сөзге тоқтаған халық едік. Белгілі журналист, ақын Қазыбек Исаның мына сөзімен ойымды түйіндемекпін. «…біз Елбасыға елорданың атын берумен бірге тариxи сабақтастық ретінде Петропавл қаласына кезінде өзінің ордасы тұрған, үш жүздің басын қосқан қазақтың ұлы xаны Абылай xанның атын, Павлодар қаласына қазақтың тәуелсіздігі үшін күрескен қазақтың соңғы xаны Кенесарының атын, кезінде Алаш қаласы атанған Семейге қазақ тариxында ғана емес, Орта Азияда тұңғыш саяси партия құрған Алашорда үкіметінің төрағасы Әлиxан Бөкейxанның атын беріп, жақсы жалғастырып алып кетуіміз керек. Кеше ғана Қазақ xандығының 550 жылдығын тойлауды Елбасының өзі бастағанын білесіздер. Ендеше, бұл тариxи тамырымыздың тереңдігін, саясатымыздың кемелдігін көрсетер іс болады деп білемін. Мәслихаттарымыз да, Парламентіміз де қала атын ауыстырудың ғарыштық жылдамдығын көрсетіп отыр, ендеше 28 жылдан бері неге созып келгенбіз бұл қалалардың атын ауыстыруды?..». Бұған менің алып-қосарым жоқ.
Мін таққыш, сынағыш шетел саясаткерлері Президенті ауысқан елімізге күйе жағып әлек. Тіпті, «олар үш жүзге, руға бөлінеді, бастары бірікпейді, от салып, бөліп жіберу оңай» дегенді ашық жазып жатқандар бар. Мұндай арандаушылардың сөзіне ұлт болып қалыптасқан қазақ халқы ермейтініне кәміл сенімдімін. Алладан елімізге тыныштық, жаңа президентке тауфиқ тілеймін.
«Істің қалай біткеніне емес, қалай басталғанына қарап бағала» демеуші ме еді ұлы Абай. Данышпан ойшыл айтпақшы, жаңа Президенттің аяқ алысы жаман емес. Қасым-Жомарт Тоқаев елдің нені көксейтінін жақсы білетіні аңғарылады. Оны бірнеше жиында көрсетіп үлгерді. Мемлекет басшысы өңір әкімдерінің қатысуымен өткен кеңесте Үкімет мүшелерінің баяндамаларын талқылау барысында білім беру жүйесінің үштілділік бағдарламасын іске асыру мәселелеріне назар аударды. «Бұл — өте күрделі әрі маңызды мәселе. Менің ұстанымым, біріншіден, қазақ тілі болуға тиіс, орыс тілі болуға тиіс. Бұлардың балаларымыз үшін маңызы зор. Тек содан кейін ғана ағылшын тілін оқыту керек», — деді. Бұл енді халықтың көп талап-тілегінің бірі еді ғой. Алла жазса алдағы уақытта көптеген келелі мәселелердің түйіні шешіледі деген ойдамын.
Тағы бір жағымды жаңалық, Тоқаев әлеу-меттік желіде отырады. Баяғыдан солай. Бір кездері қырғыз президенті Сооронбай Жээнибеков әлеуметтік желіде отырады дегенде таңданған жұрт едік. Енді өз Президентіміз де халықпен бірге. Бұл қуанарлық жайт!
Тақ Сүлейменнен қалған бір сөз бар: «Бұл да біздің бастан өтеді» деген. Осы тәмсілге жүгінсек, Мәңгілік ештеңе де жоқ, бәрі уақытша, билік, байлық — желқайық сияқты. Замана желіне тәуелді. Мәңгілік байлықты, мәңгілік билікті көрген тірі пенде жоқ. Бұқар жырау бабам айтқандай: артымызда қалатыны, «ғалымның хаты, жақсының аты» ғана…