Павлодар облысының әкімі жуырда пәтер берілген отбасыларды аралап шықты 

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов қалалық әкімдік сатып алмақ болған екі қабатты үйдің орнына сатып алынған жеті пәтердің иелерінің шаңырақтарына кіріп шықты. Аймақ басшысы жарты жыл бұрын Павлодар қаласының әкімдігі сатып алмақ болған екі қабатты үйді пәтерлерге айырбастап, оларды кезекте тұрған жетім балаларға беруді тапсырған болатын.

Бүгін ол жеке мердігер тұрғызған үйдегі пәтерлерге қоныстанған отбасылардың жай-күйін біліп шықты. Олардың ішінде жаңа пәтерде қызымен бірге тұрып жатқан Елена Бурдуковская бар.

— Біздің жағдайымызды ойлап, пәтер бергендеріңіз үшін алғысым шексіз, — деді ол. – Бір бөмелі пәтерімізді аумағы 40 шаршы метрге жуық, ас үй де кең. Маған бәрі ұнайды.

Еленаның көршісі Әділ Оңғаров жалдап тұрған үйінен кейін екі бөлмелі пәтерге ие болды. ЕКі баласы бар жас отбасы болашаққа жоспар құрып отыр.

— Өзім құрылыста жұмыс істеймін, табысым тұрмысыма жетеді, — дейді ол. – Пәтеріміз жылы әрі жайлы. Балаларға да өте ұнайды.

Жаңа үйге қоныстанғандар пәтерлерін жиһазға толтырып қойып, құрылысшы компанияның көршілес тоғыз қабатты үйді аяқтауын күтіп отыр. Мердігер компания екі үйдің ортасындағы алаңды абаттандырып, балалар алаңшасын жасап береді.

 

 

Әлихан Рахметоллаұлы