Қайрат Лама Шариф: «Салафиттер қазақтың салт-дәстүрін түбегейлі жоққа шығарады»

Бұл сұхбатты қазіргі күні Біріккен Араб Әмірлігінде елші болып жүрген Қайрат Лама Шариф Дін істері агенттігінің төрағасы қызметін атқарған жылдары беріпті. Байқасақ, өзектілігін жоймаған екен. Ақтөбе газетінде жарияланған осы сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.  Лама Шариф  Қазақстандағы діни экстремизмнің шынайы келбеті қандай?Оның түп-тамыры қайда жатыр және  онымен күресу жолдары қайсы? деген сауалдарға жауап беріпті. 

 — Қайрат Қайырбекұлы, «Діни экстремизмнің алдын алу» және «діни экстремизмге қарсы күресу» ұғымдарының арақатысы жөнінде не айтасыз? Олар тәжірибеде қалай жүзеге асып жатыр?

— Дін істері агенттігі конфессияаралық келісіммен қамтамасыз ету, азаматтардың діни сенім еркіндігі құқығын және діни бірлестіктермен өзара байланыс салаларын, сондай-ақ аталмыш бағыттағы сала аралық үйлестіруде мемлекеттік стратегияны жүзеге асырушы орталық атқарушы орган болып табылады.

Татулық пен тұрақтылық — Қазақстанның ішкі саясатының басты басымдығы және де республикамыздың өрлеп-өркендеуінің қажетті алғышарты болып табылады, сондықтан да мемлекетте оларды қамтамасыз ететін тұтастай бір жүйе қалыптасқан. Осы жүйеде агенттік өзіндік орынға ие.

Бүгінгі күні дін секілді өте нәзік саладағы тұрақтылыққа төнген сын тегеуріндер мен қатерлер экстремизм түрінде бой көтерді. Идеология, теріс пиғылға үндеу яки лаңкестік әрекеттер арқылы діни экстремизм өзіне жол салып жатыр.

Сөз жоқ, біз Қазақстан Республикасының «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» Заңына сәйкес діни саладағы экстремизмге тойтарыс беріп, ымырасыз күресуге тиіспіз. Осы Заңға сәйкес, діни экстремизммен күресу мемлекеттік органдардың қызметіне жатады. Яғни адам құқықтары мен азаматтардың бостандықтарын, Конституция негіздерін қорғауға бағытталған шараларды жүзеге асыру, көпконфессиялы еліміздің тұтастығы мен ұлттық қауіпсіздігін экстремизм қатерінен қорғап, экстремизмнің алдын алу, анықтау, жолын кесу және оның салдарын жою, сондай-ақ экстремизмнің жүзеге асуына жол ашатын себептер мен алғышарттарды анықтап, жойып отыру — мемлекеттік органдардың басты міндеті. Бір сөзбен айтқанда, заңнамалық деңгейде экстремизмнің тамырын терең жаюға мүмкіндік бермейтін алғашқы кезеңінен бастап оны залалсыздандырып отыруға басымдық беріледі.

Экстремизмнің алдын алу профилактикалық жұмыстарда көрініс табады. Атап өтілген заң бойынша, бұл — құқықтық, ұйымдастырушылық, тәрбиелік, насихаттық және өзге де шаралардың қалыпты жүйесі.

Отандық заңнаманың нормаларын орындау үшін Агенттік өз Ережесінде бекітілген ақпараттық-насихаттық шараларды жүзеге асыру міндетіне ден қояды. Осы міндеттің аясында, халық арасында  діни экстремизмнің алдын алу үшін, ақпараттық-насихаттық топтар құрылып, олар Агенттік пен оның жергілікті департаменттері басшылығымен бүкіл Қазақстан аумағында ақпараттық жұмыстар жүргізуде. Мұндай топтардың құрамына имамдар, дінтанушылар, ғалымдар, дін істері бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар қызметкерлері кіреді. Жұмыс барысында ақпараттық-насихаттық топтар халықтың барлық әлеуметтік топтарын қамтуға тырысуда, бұл жұмыстарда бірінші кезекте, әрине, жастар ортасы кеңінен қамтылуда. Бұл ретте қалың бұқараға діннің шынайы гуманистік бастауларын көрсетіп, дәстүрлі рухани құндылықтарды дәріптеу және де радикалды діни топтарға қосылудың қатерлілігі турасында ақпараттар беру басты назарда ұсталады.

2012 жылдың бірінші жартыжылдығында осынау ақпараттық-насихаттық топтар 1600-ден астам іс-шара, яғни семинарлар, отырыстар мен дөңгелек үстелдер республика деңгейінде өткізілді, жұмыс аясына жалпы саны 53 мың адам қамтылды.

— Сіздіңше, бүгінгі экстремистің бет-бейнесі қандай?

— Бәріміз экстремизм атаулының идеология ілгішінен басталатынынан хабардармыз, яғни бұл — адамдарды мотивациялап іс-әрекетке итермелейтін идеялар шоғыры. Сондықтан да діни экстремизмді КСРО-ның тарап  кетуінің көп салдарының бірі ретінде көрсетсек қателеспейміз. Ескі идеалдар құлады, ал қоғам жаңаларын қалыптап үлгермеді. Міне, нақ сол сәтте посткеңестік кеңістікке әлемнің түкпір-түкпірінен қоғамдық және мемлекеттік құрылыстың әралуан нұсқаларыентелей енді. Бұл дүрмектен шетелдік діни және діни-саяси топтар да тыс қалмады. Бұған біздің батыс шекарамызға таяу аумақта Ресей Федерациясының лаңкестерге қарсы әскери қимылдар жүргізгенін қосыңыз. Олар өздерінің діни-саяси түсініктеріне сәйкес федерация құрамынан бөлініп шығуға тырысты. Бұл оқиғалар еліміздің батыс өңірлерінде идеялық тұрғыда тұмау секілді жұқты.

Осындай әсерлердің нәтижесінде кейбір жастар дәуірлер қиылысындағы бағдарсыз буын ретінде идеологиялық ықпалға ұшырады, мұны тіптен, шетелдік экстремистік орталықтар тарапынан туындаған идеологиялық диверсия деп атауға да болады.

Сондықтан да бүгінгі экстремистің портреті жалпы кескінінде мынадай: шетелден келген идеялық бағдарларды қабылдаған және де идеологиялық манипуляция елегінен өткен 20-30 жастағы адам. Бұған әлеуметтік түйткілдер шоғырын да қосқан жөн. Өйткені барша адам субъективті яки объективті себептерге байланысты өмірден өз орнын, яғни, Ұлы Абай айтқан, «дүниеден өз кетігін тауып, кірпіш болып қалана» алмауы мүмкін. Бәлки оларға университетке оқуға түсіп, жоғары жалақылы қызметке тұру қол жетпес арман шығар? Осыдан да бірқатар әлеуметтік игіліктерден шеттетілгендей болып жүрген жас өзіндік бір реваншқа бой ұруы ықтимал. Бұл мақсатына жету үшін ол қандай да бір ықпалды топтың немесе қоғамдық күштің мүшесі болуға ықылас білдіреді. 1990-жылдары жастардың қылмыстық топтарға кіруге ұмтылғаны есімізде. Кейіннен бұл сәннен қалды, тіпті маңызды болмай қалды. Ал бүгінгі маргиналдық қуатты сыртқа шығарудың бір арнасы — діни экстремизм.

Сондықтан да экстремист дегеніміз ең алдымен — күнделікті проблемалар батпағына батқан жан. Бұл — идеологиялық, әлеуметтік, қаржылық яки психологиялық мәселелер. Рас, кейде адамның жағдай дұрыс болуы мүмкін: жоғары білімді, жақсы қызметі бар, үлгілі отбасылы, керек десеңіз, аса дарынды. Дегенмен ол радикализмнің соңынан еріп кете барады. Бұл жердегі себеп — психологиялық тұрақсыздық.

— Экстремист десе жұрт сақалы қауғадай, балағы шолақ, соңынан хиджаб киген қыз-келіншек ерткен жігітті елестететін болды. Мұны жөн санай аламыз ба?   

— Бір жағынан алып қарағанда, діни негізі бар сақал мен жамылғы мәселесі — әркімнің жеке шаруасы. Айтпақшы, бұл тек исламға ғана тән ерекшелік емес. Біз сақалды православ христиан мен басын бүркеген христиан әйелдерін де кездестіре аламыз. Осы себепті де сақал мен киімді нақты бір құбылыстың белгісі деуге болмайды.

Бұған қоса, экстремистік мақсаттағы адам жұрт санасында қалыптасқан образдан қашып, әдейілеп сыртқы кейіп келбетін өзгерте салуы да мүмкін. Осылайша, зайырлы қоғамдастыққа тастай батып, судай сіңіп, өзінің көздеген мақсаттарын індетіп жүре беруі мүмкін. Алыс-жақын шетелдердегі радикалдар баяғыда-ақ осы тактиканы басшылыққа алған, бізде де олар кейінгі кезде осы әдіске көше бастады.

Киім таңдаудағы діни мотивацияны, айталық, мемлекеттік қызметте немесе жалпыға білім беру мектептерінде жүзеге асыруды орынды деп айту қиын. Бұл — зайырлы және көпконфессиялы болып табылатын Қазақстанның осы шақтағы шындығы. Сондықтан да баршаға ортақ қандай да бір бейтарап стандарт керек. Әр алуан дін өкілдерінің өзіндік діни танымдарына сәйкес жұмысқа, мысалы, әкімшілік пен емханаға әлем-жәлем болып барғанын елестетіп жатудың өзі қиын.

— Қазақстандағы діни радикализм туралы сөз қозғалса, салафизм тақырыбы баса айтылады. Салафизмнің Қазақстан үшін дәстүрлі болып табылатын Ханафи мәзһабынан басты айырмашылығы неде?

— Сунниттік исламдағы мәзһабтарды христиандықтағы православие мен католицизммен әсте салыстыруға болмайтынын атап өткен жөн. «Мәзһаб» сөзінің өзі «бағыт, дұрыс жолға шақыру» дегенді білдіреді.  Фикх бойынша мәзһабтар бар, яғни ислам құқығы бойынша және де ақида бойынша, былайша айтқанда, сенімге негізделген мәзһабтар бар. Шариғаттың құқықтық мектептері бір бөлек те, өзіндік құдайтанушылық танымдарын алға тартқан мектептер бір бөлек.

«Мәзһаб» деп құқықтық мектептерді, ал құдайтанушылық мектептерді «ақида» деп атайды. Бұл — қалыптасқан үрдіс. Осы екі белгіге қарап-ақ исламдағы барша бағыттарды классификациялауға болады. Дегенмен де мәзһаб пен ақиданың мүлдем екі бөлек нәрсе екенін ұғып алған жөн. Мысалы, материалдық заттарды пошымы мен түсіне қарап жүйелеуге болады. Бұл ретте зат төрт бұрышты және де қызыл, қызыл және дөңгелек, дөңгелек және жасыл болуы мүмкін. Осыдан келіп, бұл қызыл ма, әлде, дөңгелек пе деп сұрау — ағаттық.

Мәлім болғандай, дәстүрлі құқықтық мәзһабтардың саны төртеу: Ханафи, Шафиғи, Мәлики және Ханбали. Құдайтанушылық ірі мектептердің саны екеу: ашариттік және Орталық Азия үшін дәстүрлі саналатын Матуриди мектептері. Бұл орайда Матуриди ақидасы тарихи тұрғыда белгілі бір аймақтарда Ханафи мәзһабымен астасқан, ал ашариттік болса, Шафиғи және Мәлики мәзһабтарымен және т.б астарласып кеткен.

Салафизм кең таралған елдер қатарына Сауд Арабиясы және де онымен жапсарлас жатқан Парсы шығанағы елдері жатады. Оларда Ханбали мәзһабы басымдыққа ие. Дегенмен салафизмнің өзі бір мәзһабты ұстануды міндетті деп білмейді, ал кейбір салафи ғұламалар мұндайды басы бүтін жоққа шығарады. Осы себепті де, кеше ғана намаз үйренгеніне қарамастан, қандай да бір «мәзһабтың қажеті жоқ» деп, негізсіз жар салатын салафи қаракөз жігіттерді кездестіре аламыз.

Салафиттер «салафтардың таза ақидасын ұстанамыз», яғни «алдыңғылардың жолымен жүреміз» деп даурығады. Ислам дәстүрінде алғашқы үш толқын, яғни Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с) сахабалары және де одан кейінгі мұсылмандардың екі толқыны осылай аталады. Алайда дәстүрлі құдайтанушылық мектептерінің көптеген өкілдері мұнымен еш келіспейді.

Сонымен қатар Қазақстандағы салафиттердің  көпшілігі қазақ салт-дәстүрлерін «бидғат» («рұхсат етілмеген жаңалық») немесе «ширк» (Аллаға серік қосу) санай отырып, түбегейлі жоққа шығарады. Бұл ретте олар қазақтардың кейбір ұлттық дәстүрлерінің пайда болуының тарихи себептерін түсінуге тырыспайды.

