Екібастұзда Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдық мерейтойына арналған халықаралық турнир өтті
Ерлер арасында волейболдан өткен жарысқа Ресей Федерациясының Пермь облысынан келген «Кама» командасы қатысты. Екібастұз қаласының спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Асылбек Резуанов кеншілер қаласында халықаралық дәрежедегі турнир тұңғыш рет өткізілгенін хабарлады.
Көрнекті қоғам қайраткері, ғалым-геолог Қаныш Сәтбаевтың 120 жылдығына арналған волейбол турнирі «Жасыбай» балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде өткізілді. «Кама» командасы екібастұздық волейболшылардан мықты болып шықты. Ақтық кездесуде олар екібастұздық команданы 1:3 есебімен ұтып кетті.
— Бізге аздаған шеберлік жетпеді, — деді Асылбек Резуанов. – Ресейліктер өз елінде жоғары лигада ойнайды. Мұндай кәсіби командамен сайысу біз үшін үлкен тәжірибе болды. Есесіне біз Ақмола облысының командасын 0:3 есебімен жеңдік.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегер Екібастұз қаласы әкімінің дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Әлихан Рахметоллаұлы