ҚАЗАҚ ҚЫЗДАРЫНА ҚЫТАЙ МЕН ҮНДІНІ ТЕЛМІРТУ КІМГЕ КЕРЕК?
ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі
Ерлан Қожағапановқа ашық хат!
Елімізде туристік бизнес қарқын алмақ. Әрине бұл қуанарлық жайт. Керемет мұраларымызды, қасиетті жерлерімізді, қастерлі салт-дәстүрімізді көріп, асылымызды бағалап жатса кім қуанбайды. Келсін! Көрсін! Сол арқылы мемлекет қазынасына ақша құйылып жатса қандай ғанибет! Туризмін даңғыл жолға салып алып, шалқып отырған мемлекеттер қаншама? Біз солардан кембіз бе?..
Бірақ ару-қыздарымызды жалаңаштап, Еуропа стилінде ашық-шашық киіндіріп, шетелдік қонақтардың алдына шығару — намысы бар қазақ баласына ауыр көрініс. Бұл жарнама жасамақ түгілі, естуге де бет қызаратын іс. Керек десеңіз бұл қадам, қыздың ар-ұятымен болашағын баянды еткен қазақ халқын мазақ етуге талпыныс…
Мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов мырзаның туристік бизнестің елімізге әкелетін тиімділігі туралы мәлімдемесінде (29 наурыз күні) «Қазақ қыздарының сұлулығына таңданған қытай және үнді туристері «Мисс Қазақстан» сұлулық байқауына 73 миллион теңге көлемінде ақшалай қаражат төлемек» деген сөзі жүрегіме жебедей қадалды. Өйткені өз қыздарымыздың тал мүсінін, аппақ жүзін, омырауын, қыпша белін, ақ балтырын үнді мен қытайға тамашалатып, оның қайтарымына 73 миллион теңге алатындай не күйге түстік? Рухымыз «өліп», намысымыз «талып» қалды ма? Неткен далада жатқан тегін ақша бұл?! Бәрін қойшы, мұсылмандығымыз қайда қалады сонда? Бұдан өткен қорлық бар ма, жалғанда? Туристік бизнесті осындай қарқынмен дамытуға күш салу — ұлтты жоюуға бастайтын таптырмайтын әдіс қой. Жатжұрттың алдында (өнер ғой деп өзімізді алдап), қыздарымызды жалаңаштау — ақылға сыймайтын әрекет. Салт-дәстүрге де қайшы қадам. Мұның тәлім-тәрбиелік мәніне бас қатырып жатқан ешкім жоқтай?.. Егер біздің кешегі ел қорғаған батыр бабаларымыз мына масқараны естісе, Ерлан мырзадан бастап бәрімізді шетімізден қамшымен осып-осып өтер еді. Тәубәмізге келтірер еді…
Осы мәлімдемінің жалғасында Қожағапанов «Біз туристік бизнесте маңызды кездесу өткіздік, соған орай бүгінгі күні көптеген қытай және үнді туристері осы байқауды асыға күтуде, олар үнемі жаңалықтардан, интернет желілері арқылы бізді бақылап отырады және елімізге келуге асық. Бұдан бұрын «Мисс Нұр-Сұлтан» (бұрынғы атауы «Мисс Астана») байқауын ұйымдастырғанда 400 қытай мен үндіс байқауды тамашалауға келген», — деп жетістікті баян етті.
Құрметті Ерлан мырза, сіздің сүйінші сұраған жаңалығыңыз, тұтас бір ұлтты жойып жіберуге арналған жоспар секілді елестейді. Өзгелердің жерімізге тамсануы, қыздарымызға шұқшиуы қайбір жақсылық дейсіз? Білмесеңіз айтайық. Арагідік өткенге де көз жүгіртіп қойған дұрыс-ау. Өткеннен сабақ алған ұтылмайды негізі.
Тоғайбай Нұрмұратұлы деген азаматтың мақаласынан сәл ғана үзінді келтірейін: «ХIX ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың соңына дейін Франция мемлекеті Еуропа мемлекеттерінің ішінде бәрінен жоғары тұрды. Франция ғажайыптары бақталас елдердің қызғанышын туғызып, қалайда француз ұлтын жойып, экономикасын құлдырату үшін сан мыңдаған құйтырқы әрекеттерге кірісті. Олар Францияның ғылым мен білімдегі жеткен жетістіктерін оқып, үйреніп немесе жамандап әуре болған жоқ. «Әлемдегі ең сұлу, әрі ақылды, көркем жандар — француз қыздары» деген аңыз шығарды. Содан, әлемнің барлық алаяқ еркектері, ақшасы барлары, көркіне сенгені, ұры-қары, залым, сұрқиялары ағылып келіп француз қыздарын қатын қылды. Француз басшыларын өтірік мақтады. Мәз болған басшылар: «Біз әлемдегі ең толерантты, тыныш, ынтымағы жарасқан, қарқындап дамыған елміз» деп келімсектерге баспана, жұмыс берді. Келімсектер француз қыздарының бірін алып, бірін салып, анада бір бала, мынада екі бала қалып жатты. Әйгілі Франция ақырында ажырасқан қатындар мен шата, метис, дүбәра балалардың еліне айналып шыға келді. Бір ғасырға жетпей ұрпақ азды, ұлттық құндылық күстаналанып, француздар баяғы атақ-абыройдан жұрдай болды. Әйел азған соң ел тозады. Осы күні бірде-бір елдің еркегі: «Француз қыздары — әлемдегі ең сұлу қыздар» деп өлсе де айтпайды. Қазір Францияда салт-дәстүрін, ұлттық қадір-қасиетін сақтаған таза француз өте аз. Олар мұны жасырмай ашық жазып жатыр». Бұл айтқаныңыз Еуропа ғой десеңіз, Азияға да оралайық. «Азиядағы Тайланд та Францияның кебін киді. «Азияда тайлық қыздар керемет сұлу» деген аңыз тарады. Өткен ғасырларда Азияны дүр сілкіндірген батыр да жаужүрек тайлықтардың ұрпағы еркегі маскүнем, қыздары лесбианка, жезөкшелерге айналды. Америка, Еуропа еркегі тай қыздарын елдеріне апарып ермек етті…». «Тарих қайталанады» деген осы болар. Ендеше сақтансақ керек-ті…
Ерлан мырза, осы мәлімдемеңіздің арасында «Қазіргі уақытқа сәйкес «KazakhTourism» ұлттық компаниясын құру дұрыс деп есептеймін. Себебі біздің елімізде туристік бизнес Америка, Ресей, Еуропа елдеріне қарағанда артта қалған» дейсіз. Иә, біз бұл сөзіңізбен қос қолымызды көтеріп келісеміз. Тек, сіз дәріптеген үш мемлекетке, түбіміз бір Түркияны да қоса кеткіміз келеді. Олардағы туризм Ресейден көш ілгері…
Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай «Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ». Бізде туризмді жандандыруға бәрі бар. Тарихи жерлер де, көне жәдігерлер де жетерлік. Тек соны үйіріп әкетуге жүйелі істер мен ыстық ықылас қана жетпейді….
Сіздің мәлімдемеңізден түйсінгенім, Мәдениет министрлігі «Қазақстан аруы» байқауын елімізде өткізуді ұйымдастырып жатқанға ұқсайды. Сондай-ақ байқаудың қорытындысы 2019 жылдың шілдесінде Нұр-Сұлтан қаласында өтпек.
«Байқауға қатысуға жұмсалған қаражат шамамен 73 млн. 200 мың теңгені құрайды, бұл қаражат «осы жылы және келесі кезекті жарыстарға қатысатын туристердің есебінен төленетін болады» депсіз? Қыруар ақшаның тез қайтарына сеніміңіз мол сияқты? Демек, қазақ қыздарына «ынтазар», олардың жүріс-тұрысына, бітім-болмысына «сілекейі шұбырған» шетелдік туристердің көптігіне ырза жансыз?!…
Сізге жала жабудан аулақпын. Бірақ мына сөзіңіз «ырзалығыңызды» айқындап тұр! «Олар біздің қыздарымыздың сұлулығына тамсануда және бұл жағдайды біз дұрыс деп есептейміз» деп барша қазақ халқы атынан сөзіңізді түйіндеп жіберген жоқсыз ба? Егер көптің атынан байқамай айтып қалсаңыз, халықтан кешірім сұрағаныңыз абзал. «Адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң» дейді емес пе!
Ерлан мырза, Қазақтың жалындаған азаматы ретінде, сырт көзден қарындасыңыз бен қызыңызды, әпке-жеңгелеріңізді қызғанбайсыз ба? Қызғансаңыз, «Әр қазақ менің — жалғызым» деп сөйлеуіңіз керек еді ғой!….
Нағашыбай Қабылбек