ҚР Президенті Қ.Тоқаев: Қазақтың тілі — қазақтың жаны

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық «Egemen Qazaqstan» және «Aiqyn» газеттерінің өкілдері Нұртөре Жүсіп пен Дархан Қыдырәліге сұхбат берді. Тілшілер сауалына жауап берген Қасым-Жомарт Кемелұлының қадау-қадау ойларын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.

1. Менің де Президент ретіндегі негізгі ұстанымым мен өмірлік көзқарасым ұлт көсемі Н.Назарбаевтың ұстанған бағытынан ауытқымайды. Елдің өркендеу кепілдігі мемлекетшілдік пен дәстүр сабақтастығында және оған деген құрмет пен адалдықта жатыр. Онсыз ешқашан тұрақтылық та, даму да болмайды.
2. Екінші ұстанымым — әділеттілік. Бұл жалпы адамзаттық әрі дала демократиясынан бастау алатын, ата-бабамыздан дарыған, ежелден қанымызға сіңген құндылық. Оны жоғалтып алу — адамзат үшін де, ұлт үшін де өзін-өзі жоғалтып алумен бірдей. Әділеттілік салтанат құрмаған қоғамда тек қайшылық, қиыншылық, құлдырау үстемдік ететіні белгілі.
3. Үшінші ұстанымым — тек алға басу, даму жолымен жүру. Біз өмір сүріп отырған дәуірдің табиғаты мың құбылмалы. Жаһандық бәсекелестік жағдайында өз мүддемізді қорғауға, өз мақсатымызға жетуге ұмтылмасақ, жедел алға баспасақ көп нәрседен ұтыларымыз анық. Мына дәуір еркелікті, жалқаулық пен масылдықты, немқұрайлылықты көтермейді.
4. Өнеркәсіптік революция кезеңінде, жоғары технологиялық, цифрлы ке-ңістікте жаһандық дамудан он жыл артта қалсақ, жүз жыл оның орнын толтыра алмайтынымызды естен шығармайық. Біздің ендігі міндетіміз — тура жолдан, дұрыс бағыттан ауытқымай, тек алға басу, өсу, өркендеу. Кері кетсек, тарих та, болашақ ұрпақ та бізді кешірмейді.
5. Тәуелсіз еліміздің бүгінгі өсіп-өркен-деуі, ертеңгі даму келешегі Назарбаев есімімен тығыз байланысты. Біз биліктің ауысуын тұрақты жағдайда өткізе білдік. Сол арқылы әлемге өркениетті ел екендігімізді, жұртымыздың саяси мәдениетінің жоғары екендігін дәлелдедік. Кейбір мемлекеттердегідей алаңға шығып, шу көтерген жоқпыз. Бәрі заң шеңберінде өтті. Мен де осы бағыттан ешқашан таймаймын және ешқандай «екіұдайылыққа» жол бермеймін.
6. Байқасаңыздар, біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны — қарапайымдылық, адами қарым-қатынастар. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс. Ал біздің шенеуніктер халықпен кабинетінің немесе қызметтік көлігінің терезесінен ғана араласқанды қош көретіндей. Әкімдерді жинаған кеңесте мен бұл әдетті тыюды қатаң ескерттім.
7. Мемлекеттік басқару ака-демиясының базасында арнаулы курстар ашып, оларға халықпен белсенді қарым-қатынас жасайтын шенеуніктерді жіберу керек деп ұйғардым. Әкімдерге халықпен қарым-қатынастың жаңа форматына көшуді, ашық және шұғыл әрекет етуді тапсырдым.
8. Жемқорлық — сол қоғамдық санаға сына қағатын қасірет. Бүгінде жемқорлық қоғамдық өмірдің көптеген тұстарын жайлағаны жасырын емес. Үкіметтің онымен заң аясында күресіп жатқаны аздық етеді. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, жемқорлықты жеңу үшін тек қана қатаң жаза ғана емес, жан-жақты кешенді іс-әрекеттер қажет. Жемқорлықпен күрес ымырасыз жүруі тиіс және бұл тек Үкіметтің ғана емес, әрбір адамның міндетіне, керек десеңіз парызына айналуы тиіс.
9. Жастардың лайықты білім алуына, алаңсыз жұмыс жасауына теңдей мүмкіндік берілуі қажет. Ауыл мен қаладағы жас азамат үшін де, лауазымды, ауқатты немесе қарапайым шаруа отбасының баласы үшін де әлеуметтік лифттің есігі кедергісіз ашық болуы керек. Айналып келгенде, әлеуметтік теңдік дегеніміз — осы.
10. Мемлекеттік қызметке тағайындау барысында меритократия принципін ұстанған жөн. Азаматтарды тек біліміне, қабілетіне қарай тағайындау талабы қағаз бетінде қалмай, іс жүзінде орындалуы қажет.
11. Мұнай кірістеріне тәуелділікті азайтуға, ұлттық қордың активтерін тұрақтандыруға және оны сақтау ісіне басымдық беріледі. Бюджет қаржысы экономикалық жағынан маңызды әрі табыс әкелетін салаларға жұмсалуы керек.
12. Ұлттық қордан өте көп қаржы жұмсалды. Ендігі кезекте трансферттер көлемін біртіндеп азайтқан жөн.
13. Халықтың әлеуметтік жағдайын, тұрмыс сапасын жақсарту ешқашан күн тәртібінен түспейді. Мысалы, көпбалалы аналардың жағдайы жалпы әлеуметтік саланың барометрі болып табылады. Дені сау анадан дені сау ұрпақ туады. Сапалы медициналық көмек, лайықты білім алған баладан отаншыл, мықты азамат шығады.
14. Шетелдегі қандастарымызды («оралман» деген сөзге мен қарсымын) Атамекенге қайтару ісі ешқашан назардан тыс қалған емес, қалмайды да.
15. Азаматтарды ең алдымен толғандыратын мәселе — баспана. Осыған байланысты әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар үшін 40 мыңнан астам жалдамалы пәтер бөлу қарастырылып отыр.
16. «Құтты мекен» және «Ауыл — ел бесігі» жобалары осы міндеттерді орындауға бағытталған. Бұл жобаларды жүзеге асыру үшін алдағы үш жылға триллионнан астам теңге қарастырылып отыр.
17. Азаматтарымыз үшін ең ұтымды әлеуметтік қорғау — бұл өз бизнесін жүргізуге мүмкіндігінің болуы немесе білікті еңбегі үшін лайықты еңбекақы алуы. Тұңғыш Президент 2019 жылды Жастар жылы деп жариялады. Жас ұрпақты қолдап, қорғау — болашақты қорғау. Биыл «Жастар — ел тірегі» арнаулы әлеуметтік жобасы іске қосылды.
18. Ең алдымен, қазақ тілін және орыс тілін оқыту жүзеге асырылуы тиіс. Біздің балаларымыз үшін мұның мәні зор. Содан кейін ағылшын тілін үйретуге болады. Осылайша, біз болашаққа ашық көзбен қарайтын жаңа ұрпақты тәрбиелейміз.
19. Әлем бізді бітімгер мемлекет ретін-де таныды. Көпвекторлы стратегия алдағы уақытта да Қазақстан дипломатиясының басым бағыты болып қала береді.
20. Мемлекеттік тілді дамыту мәселе-сіне келсек, қазақтың тілі — қазақтың жаны! Халқымыздың тарихы да, тағдыры да — тілінде. Мәдениеті мен әдебиеті де, ділі мен діні де — тілінде. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын құрал. Меніңше, тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен бүлдіршіннің тілге деген ықыласы терең, құрметі биік болады. Осы тұрғыда, балабақшаларда, мектептерде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруді назарда ұстау қажет.
21. Латын әліпбиіне көшу кезең-кезеңімен жалғаса береді. Нақты белгіленген кесте бар. Сол жүйеден ауытқымаймыз.

Ықшамдаған —  Ермек Сахариев