Маңғыстауда «Бизнес 3 күнде» жобасы қарқын алуда
Айта кету керек, «Бизнес 3 күнде» елімізде және жақын шет мемлекеттерде баламасы жоқ бизнес-жоба болып табылады. Маңғыстау облысының әкімі, «Nur Otan» партиясы облыстық филиалының төрағасы Ералы Тоғжановтың идеясы алғашқы нәтижелерін бере бастады. Жоспарға сәйкес жыл соңына дейін 370 жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. Бұл туралы «Бизнес 3 күнде» жобасының Ақтау қаласы бойынша жетекшісі Арайлым Шамшадинова мәлімдеді.
Жаңадан өз кәсібін бастағандарға қаржылай мәселені шешу үшін қажетті құралдарды сатып алып беруді жеке кәсіпкерлер мен меценаттар, өңірдегі ірі компаниялар өздерінің мойындарына алған. Жаңа жобаның алдыңғы әлеуметтік бағдарламаларға қарағанда айырмашылығы жоқ емес. Белсенді топтар Маңғыстау облысындағы әлеуметтік жағдайы, күнкөріс деңгейі өте төмен, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиесімен отырған көпбалалы отбасыларға өз кәсібін ашуға қолдау көрсетуге дайын.
Сонымен қатар, аталмыш жоба аясында өз кәсібін бастағандар бұл жобаға жаңа қатысушыны тартатын болса, арнайы сыйлық беру қарастырылған.
«Ең бастысы алғашқы нәтижелердің бар екендігі қуантады. Осы мүмкіндікті пайдалану үшін барлық көпбалалы аналар мен әлеуметтік аз қамтылған отбасыларды белсенді болып, өз ісін дөңгелетуге шақырамыз. Расымен де бұл жобаның болашағы бар, тек сену керек. Кәсіппен айналысуға ниет білдірген жандар бизнесті қалай бастау керектігі туралы оқытылады, ал демеушілер қажетті құрал-жабдықпен қамтиды және сауда нүктелерінде шығарылған дайын өнімдердің сатылуына барынша ықпал жасалатын болады. Бұдан артық не керек? Кәсіп ашып табыс табуды бастау ғана қалып тұр», — дейді Арайлым Шамшадинова.
Жобаның алғашқы күні Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен көпбалалы 10 отбасыға өздерінің кәсібін бастау үшін қажетті құрал-жабдықтар сатып алынды. Ал қаражат мәселесін шешіп берген «К7 групп» құрылыс компаниясы болатын. Айта кету керек, жоба аясында тек Ақтау шаһары бойынша 100 отбасыға көмек көрсету жоспарланған.
Төрт баланың анасы Масуда Абдамбетова кәсіпкерліктің қыр-сырын үйренген соң, тігін машинасына қол жеткізді. Енді балалар киімін тігуді қолға алған және тапсырыстар қабылдауға дайын. Оның айтуынша, егер ойлаған жоспары жүзеге асатын болса, өзі сияқты жаңадан өз ісін бастаған кәсіпкерлермен байланыс орнатып тәжірибесімен бөлісуге дайын.
«Шынымды айтсам бизнесте атарлықтай жоғары тәжірибем жоқ. Бірақ көздеген мақсатыңа жету үшін уақыт қажет екендігін жақсы түсінемін. Бұл заманда кім өзінің бизнесін бастағысы келмейді дейсің, әрине кәсіппен айналысқысы келетіндер арамызда көп. Алайда бұл барлығының қолынан келе бермейді және оның бірнеше себептері бар. Біреуде қаржысы болмаса, енді біреудің кәсіп бастауға көзі қорқады. Мен Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановқа осындай бастаманы қолға алғаны үшін алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, демеушілер мен меценаттарға да алғыстан басқа айтарым жоқ», — деді ол.
«Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасарының міндетін атқарушы Звира Есбергенованың айтуынша, үстіміздегі жылдың 27 ақпанында Астанада өткен «Nur Otan» партиясының XVIII съезінде ҚР тұңғыш Президенті, Партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың өмір сүру сапасын көтеру қажеттігіне баса назар аударған болатын.
«Нұрсұлтан Әбішұлы мемлекеттің басты міндеті – адамдарды жұмыспен қамту қажет, яғни күнделікті күнкөріс үшін табыс табуы үшін оларға жағдай жасалуы тиіс. Ал көмек ең алдымен мұқтаж жандарға көрсетілуі қажет деген болатын. Бұл ретте біздің өңірде бастау алған «Бизнес 3 күнде» әлеуметтік жобасының қарқынды жүзеге асырылуы, «Nur Otan» партиясы төрағасының тапсырмасы өз деңгейінде орындалып жатқандығын көрсетіп отыр және бұл бастаманың болашағы жарқын екендігі сөзсіз», — деді ол.
«Бизнес 3 күнде» жобасы аясында Ақтау қаласында 100 кәсіп, Жаңаөзен қаласында 100 кәсіп, Мұнайлы ауданында 50 кәсіп, Бейнеу, Қарақия және Түпқараған және Маңғыстау ауданында 30 кәсіптен, облыс бойынша барлығы 370 кәсіп ашу жоспарланған.
Кәмшат Ізбасарова,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі
Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы