ТҮРКІСТАН: АЗАМАТТЫҚ АЛЬЯНСПЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МЕМОРАНДУМЫНА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Кеше «Түркістан облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы бірлестігінің бастамасымен Түркістан облыстық ішкі саясат басқармасы облыстағы белсенді азаматтық сектор өкілдерінің кездесуін ұйымдастырды. Күн тәртібінде заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы қоғамдық бірлестігі «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалымен, Түркістан облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілімен, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясы және ішкі саясат басқармасымен өзара бірлескен жұмыс туралы Меморандумға қол қойылды.
Сонымен қатар, жиында облыс бойынша ҮЕҰ-дың үздік тәжірибелік жобалар аясында пікір бөлісу, кеңесу мәселелері қаралды. Жиынға аудан, қаладағы 50-ге жуық ҮЕҰ өкілдері мен қоғамдық бірлестік жетекшілері қатысты.
Кездесуді ашқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бейсен Тәжібаев азаматтық сектор белсенділерін қоғамдағы ортақ мақсаттарға бірлесе жұмыс атқаруға, мемлекеттің өсіп-өркендеуі жолында ынтымақтаса қызмет жасауға шақырды.
«Елімізде азаматтық қоғамды дамыту, үкіметтік емес ұйымдарды қолдауға бағытталған жұмыстар жүзеге асырылып келеді. ҚР Тұңғыш Президентінің халыққа Жолдауы, «Рухани жаңғыру», «5 әлеуметтік бастама» секілді мемлекеттік бағдарламаларды жүргізіп, әлеуметтік бағыттағы оның ішінде жастар, бала құқығы, отбасы құндылығын арттырып, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмысты күшейтуіміз қажет. Сонымен қатар, облыстың оң имидждін қалыптастыруды жүйелі түрде іске асырып, белсенді болған жөн», деп атап өтті басқарма басшысы.
Жиын барысында сөз алған «Түркістан облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалардың қауымдастық нысанындағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Шәріпбек Жамалбек аудан, қалалардағы қоғамдық бірлестіктердің қайта тіркеуден өту жұмыстарында тиянақтылық танытуға шақырды. «Облыс бойынша қайта тіркеуден өткен ұйымдардың саны жүзден енді асты. Сондықтан да тіркелуді кешіктірмей, өткізгендеріңіз дұрыс. Ал өзекті мәселелер туындаған жағдайда әрбір қоғамдық ұйым жеке мүддесі үшін емес, мемлекет мүддесі үшін бірлесе жұмыс атқаруы тиіс. Азаматтық секторды дамыту жайы — билік пен ұйымдардың ортақ мақсаты. Бұл салада бәріміздің бірлесе атқаратын жобаларымыз көп. Сол кезде ғана біз құндылықтарды сақтаған, береке-бірлікте өмір сүретін егемен елдің бір бөлшегі боламыз», деді төраға.
Сондай-ақ мемлекеттік органдармен бірлесе жұмыс істеуге уағдаласқан аудан, қалалардағы үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілері өздерінің тиімді жұмыс жүргізу әдісі мен жаңа жобалары туралы ой қозғады.
Түркістан облысы өңірлік коммуникациялар қызметі