Аналарды неге алдайды?
Әлгі бір хабардың жүргізушілері сөзін «Біздің бағдарламаның ең басты ерекшелігі – алдау операциясы!» деп бастамай ма? Иә, дәл солай, атаулы әлеуметтік көмек беруге арналған бағдарлама 21 мыңнан үміттенген қаншама ананы оңдырмай алдады. Біз алдандық! Осыған дейін жазғанымыздай, жұртты жарылқайтын жаңалық расында да көпбалалы отбасылардың көз жасын көргендей қуантты. Адамдар бөркін аспанға атты. Жастар бас құрауға асықты. Көбеюге ниет етті. Отбасылық құндылықтың маңызы артқандай-ақ еді. Әттең…
Өткен аптада ғана Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі бұл көмектің көп құжатты талап етпей берілетінін айтқан еді. Алайда, тиісті орындарға алып-ұшып барған аналардың құжат қабылдай бастаған он күннің ішінде жүні жығылып, жүйкесі тозды. Себебі, бұл көмекті көпбалалы аналардың көбі әзір ала алмайды. Неге? Атаулы әлеуметтік көмекке бір ғана құжат – туу туралы куәлікпен барсаңыз болды дегендері, бос сөз. Одан әрі отбасының кірісін тәптіштеп есептеп отыратын мамандар, аналардың айлап жүріп жинай алмайтын құжаттарын алдарына жайып салып отыр. Оның алғашқысы – ажырасқан аналардан талап ететін алименттің дерегі. Оның мөлшерін баласына алиментті ажырасқалы алып көрмеген ана қайдан білсін?! Сотқа барса да мәселесі шешілмей жүрген ана көп. Осы жерде екінші мәселенің ұшы көрінеді. Елімізде жалпы төленетін алимент түрлеріне қатысты 177 мың құжат болса, оның 166 мыңы ересектердің өз балаларына берешегі екен. Сот орындаушылары мен министрлік нақты олардың қаншасы ай сайын ұрпақ жалғастырушысына тиынын бөліп беріп жатқанын айта алмайды. Қашып жүрген әкелердің санында есеп жоқ. Еш жерде жұмыс істейтін дерегі жоқ әкеден ала алмаған алименті үшін бұл көмектен аналар қағылып отыр. Бұл – бір.
Екіншіден, бір жасқа дейінгі бала күтіміне байланысты жәрдемақы үйге кіретін кіріс көзіне енгізілді. Басында бұл жәрдемақыны, аналардың үйде отырып, баласын бағуын үш жылға созу керек деген ұсыныс болған еді. Ал енді оның орындалмағаны өз алдына, кіріс көзі боп есептеліп тұр. Жәрдемақы емес, жалақы боп есептелгесін енді аналар амалсыз жұмысқа шыға бастайды. Шығысты кіріс деп есептейтін біздің өкімет қана шығар осы?! Амалының жоғынан (2019 жылдың қаңтар, ақпан, наурызында алған болса) несие алуға мәжбүр болған аналар аң-таң. 21-22 пайызбен алған несиесін кіріс деп есептеп отырғандары ақылға симайды. «Несиені адам жетіскеннен алмайды. Айлап жүріп тапқан ақшасын, банкке беру үшін жұмыс істеу кімге ұнайды?! Әсіресе, қалада жүрген көпбалалы отбасылар жалдамалы пәтерінің бір ғана айлық ақысын төлеуге несие алып жатады. Ал ол ақшаны өздері еселеп қайтарады. Ол аздай, бұл кіріс көзі ретінде есептеледі. Бұл жерде ешқандай логика жоқ. Бұл – халықты мазақ ету. Қорлау» дейді әлеуметтанушы Ерлан Қуантқанұлы. Төртіншіден, мүгедек балаға берілетін жәрдемақы есептелмегенімен, бағуға берілетін жәрдемақы есептеледі. «Дені-қарны сау баланы бағу қандай мехнатты екенін білесіздер. Ал мүгедек баланы бағып-қағу оңай ма? Оның емханаға баруына, жүріп-тұруына, жөргегіне, дәрі-дәрмегіне, шетелге барып ем алып келуіне оның өзіне де, қараушысына да берілетін жәрдемақысы жетпейді. Сөйте тұра соның біреуін бәрібір есепке алып отыр. Бұл ақылға сыймайды. Кеше АӘК ке құжат тапсыруға барғанда, тауы шағылып, жылап шығып жатқан қанша ананы көрдім. Сол аналардың жағдайы маған ұйқы бермей жатыр», – дейді «Ақжүніс» аналар қоғамы Астана бөлімінің жетекшісі журналист Мейрамхан Жәпек. Мұның сыртында тұрғылықты мекенжай мен қолдағы кемпір-шалдың зейнетақысына қатысты мәселе тағы бар. Ауылдағы ағайынды мазалаған сұрақ – соңғысы. Ата-ананың ғана емес, бірге тұратын тек жақын туыстардың барлық табыстары есепке алынуда яғни, ата-ана, балалар, бала асырап алушылар, асырап алынған бала, ата-анасы бір және ата-анасы бөлек бауырлар мен апа-қарындастар, ата, әже, немерелер есепке алынады. Демек, бір ата-ана екі баласын отбасымен бірге ұстап отырса, бір үйде тұратын болса, онда ол үйдегі екі зейнеткердің табысы отбасындағы екі жанұяға да есептеледі.
Осыдан келіп, «бұл көмекті қалайда алайық» деп ойлай бастаған кейбір отбасы құжат жүзінде болса да ажырасуды ойласа, енді бірі қара шаңырақтан бөлек шығуға, безінуге мәжбүр. Отбасының жиынтық табысын есептеген кезде 4 және одан да көп баласы бар көпбалалы отбасыларға берілетін арнаулы мемлекеттік жәрдемақы, «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған көпбалалы аналарға берілетін жәрдемақы, баланың мүгедектігі бойынша жәрдемақы, студенттердің стипендиясы, жергілікті атқарушы органдар жүзеге асыратын біржолғы төлемдер есепке алынбайды. «Бұл жәрдемақыларды қарап отырсаңыз, жарымайтын ғана ақшалар. Төрт балаға 10 мың, жеті балаға 16 мың аламыз. Стипендия – 17 мың. Үкімет ақымақ емес. Қай жәрдемақыны есептеп, қайсысын есептемеуді де жақсы ойластырған. Баланың бір жасқа дейінгі жәрдемақысы кейбір отбасыларда 60-80 мың ғой, мысалы. Соны көп көріп отыр. Ал олар осындай ақшаға ай сайын күн көре ала ма? Осыны өздері түсіне ме алдымен? Елдегі ең төменгі күнкөріс деңгейі дұрыс емес. Олар барынша әр отбасындағы адам санына бөлінетін ақшаны 20 мыңнан асырмауды көздеп отыр. 7 адамы бар отбасындағы азаматы 150 мың айлық алса, бұл көмекке ілінбейді. Міне, біздің жыр болған көмектің жауабы. Біз қазір үмітімізді үзіп, бұл жерге енді келместей болып кете барамыз», – дейді көпбалалы ана Айжан Төлепбергенова. Тұрмысын дұрыстаймыз деп, бірнеше несие алып, одан шыға алмай отырған отбасылардың жайын кім ойлайды? Үйі барлар мен пәтер жалдап тұратындардың жайын бөліп қарауға билік қауқарсыз ба? Неге бізде басталған кез келген бағдарламаның соңы сұйылып, жауабы жоқ сұрақтарға айналып кетеді?
Неге? P.S. КҮНІ КЕШЕ НҰР-СҰЛТАНДАҒЫ ХАЛЫҚТЫ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ОРТАЛЫҒЫНА ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ВИЦЕ-МИНИСТРІ СВЕТЛАНА ЖАҚЫПОВА БАРЫП, АТАУЛЫ ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК АЛУҒА ӨТІНІШ ТАПСЫРУ БАРЫСЫН БАҚЫЛАП, АТА-АНАЛАРМЕН СӨЙЛЕСТІ. «БАЛАЛАРЫҢЫЗ 2008 ЖЫЛҒА ДЕЙІН ТУСА ҒАНА ҚҰЖАТЫНЫҢ ТҮПНҰСҚАСЫН ӨЗІҢІЗБЕН ӘКЕЛЕСІЗ. БАСҚА ҚҰЖАТТАРДЫ ӘКЕЛУДІҢ ҚАЖЕТІ ЖОҚ. ЖҰМЫСТАН АНЫҚТАМА, ТАБЫС ТУРАЛЫ АНЫҚТАМА КЕРЕК ЕМЕС» – ДЕГЕН ВИЦЕ-МИНИСТРДІҢ СӨЗІНЕН БҰЛ МӘСЕЛЕГЕ ҚАТЫСТЫ МАҢЫЗДЫ АҚПАРАТТАРДАН ӨЗІНІҢ ДЕ ТОЛЫҚ ХАБАРЫ ЖОҚ-АУ ДЕП ҚАЛДЫҚ. ӨЙТКЕНІ БІР ҒАНА ҚҰЖАТПЕН ШЕШІЛЕТІН МӘСЕЛЕНІҢ ТҮРІ КӨРІНБЕЙТІНІН СОЛ ЖЕРДЕГІ ҚАНШАМА АНА АЙҚАЙЛАП АЙТЫП ЖАТТЫ. АЙТПАҚШЫ, 1-СӘУІРДЕ БАСТАЛҒАН КӨМЕГІМІЗДІҢ СОҢЫ ДА КҮЛКІГЕ, ӘЖУАҒА АЙНАЛА БАСТАДЫ. БІРАҚ БҰЛ КҮЛКІДЕ АШУ БАР. ЫЗА БАР. НАЛА БАР.