Ақтауда Литва консулдығы ашылады
Ақтауда Литва мемлекетінің консулдығы ашылуы мүмкін. Мұны Литваның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Витаутас Наудужас Маңғыстауға келген сапарында мәлімдеді. Елші Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаевпен кездесу барысында мұнайлы аймақпен логистика, мұнай өндіру, туризм, ауылшаруашылық, медицина және білім саласында ынтымақтасып, серіктес болуға дайын екендігін, Ақтау теңіз портының зор мүмкіндігіне қызығушылық танытып отырғандығын жеткізді.
— Екі елді өте көп нәрселер байланыстырады. Мысалы, Ақтау қаласы мен Литваның Клайпеда қалаларының арасындағы өзара келісімшарты екі өңірдің де өте жақсы қарым-қатынаста екенін көрсетеді. Мұнда келген әрбір литвалық өзін жайлы сезінеді. Себебі екі қала өте ұқсас. Халқы жағынан, дамуы жағынан. Біз сіздермен қарымқатынасты тоқтатқымыз келмейді. Инвестиция, мұнай саласы, логистика, туризм саласы болсын жалпы, қай саладан да сіздерді қолдауға әзірміз дегім келеді. Ақтау мүмкіншілігі көп, ең ірі порттардың бірі, — деді ол. Сондай-ақ, елші Ақтау қаласында Литваның консулдығы ашылғандығын қалайтынын жеткізді. — Мен сіздің облыста Литваның бас консулдығы ашылса, оған құба-құп деймін. Ол консулдық екі ел арасындағы көпір болады. Логистикалық дәліз экономикалық өсімге жетелейді. Ол дегеніміз — экономикалық, мәдени, спорттық және т.б. салаларда ортақ мүдделерде бірігу, — деп атап өтті ол.
Мүгедек балаға тегін ота жасады
Маңғыстау облысында алғаш рет сал ауруына шалдыққан баланың аяғына тегін ота жасап, ақ халатты абзал жандар алғысқа бөленді. «Нейрон» жеке медициналық клиникасының дәрігерлері жасаған ота сәтті шыққан. Қазір 13 жасар жасөспірімнің денсаулығы жақсы, дәрігерлердің бақылауында.
— Ота сәтті өтті. 13 жасар Нұрдәулет есімді облыс тұрғынының сол аяғына ота жасап, сіңірін создық. Бұл бала туылғанынан жүрмеген екен. Енді он күннен кейін оң аяғына ота жасаймыз. Уақытылы емін алғаннан кейін Нұрдәулет аяғына тұрып, жүріп кетеді, — деген өңірге белгілі хирург-дәрігер Борис Чагай қазіргі таңда облыста 3 мыңнан астам науқас сал ауруына шалдыққанын айтты. Сондықтан да алдағы уақытта «Нейрон» жеке клиникасы жанынан арнайы бөлім ашып, жылына 300 балаға әртүрлі бағытта көмек көрсетуді жоспарлап отырғанын жеткізді.
— Біздің өңірде негізінен әлеуметтік қолдауға көп көңіл бөлінеді. Мүгедектерге арба алып беру, қаржылай көмек көрсету немесе сауықтыру орталықтарына жіберумен шектеледі. Ал медициналық оңалтуға аса мән берілмейді. Бұл — бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселе. Сондықтан да біз сал ауруына шалдыққан 300 балаға көмек көрсету үшін арнайы орталық ашуды қолға алмақшымыз. Науқас жан-жақты тексеріліп, дұрыс диагноз қойылса, ем әлдеқайда нәтижелі болары сөзсіз. Сол себептен осы бағытта жұмысты жандандырғымыз келеді. Бүгінде аймақта төрт мыңнан астам мүгедек бала тіркелген, оның үш мыңын сал ауруына шалдыққандар құрап отыр, — дейді «Нейрон» ЖШС директоры, хирург-дәрігер Борис Чагай. Фатима Ибрагимованың айтуынша, ұлын өмірге әкелгенде дәрігерлер «туабітті сал ауруы» деп диагноз қойыпты. Алайда ана жүрегі бұған сенбеген. 13 жыл бойы ұлының аяғына тұрып кетуі үшін «бармаған жері, баспаған тауы қалмапты», алдағы күннен үмітін де үзбепті.
— Әрбір ана үшін баласының дені сау болып, қатарларынан қалмай, өз аяғымен жүргені баға жетпес байлық қой. Ұлымның аяғын баса алмайтыны, көз алдымда ауру болып жатқаны жаныма қатты бататын. Күнде дұғамда Жаратқан иемнен ұлымның денсаулығын жақсартса көрші деп сұрайтынмын… Тегін ота тізіміне іліккенім үшін шексіз ризамын. Қазір ұлымның денсаулығы жақсы, дәрігерлер жүріп кетеді деп қуантып қойды. Нұрдәулеттен бөлек екі баланы тәрбиелеп отырған отбасымыз, — дейді Мұнайлы ауданының тұрғыны Фатима Ибрагимова.
Қайғылы жайттардан қатаң шаралар ғана сақтайды
9 маусым күні Маңғыстау облысындағы мемлекеттік органдар мен ірі кәсіпорындар Ақтөбедегі лаңкестік әрекет салдарынан қайтыс болғандарды аза тұтып, жұмыс күнін бір минут үнсіздікпен бастады. Маңғыстаулықтар осылайша қайтыс болғандардың туғантуыстарының қайғысына ортақ екендіктерін білдірді. Айта кетсек, 9 маусым жалпыхалықтық аза тұту күніне байланысты, мұнайлы аймақтағы мекемелерде желбіреп тұрған көк тудың барлығы төмен түсірілді.
— Елдің тыныштығын бұзып, бейбіт адамдарды ажал құштырған лаңкестерді аямауымыз қажет. Маңғыстау облысы әкімдігінің барлық қызметкерлері, оның ішінде біздің басқармамыз қаза болған азаматтарды аза тұтады. Олардың ерліктері әр уақытта есімізде болады. Маңғыстау облысы азаматтарының атынан қаза болғандардың отбасына көңіл айтамыз, — дейді Маңғыстау облысы экономика және бюджетті жоспарлау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Светлана Нарешова. Мұнайлы аймақтағы этномәдени бірлестік өкілдері ақтөбеліктердің қайғыларына ортақ екендіктерін жеткізді.
— Бүкіл қоғамға түскен ауыр қайғыда біз бір-бірімізді қолдауымыз керек. Радикалды топтар жұрт арасында ылаң салуға тырысады. Бірақ, қазақ елінің арнайы қызметі, өз жанын пида етсе де, оларды бұқараға жеткізбей, желкесін қиды. Құдайға шүкір, тәртіп сақшылары мен әскерилердің арқасында, біздер терроризмнен аманбыз. Ақтөбеде орын алған жағдай енді ешбір жерде қайталанбаса екен деп тілейміз, — дейді «Вайнах» шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Магомед Лорсанов.
— Біз аза тұту күнінде қаза болғандардың туғандарына барша қазақстандықтардың көңіл айтуын білдіреміз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі сәтте еліміз үшін аса маңызды мәлімдеме жариялады. Мемлекет басшысының шешімімен 9 маусым жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Ақтөбеде болған қайғылы оқиғадан жазықсыз адамдар мерт болды. Бұл біздің халқымыздың қуанышта да, қайғыда да тұтас, бірлікшіл ел екенін көрсетеді. Қандай да бір мемлекет үшін азаматтардың қауіпсіздігі мен елдің ішкі тұрақтылығы ең басты орында, — дейді «Халықтар келісімі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Юсуп Шахшаев.
— Елбасының 9 маусымды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялауы ең сәтті жасалған қадам деп білемін. Бұл лаңкестік әрекет — біздің елдігімізді сынға салатын шақ. Сондықтан біз лаңкестерге оңдырмай тойтарыс беруіміз керек. Мен Ақтөбелік тұрғындарға: «Сабырлы болыңыздар, біз жүрегімізбен, жанымызбен сіздермен біргеміз» дегім келеді. Мен жақынын жоғалтқан адамдарға қайғыра көңіл айтамын. Осындай қиын жағдайда арнайы құрылымдар шұғыл әрекет ете білді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «қолына қару алып, адам өлтіргендер өлім жазасына кесілуі қажет» деген пікірін білдірді. Бұл өте орынды айтылған. Себебі қаскөйлерді сондай жазамен ғана тоқтата аламыз. Сонда жазықсыз жандарды өлтіру дегеннің не екенін теріс ниеттілер біліп жүретін болады, — деп мәлімдеді Маңғыстау облысындағы «Ехпайрутюн» армян этномәдени бірлестігінің төрағасы Айрапет Курдоглян. Ал, «Алан» осетин этномәдени бірлестігінің төрайымы Фатима Биркле болса, елдің тұтастығын сақтау тек құқық қорғау немесе әскери қызметкерлердің ғана емес, әрбір қазақстандықтың қасиетті парызы деп біледі. Оның айтуынша, діннің атын жамылған лаңкестердің жазықсыз адам өлтіруіне және біздің бейбіт өмірімізді бұзуына жол бермеуіміз керек. Мұндай жауапты сәтте біз өте қырағы болуымыз шарт.
— Қазір барлығына қиын. Осы күндерде барша Қазақстан халқы Ақтөбедегі террорлық акт құрбандарының жақындарымен, туыстарымен бірге. Елбасының елдің бірлігі мен ішкі тыныштығы туралы айтқандары әрбір қазақстандықтың санасына мықтап орнығуы керек. Себебі бірлік пен қауіпсіздік жолындағы қатаң шаралар ғана бізді осындай қайғылы жағдайлардан сақтайды, — дейді ол.
Дайындаған Айман ОҢҒАРБАЙҚЫЗЫ