Алаштың барлық есті жастары қолдайды деп сенемін!
Қазақстан Республикасының президенті
Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлына
Ашық хат
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үлкен сенімімен, қолдауымен Қазақ елінің тағдырын, бүгіні мен ертеңін Сіздің қолыңызға сеніп тапсырып отыр. Бұл жалпы алғанда әрі абырой, әрі үлкен жауапкершілікті қажет ететін ауыр міндет. Сондықтан да еңбегіңіз жемісті болсын дей отырып, жаныңызға әлеумет жайын терең ұғатын, өз халқының болашағына селқос қарамайтын әрі айналаңызға Сіз үшін берік тұрып беретін адал да азамат жандардың топтасуына тілектеспін.
Құрметті президент!
Сіз бүгін Шығыс Қазақстан облысына жасаған іссапарыңызда Семей қаласына ерекше көңіл бөлу керектігін қадап айттыңыз. Бұл өте орынды әрі дер кезінде көтерілген мәселе. Расымен де бұл көптен бері шешімін таппай келе жатқан күрделі жағдай. Мұны Сіздің алғашқы сапарда-ақ ескеруіңіз, жергілікті басшылыққа тапсырма беруіңіз ел ішіндегі жағдайды жақсы білетініңіздің тағы бір белгісі.
Семей қаласы – талай текті азаматтарымыздың дүниеге келіп, қазақтың Тәуелсіз ел болуда маңызды рөл ойнаған бірегей шаһар десем, артық айтқандығым емес. Осы сәтті пайдаланып, көптен бері ойда жүрген төмендегі жайттарды Сіздің назарыңызға ұсынсам деймін.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Сіз қазақ халқының басынан өткен небір зобалаң кезеңдерді бір адамдай өте жақсы білесіз. Бұл ретте мені де, тіпті бар қазақтың жастарын әсіресе Алаш тақырыбы, жазықсыздан атылып кеткен, айыпсыз айдалған боздақтарымыздың ісі қатты алаңдатады. Әлі күнге дейін ата-бабаларының қай жерден топырақ бұйырғанын білмей жар басы жастыққа тимей жүрген ұрпақтары аз емес. Сол себепсіз қуғын-сүргінге түскен асылдарымыздың арасында Мұхамедхан Сейітқұл бабамыздың есімін ерекше атап өтуге болады.
Мұхамедхан Сейітқұл – қазақтан шыққан қолы ашық меценат, Шығыс өңірінде шариғатттың шамын жағып, бала оқытқан ерекше білім иесі еді. Басқасын айтпағанда, кешегі қазақ баспасөзінің таралуына, қазақ халқының білім мен ғылымға ұмтылуына мал-жағдайын аямаған тұлға. Мұхамедхан Сейітқұл Абай, Шәкерім, Міржақып, Ахмет, Әлихан секілді арыстарымызды өз үйінде құшақ ашып қарсы алған кісі. Сондай-ақ, жалпы Алаш партиясының бастамаларына ерекше қолдау білдірген текті адам. Ол Қазақ КСР Әнұраны мәтінінің авторы, абайтанушы Қайымдай тәрбиеші-ғалымның әкесі.
Алайда қанша уақыт өтсе де осы Мұхамедхан Сейітқұл бабамыздың құрметіне берілген не облыс орталығы Өскемен қаласында, не Семей қаласында бірде-бір белгі, мектеп аты, көше атауы да жоқ. Алайда жастар тәрбиесінде ұлт ісінің ерекше орын алатынын Сіз тамаша білесіз. Бұл ретте:
1. Келер жылы бабамыздың туғанына 150 жыл толайын деп отыр. Сонң құрметіне Өскемен қаласынан Мұхамедхан Сейітқұл атына бір көше атауы берілсе деймін. Бұл өскелең ұрпақ үшін де, алдыңғы толқын үшін де нағыз Рухани жаңғыру болар еді. Арысымызды тану ісі облыс орталығынан басталса бұл аудан мен ауылдарда да жақсы үрдіске айналары сөзсіз;
2. Бір кездері Семей қаласындағы Тыныбай Кәукен мешітінің жанында Мұхамедхан Сейітқұл бабамыздың 2 жер үйі болған. Жалпы сол аймақта хәкім Абайдан бастап, Алаштың бар асылы, Шәкерім, Әлихан, Міржақып секілді данышпандарымыздың ізі қалған. Өкініштісі, кешегі абыр-дабыр кезеңдерде ол үйлер бұзылып кеткен. Жаңа үйлер тұрғызылған. Десе де сол мешіттің жанынан Мұхамедхан Сейітқұлға қатысты шағын мәліметтер жазылған тақтайша қойылып, әлгі жаңадан тұрғызылған үйлердің қабырғасына қазақ және ағылшын тілдерінде естелік тақтайшалыр ілінсе деген өтінішім бар. Бұл болашағымыз деп сеніп отырған жас буын үшін үлкен тәрбие. Әрі бір жағынан шаһарға саяхаттап келетін туристер үшін де құнды мәлімет болар еді;
3. Дәл осындай екі тілдегі ақпарат жазылған естелік белгіні Мұхамедхан Сейітқұл дүниеге келген Көкентау жеріне де қойса, өте келісті болар еді. Көкентау – қойнауы тарих тұнған, сонау ескі ғасырлардан бері қалашықтардың орны сақталған құтты мекен. Ол қаладан 20-25 шақырым жерде орналасқан. Жергілікті археолог жастармен қазба жұмыстарына да қатысқаным бар. Сондықтан да бұл тақырыпты өте жақсы білемін. Егер екі тілде жазылған ақпарат тақтайшаны ауылға кіре беріс жерде орнатар болсақ, бұл тағы да сол өңір тұрғындары мен шет елден келетін туристер үшін өте құнды мәлімет, қымбат белгі болар еді;
4. Семей қаласында қайраткердің ұлы – Қайым Мұхамедханов атында көше бар. Осы бір көше қазаққа үш қайнаса сорпасы қосылмайтын революционер Петр Шмитд атындағы көшеге барып жалғанады. Дәл осы көше атауы меценат Мұхамедхан Сейітқұл атына берілсе, бұл әке мен баланың Тәуелсіз заманда қайта сағынысып қауышқан белгісіндей болар еді;
5. Семей қаласында Түйемойнақ аралы бар. Аталмыш арал да тарихи оқиғаларымен ерекше. Қазақтың бірқатар ардақты азаматтары Түйемойнақта болғанын осында түсірілген тарихи суреттерден көрсек болады. Тіпті бұл қаншама жүз асылдарымыздың ату үкімі орындалған қасіретті орын. Ондағы Семей полигонының құрбандарына арналған арнайы ескерткіштің барына қарамастан арал кей жастардың алкогольді ішімдік ішіп, дискотека жасайтын көңіл көтеру орталығына айналған. Бұл мәселені бұған дейін де БАҚ беттерінде көтергеніммен өзгеріс болмай тұр. Тіпті ол жердің астында хабарсыз кеткен азаматтарымыздың сүйектері жатуы да ғажап емес. Осы бір әдепсіздіктер тоқтатылса деп сұраймын.
Құрметті Қасым-Жомарт Кемелұлы!
Осы айтқан жайттарды менен де басқа қазақ жастарының бір ауыздан қолдайтынына шүбәм жоқ. Аталған мәселелерге тиянақты көңіл бөліп, өтінішімді жерде қалдырмайды деп бек сенемін.
Сізге деген құрметпен,
журналист-блоггер Азамат Битан.