Ақтауда «Әділет кеңес береді» республикалық акциясы өтті

 

Бірлескен шара «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының ғимаратында өтті. Алдын-ала ақпараттық-насихат тобы құрылды, оның құрамына әділет департаментінің қызметкерлері кірді.

Іс-шараның мақсаты тұрғындардың құқықтық мәдениетінің деңгейін көтеру, азаматтар мен заңды тұлғалардың өкілдеріне тегін заң кеңестерін ұсыну және туындаған проблемалық мәселелердің шешімін табуға құқықтық көмек көрсету болып табылады.

«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінің сарапшысы Гүлзихан Тасқымбаеваның айтуынша, әділдік іздеп әр кабинеттің есігін тоздырып жүрген жандар аз емес және олардың сұрақтары көбіне жауапсыз қалып жатады.

Өңірде құқықтық мәселелер жөнінде кеңес беруші мекемелер көп, алайда олар қызмет түрлерін ақылы түрде көрсетеді, яғни екінің бірінің қалтасы көтере бермейді. Сол себепті «Әділет кеңес береді» атты шараларды өткізу маңызды, себебі құқықтық көмектер тегін көрсетіледі. Оның үстіне осындай акциялар көбіне «Nur Otan» партиясымен бірлесіп өтізіледі, себебі бұл халықтың партияға деген сенімінің артып келетіндігін көрсетіп отыр.

 «Көмек сұрап келген тұрғындарды мұқият тыңдап шықтық. Тәжірибелі мамандар көтерілген барлық сұрақтар бойынша тегін кеңес берді. Жалпы айтылған барлық мәселелер оң шешімін табады деуге болады, тек құқықтық жағынан сауаттырақ болса алынбайтын қамал жоқ. Біздің ойымызша осындай форматта өкізілетін шаралар азаматтарға тегін құқықтық көмек берумен шектелмейді, бұл өз кезегінде азаматтық қоғам тарапынан мемлекеттік органдардың қызметіне қоғамдық бақылау жүргізуіне септігін тигізеді. Бүгінде бұл өте маңызды.  Тәжірибе көрсетіп отырғандай, заңгерлер көмегіне жүгінетіндер көп және көтерілген проблемалардың басым бөлігі өзінің шешімдерін табуда», — деді ол.

Тегін құқықтық көмек алу бойынша партияның қоғамдық қабылдау бөліміне алдын-ала 5 адам жазылған. Ал кеңес алғандар саны 20 адамнан асып жығылды. Сұрақтардың дені алимент төлеуден бас тарту, мемлекеттік бағдарлама бойынша баспаналы болу, екінші деңгейлі банктермен заңсыз несие беру, сот шешіміне сәйкес ақша өндіру бойынша сот орындаушыларының көмегіне жүгіну және т.б.

Кейбір өтініштерді тәжірибелі заңгерлер өздерінің жеке бақылауына алатындарын айтып сендірді және алдағы уақытта оң шешімін табуға ықпал ететіндігін айтса, ал арыз-шағымдардың жауапсыз қалмауын «Nur Otan» партиясы өзінің бақылауында ұстайтын болады.

Шара аяқталысымен акцияға келген тұрғындар өздерінің алғыстарын жаудырды және толғандырған сұрақтар бойынша алған жауаптарға қанағаттанарлық баға беретіндерін жасырмады.

 

Кәмшат Ізбасарова,

ҚР Журналистер Одағының мүшесі,

Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы