Павлодар облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының екі жылдығына орай «Көрші» жобасы басталды

Павлодар облысының «Рухани жаңғыру» жобалық офисі аймақ тұрғындарын «Көрші» жобасына қатысуға үндейді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz тілшісі.
Бірегей жобаның мақсаты — өңірімізде көршілер арасындағы қарым-қатынастарды жаңғырту және нығайту, сондай-ақ аула тұрғындарының бос уақытын қызықты ұйымдастыру. Павлодар қаласының 15 ауласында жобаның ұйымдастырушылары тұрғындарды Елбасының «Болашаққа бағдар: қоғамдық сананы жаңғырту» бағдарламасының екі жылдығына арналған іс-шараларға қатысуға шақырады.
Оған барлық аулалардағы үй шаруашылығындағы әйелдер, балалар, әжелер, аталар және үйлеріне түскі асқа келетін  тұрғындар қатыса алады. Іс-шараның бағдарламасына қолданбалы өнер шеберлерінің шеберлік сыныптары, безендіру-қолданбалы өнер көрмесі, «тоғыз құмалақтан», «асық атудан» жарыстар, сондай-ақ басқа да танымдық, ағартушылық және мәдени-сауық іс-шаралары енгізілді. Сонымен қатар ұлттық салт-дәстүрлердің элементтері көрсетіледі. Бұл: сабантой, иткөйлек, тоқымқағар, ерулік, шілдехана, бесікке салу, тұсау кесу, қырқынан шығару, бесік той, бауырына салу, жеті ата, құлақ тесу және басқалары.

Облыстық жоба өңір тұрғындарын біздің азаматтарымыздың санасын жаңғырту бойынша жаңа идеяларға бастамашыл болуға бағытталған. Көп қабатты тұрғын үйлердің тұрғындары үшін ұсыныстар ретінде арнайы жаднама дайындалды. Жаднамада көршілер арасындағы «Ерулік», «Сыбаға» және т.б. табиғатқа бірлескен саяхаттарға шығу, бір жаққа жол жүргенде үй хайуандарын көршілерге табыстау сияқты дәстүрлерді қалпына келтіру, сондай-ақ тұрмыстық мәселелерді ұйымдасқан түрде бірлесіп шешу бойынша ұсыныстар бар.
Облыстық «Көрші» жобасы әр ай сайын өткізілетін болады, ұйымдастырушылар Павлодар облысы қалаларының барлық аулаларын қамтуды жоспарлап отыр. «Көрші» жобасы «Рухани жаңғыру» облыстық офисінің, облыс ішкі саясат басқармасының, аулалық клубтар мен Павлодар қаласының қосымша білім беру мекемелерінің, «Nur Otan» және «Жас Отан» жастар қанатының, Павлодар қаласы дене тәрбиесі және спорт бөлімінің, сондай-ақ бірқатар облыстық, қалалық органдардың, мәдениет мекемелерінің, оқу орындарының және қоғамдық бірлестіктерінің қолдау көрсетуімен іске асырылады.