Қарызға батқан халық министр Арыстанбек Мұхамедиұлының мақаласын зор үмітпен оқып еді…
Соңғы уақытта шенді-шекпенділер арасында халықтың ойы мен сөзін айтатындар қарасы көбейгені дәтке қуат. «Қараңғыда адасып жүріп жол тапқандай», әйтеуір, елдің қазіргі көңіл-күйінен хабар беріп, еркін көсіле алмаса да, жұқалап, астарлап, сыналап пікір білдіріп жатуы жақсылық нышаны. Түк үндемей, «Сен тимесең, мен тимен бадырақ көз» деп жатып алса қайтер едік. Оны да көрген шыққыр көзіміз! (Оларды сынаған, мінеген кезіміз аз ба?)
МИНИСТРДІҢ БҰЛ ҚАДАМЫ — НАҒЫЗ БАТЫЛДЫҚ
Бұған да тәубә. Шүкір! Көпшілік халық билік басындағыларды саяси сауатсыз, оқыған-тоқығаны мардымсыз, иілгіш, құлағыш, жағымпаз, қорқақ санайды. «Көпке топырақ шашпайық». Көптің ішінде не жүрмейді? Әсіресе билікте, сұрқылтайдай сұңқылдайтындар мен өз атын өзі көкектей «жарнамалайтындар» жетіп артылады? Қолына сәл тізгін тисе алды-артын барлап, қиялмен шартарапты шарлап көсемсіп, шешенсіп ақыл айтатындар елге таңсық па? Керісінше, билік басында іштен тынып жүрген, көкірек көзі ояу, санасы асқақ, жігері мұқалмаған, сезімі тұсалмаған адамдар сенімге ие… Оларға билік тиген күні атойлап шығарына кәміл сенемін. Сонымен жуырда Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ұлы Абайдың «мақамына» салып, «Абай» кз сайтында: «Бос мақтанға салынып…» атты көлемді мақаласын жариялады. (Бұған дейін наурызға қатысты терең пәлсапаға толы мақаласы жарық көрді. Ондағы тың бастамалары бір мақалаға жүк болардай маңызды). Мақала былай басталады. «Әр ұлттың қай кезеңде болмасын алдында тұратын ұлы міндеттерінің ең бастысы — өзінің ісін, өмірін жалғастыратын салауатты САНАЛЫ ҰРПАҚ тәрбиелеу. Болашақ қоғам иелерін жан-жақты жетілген, ақыл-парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық етіп жетілдіру — аға буынның қоғам алдындағы зор борышы. Демек біздер ұрпақ алдындағы борышымызды өтей отырып, олардың болашағын бұлыңғыр емес, жарқын ету үшін келесі бір қадам — мойындарына ешқандай ҚАРЫЗ қалдырмауға тиістіміз!» «Айтылған сөз — атылған оқпен бірдей» дегенге салсақ, дәл айтылған сөз, ондыққа тура тиген оқ осындай-ақ болар. Халыққа жаны ашыған адамның жанайқайы, іштегі үлкен тебіреніс, сыртқа «бостандық алып» шыққанда осылай жайылса керек-ті. Қаншама жыл «Ләппай тақсыр» деп үнсіз жүруінің, ақыры, сыры ашылды ғой. Тек ана бір атақты артиспен соттасып, ақырында оны оңдырмай, шалып құлатқаны болмаса. Жарайды, оған да көңіл бөлмейік. «Жақсының артынан сөз ереді» демекші, бәлкім біз білмейтін, түсінбейтін сырлар бар шығар ол жерде. Ер азаматтар арысында болып тұратын «айқасқа» төрелік те жасағым келмейді. Уақыт деген соттың өзі-ақ ертең ақ пен қараны ажыратып береді. Тек көптеген ағайынның «бұл министр жай министр, бас шұлғудың шебері» деп келекелегені жаныма батады. Қайтейін, министрге жала жабатындар ел басқару ісіне үлкен талант керек екенін, ол таланттың кейде араға жылдар салып барып ашылатынын түсінбейтіні қалай? Не нәрсенің де аңысын аңдап сөйлеуге үйренейікші, өтінерім?…
Шынымды айтайын, Арыстанбек мырзаның музыкант екенін білгеніммен, қара сөзге төрт аяғын тең басқан жорға шыққанын көргенім осы! Іштегі қыжыл мен қайрат қойсын ба, жанартаудай атылыпты, батырың! Түйдек-түйдек ойлар, кесек-кесек толғамдар қандай қараңғы түнде алдыңнан шам жанғандай! Адастырмас бағыт — темірқазық мақала осындай-ақ болар! Тфә-тфә! Тіл көзім тасқа! «Сөзіңді біреу сөйлесе, аузың қышып бара ма? Ісіңді біреу істесе, қолың қышып бара ма?» деген қазақ әулие ғой. Қалың бұқараның сөзін сөйлеген Арыстанбектей азаматпен мақтануға болады осы тұрғыда. Халықтың «нанын емес, қамын жеген» министрге «қарызға көмілгендер» дән риза. Тек қана «мұны ертерек айтуға не кедергі болды екен?» деген сауалға жауап бере алмаймын… Ол менің құзырыма жатпайды.
БАНК «ТҰТҚЫНДАРЫНА» АЯУШЫЛЫҚ
Мақаланың мына жерін оқығанда көзіме жас үйіріледі. «Осы күні ҚАРЫЗ МӘСЕЛЕСІ еліміздегі күрделі мәселелердің біріне айналды. Расында, қарыздың қай түрі де оңай емес. Ұлттық банк деректеріне сәйкес, қазақстандықтар екінші деңгейлі банктерге 6 триллионнан аса теңге қарыз екен. Сонда жан басына шаққанда әр қазақстандық орта есеппен 900 мың теңгеден аса (!) берешек деген сөз. Мейлі автокөлік алуға, мейлі кәсіп ашуға болсын, әйтеуір банк қызметіне жүгініп, өсімақымен несие алмаған азаматты табу қиын бүгінде… Ең сорақысы, біз «қарызға» өмір сүруге әбден бой алдырдық — соңғы бір жылда халықтың қарыз алу қарқыны 15 пайызға артқан!» «Қыр арқасына ер батып қайқаңдаған» ат құсап, әр қазақстандықтың қалт-құлт етіп күн кешіп жатқанын министрдің ашық айтуы — өжеттік. Асқақтатып айтсақ — өлермендік! Әңгімеге төтесінен көшсек, бұл қарызды білген Мәдениет министрі Қазақстанның сыртқы қарызы 161,5 млрд. долларды құрағанын білмеуі мүмкін бе? Меніңше мүмкін емес. Біледі. Бірақ тереңдегісі кеелмеген. 2018 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Қазақстан Республикасының сыртқы борышы былтыр 8,6% азайып, 161,5 млрд. долларға төмендегені де ақпарат айдынында «жүзіп» жүр. Көзі ашық азамат бұдан бейхабар болуы ақылға сыймайды. Қалай десек те, министр «екі майданда соғысып» жеңіске жете алмайтынын жақсы түсінген тәрізді. Абай атасын көп оқитын болғандықтан «Ақырын жүріп, анық басуға» талпынғаны байқалады. Билік дәлізінде алшаң басып жүрген министрдің, қарапайым халықтың банк «тұтқынында» отырғанын айтуының өзі — жаңалық! Әсіресе, «ЕҢ БАСТЫСЫ — ҚАРЫЗ ТӘУЕЛДІЛІГІ РУХАНИ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ТӘУЕЛДІЛІККЕ АЛЫП БАРАДЫ. Біз осыны ескеруден қалып барамыз!» деген сөзі нысанаға дөп тиіп тұр. Шынымды айтайын, «Тегін адамның таз» болмайтынына осы жолы анық көзім жетті. Не деген энциклопедиялық білім! Не деген талғам! Не деген ой-өріс! Шариғатты жілікше шағып, алыс-жақын шетелдік жазушылардың шығармаларынан цитаталар келтіріп, психология мен философияны терең талдап, «соқырға әріп үйреткендей» ыждахаттылықпен ой өрбітуі ешкімді бей-жай қалдырмағанына бәс тігемін. Мақаланың мына қырына назар аударайық. «Жапон халқының қарыз-несие мәселесіне көзқарасы тіпті басқаша. Бір кезде самурайлық философияны өмірлік ереже еткен жапондықтар қарыз мәселесіне өте сақ қарайтын. Дайдодзи Юдзан Сигэсуки «САМУРАЙДЫҢ КОДЕКСІ» атындағы кітапта былай дейді: «Самурай ұдайы, күндіз-түні мынаны есінде ұстауы тиіс — жаңажылдық тағамнан ауыз тию үшін қолына таяқша алған таңғы сәттен бастап, ескі жылдың соңғы түніне дейін, ҚАРЫЗЫН өтеу кезінде — ол өлетінін есте ұстауы тиіс». Бұл, бұл ма, шариғаттан хабары мол министр, әлемдік діндерге де ат шалдырып өтеді. «…Сол секілді Протестанттық діни нанымды санаға мейлінше сіңірген немістер ҚАРЫЗДЫ ҮЛКЕН КҮНӘ САНАЙДЫ. Дамыған мемлекеттердің қай-қайсысы болса да, осы ұстанымда!…» «Оқығанның иті артық» деген осы-ау… Қалай-қалай көсіледі десеңізші!
