Павлодарда халықаралық компанияның өндіріс ошағы ашылады  

 

Италияда орналасқан трансұлттық CHIMEC компаниясы  қазақстандық KazMunaiHim компаниясымен бірлесіп, жанармайға қажетті химиялық реагенттер мен қоспаларды жасап шығаруды жоспарлап отыр.

Қазақстандық-италияндық кәсіпорын «Павлодар» арнайы экономикалық аймағының ресми резиденті ретінде тіркеліп үлгерді.

– Бұл жобаны жүзеге асыру арқылы біз Италияның бизнесмендерімен байланысты нығайтып, оларды өзіміздің АЭА-қа әлеуетті иневсторлар ретінде тартуға мүмкіндік алдық, – дейді арнайы экономикалық аймақтың басшысы Айбек Тұрсынғалиев. – Жаңа өндіріс еліміздің инвестициялық алаңының тиімділігі мен тұрақтылығының шынайы дәлелі болады.

Айта кету керек, АЭА-ың қатысушысы ретінде «KazFoil» ЖШС-і де ресми мәртебеге ие болды. Бұл кәсіпорынның жұмысының негізгі бағыты тамақ өнеркәсібі, құрылыс индустриясы, машина жасау және металлургияда қолданылатын алюминий қақтамасы мен профильдерінің өндірісі болып табылады.

Екі жобаны да 2019 жылдың соңына дейін жүзеге асыру жоспарланып отыр.  Инвестициялардың жалпы көлемі 8 миллиард теңгені құрайды.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы