АЙТЫС ӨНЕРІНІҢ АЛМАС ҚЫЛЫШЫ

Ақын, аудармашы, драматург, Қызылжар өңірінің тумасы Ерік Асқаров тірі болса, биыл қаңтар айының 10-жұлдызында 60 жасқа толар еді. Айтыс өнерінің майталмандары атап айтқандай, кіндігімен Қызылжарға байланып қалған азат ойлы ақынның мерейтойы облыс орталығында кеңінен аталып өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған ауқымды шараларға Қазақстан айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы Жүрсін Ерман және Ерік Асқаровпен айтыс өнерінің қайта жаңғыруына елеулі үлес қосқан айтулы азаматтар, халық ақындары Қонысбай Әбілов, Әселхан Қалыбаева, Әсия Беркенова, Қазақстан Жазушылар одағының, Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, әдебиеттанушы ғалымдар қатысып, мерекелік шараның мәртебесін асырды.

 

Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебі

Мерейтойдың алғашқы күні еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар, зиялы қауым облыс орталығындағы зәулім ғимарат — Оқушылар сарайында Ерік Асқаров атындағы жас ақындар мектебі кабинетінің тұсаукесер рәсіміне қатысты.
Осынау шарада облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет:
— Мағжан Жұмабаев ауданындағы Дүйсеке ауылының тумасы, ақын, аудармашы, драматург Ерік Асқаров қамшының сабындай қып-қысқа өмірінде ақындықтың көрігін қыздырып, туған халқын, өсіп-өнген топырағын емірене, егіле жырлады. Абайды пір тұтып, Мағжанға тағзым етті, Қасымды ардақтап, Мұқағалиға мұңын шақты. Осынау аз ғұмырында артына мол мұра қалдырып, қазақ әдебиетінің көрнекті ақындарының біріне айналды. Оның өткір қаламынан туған «Көгілдір», «Қазақстан ғасыры», «Астана жұртын айналсам» жыр жинақтары, «Біржан сал», «Қызыл қала — Қызылжар» атты пьесалары, аудармалары Ерік Асқаровты дарынды жазушы ретінде танытты. Жерлесіміз дара дарынымен Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлығының, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанғанда 29 бен 30 жастың аралығында ғана болатын, — дей келіп, екі жылдан бері облыс орталығында айтыскер ақын Жарқын Жұпарханның жетекшілігімен 5 бағыт бойынша Ерік Асқаров атында жас ақындар мектебі жұмыс істейтіндігін, Мәдениет және Білім басқармаларының қолдауымен құрылған өнер ордасында шығармашылыққа баулынатын 40 жеткіншек облыс қана емес, республика көлемінде өткізілетін ақындар айтысына, жыр мүшайраларына, Абай, Мағжан оқуларына белсене қатысып жүргендігін атап айтты.
Жүрсін Ерман Ерік Асқаровтың айтыс өнеріне жаңалық болып келгенін, ұлттың ұятын, рухын оятуға, тәуелсіздікті жырлауға ерекше үлес қосқанын айта келіп:
— Ерікпен телевизия салысында бірге қызмет істедім. Адуынды ақынның Қызылжар өңіріне деген ықыласы ерекше еді. Туған жерін талай рет отты жырларына арқау етті. Әлі толық ақтала қоймаған Мағжан Жұмабаевтың өлеңдерін, «Батыр Баян» поэмасын жатқа айтып жүретін. Қызыл империя кезінде ас бөлмеде сыбырлап, ақырын ғана айтатын сөздерді сахнаға шығарды. Сөйтіп тыңдармандардың қошаметіне бөленді, — деді.
Тұсаукесер рәсімінен кейін той қонақтары кабинетті аралап, ондағы жәдігерлермен, танымдық материалдармен танысты, мектеп оқушыларына игі тілектерін арнады.