4,58 МЛН. БОРЫШКЕРДІҢ ЗАРЫ
«Борышкер демекші, былтыр шілде айында банктер мен микронесие ұйымдарына қарыз қазақстандықтардың саны 4,58 миллион еді. Яғни елдегі экономикалық белсенді, еңбекке жарамды халықтың тең жарымы банктерге қарыз деген сөз». Иә, министр мырза дұрыс айтады. Еңбекке жарамды халықтың дені банктерге қарыз! Министрдің ізденімпаздығы, алыстан орағытып із тастауы, халыққа бүйрегінің бұрып тұрғандығы, осы мақаланы оқу барысында анық сезіледі. Министрдің бәрі Арыстанбек бауырымдай ашық, халыққа ғашық болса шіркін-ай… Сонда бәрі орнына келмесе де, елден именуге жол ашылар еді-ау. «Өзі шығайын деп тұрған көз еді, түртіп қалған соң, не сорым» дегендей, қоғамдағы күйіп тұрған ПРОБЛЕМА — «ҚАРЫЗ» ДЕГЕН жеті басты аждаһаға, билік тарапынан алғашқы болып қарсы тұрған баһадүр Арыстанбек тарихта қалар іс жасады.
Болам деген баланың бетін қақпай, белін буайық… Қолдайық… Талайлар билік арғымағының үстінен домалап түсіп, «жер қауып» жатқанда, «жоғары қолбасшының» қаһарына ілікпей, керісінше, талайдың көз-құрты болған мансабына «шыбын қондырмай» жүруінің мәнісі осындай ақылдылығы мен сұңғыла ойшылдығында жатыр екен-ау деп көңіл-қабының түбіне жасырып қоюды да ұмытпайық… Банктерді сынап теңеу табу оңай жұмыс емес. Олардың халықты қанап жатқаны бұған дейін де сан мәрте айтылған, жазылған. Бірақ дәл министр мырзадай жеріне жеткізіп, «қанын шығарып», айызымызды қандырып мақала жазған адам некен-саяқ. Егер екеу болса, бірі — біздің министр. Жалғыз болса ол — Арыстанбек Мұхамедиұлы. Мысалы, мына сыны қандай! «Орыс ақыны Николай Некрасов банк жүйесін былай деп сынаған екен: «Банкир — күн шығып тұрған кезде сізге қолшатыр беріп, жаңбыр сіркірей бастағанда оны тартып алатын адам». Әлгі «Кепілсіз несие!», «Комиссиясыз!», «Жалақыға дейін!» деген түрлі алдамшы жарнамалармен арбап шақырып алып, микронесиені мойыныңызға «іліп» жіберетін, кейін берген қаражатын екі-үш есе етіп қайтаруды талап ететіндерді дәл сипаттап тұрған жоқ деңізші! Дәл өзі емес пе! Француздар қарыз туралы былай дейді: «Досыңа қарыз берсең, досыңнан да, ақшаңнан да айырыласың». Осыған ұқсас мақал орыс халқында да бар: «Егер досыңды жоғалтқың келсе, оған қарызға ақша бер» дейді. «Қарыз алған адам — кедей, ал қарызын қайтармаған адам — түгі жоқ бейшара» дейді қазақ мәтелі». Бұған бірдеңе алып-қосу мүмкін емес. Тек таңдай қағып тамсана бересің. Қарыз болуды әлемде қазақтан артық айтқан ұлт жоқ шығар! Жасыратын несі қалды? Қазіргі қазақ қоғамы — балға қонып балбырап, кейін салбырап қалған масаға көбірек ұқсайды. Қарыз алу — халық тұрмысының қай деңгейде екенін көрсететін барометр! «Қарыз — күліп барып, жылап келеді» дейді атам қазақ. Сол айтқандай, қарыз алып, жылап жүргендер қаншама..?! Қос дипломмен өз еркімен жұмысын тастап кредиттен қашып, шаңырағы ортасына түскен отбасылар, жұмыссыздар қаншама?! Қарыз алып оны өтей алмай, жас ғұмырын құрбан етіп жатқандардың обалы кімге? Жұмыссыздықтың бір себебі осы екенін кім ойлады