Қазақстанда және оның БАҚ-тарында шынайы жаңғыру бар ма?

Таяуда еліміздің әр өңірінен жиналған масс-медиа өкілдері Алматы шаһарында ұйымдастырылған «БАҚ және инклюзивті қоғамды дамыту» атты конференцияда бас қосты. Маңғыстау өңірінен де бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды. Олар — облыстық «Маңғыстау» газетінің бас редакторы және мақала авторы Кәмшат Ізбасарова бар. Айта кету керек шараны Қазақстандағы «Фридрих Эберт атындағы қор» өкілдігі ұйымдастырды.

 

Бізге, мүгедектерге аяушылық қажет емес!

Ана іштей қиналып баланы далаға шығарғысы келмейді, өзі де далаға шығуды азайтады. Тіпті менде осындай бала бар деп айтуға ұялып, іштей қиналады. Бұл жерде айтайын дегенім, «қоғам алдымен өзін тәрбиелеп алуы керек. Қоғам өзі түсініп, біз сияқты жандарды қабылдауы керек. Жалпы мүгедек балаларға көңіл аудармасақ болмайды, себебі адам бойында қатыгездік пайда болады. Мүгедек баланы бағу белгілі бір спортшыны үлкен жарыстарға дайындағанмен бірдей. Күнделікті жаттығу, массаж, басқа да ем-дом жасап отырмаса болмайды. Түбінде олардың да қатарға қосылуы мүмкін және осыған жағдай жасалуын уәкілетті органдар қадағалауы қажет. Қоғам біз сияқты адамдардан алшақтамай, керісінше қатарына шақырса, көңіл аударса деген тілегім бар», — дейді жас ана.
Инклюзив дегенді қоғам жалпыхалықтық комфорт деп қабылдауы керек. Яғни, бір-біріне деген құрметін көрсетіп комфортта өмір сүре білсе, онда проблема азаяр еді. Өкініштісі, сол кемсіту әлі де болса бар, себебі оны өз көзімізбен көріп жүрміз. «Неге баланың басы кішкентай, неге жүрмейді, жасы болса 5-тен асып кеткен, неге балабақшаға апармайсың?» деген сияқты ыңғайсыз сұрақтар әсіресе 50-60 жастағы кісілерде бұл жағдай көп кездесетін көрінеді. Осындай сөздер кім-кімге де ауыр тиері сөзсіз.
«Біз сияқты, яғни мүгедектігі бар аналар қоғамнан ең алдымен осыны күтеді. Көбіне біз сияқтыларды басқалары аяп жатады, шын мәнісінде бізге аяушылық қажет емес. Баланың басынан сипап, қасынан жақсы тілегін айтып өтсе, осының өзі бізге жетіп жатыр. Ең бастысы кемсіту болмаса екен деген тілегім бар. Ал аяушылық десе, тіпті оны көрсетудің қажеттілігі жоқ. Себебі ана да, бала да сезімтал келеді. Сонымен қатар, бұл мүгедек бала, ал мына бала дені сау деп қарасақ, ол кім-кімге де ауыр тиеді. Жалпы мүгедек деген сөздің өзі ауыр естіледі. Мәселен дамыған елдерде мүгедек деген сөз қолданылмайды. Бір ғана Американың өзі бұл сөзден әлдеқашан арылған. Менің айтпағым, мүмкіндігі шектеулі жандарға теңдей қарасаңыздар екен», — дейді журналист.
Арайлым Бөкенбаевның айтуынша, Ақтөбе өңірінде 3000-ға жуық түрлі диагнозбен тіркелген балалар бар. Дискриминация сәби дүниеге келген перзентханадан бастау алады. Баладан бас тартуға кеңес берген дәрігерлер болған. Бұған дейін сауалнама жүргізілген, «осындай мүгедектігі бар балаларды неге қоғам жылы қабылдамайды?» деген сұраққа ата-аналардың дені менталитетпен, әсіресе сана-сезімнің төмендігі және мейірімнің аздығымен байланыстырған. Бұл мәселені шешудің бірден-бір жолы ретінде қысқа метраджы фильмдер түсіру қажет және оларды кинотеатрларда көрсетілсе деген ойымен бөлісіп ақтөбеліктер, сонда ғана көзқарас өзгеруі мүмкін деген болжам жасаған.
«Ата-аналар бұл проблемаға ат үсті қарамауы тиіс. Олар көбіне осындай балаларының барын жасырады, көшеге шығарудан ұялады, тойға немесе жұмысқа апаруға ұялатынын білеміз. Біреулерде мансабына кесірі тиеді деген стереотип түсінік қалыптасқан. Мәселен, аутизм тұқым қуалайды. Бір отбасында екі немесе үш баланың белгілі бір ауруларға шалдығуы ғажап емес. Осындай жағдайда кейбір отбасыларда күйеулері әйелдерін тастап кетіп жатады. Айналып келгенде ауыртпалықтың барлығы көбіне әйел адамға түседі. Сол себепті әйелдер бойындағы қорқыныштан арылып, қандай ауыртпалық болмасын өмірдегі күресін әрі қарай жалғастыра беруі керек», — деп қорытындылады өз сөзін спикер.
Еуразия технологиялық университетінің ректоры Жанар Темірбекова қорқыныш және жиіркеніш туралы өз ойын білдірді. Оның айтуынша, расында біз бұл жандарды көргенде неге қорқамыз және не үшін аяушылық білдіреміз деген сұрақты әр адам алдымен өз-өзіне қойғаны дұрыс. Жасыратыны жоқ, осындай проблемаларды көрмеуге тырысамыз. Оларға жағдай жасауға қауқарлы емеспіз. Дені сау адамдар сыртқа шығып серуендегенде мүгедектігі бар адамдар көп жағдайда үйде отырады. Себебі оларға арнап пандус немесе лифт салмаймыз, қысқасы өзімізге жасаған жағдайды мүмкіндігі шектеулі жандарға жасамаймыз деп ойын ашық айтқан ректор, сананы бүгіннен өзгертпесек ертең кеш болады деп есептейді.
«Шыны керек, қоғамда екі жүзділік ұстаным бар. Жалпы балаларын тастап кеткен аналар жайында мақалалар бұқаралық ақпарат құралдарында бірінен соң бірі жазылып жатады, яғни журналистер осындай мәселелерді жарыса жазғанды ұнатады. Ал түрлі ауруға шалдыққан балаларды дүниеге әкелген аналарға баладан бас тартуға кеңес беретін дәрігерлер немесе қоғамның басқа да өкілдері туралы өткір мақалалар жоқтың қасы. Неге тек бір жақты қараймыз, неге мәселенің екінші жағына үңілмейміз деген сұрақтың жауабын іздегеніміз дұрыс болар», — дейді ректор.