 

Оның шығармаларындағы батырлық пен өжеттік

Салтанатты шара осы күні «Қайың де мен көшпейтін туған өлкемнен» атты ғылыми конференциямен жалғасты. Шара модераторы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жиналған қауымға Қазақстан Жазушылар одағының мерейтойға орай жіберген құттықтау хатын оқып берді.
Конференция барысында ғалым, Еуразия университетінің профессоры Мағымбай Жұмағұлов ақынның проза, драматургия, аударма жанрындағы шығармаларына тоқталды. Ерік Асқаров 1974 жылы жазылған «Қаралы көш» әңгімесін Бейімбет Майлин стилінде жазған екен. «Көркем шығармада Мағжан Жұмабаев пен оның әкесі Бекен болыс кеңінен әңгімеленеді. Қылышынан қан тамған тоталитарлық заманның өзінде Мағжанды суреттеуі ақынның батылдығы мен өжеттігін аңғартады», — деді баяндамашы. Сағымбай Жұмағұлов Ерік Асқаровтың есімі мен мұрасын насихаттауды жүйелеу жайлы өз ұсынысын да ортаға салды. Мысалы, жерлесіміздің бірде-бір туындысы Әдебиет порталына енгізілмеген. Сондай-ақ жазушының грузин қаламгерлерінің пьесаларын қазақша сөйлеткені көп айтылмайды.
Алаш арысы Қошке Кемеңгерұлының немересі, Еуразия университетінің доценті Қайырбек Кемеңгер Ерік Асқаровтың лирикалық мұрасына талдау жасады.
Конференция барысында халық ақындары Әселхан Қалыбаева, Әсия Беркенова, Қонысбай Әбілов, манасшы, ақын, жазушы, драматург Баянғали Әлімжанов және тағы басқалары Ерік Асқаров жайлы қызғылықты естеліктер айтып, осынау шараны ұйымдастыруға мұрындық болған облыс әкімшілігіне, мәдениет басқармасына ризашылықтарын білдірді.

 

Аспандаған рух

Келесі күні облыс орталығындағы Жастар сарайында өнер аспанында құйрықты жұлдыздай ағып өткен біртуар тұлғаның туғанына 60 жыл толуына орай «Қайың де мені көшпейтін туған өлкемнен» деген атпен ұйымдастырылған республикалық ақындар айтысына жиналған халық орнынан тұрып, 44 жыл ғана ғұмыр кешкен ақын да еске алды. Облыс әкімінің орынбасары Мадияр Қожахмет жиналған қауымды әз-Наурыз мерекесімен құттықтап, айтыскер ақындарға сәттілік тіледі, үш ұл, бір қыз өсіріп отырған Еріктің сүйікті жары Нәсіпжан Медиқызының иығына жұртшылық атынан шапан жапты, жібек орамал сыйлады.


Аламан сайысты Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін Ерман жүргізіп, кезінде Ерік Асқаровпен қатар өнер көрсеткен Аманжол Әлтаевты, Айтақын Бұлғақовты, Абаш Көкеновты, Айбек Қалиевті, Серік Құсанбаевты, Қуаныш Мақсұтовты, Құдайберлі Мырзабековті, Бекарыс Шойбековті, Маржан Есжанованы, Қанша Райысованы айтыс алаңына шығарды. Сахнаға шыққан Ринат Зайытов, қызылордалық Кенжебай Жүсіпов, қордайлық Күмісай Сәрсенбаева, астаналық Серікзат Дүйсенғазин, «Алтын домбыра» сыйлығының екі мәрте иегері Мұқтар Ниязов, жаңақорғандық Әбілқайыр Сыздықов, алматылық Серік Қалиев, қызылжарлық Жарқын Жұпархан, Әлібек Серғалиев, Мұхаммед Қоңқаев жалынды жырларымен, түйдек-түйдек ойларымен айтыстың көрігін қыздыра түсті, Еріктің шындық құрықталып жатқан кезде халықты сан мәрте орнынан тұрызған кездегі бейнесін аспандатты.
Айтыс барысында Еріктің ұлы Бекзат астаналық әріптесі Олжас Отармен сахнаға шығып, жыр додасында тұсауларын кестірді. Осы күні ақынның ұрпағы Абылай Ерікұлы да халық әні «Самалтау» мен Қасым Аманжоловтың «Өзім туралы» әндерін орындап, тыңдарман қауымның ықыласына бөленді, әке атына лайық ұл екенін танытты.
Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов, Баянғали Әлімжанов бастаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлде Шығыс Қазақстан облысынан келіп, айтар ойын ірікпеген төкпе ақын Серік Құсанбаевқа берілді. Бірінші орынды шымкенттік Маржан Есжанова иеленді. Екінші орынды Қарағанды обьлысы атынан сынған түскен Аманжол Әлтаев жеңіп алды. Үшінші орынды қызылордалық Мұқтар Ниязов пен түркістандық Бекарыс Шойбеков бөлісті.

Нұрсайын Шәріп,
Суретті түсірген — Талғат Тәнібаев