Шераға тағылымы

БІР КЕМ ДҮНИЕ

(2-кітап)

Алтын құрсақ аналар

Мына Наурыз мерекесі қарсаңында қасиетті Мәуліт күні мерейленеді. Қазіреті Пайғамбардың туған күні 8 наурызбен тұспа-тұс келді. Мешітте осы күнге арнап бас имам уағыз айтып, мен де бірауыз тілек білдірдім.
Кейбір елдер қыстың қақаған қаңтарында Жаңа жыл деп той тойлап, шоқ шашып жатады.
Алла Тағала құлпырған көктемді жаратты. Күн мен түнді тең қылды. Наурызкөктер, қарлығаштар, ақ тырналар, үйрек-қаздар келе бастады.
Қой қоздап, бота боздап, ауыл-аймақ ауыздарына ақ тиіп, уызға жарып қалды.
Қой егіз табар, шөптің басында айыры көп. Адамдар да табиғаттың түлегі. Аналар алтын құрсақты болып, батыр ұлдар, көрікті қыздар көбейер.
Жаратқан Құдірет, Жасаған Иемізден соны тілейік. Соны сағынайық. Құдайды шын сағынған қор болмайды.
Бірақ соны көбіміз біле бермейміз.
Бір кем дүние.

Жетім көрсең жебей жүр

Бұрынырақ мен бір әңгіме жазып едім-ау. Жетім лақтар туралы. Бір сиырдың сүтіндей сүт беретін ақ ешкіні мас завферма машинамен басып кетіп, лақтары жетім қалып еді.
Сол сорлылардың өрістен қой-ешкілер қайтқанда әр ешкінің соңынан зарлап жүріп жылағаны-ай.
Ал өз басымнан өткен әкесіз жетімдікті айта беріп неғылайын…
Заманымыз түзу деген қазіргі кездің өзінде жетімдердің көп болуы – кесапат.
Баяғыда қазақ жесірі мен жетімін қаңғыртпаушы еді-ау. Қазір жетімдерді шетелдіктерге сататын делдалдар шықты. Шетелге кеткен қазақ жетімі өз ұлтын білмес, өз ана тілін де білмес.
Сан жағынан өзіміз аз халықпыз. Жетімдерін шет жұрттықтарға сатқызып қойған мемлекет – қандай мемлекет?!
Шүкір дейік. Әйтеуір таяуда Президент:
4-5 бала тапқан ананы қаржы жағынан қолдау туралы: 7 бала тапқан анаға «Алтын алқа», 6 бала тапқан анаға «Күміс алқа» атағын беру туралы Жарлық шығарып, иман ісін жасады.
Иншалла!

Үш патша мен бір байтал

Маленков берген байталды,
Хрущев келіп қайта алды.
Айналайын Брежнев,
Байталымды қайтарды.
Халық айтса, қалт айтпайды. Сондай бір заман болғаны рас. ХХ ғасырдың екінші жартысы.
Патшалар тағдыры әрқалай. Маленков Хрущевтің тепкінімен Екібастұзда айдауда жүрді.
Хрущевтің өзі де орнынан түсіп, өз ажалынан өліп, қалалық зиратта жерленді. Кезінде Хрущевтен таяқ жеген Неизвестный деген суретші зираттағы Хрущев бетінің бір бетін ақ, бір бетін қара бояумен бояды.
Брежнев шаршаңқырап барып, о да дүниеден өтті. Бірақ халық есінде мейірімді адам ретінде қалды.
Бір Құдайдан басқаның бәрі өзгермек. Мәңгілік Құдайдан басқа ешнәрсе жоқ.
Бір кем дүние.
Кімнің жақсы-жаманын бір Хақ Тағала білер.

Базар-Назар

Кенен – әмбебап: әрі ақын, әрі композитор, әрі әнші, әрі домбырашы.
Осы күндері әнді біреу шығарады, сөзін біреу жазады, айтуын біреу айтады. Көп жағдайда домбыраны да біреу тартады.
Сонда Кенен қазіргі төртеудің міндетін бір өзі атқарады.
Содан Кенекем – бірден екі Одақтың мүшесі: Жазушылар одағының әрі композиторлар одағының.
Оның 125 жылдығына орай қызы Төрткен мен ұлы Бақытжан әмбебап дарынның 6 том кітабын дайындап, баспалардан шығарды. Оның ішінде жүздеген әндері, ондаған поэма, дастандары бар.
Не керек, ұланғайыр мұра. Мұндай мұрамен, сірә, Кененнен басқа ешкім мақтана алмас-ау.
Ел арасына көп тараған «Көк шолақ», «Бозторғай», тағы басқа әндерінің бәрі құнды.
Ал бірақ «Базар-Назар» солардың ішіндегі ең биік шыңы деп ойлаймын.
Сол жылдары Сталиннің коллективизациясы, Голощекиннің «асыра сілтеу болмасын, ашатұяқ қалмасын» деген геноциді әсіресе мал баққан қазақты қатты күйзелтіп кетті.
Қолдан жасалған ашаршылықта адамдар тек аштан қырылмайды екен, сол ашаршылықтың салдарынан туындайтын түрлі аурудан да қырылады екен ғой.
Базар мен Назардың жастай жер жастануы – сол жауыз саясаттың жендеттік «жемісі».
Қу қара шешектен, қайырымсыз қатыгез кеселден екеуі бірдей ажал құшқанда, Кенекем жарықтық жолаушылап алыста жүр екен.
Елге қайтып келгенде екі бірдей қошқардай-қошқардай ұл баланың жас топырағын құшақтап жылағанда осы «Базар-Назар» әні туып, бүкіл исі қазақ еліне тарап кетіп, күллі халықтық зарға айналып кеткен ғой.
Көрші қырғыз ақындарының көңіл айтқаны-ай, өлеңмен, ырмен қабырғалары қайыса жоқтағанда қара тастың өзі ерігендей болған.
Ақынның асыл маржандарының гауһар тәжі осы «Базар-Назар» шығар, сірә. Бәлкім, менікі қате де болар.
Бір кем дүние.

Сәуір тәуір болды ма?

Туған ай – тураған ет деген. Міне, бүгін сәуірдің соңғы күні. Ертең бірінші мамыр. Мереке.
Сәуір жаңбырлы болып өтті, жарықтық. Сәуірде Тәңіртаудың тастарына дейін гүлдеп, төскей қызғалдақтан көрінбей қалар еді.
Қазіргі қызғалдақтың «Отаны» Голландия дейтін ел осы бір әсем гүлді дүниежүзіне таратып сатады. Рас болса, соның тұқымы, «төркіні» осы біздің Тәңіртаудан екен.
Ал Тәңіртаудың баурайында биыл қызғалдақ өспей қалды. Күннің көзі ашылмады. Жауын да жауын. Көк көтерілмеді, тырбық. Қызғалдақ жоқ.
Сәуірдің соңғы бір-екі күні ғана күн жарқырап, аспан ашылды. Бірақ қызғалдақ жауқазыны жарылмай қалды.
Алда – мамыр. Жаппай мерекелейтін айда әлі де болса көк көтерілер. Жердің ылғалы мол. Егін бітік болар. Алыстан жеткен тырналар ауыл үстін айналып, алыстап кетпей тыраулап жүр. Жақсылықтың жаршысындай, тоқшылықтың қоңырауындай мамыражай.
Торы атқа ер салып, Ақсай мен Көксайды бетке алып қайтамын.
Қызғалдақ жоқ.
Бір кем дүние.