 

Қазақ газеті қайтіп күн көрер?

Мойындау керек, бүгінде елімізде ең ықпалды саналған газеттер бірінен соң бірі жабыла бастады. Радиолар мен телеарналар көбіне шоу бизнеске көп көңіл бөлгелі қай заман… Ал сайттар контент жинау үшін қазақ тілді немесе орыс тілді болып бөлінуге көшті. Басқосуда сөз сөйлегендердің дені бүгінгі БАҚ беделі төмендеп бара жатқандығына алаңдаулы екендігін жасырмады және осылай жалғаса беретін болса, оқитын газет, тыңдайтын радио және көретін телеарналардың ғұмыры ұзақ емес екендігін алға тартты. Рас, жеке газеттер мен телеарналар тек жарнаманың күшімен отыр, ал мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік тапсырыстың арқасында күн көруде. Еліміздегі БАҚ өздерінің аудиториясын жоғалтып алмауы үшін, қандай қадам жасауы керек деген сұрақ қойылған болатын. Бірнеше мысалдар айтылды. Соның бірі халықаралық тәжірибеге сүйену керектігі айтылды.
Мәселен, әлемдегі ең ықпалды басылымдардың бірі саналатын Ұлыбританияның «The Guardian» газетінің таралымы 100.000-нан аспайды. Ал басылымның электронды нұсқасына жазылған оқырмандар саны 1 млн. асып жығылады. Газеттің ерекшелігі әрбір көлемді мақаланың соңғы сөйлемінде оқырмандарды газеттің еңбегін бағалауға шақырады және газетті тегін ұсынады. Есесіне оқырман өзі қалаған қаржыны беруге мүмкіндігі бар екендігі ескеріледі және газетке өзі қалаған қаржыға жазылуға кеңес беретін көрінеді. Конференция отырысында осыны үлгі ретінде алып, елімізде неге жүзеге асырмасқа, сонда ғана тәуелділіктен арылып, отандық журналистика тағы бір қырынан танылар еді деген ұсыныс айтылды.
Бұл ұсыныстан түкте шықпайды деген «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Руслан Ербота, ағылшын аудиториясын біздің аудиториямен салыстыруға келмейді деп қысқа қайырып, мысал келтіріп өтті. Оның айтуынша, «Жас Алаш» газетінің оқырмандары барлық мақаланың сайтқа шыққанын қалайды. Тілшінің айлық жалақысы, қағаздың шығыны, кеңсені жалға алу, коммуникация, тоқ, су сияқты ай сайын төленуі тиіс шығындарды ескеріп жатқан оқырман жоқ. Газетке жазылатындар бар, бірақ оқырманның басым бөлігі ақпаратты интернеттен тегін оқығысы келеді. Бір жағы ақылы, екінші жағы тегін болуы газет ұжымын шығынға ұшыратпаса, табысқа шығара қоймасы анық. Ойлана келе газеттің творчествалық ұжымы сайтқа газеттің «PDF» форматын енгізген. Мәселен, «Жас Алаш» газетіне 1 жылға жазылу үшін 6500 теңге жұмсасаңыз, «PDF» форматына жазылу бар болғаны 1500 теңгеге шығады. Нәтижесінде интернеттен жаңалық күтетін оқырмандардың ішінде «PDF» форматына жазылғандар саны жоқтың қасы. Спикер қазіргі таңда оқырманның көңілінен шығу қиын болып тұрғанын айтады. Сайтқа күніне 6000-ға жуық адам кіреді.
Ал Сүлеймен Демирел атындағы университетінің журналистика факультетінің оқытушысы, қауымдастырылған профессор Молдияр Ергебеков журналистердің проблемасы бар, әсіресе социологиялық тұрғыдан сауатсыздық байқалады деп кесіп айтты. Алдымен осы мәселеге біраз үңілуге кеңес берді. Медиадағы инклюзияға байланысты зерттеулер туралы сөз қозғаған ол, медиа және коммуникация зерттеулерінде «Инклюзив медиа» кездескенімен, алайда инклюзив медианың теориялық сипаттамасы, анықтамасы немесе өзге де ерекшеліктері жоқ немесе инклюзив медианың теориялық негізі, әлемдік медиа зерттеулерінде әзірге жасалмаған көрінеді.
Конференцияны жүргізіп отырған модератор Ольга Каплинаның Қазақстандағы БАҚ инклюзивті болуы үшін журналистер не істей алады деген сұрағына, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы Руслан Ербота былай деп жауап берді: Журналистер үш тілді болуға ұмтылуы тиіс. Қазіргі таңда қазақ тілді журналистердің ішінде мемлекеттік тілден бөлек орыс және ағылшын тілінде еркін сөйлеп, жаза алатындары көп екендігі жасырын емес. Сол себепті, орыс тілінде жазатын журналистер қазақша үйренгені дұрыс. Яғни, қазақ аудиториясын танып білуі керек.
Ал Молдияр Ергебектің ойынша, инклюзивті медианы қалыптастыру үшін алдымен медиа құрылымдар арасында тығыз байланыс орнауы тиіс. Яғни теледидар, радио, газет немесе интернет басылымдар өз алдына немесе қазақ тілді және оріс тілді аудиторияға бөлінбей, достық аудиторияны құрып алған жөн. Кез келген басылымнан немесе мақаладан кемшілік іздеп, сыни көзбен қарауды доғарып, журналистер арасында бір-біріне деген құрмет болуы керек. Қысқасы диалог құрудан тартынбай, бір-бірімізді қолдай білсек, инклюзивті қоғам орнары анық.