екен..? Қарызға белшеден батқан халық, сең соққан балықтай сабылып жүр… Оларға кім араша түседі? Оларды кім қорғайды? Сұрақ көп, жауап аз! Мұндай сәтте әлеумет жоғарыға мойын созып «зарымызды, мұңымызды кім тыңдайды?» деп елеңдеуі заңдылық. Осындай екіталай кезеңде, екіұдай болған халыққа «қара бұлттың арасынан жалт етіп шыға келген күн секілді» министр Арыстанбек Мұхамедиұлының «Қа-рыздың қасіреті туралы» мақаласы шуағын төгіп жіберді. Қарыздан тарығып жүргендер тамсана оқып, тіпті қарызын ұмытып кеткендей күй кешті. Ел арасында сөз жата ма, «биліктің өкілінің қарызды сөз етуі тегін емес. Бәлкім мемлекет қарызымызды кешіріп, өзіне деген жаман көзқарасымызды өшіріп» тастамаса неғылсын деп айта бастады. Лайым солай болғай!
ТҮЙІН:
МИНИСТР МЫРЗА, БӘРІН АЙТТЫҢ, БІРАҚ ҚАРЫЗДАН ҚҰТЫЛУДЫҢ ЖОЛЫН НЕГЕ АЙТПАДЫҢ?
Халықтың ортасында көп жүріп, олардың талап-тілегін, арыз-шағымын түйсінген министрдің мақаласы шынымен «жанға жайлы». Ақылға, пәлсапаға тұнып тұр. Тек одан шығу жолы ғана тұйыққа тірейді… Министр Арыстанбек Мұхамедиұлы мақаласының соңын былай түйіндепті. «…Абай айтқан «Толық адам» болу, Заратустра іздеген «Кемел адам» болу үшін әркім өз бойындағы кемшіліктермен, пендешіліктермен күресуі керек. БІРАҚ МҰНДАЙ КҮРЕС ЖОЛЫНА ТҮСУ ҮШІН АДАМҒА ӘУЕЛІ ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ЖӘНЕ РУХАНИ БОСТАНДЫҚ ҚАЖЕТ. Басқаның қажеттілігін өтеу үшін күндіз-түні жұмыс істейтін, өзгеге тәуелділіктен түні бойы ұйықтамайтын адамда ақыл-ой, сана бостандығы қайдан болсын? Қарап тұрсақ, АДАМ болу — ЕРКІН болу — БАҚЫТТЫ болу бір-біріне тығыз байланысты құбылыстар екен. Ендеше пендешілік осалдықтан, несиеден, тұтынушылық құлдықтан құтылайық!» Жөн сөз! Бірақ министр мырза мақалаңызды оқып болып, тамсанған таңдайым тәтті балдан уылып кеткендей күйге түстім. Неге десеңіз айтайын. Пәлсапаға толы мақалаңыздан, «Банктерге құлдықтан қалай құтыламыз? Қайтсек құтыламыз? Қайтіп құтыламыз?» деген сұрақтарға жауап таба алмай қиналдым! Сіз банктерден қарыз алудың күнәлі іс екенін нақты дәлелдермен анық жаздыңыз? Ойдан-қырдан цитаталар келтіріп, қарызға батпауға халықты шақырдыңыз? Ниетіңіз оң шығар, бірақ мұны көзі ашық жұрттың көпшілігі біледі деген ойдамын. Негізі қарызды жетіскен адам алмайды ғой. Қарыз деген — қылбұрау. Аямайды. Буындырып тастайды. Соны біле тұра, қарыз алмау үшін биліктің де саясатына өзгеріс керек екенін нақтылай алмағаныңыз қалай? Шындықтың жүзіне тура қарап, шетелден 3-4 пайызға әкелінетін несиенің біздің елімізде 20-25 пайызбен берілетінін тілге тиек етсеңіз даңқыңыз бұдан да асқақтай түсер ме еді, деймін дағы? Сіз теорияны жатқа айтқанымен, практикаға орашолақ студент секілді қалып танытып кетіпсіз мақаланың соңында. Мақалаңызды оқып болған мезетте ойыма мына бір мысалдың орала кеткені. Ертеде жас тышқандар жиналып, мысықтан қалай құтылудың жолын қарастырыпты. Әрқайсысы өз ұсыныстарын айтып, арты үлкен дауға ұласыпты. Сол кезде бір бала тышқан: «Мысықтан құтылудың жолын таптым. Оның