ТҮРКІСТАН: ҚАСИЕТТІ АЙДА МҰҚТАЖ ЖАНДАР ҚОЛДАУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ
Бүгін Түркістан облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде қасиетті Рамазан айына қатысты баспасөз мәслихаты өтті. Жиында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Түркістан облысы бойынша өкіл имамы Мұсабек Ақтамберді жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар Рамазан айындағы сауапты амалдарды айтты.
«Баршаңызды мүбәрак Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын! Ұлы Жаратушының пенделеріне тартқан теңдессіз сыйы — қасиетті Рамазан — сансыз сезімдер мен толып тасыған ізгі ойлардың салтанат құрған, күн мен түн де тұтастай Жасаған Иеміздің рақымы мен мейіріміне тұнған ай. Басқа уақытпен салыстырғанда, жақсылықтар мен сауаптардың сансыз еселеніп жазылар айы да осы — Рамазан. Ораза адам жанын тазартып, жаман қылықтардан сақтайды» — деді Түркістан облысының бас имамы.
Мұсабек Ақтамберді кәсіпкер жомарт, жанашыр азаматтарды, көмекке мұқтаж жандарға қамқорлық көрсетуге, қайырымдылық жасауға, жетім мен жесірге мейірімділік танытып, қараусыз қалған қарттарға көңіл бөлуге шақырды.
Түркістан қалалық орталық «Хилует» мешітінің бас имамы Жүсіпбек Айдарбекұлы Қасымбеков, Түркістан қалалық еңбек және соғыс ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбаймбетов және облыстық ақсақалдар алқасының төрағасы Жарылқасын Әзіретбергенов те баспасөз мәслихатында журналистер сұрағына жауап берді. Сонымен қатар, қасиетті айда тек қана ішіп-жеуден ғана емес, өсек-ғайбат сынды жаман әдет-қылықтардан аулақ болуды айтты. Өйткені, ораза — тек ішіп-жеуден тыйылу үшін ғана емес, сондай-ақ, құлақ, көз, ауыз күнәларынан да сақтану үшін ұсталады. Сол үшін құлшылық амалдарымызды көбейтіп, көбірек Алланы еске алып, жиірек Құран оқыған абзал екендігін жеткізді дін өкілдері.
Ал зекет беру – жағдайы келген (шариғат бойынша нисап мөлшеріне жеткен) мұсылманға парыз. Бас имам зекет берекелі Рамазан айында берілсе, оның да сауабы еселеніп жазылатынын айтты.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі