Шымкенттегі кондитерлік фабрикада жаңа өндірістік желі ашылмақ  

Шымкент қаласындағы «Рахат-Шымкент» ЖШС-гі 2020 жылы жаңа өндірістік желіні іске қосатын болады. Бұл жобаға компанияның басты акционері –кореялық LOTTE Confectionery кондитері көлемі 5 миллиард теңге болатын инвестиция құяды. Бұл мармелад пен қантты печенье өндіру желісін енгізуге жұмсалатын болады. Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде өндірістік қуатты жылына 14 мың тоннаға дейін арттырып, қала тұрғындары үшін жаңа жұмыс орындарын ашу көзделуде.

Бұл жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында бүгін Шымкент әкімдігі мен «Рахат-Шымкент» ЖШС-гі арасында жаңа жұмыс орындарын ашуды көздеген ынтымақтастық меморандумы түзілді.

Меморандум Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы бизнестің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын маңызды механизм болып табылады. Сонымен қатар, тығыз коммерциялық байланысты дамыту арқылы екі жақты инвестициялардың көлемін ұлғайту және технологиялардың трансферті үшін негіз болмақ.

Бұдан бөлек, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Д.Жумин индустриялық-инновациялық дамытудың 2015 — 2019 жылдарға арналған мемлекеттiк бағдарламасы аясында іске қосылған «Рахат-Шымкент» ЖШС-нің жұмысымен танысты.

Онда қала басшысының орынбасары кәсіпорын жұмысшыларымен кездесіп, фабриканың қала өнеркәсібін дамытуда айрықша үлесі бар екенін атап өтті.

«2001 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан фабрика ТМД, Еуропа, Қытай және Моңғолия елдері үшін өнім өндіреді. Бұл отандық өнімнің әлемдік стандарттарға сай екендігін көрсетеді», — деді Д.Жумин.

Толықтай соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған зауыт бүгінде 30-дан астам атаумен 4 түрлі өнім өндіреді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша 9 млрд. теңгеден астам сомаға 21 мың тонна өнім шығарылған.