 

Бір күнде 137 әйел зорлық-зомбылықтан қаза табады

Теңдік иллюзиясы туралы сөз қозғаған Азаттық радиосының тілшісі Аян Қалмұрат, «қазақстандық БАҚ үшін әйел кім?» деген сұраққа жауап беруге тырысты. Оның айтуынша, Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикасына көз жүгіртсек әйелдер үшін ең қауіпті орын олардың үйі деген мәлімет келтірілген. Әлемде бір күнде 137 әйел өзінің туысының немесе күйеуінің қолынан қаза табатын көрінеді. Мәселен 2017 жылы көз жұмған әйелдер саны 87000-ға жеткен. Жалпы әйел образының БАҚ репрезинтациясына қарайтын болсақ көптеген проблеманың бар екендігін байқауға болады.
Екіншіден, бізде салалық журналисткаға мән бергенде экономика, әлеуметтік немесе соттың жұмысы туралы хабар тарататын журналистер іздейміз. Ал адам құқықтары, әйел құқықтары немесе бала құқықтары туралы жазатын журналистерге көңіл аударылуы екіталай. Осыны да салалық журналистика түрі ретінде дамытып, адам құқығын бұзбайтындай етіп мақала жаза алатын, репортаж жасайтын немесе видео түсіре алатын журналистерді дайындауымыз керек және ең бастысы нұсқаулық керек. Мәселен, үтір немесе тырнақша қай кезде қойылуы керек деген сияқты журналистер үйретілуі тиіс. Тура сол сияқты әйелдер немесе балалар туралы жазатын журналистерге арнайы нұсқаулық дайындау керек. Ал нұсқаулықты дайындау үшін құқық қорғау органдары және басқа да тәжірибелі сала мамандарын тартып, дайын нұсқаулықты барлық жоғарғы оқу орындарында тарату қажет.
«Жас Алаш» газетінің бас редакторы Руслан Ербота, тақырыптық қателер немесе ақпараттың берілу кемшіліктердің бар екендігін жоққа шығармады. Әсіресе «Нұр.kz», «El.kz», «Қамшы» сияқты сайттарға қатысты айтылған кемшіліктерді кез келген басылымнан табуға болатынын айтты. Сондай-ақ, орыс баспасөзінде еркіндік жоқ, ал қазақ баспасөзінде еркіндік бар деген пікірге қарсы екендігін де жеткізді. Жасыратыны жоқ, қазақ баспасөзін шенеуніктер аса бір қызығушылықпен оқи бермейді. Елді дүрліктіретін үлкен мәселе көтеріле қалса жетіп жатыр, қазақ баспасөзі мұқият қадағалауға алынады. Шындыққа келетін болсақ, бүгінде жазарға тақырып таппай отырған медиа аз емес. Оқырман тарту үшін тақырыбын айқайлатып қоюға тура келіп тұр кейбір ақпарат құралдарына. Сол себепті қазақ тілді сайттар өздеріне контент жинау үшін осылай жасауға мәжбүр.
Сонымен қатар, Қазақстанда инклюзия бар ма деген сұраққа, конференцияға қатысушылардың басым бөлігі «жоқ» деп жауап қатса, Руслан Ерботаның ойынша керісінше біздің елде инклюзия бар. Мысалы, аулаға 4-5 жастағы баланы шығарсаңыздар жетіп жатыр. Кәріс, орыс немесе қазақ болсын, мүгедектігі бар балалар болсын, олар бір-бірін бөлмейді. Өзара тез тіл табысады және кез келген тілде еркін сөйлесіп кете алады. Яғни бізде, нағыз инклюзия балалар арасында бар. Барлығын жоққа шығарып жүрген өзіміз, яғни бұған ересектер кінәлі. Сондықтан да, алдымен көзқарасты өзгертуді жасы үлкен буын өздерінен бастағаны жөн.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қоғамда болып жатқан кез келген өзгерістерді, әркім өзінен бастауы қажет. Сонда ғана қоғамда инклюзивті сана туралы түсінік қалыптасатыны анық.

Кәмшат Ізбасарова,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі