Павлодар мемлекеттік университетінде ERG компаниялар тобының күні өтті
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде тұңғыш рет «ERG күні» деген атаумен іс-шара өтті. Шараның шеңберінде «Казхром» ТҰК» АҚ–ың Ақсу ферроқорытпа зауытының өкілдері болашақ металлургтермен кездесті.
Акция Еуразиялық топ құрамындағы сұранысқа ие өндірістік мамандықтарға дарынды жастарды тартуға бағытталды. Осы тектес шаралар еліміздің 23 ЖОО мен колледжінде бір мезетте өтті.
Ашық диалог барысында ферроқорытпа зауытының HR-блогының өкілдері мен өндіріс шеберлері Топ ошақтарының бәсекелестік артықшылықтары, мансап бойынша даму, қызметкерлерге арналған әлеуметтік пакеттер, жастар кеңесінің жұмысы, сонымен қатар, даму преспективалары туралы айтып берді.
Жеке табыс тарихы туралы ой бөліскен Ақсу ферроқорытпа зауытының директоры Сергей Прокопьев: «Бүгінде қоғамдағы дүниелердің көбі жастардың бастамалары, идеяларына байланысты болып отыр. Қазіргі уақытта біздің кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұр, бірқатар инвестициялық жобаларды жүзеге асырып атырмыз. Металлургия саласында көшбасшымыз, үздіктердің қатарында қалу үшін бізге кәсіби жетілген, дарынды, білімді, креативті жастар керек. Сондықтан, сіздерді мыңдаған қызметкері бар ұжымға қабылдауға дайынбыз», — деді.
Кездесу соңында студенттер кәсіпорындарда өтетін Ашық есік күндері шарасына шақырту алды. Сонымен қатар, бизнес-кейстерді шешу бойынша байқауларға қатысу мүмкіндіктері туралы айтылды. Зияткерлік шараның жеңімпаздары мамыр айында Нұр-Сұлтанда өтетін ғылыми-техникалық конференцияға қатыса алады.
Суреттер С.Торайғыров атындағы ПМУ-ің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасынан алынды
Әлихан Рахметоллаұлы