Қоғамымызда орын алған тағы бір даулы мәселе – біздің салафи деп есептелетін діндарларсаудиялық шейхтердің өз азаматтары —саудиялықтар үшін шығарған пәтуаларын жиі қолданып, ойланбастан ел ішінде насихаттап жүр. Бірақ ислам дәстүрінде пәтуаларды әр елде өзінің мүфтиі шығаратыны жұртқа белгілі. Бір мәселе бойынша үкім нақты бір қоғамдағы жағдайларға байланысты әртүрлі болуы мүмкін. Тағы да қайталап айтамын, бұл — ислам құқығының негіздері. Қасиетті Құран Кәрімде Алла Тағаланың адамдарды әртүрлі қылып жаратқандығы туралы айтылады («Әй, адам баласы! Шүбәсыз сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар қылдық). ( «Хужурат» сүресі, 13-аят).

Сондықтан аяғына нық тұра бастаған және қоғамдық, соның ішінде, діни санасы қалыптасып келе жатқан жас мемлекетімізде мұндай алауыздыққа жол берілмеу қажет деп есептейміз. Бұл — қолды қусырып қарап отыруға болмайды деген сөз. Кең ауқымды ағартушылық жұмыс жүргізу қажет, бұл тұста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына зор тарихи жауапкершілік жүктеліп отыр.

Мұндағы басты мәселе сонда, біздің елімізде діни әдеп-ғұрыптар мен дәстүрлер сабақтастығы үзіліп қалған, осы себепті де бір уақытта айнадай тазаланған діни өрісте әр алуан дәстүрлі емес ағымдар арам шөп сынды қаулады және де бұл сөзіміз исламдық ағымдарға ғана қатысты емес.

Сонымен қазіргі ең маңызды жайт – жастарымызды, өскелең ұрпақты осындай келеңсіз көзқарастарға ұрынудан сақтап қалу. Ал үйірінен адасқандар ерте ме, кеш пе, ақылға келсе керек. Қазірдің өзінде салафиттер 2000-жылдардағыдай емес, өздерін анағұрлым сақ ұстайды. Кейбіреулері тіпті күнделікті тұрмыста дәстүрлі Ханафи мәзһабын қабылдауға әзір, қала берді мешітте отырғанда, имамдар өтініп жатса, «Әмин» деп айғайлауын да қойып келеді.

— Сонда өзін-өзі жаратындар, полиция қызметкерлерін атып жатқандар кімдер?

— Мұны тәкфіршілер мен жихадшылар жасап жатыр. Шынтуайтында, бұл бір үдерістің екі сатысы, тәкфір мен жихад жариялаудың арасы — бір-ақ қадам.

Өздерінің құдайтанушылық көзқарастары бойынша олар салафилерге жатады, яғни салафи ақидасын ұстанады, әйтсе де саяси тұрғыда, Мысыр радикалы, 1966 жылы өлім жазасына кесілген, кейде бүгінгі мұсылман әлеміндегі барша экстремистік ағымдардың «өкіл әкесі» атанып жүрген Саид Кутбаның әдісіне сәйкес әрекет етеді. Сондай-ақ ол — «Мұсылман бауырлар» қозғалысының радикалды қанатының идеологтарының бірі. Сондықтан да біз тәкфиризмді діни экстремизмнің ең бір қатерлі түрі ретінде танимыз.

— «Тәкфір» дегеніміз не?

— Бұл сөз «сенбеу», «кәпір», «дінге сенбейтін» деген мәндегі «куфр» сөзімен түбірлес. Тәкфір жасау дегеніміз дінсіз деп жариялауды білдіреді. Мысалы, Қазақстандағы тәкфіршілердің ең сүйікті әдетінің бірі – бес уақыт намазын оқымайтын мұсылман баласын кәпірге жатқызу, яғни бұл дегеніңіз — айналамыздағылардың басым бөлігіне саусақ шошайту, күл шашу. Бұл барлық дәуірлердегі ислам ғалымдары ұстанған  қағидаларға қайшы келеді.

Дәстүрлі фикх – ислам құқығында тәкфір жасаудың шарттары нақты көрсетілген және де олардың бәрі біздің басынан бақайшығына дейін радикалданғандар тарапынан барынша бұзылуда. Міне, осы себепті де мұсылмандардың діни сауаттылығын арттыру аса маңызды, қысқасы, кез келген кісі тәкфіршіге айқын қателіктерін көзге шұқып тұрып көрсете білуі керек.

Сондықтан да, тағы бір рет қайталап айтамын, теріс пиғылды ағымдармен күрестегі шешуші фактор надандықты, діни сауатсыздықты жою болып табылады. Осы шартты орындағанда ғана экстремизм мен терроризммен күрес шаралары нәтижелі болады.

— Соңғы кездері салафилермен қатар «Таблиғи жамағат» атауын алған қозғалыс туралы әңгімелерді де құлағымыз жиі шалып қалып жатады. Осы жөнінде айтсаңыз?

— «Таблиғи жамағат», сөзбе-сөз берер болсақ: «Уағыз қауымы», 1926 жылы Үндістанда Маулана Мұхаммад Илияс тарапынан ұйымдастырылған саяси, пацифистік діни қозғалыс.

Қозғалыстың ерекшелігі —  бағдарламасының, жарғысының, мүшелік институтының жоқтығы. Осыған байланысты, сырт көзге бұл топ жоқ та сияқты. Бұл ұйым көзге көріне бермейді, тиісінше, көптеген жылдар бойы сарапшылардың назарынан тыс қалып келді.

— Оларға қатысты қандай түйткілдер бар?

— Таблиғшылар жүйелі практика мен үй аралап, есіктен-есікке жалғасқан белсенді уағызды ең басты құндылық деп біледі. Дегенмен олар терең діни білім алғанды құптай бермейді, оған немқұрайды қарайды, арзымайтын нәрсе деп есептейді. Ал бізде сауатсыз уағызшылар онсыз да жеткілікті. Өткен ғасырдың 20-шы жылдарына Үндістанда лайық болған нәрсе XXI ғасырдағы Қазақстанға мүлде үйлеспейді.

Бұдан бөлек, бұл қозғалыс өкілдері жұмыс істеу, отбасын бағу секілді міндеттерді мүлде ескере бермейді. Мысалы, олар әйел, бала-шағасын тастап, алыс сапарға кете береді. Ел аумағын адақтап кетсе мақұл, шетелдерге тартып кетуі де ықтимал.

— Арнайы операциялар кезінде террористер түгелдей дерлік жойылып отырады. Бұл әдетке айналды. Қоғамда осыған байланысты сұрақтар көбейіп тұр. Күш қолдану әдісі өзін-өзі ақтап жатыр ма, бұл қаншалықты орынды нәрсе?

— Қоғамда терроризм және экстремизм көріністерімен белсенді күрес жүргізіліп жатыр. Соңғы контртеррористік операциялар құқық қорғау органдарының терроризммен күресте тәжірибе жинақтағанын көрсетеді. Олар радикалдарды анықтап, қоғамға қарсы жасалғалы жатқан қылмыстың алдын алады.

Рас, Алматы, Атырау және өзге де өңірлерде жүргізілген бірнеше антитеррористік операциялар барысында террористік топтардың барлық мүшелерінің көзі жойылды. Тәжірибе барысы террористердің аса қатыгез, өз өмірлерін де, өзгелердің өмірін де бұйым құрлы көрмейтінін дәлелдеп отыр. Ара-арасында криминалдық элементтер мен діни радикалдардың мидай араласып кетуі көрініс беруде. Шындығына келсек, тіптен діни идеологияны жамылғы еткен қылмыскерлерді құқық қорғау органдары залалсыздандырып жатыр.

Арнайы операциялар барысында күштік құрылымдар оларға өз еріктерімен беріліп, қаруларын тастауға бұйырады. Алайда террористер байланысқа шықпай, соңғы демдері қалғанша қарсылық көрсетеді. Қазіргі таңда құқық қорғау органдарының осындай ситуацияларға сақадай сай екендігін атап өткен жөн. Былтырғы жылғы арнайы операцияларда полиция мен арнайы топ қызметкерлері қатарынан шығын болғанын еске салып жатудың өзі артық болар. Ал соңғы кездері қарапайым халық пен күштік құрылымдар тарапынан құрбандықтарға жол берілмей келеді. Жақсы қаруланған және жанкешті қарсыластармен жағаласуға тура келіп жатқанына қарамастан, бұл мүмкін болып отыр. Террористердің көпшілігі полиция органдарына қарсы терактілерді ұйымдастыру мен жүргізуге қатысқан және дебасым көпшілігі — бұрын қылмысты болған жандар.

Арнайы қызметтердің жұмысы тек антитеррористік операциялар мен террористерді жоюмен шектелмейтінін атап өткен жөн. Терроризмнің алдын алу үшін айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Соңғы жылдары бірқатар террактілердің алды алынып, радикалды топтар жойылды. Ақтөбе, Алматы, Орал, Атырау соттарында экстремистік және террористік іс-әрекеттер үшін күдіктілерге сот процестері жүріп жатыр. Алайда қатер сақталып тұр және де қауіптің ауқымы да алаңдатпай қоймайды.

— Радикалды діни ағымдарға қалай қарсы тұруға болады?

— Күштік және превентивті әдістер бар. Превентивті жұмыстардың сапалық тұрғыда жақсарғаны дұрыс. Осыған байланысты, қоғамдағы ондай экстремистік идеялардың таралуына ең әуелі зияткерлік тұрғыда қарсы тұру керек. Діни экстремистерді залалсыздандыруда өзге де ықпал ету шараларымен қатар теологтардың рөлі аса зор. Тәжірибелі теологтар, дінтанушылар, дін саласы мамандары — экстремистер мен радикалдардың идеологтарына сауатты әрі жоғары дәрежеде қарсы тұра алатын қоғамның бірден-бір категориясы. Теологтар қасиетті Құран кітабындағы қазыналы әмбебап білімге ие. Діни догматика саласы мен діни сенімнің доктриналық ережелерін, рәсімдерді және өзге де культтік практикаларға қатысты білімнің молдығы оларға батыл идеялық қарсыластарымен ұстасуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ радикалды діни ағымдарға қарсы күресу жолдарын іздеумен жекелеген ғылыми-зерттеу орталықтары және институттар айналысуда.

— Ислам туралы айтқанда заманауи өмір салты, білім мен мәдениетті дінмен ұштастыру мәселесі де қылаң береді. Басқаша айтқанда, ислам мен модернизацияның астасуы мүмкін бе?

— Ханафи мәзһабының рухани практикасы ұлттық мәдениет пен жалпыадамзаттық құндылықтарға құрметпен қарап келді. Бұл түсініктің өзегінде ертеден исламға тән болған толеранттылық пен ашықтық ұғымдары жатыр. Қазақстандағы ұлтаралық және конфессияаралық келісімнің дүниетанымдық кешені шамамен біржарым мың жылға созылған ислами өрнек арқылы қалыптасты.

Заманауи қоғам өскелең дінилік пен модернизацияның үйлесе алатынын күн тәртібіне қойып отыр. Біздің еліміздегі модернизация әділдік, адалдық, руханилық, білім, еңбек, сенім және құқық басымдығы секілді құндылықтардың қоғамда қалыптасуына байланысты. Бұл құндылықтардың бәрі де ислам құндылықтары болып табылады. Бірақ бұл үшін имамдармен тізе қоса отырып әрекет ету керек. Мешіттердегі уағыздарда дінге шақыру ғана емес, жастарды рухани дамуға, білімге, кемелденуге, қоғам игілігі үшін тер төгуге шақыратын насихаттар да айтылуы керек.

Мұсылман ренессансы дәуірінде дін мәдениеттің жоғары деңгейіне, ғылымға, философияға, білімге себепші болды. Бүкіл әлемге ислам аясында қызмет еткен  ғұлама ғалымдар мен ойшылдардың есімдері етене таныс.

Өкінішке қарай, біздің заманымызда дін мен зайырлы өмірді қарсы қоюшылар да кездеседі. Шындығында, дін азаматтарымызды, бірінші кезекте жастарымызды білім, отбасы, халықтық ғұрыптар мен дәстүрлерден айырмауы керек. Мешітке бару жастардың сапалы білім алуына кедергі болмауға тиіс, олар интеллектуалдық тұрғыда да,  бой түзеу жағынан да тең өсіп-дамуы керек. Ислам — оқшаулану мен рухани кембағалдықты қабыл алмайтын дін, ол дінге сенушілерді жалпыға түсінікті гуманистік құндылықтарға баулиды.

— Әңгімеңізге рахмет!

 Айна САРЫБАЙ.

Дереккөз: aktobegazeti.kz