Ернар Мыңтаев: Менің арманым — «Kazakh quartet» атауын бренд қылу

Музыка — адам жанының емі. Cоның ішінде классикалық музыка нағыз дәрі. Медицинада «музыкалық терапия» деген түсінік бар. 2007 жылы медицина және музыка мектептерінің қызметкерлерінен құралған Стэнфорд зерттеушілері тәжірибе жүргізді. Зерттеу қорытындысы бойынша мидың белсенділігі музыканың баяу аймағында, тыныштықпен астасқан тұсында арта түсетіндігін аңғартқан. Классикалық әуендер ми жұмысының белсенділігін жақсартатындығы дәлелденген. Бүгінгі музыка жанрларының ішінде (поп, рок, джаз және т.б.) адамға тигізетін пайдасы жағынан классикалық жанрдағы әуендер алдыңғы орында екендігі даусыз.
Жан тыныштығын сыйлайтын құдіретті насихаттап жүргендердің бірі әрі бірегейі — Ғазиза Жұбанова атындағы Мемлекеттік шекті аспаптар квартеті. Квартет әлемдік классикамен қатар қазақ фольклорының мол мұрасын шекті аспаптарға салып, симфониялық музыкамен еліміздің атын әлем сахналарында танытып жүр. Талай халықаралық байқаулардың лауреаты атанған квартет Франция, Англия, Австрия, Италия секілді мемлекеттердің беделді концерт залдарында өнер көрсеткен. Гастрольдік сапарлардың көптігі мен уақыттың тығыздығынан ерекше талант иелерімен сұхбаттасу сәті бұйыра бермейтін. Бұл жолы аталмыш квартет Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында шығармашылық кеш өткізді. Кештен соң квартеттің көркемдік жетекшісі Ернар Мыңтаевпен сұхбаттасудың сәті түсті.

— Ернар мырза, алдымен сізді «Kazakh quartet»-тің өте әсерлі шығармашылық кешімен құттықтаймын. Жалпы бұл кешке дайындық барысындағы қызықты сәттеріңізбен бөліссеңіз?
— Рақмет, иә, кешіміз жоғары деңгейде өтті. Бұл кешке дайындық та қызу жүрді. Күнделікті өміріміздің 80-90%-ы дайындықпен кетеді. Бірақ дайындықтағы шаршағандық сахнаға шыққанда әп-сәтте-ақ су сепкендей басылады. Сахна төрінде ойнап отырып, осы сәттер үшін дайындалдық қой деп ойлап, одан сайын шабыттана түсеміз.
Бұл концертте бізден басқа өнер майталмандары да сахна төріне шықты. Олар дәстүрлі аспаптар, соның ішінде сыбызғы мен шаңқобызда ойнап көрерменді сүйсіндірді.
— Сізді жұртшылық виолончелші ретінде таниды, ал виолончельден басқа тағы қандай аспаптарда ойнай аласыз?
— Виолончель — өз аспабым. Онымен бірталай жылдан бері әлем сахналарында өнер көрсетіп жүрмін. Ал одан бөлек фортепиано мен домбыра да шертіп ойнаймын. Әрине, бұл аспаптарда кәсіби маман ретінде ойнаймын деп айта алмаймын. Бірақ қабілет бар. Үйренемін деп ден қойған адамға аспапта ойнау қиын емес. Ол үшін уақыт тауып, асықпай үйрену қажет.
— Ернар Әзімқұлұлы, жалпы баланың қандай аспапқа икемді келетінін сау-сақтарына қарап болжайтындар бар. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Сіздің музыкалық жолыңызда мұндай оқиға орын алмады ма?
— Иә, бала кезімде менің де салалы саусақтарыма қарап виолончель аспабында ойнауға икемді дегендер болды. Анам бала кезде мені домбыра сабағына беруді ойлаған. Содан анамның скрипкадан сабақ беретін Зария Әлиакбарқызы Садуақасова деген құрбысы менің қолыма қарап: «Мына баланың қолы виолончельге келеді. Виолончель — музыканың кез келген саласына сіңісті өте керемет аспап. Онымен жеке солист болуға да, оркестр мен ансамбльде ойнауға да болады. Ертең бұл балаң дүниежүзін аралайды. Музыкант болғандар домбыраны тез үйренеді», — деп мені виолончельден сабақ беретін мұғалімге апарды. Мұғалімім, Сапиолла Молдағалиұлы Жәкеев те менің қолдарыма қарап, аталған аспапта ойнауға икемді деп таныды.
— Жәкеевтен басқа тағы қандай беделді ұстаздардың мектебінен өттіңіз?
— Квартеттік ұстаздарымның негізі шетелде. Ресей астанасында Валентин Александрович Берлинский деген ұстазымнан он жылдай сабақ алдым. Кейіннен Швейцарияда әлемдік деңгейдегі Еуропаның ең мықты мамандарының бірі — Райнер Шмидт, өзге де азулы профессорлардың мектебін өттім. Бала кезден «мықты адамдардың мектебін өтсем» деп армандайтынмын. Сол арманым орындалды деуге болады.
— Өзіңіз шәкірт тәрбиелеумен айналысасыз ба? Жолыңызды қуатын, үміт артып жүрген оқушыларыңыз бар ма?
— Шәкірт тәрбиелеген — қызық жұмыс. Әсіресе кішкентай балаларды үйреткен кезде олардың тәтті қылықтарын көріп, бір жасарып қаласың. Астана қаласында кішкентай шәкіртім бар. Өзі 1-сыныптың оқушысы. Дарынды бала, виолончельде ойнауға қабілеті мықты. Ол балаға өз басым көп үміт артамын. Болашақта ел танитын, әлем танитын виолончелші болады деген сенімім бар.
Жалпы өз білгенімді басқаларға үйреткім келеді. Кейде мектептерге де шақыртып жатады. Сол кездерде уақыт тауып барып, білгеніммен бөлісіп келемін.


— Музыкант болған соң, біраз елді аралағаныңыз анық. Испания ханшайымы Софияның қолынан марапат алыпсыз, бұл үлкен жетістігіңіздің бірі болар?
— Қанша елді аралағанымды санамадым, бірақ біраз елдерді араладым. Испания ханшайымынан алған марапат — квартеттің үлкен жетістігінің бірі. Ханшайымның жекеменшік «музыка мектебі» бар. Сол мектепке әлемнің беделді ұстаздарын, профессорларды жинаған, біз де сол жерден екі жыл көлемінде білім алдық. Бірінші жылы Жапонияда өткен байқауда жүлдегер болдық. Әрине, байқауда біз тек Қазақстанның атынан ғана емес, сондай-ақ Испания ханшайымының атынан да өнер көрсеттік. Білім ордасының атын шығардық. Жапониядан оралған уақытта София ханшайымы өз сарайында қабылдап, құрметтеп, “Испаниядағы үздік жыл квартеті” деген марапатты табыстады.
— Генри Торо күнделігінде: «Мен музыка тыңдаған кезде қорқынышты сезбеймін, мені өзімнің ішімнен алып шығу қиынға соғады, мен ол кезде жауымды көрмеймін. Мен өзімнің болашағымды және өткенімді көремін», — деген екен. Бүгінде елімізде естір құлаққа жағымды классикалық музыканы тыңдаушылардың саны артты ма?
— Әрқалай, бірақ қазір классикалық әуендерге қызығушылық танытатындардың саны біраз артты деуге болады. Біздің концертімізді тыңдаушылардың көбі оқыған, тоқыған адамдар. Олар — классикалық музыканы іздеп келетін жандар. Біздің шығармашылық кештерімізде жай ғана келіп, тамашаласақ болды деген пиғылдағы адамдар кездеспейді. Классикалық музыканың ішінде камералық музыка бар. Ол — өте интеллектуалды, адамды ойландыратын, тамсандыратын өнер. Сол себепті квартеттік кештерімізге талғамы биік жандар келеді.
Мәселен, Американың кез келген бір қаласын алсақ, егер ол қалада классикалық жанрды насихаттайтын шағын ғана бір квартет болмаса, ол қала «мәдениетсіздеу қала» деп саналады. Біздің елге де осындай талап қою керек. Қазақ дейтін ән мен күйге бай, халық музыкасының дамыған өлкесінде жалғыз кәсіби квартеттің болғаны ұят. Тіпті әр облыста бір-бір жақсы квартеттен болса да көптік етпес еді. Өйткені қазір елімізде әлемдік деңгейдегі кәсіби квартет боп танылған біз ғана.
— Алдағы уақытта қай жерлерде концерт өткізуді жоспарлап отырсыздар?
— Алла қаласа сәуір айында Алматы мен Астана қалаларында концерт өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол еліміздегі беделді концерт залдарында өтеді. Классикалық өнерді бағалайтындар қалмай келеді деп ойлаймын.
Шетелде де концерт беру жоспарда бар. Үстіміздегі жылы Голландия, Австрия, Германия елдерінде бірнеше концерт өткіземіз. Ол жерлердің жұртшылығы классикалық музыканы қатты бағалайды. Атап кетер тағы бір жәйт, қазан айының 4 жұлдызына Ресейде концерт өткізуді ойға алдық. Концертті ұстазым Берлинскийдің аруағына арнап дайындаймыз.
Жалпы менің арманым — шетелде бізді «Kazakh quartet» деп таниды, сол атты бренд қылу. Шетелдіктердің квартетімізге сұранысын көбейтіп, қазақтың атын шығару. Біздің репертуарымызда көбіне классикалық композициялар, оның ішінде Моцарт, Бетховен. Ал негізгі мақсат — қазақ музыкасын әлемге таныту. Қазақ музыкасын аспапқа салып ойнап, шалғайдағы жұртқа таныстыру біздің міндетіміз деп білемін.
— Қазақстанның классикалық музыкада-ғы келешегін қалай елестетесіз?
— Болашағы бар, болашағы зор. Жалпы қазір елімізде өзгеріс көп. Бұл халықтың көзқарасының өзгергендігінен де байқалады. Себебі мәдениетке, соның ішінде классикалық музыкаға деген қызығушылық арта түссе, өркениетіміз де берік болады емес пе?
Бүгінде Қазақстан да музыканың аталмыш жанрына қолдау, құрмет әлі де көңіл көншітпейді, жеткілікті деп айта алмаймын. Бірақ келешекте көп өзгеріс болатындығына сенемін.
— Квартет мүшелері туралы не айта аласыз? Қазіргі құрамға дейін квартет неше рет ауысты?
— Квартет, әр мүшесінің кәсіби музыкант болғындығын талап етеді. Ал кәсіби жағынан бөлек ол өз ішінде шағын отбасыдай ұйымшыл болу керек. Егер төрт адам бір-бірімен түсінісіп, қолдап, сүйіспеншілік танытпаса, онда ол ұжым алысқа бармайды. Отбасында болатын жағдайлар квартеттің ішінде де болады. Сондай кезде бір-біріне адамдық қасиет танытып, шыдамдылық көрсетпесе, ол алдыға баспайды. Сондықтан да квартеттегі әр азаматтың мінез-құлқы бір-біріне сай келіп, сыйысу керек. Мәселен, квартетке адам табу өте қиын. Кәсіби жағынан жақсы музыкант болу бір бөлек, адамгершілік жағынан бір бөлек. Мінез-құлыққа да қараймыз.
Ең алдымен ұжым болғанда мінезді артқа қойып, музыка үшін талпынса, сонда бәрі жақсы болады. Қасымдағы әріптестеріммен қаншама жылдан бері бірге жұмыс жасап келеміз. Оның бәрі квартетке топ етіп түсе қалған жоқ. Көп жылдан бері қазіргі квартетпен бірге келе жатырмыз. Егер квартет құрамы өзгермей, бірталай уақыт бірге жұмыс жасаса, онда оның үні де бір адамның дауысындай ерекше болады. Негізі квартет үш рет өзгерген. Қазіргі құрамдағы бірінші скрипкада ойнайтын Айдар Тоқталиевтің квартетте жүргендігіне 16 жыл болды, екінші скрипкадағы Алексей Лебедевке 10 жыл болды, ал альт аспабында Бекзат Сайлаубайұлы 5 жылдан бері өнер көрсетіп келеді. Оның алдындағы әріптестерім музыканың басқа салаларының етегінен ұстады. Өмір болғасын шыдау керек деп ойлаймын, өйткені квартет — қиын жанр.
«Kazakh quartet» әлем сахналарында өз ұлтымыздың төл музыкасын жаңғыртып келеді. Кезінде дана Абай: «Әннің де естісі бар, есері бар, тыңдаушының құлағын кесері бар», — деген еді. Оның сөздері бүгінде өз мәнін еш жоймаған. Абай атамыз айтқандай, есті әндердің қатарына ең алдымен классикалық музыканы жатқызған дұрыс болар.
Қазір классикадан гөрі ырғақты құтырған әуендерді құп көретіндер көп. Ондайлар нағыз музыкалық жанрдың түп атасы қайда жатқандығын білмейді-ау, сірә. Мән-мағынасы жоқ, даңғырлаған музыкадан да анда-санда болсын классикалық жанрдағы композицияларды тыңдаған дұрыс. Аталмыш жанрдың етегінен ұстаған көп дарынды музыканттарымыз шетел асып кетіп жатыр. Оның себебі — талғамы биік тыңдаушы жоқ. Сондықтан өз барымызды бағалай білейік!

Сұхбаттасқан — Ақнар Қазезова