жалғыз ғана жолы бар. Ол — мысықтың мойнына жіпке байланған қоңырауды ілу. Сонда көзіміз ашылады. Оның қай жерде келе жатқанын бірден білетін боламыз», — деп айқай салыпты. Мұны ести сала барлығы «неткен тапқыр едің, неткен көреген едің, неткен ғұлама едің» деп мақтауды жаудырыпты әлгіге. Бәрін естіп, сол маңнан өтіп бара жатқан кәрі тышқан: «Оу, айналайындар-ау, не болды сендерге соншама шулап. Мысықтың мойнына қоңырауды кім барып іледі? Соны шешіп алыңдар алдымен. Басқа әңгіме содан кейін айтыла жатар», — деген екен…
Құрметті Арыстанбек мырза, банктен қарыз алмау туралы ақыл қалтаға құралған мақалаңызды оқып шығып мынадай ойға табан тіредім. Біздей емес қолында құзыреті бар, айтса сөзі өтетін, тіктеп қараса маңайына көзі өтетін билікте жүрген азаматсыз? Бір датым бар, сізге. Елді көп аралап, халықпен жиі жүздесетін ана болғандықтан көп нәрседен хабардармын. Өзің тарқатып айтқандай дүйім ел банктерге жіпсіз байланып отыр. Оның ішіне жас та, кәрі де кіреді. Небір жап-жас, тепсе темір үзетін білімді, білікті мамандар да қарыздың шырмауынан шыға алмай өз еркімен жұмысынан шығып, нәпақасыз қалған отбасын асырау үшін кез келген жұмысқа жегіліп жүр. Ондағы ойлары банктен аулақ кету. Пайызды, басқаны ойлап бас қатырып жатқан жан көрмедім. Бүгін өлмесе болды, ертеңі бұлыңғыр көбінің. Банктер айлықтарын қақшып алып, адымдарын аштырмаса не істемек? Несие алғанда жақсы-ау… Ал төлеуге келгенде жан ышқынады.
Ел арасында несиесін төлей алмағасын білімді, білікті мамандар өз жұмыстарын тастап «жұмыссыздар» санын көбейтуде. Айлығын банк бала-шағасына, пәтеріне (ипотека, жалдамалы үй болуы мүмкін) қарамай кесіп алады. Лажсыздан жұмыстарын тастап отбасы үшін кез келген жұмысқа тұруға мәжбүр болады. Соның себебінен ұрлық-қарлық өршіп тұр. Өлім-жітім де азаяр емес. Шу өңіріндегі жастар нашаға шатылып бітті… Көзін тұман басқан банктер несиені беруді жеңілдетіп қойғаны сондай, жұмыссыз жүргендер де маталып жатыр…
Құрметті Арыстанбек мырза, халық қарызға батып отырғанда, қарыз алмау керек деп мораль оқу оңай. Бұл тіпті ызаға булыққан халықтың ашуын келтіретін жайт. Сіз тойып секірсеңіз, халық “тоңып” секіруде. Құр ақыл айтып, “құрғақ қасықпен ауыз жырытқанша” Банкке тәуелді борышкерлерге жұмыс тауып беруді ойластырып, пайыздық мөлшерлемені азайтуға күш салыңыз? Тұрмысы төмен отбасылардың несиесін уақытша болса да тоқтатуға көмектесіңіз. “Шын жыласа соқыр көзден жас шығады” демей ме атаң қазақ.
Сізден өтінерім, жалаң пофосқа арқа сүйемей, билік басындағыларға түлкібұлаңға салмай, «халықты банктің құрсауынан құтқару керек, қымбатшылық жағадан алып жатыр банктер үлкен пайызбен халықты сорып жатыр» дегенің әлде қайда шынайылық үлгісі болатынын ескерту…
Сонда ғана халық “Міне, нағыз азамат! Өркенің өссін! Тығырықтан шығар жолды нұсқадың. Сен өз міндетіңді адал орындадың. Енді қалғаны билікке серт!” демесе, маған кел! Сонда атың қазақ тарихында алтын әріппен жазылып қаларына сене бер… Әйтпесе, бәрі бекер…