АНАЛАРҒА 21 МЫҢ ТЕҢГЕГЕ ЖЕТУ ҚИЯМЕТКЕ АЙНАЛҒАНДАЙ немесе атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін тақыр кедей болу керек пе?
340 МЫҢ ОТБАСЫДА 4 БАЛАДАН
27 ақпан күні Астана қаласында Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Нұр Отан» партиясының XVIII съезі болып, сонда сөз алған Елбасы: «…елімізде 340 мыңнан астам отбасында кемінде төрт бала бар. Жыл сайын баласы бар отбасыларды қолдауға 500 миллиард теңге бөлінеді. Бірақ әр отбасының кірісі әртүрлі. Біреуінікі аз, біреуінікі орташа, енді бірінікі көп. Осыны ескеру керек. Миллионерлерге мемлекеттен қосымша көмек көрсетіп не керек. Мемлекет, ең алдымен табысы төмен көпбалалы отбасыларға көмек көрсетуі тиіс. Атаулы әлеуметтік көмек алуға құқылы баласы бар отбасыларды қолдау үшін көпбалалы отбасыларда әр балаға ең төменгі төлемді 21 мың теңге шамасында бекітуді тапсырамын», — деп Үкіметке қадап айтқаны ел есінде.
Бұған қуанбаған, бұған шаттанбаған қазақ жоқ шығар. Аңғалдығы баладай жұрттың шат-шадыман көңілі теңіздей тасып, ернеуінен асып далиған даласына моншақ болып шашылды. Ата-бабадан мұраға қалған киелі жердің асты мен үстіндегі байлығы өз ұрпағына адал жолмен бұйыратынын шамалаған елдің Елбасыға алғыстарын жаудырғаны көз алдымнан кетер емес. Тіпті осы 21 мың теңгенің айтылуына себепкер болған – 3-нен 4-ші ақпанға қараған түні, Көктал-1 тұрғын үй алқабындағы алапат өртте бір отбасының бес баласы қаза тапқаны да ел есінен көмескілене бастағандай еді. Марқұм балалардың ата-анасы шарасыздықтан, жоқтықтан, кедейліктен жұмысқа жегіліп, арты орны толмас қайғыға ұласқаны қандай өкінішті!
Әбжіл қабыландай жіті қимылдап іле-шала Үкіметте арнайы құрылған жұмыс тобы екі ай ішінде мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша кешенді шаралар қабылдауы тиіс-тін. Атқан оқтай зымырап екі ай өте шықты. Басында оп-оңай орындалатындай көрінген атаулы әлеуметтік көмек түйіні — шатпақ, қатпары — қалың проблемаға айналып шыға келді. 21 мың теңгені алудан, бейнелеп айтсақ, ғарышқа ұшып бару жеңіл секілді көріне бастады. Неге?
Кезінде Еңбек және әлеуметтік қорғау министрі әлеуметтік көмекті тағайындаған кезде, халықты бекерден бекер сандалтпас үшін сұралатын құжаттар саны азаятынын атап өткен.
«Мұның бәрі электронды түрде жүзеге асады. Егер кейбір мәліметтер жоқ болса, ата-анаға келудің қажеті жоқ. Жергілікті жерлерде жұмыспен қамту орталықтары, әкімшіліктер тиісті мемлекеттік органдарға сұрау жасап, өздеріне қажет мәліметті алатын болады. Өңірлердегі отбасылардың қажеттілігін, тұрмысын анықтау үшін әлеуметтік карталар жасалады. Осылайша, әр отбасыға талдау жасалып, ең мұқтаждарына мемлекеттен көмек көрсетіледі», — деген. Шындығына келсек, осылай жасалып та жатыр. Дегенмен құрылыс саласында әлі күнге құжатсыз, келісімшартсыз, «обемный» жұмыс жасап жатқан азаматтардың айлығын анықтау оңайға түспеуде. Осының кесірінен көптеген отбасылар әлеуметтік көмектен қағылғалы тұр. Заңсыз жұмыс жасап жатқан фирмалар мен компанияларға биліктің тісі батпауын қалай түсінуге болады?…
Қазақ елінің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көпбалалы отбасыларды қолдау жайлы тапсырмасы жүзеге асатын кезеңі, яғни 21 мың теңгенің «шашу болып» шашылатын уақыты да келіп жетті. Бірақ жайдарлы жұрттан көрі, қабағы қатулы «айбарлы» ағайын көбейді. Неге десеңіз, 21 мың теңгенің бастамасы жақсы болғанымен, жалғамасы бақсыдай «аласұрып» кетті. 21 мың теңгеге жету жолы — қылкөпірден кем емес. Әр өңірден жеткен ақпараттарға қарап отырсақ, қорадағы тауық жұмыртқасы мен ауладағы кішкентай жерде «табыстың» кілті көрінеді. Жеңіл көлік пен үйдегі теледидар да байлықтың нышаны көрінеді-мыс. Өзге де көзге қораш, ойға қонбайтын жайттардың да шеті шыға бастады. Бәле қуғандай болмайын деп, бәрін тізбелеуді жөн көрмей отырмын.
Бұл айтқандарымды министрлік өтірік десе, өткен аптада Мәжіліс депутаттары арасынан Бейбіт Мамыраев мырза аздаған әріптесімен қосылып, «Атаулы көмекті рәсімдеу қиын», — деп Парламент мәжілісінің жалпы отырысында Премьер-министр Асқар Маминге депутаттық сауал жолдағанын айтқым келеді. Сол сауалда, «…көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш тапсыру кезінде туындайтын мәселелерді шешуді сұраймыз», — деп жазылған. Бұдан қатты айту қайда? Бұған да шүкір дейміз. Сыйпай қамшыласа да, шындыққа бір табан жақындап тұр. Демек, «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны» рас болғаны.
«АДЫМДЫ АШТЫРМАУ», «АҚШАҒА ҚАДАМ БАСТЫРМАУ» ЖОСПАРЫ МА БҰЛ?
Егер бұл сөзіме де күмән болса, 25 сәуір күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тиісті мемлекеттік құрылымдарға атаулы әлеуметтік көмекті алуға мұқтаж адамдарға уақтылы жеткізу жұмыстарын ретке келтіруді тапсырғанын еске саламын. Бұл туралы Президент Тоқаев өзінің Twitter парақшасында жазды. «Үкіметке және Әкімшілікке, облыс әкімдері мен орталыққа қарайтын қалалардың әкімдерімен бірлесіп, Атаулы Әлеуметтік Көмекті мұқтаж адамдарға уақтылы жеткізу жұмыстарын ретке келтіруді тапсырдым. Қағазбастылыққа жол берілмесін. Кінәлілер жауапқа тартылады»», — деп мемлекет басшысы бекерден бекер айтып отырмаған болар. Яғни, әлеуметтік желіні қолданатын Президент, халықтың «тыныс-тіршілігін», өкпе-ренішін бажайлап отырғаны анық.
Пәрменнің күштілігінен болар 26 сәуір күні Астана қаласы әкімдігі сайтында «Елордада атаулы әлеуметтік көмек төлене бастады» деген ақпарат тарады. (Бірақ облыс, аудандар әзірге үнсіз).
Сайттың жазуынша «Қазіргі таңда 1648 отбасыға қатысты оң шешім қабылданса, 363 отбасы атаулы әлеуметтік көмек ала бастады. Қазақстан астанасында атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушылардың шоттарына төлемдер осы жылдың 26 сәуірінен 4 мамырына дейін түсіру жоспарланып отыр», — депті жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Сәуле Нұрғожина. 1 сәуірден бастап АӘК тағайындау үшін 9 725 отбасы өтінім берген, оның 2 483-іне атаулы әлеуметтік көмек тағайындау үшін қабылданған, 2 417-і өтініш аудандық округтік комиссияларға жолданды, 1 909 отбасыға қатысты аудандық комиссиялар оң шешім қабылдапты».
Иә, біздің білуімізше ауылды жерлерде әкімшілік қызметкерлері алашапқын болып шауып жүр. Өйткені Елбасы тапсырмасы орындалуы керек. Оған қоса «Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмей» алып шығу үлкен жұмыс. Әсіресе көптің көңілінен шығу — сынақтың көкесі. Жалпыға бірдей көзді жұмып 21 мың теңгені «өңгертіп» жіберуге кімнің жүрегі дауалай қойсын. Үй артында кісі тұрғанда…
Ал ел іші әрі-сәрі күйде. Түрлі тексерістер мен үй-жайды, шаруашылықты, шығыс-кірісті есепке алу жүйкеге де әсер етіп жатқандай… Өкпелі жұрт пен ашулы ағайынның айтары бар…
Жалпы бюджеттен бөлінетін қаржыны әлеуметтік салаға бағыттау жайлы кеше-бүгін ғана айтылып жатқан жоқ. Әсіресе, бұл мәселе соңғы жылдары көп көтерілді. Біздің халықтың әлеуметтік көңіл күйіне әсер ететін жағымсыз жайттардың күшеюіне байланысты әлеуметтік қолдау күшейтілді.
Атап айтқанда, соңғы екі жылда республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға бөлінетін шығындар 34 пайыздан 45 пайызға өсіпті. Алдағы 3 жылда аталған көрсеткіш 49 пайызға артпақ. Осыдан-ақ, құдайшылығын айтайық, әлеуметтік салаға басымдық берілгені анық көрініп тұр. Бірақ 21 мың теңгені аз қамтылған отбасыларға беруге Үкімет жарықтық жомарттық таныта алмай отыр. Кедергі көп. Тексеріс күшті. Қалайда «көлденең» табысты анықтап, ой мен қырды шұқылап, артық-ауыс пайдаларды көгендеп «адымды аштырмау», «ақшаға қадам бастырмау» жоспары жүзеге асып жатқандай сезіледі. Алла Тағала артының қайырын берсін…
21 мың теңгенің жырын жырлап отырғасын, енді осы 21 мың теңгеге бір баланы бір ай асырау мүмкін бе деген сұрақ алдыңнан шығады. Бүгінгі қымбатшылықты есепке алсақ, бір баланың бір айлық тамағына жетуі неғайбіл ақша. Ал жас жеткіншекке құнарлы тамақ әперу үшін 20 мың теңге жетеді деу — жаны ашымастың әрекеті. Жарайды, қысып, тартып жетті деген күннің өзінде ол баланың аяқ киімі мен көйлек-көншегіне жеткізу мүмкін бе? Әрине халық қымбат Мегаларға бара алмайды. Ондағы баға — шалқаңнан түсіреді. Ең арзан бала аяқ киімі 10 мың теңгеден жоғары. Киім-кешек те сол шамада. Ал қара базардағы киімдердің сапасы өте нашар. Бірақ ең арзан киім-кешек 6 мың теңгеден жоғары. Енді есептей беріңіз, бір бала аяғына кроссовки, көйлек, шалбар алса 18 мың теңгенің басына су құйылады. Тамағы, жүріп-тұруына да қаржы керек. Сонда бір балаға мөлшерленген 21 мың теңге соншалықты көп қаржы ма? Соның өзі біреулерге қол жетпес арман болып тұрған заманға тап болдық…
АНАЛАРДЫҢ ДАУЫСЫ ТАҒЫ ДА «ШЫҒА БАСТАДЫ»
Айтпақшы, Еңбек және әлеуметтік қорғау экс-министрі Мәдина Әбілқасымова «Алтын Алқа», «Күміс алқа» иелерінің балаларына ай сайын алатын 16 мың теңгесіне ауыз салып, «Көпбалалы аналар мемлекеттен бірнеше миллион теңге жәрдемақы алады, ешбір ел аналарға мұндай жағдай жасамаған», — деп, беті бүлк етпей айтқаны тарих бетінде хатталып қалғаны анық. Бұған елдің, әсіресе, көпбалалы аналардың ашуы келіп, «Министр Әбілқасымова орнын босатсын», «Әбілқасымова кет!» деп, әлеуметтік желіні шулатты. Ақыры халық министрді кетіріп тынды. Халық үлкен күш. Халқымен санаспаған басшылардың, саяси сауаты кемелденіп келе жатқан жұртынан айламды асыра беремін дегені қулығы енді жүзеге аспайтынын уақыттың өзі дәлелдеп жатыр.
Сұрағымызға қайта оралайық. 21 мың теңгеге бір баланы бір ай асырау мүмкін бе? Сөйтсек экс-министрдің орынбасары болған, бүгінде Мәжіліс депутаты атанған Нұржан Әлтаев: «Бір баланы асырауға айына 20 мың теңге жетеді», — деп айды аспанға шығарғаны да естен кетпес. «Ол үшін тек ақшаны барынша үнемдеу керек» екен. Біздегі бай-бағыландар азғантай жалақысын үнемдеп, үлкен коттедждер салып, дәу машиналар мініп, шетелде демалып жүр екен-ау… Балалары да бірінің ескісін бірі киіп, мектепке жаяу барып, қара базардан киініп, қара суға семіріп жүр деуге итермелейтін сөз ғой мынау… Біздің министрлер мен олардың орынбасарлары осындай сөздерімен халықтың ашуын туғызатынын қашан сезінер екен? Бұл дегеніңіз — шенеуніктердің халықтан тым алшақтап кеткенін меңзеп тұрғандай көрініс. «Біреу тойып, біреу тоңып секіреді» деген осы емес пе екен?
Әділетсіздікке күйіп кетті ме, Министрлердің сөзіне әдейі «соққы» жасады ма, жоқ әлде кездейсоқтық па, халыққа жақын жүретін сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлы: «қазіргі таңда елімізде 340 мыңнан аса көпбалалы отбасы бар. Оның 237 мыңы — «Алтын алқа» мен «Күміс алқа» иелері. Сонымен бірге, 85 мың мүгедек бала, 400 мыңға жуық балалары бар, бірақ асыраушысы жоқ не одан айрылған жалғызбасты ана бар.
Сондықтан үкімет «Алтын алқа», «Күміс алқасы» бар аналардың, асыраушысы жоқ аналардың, мүгедек әйелдер мен мүгедек баласы бар аналардың әлеуметтік-тұрмыстық әл-ауқатын көтеру үшін әрбір балаға кәмелетке толғанға дейін ең төменгі жалақының 50 проценті көлемінде жәрдемақы төлеу мүмкіндіктерін қарастыру керек», — деді сенаттың жалпы отырысында. Сонымен қатар, депутат көпбалалы отбасын қолдау мақсатында «Үлкен отбасы» арнайы мемлекеттік бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Сондай-ақ, ол мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде зейнеткердің, мүгедектің, студенттің және бір жасқа дейінгі бала күтіміне, мүгедек баланы қарағаны үшін төленетін жәрдемақы мен шәкіртақы табыс көзі ретінде есепке алынбауы керектігін айтты. Бұған қоса, көпбалалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылар үй кезегіне бөлек тіркеуді, бастапқы жарнасыз баспана беру тетіктерін қарастыруды ұсынды. Өкінішке орай, бұл бастамаға қолдау білдірген Үкіметті көрмедік. Өз дегенін жасауға үйренген биліктің керітартпа, өзімшіл мінезі — халықты ұшпаққа шығарса жақсы. Өзекті мәселеге айналып, кезекті проблемаға айналып кетпесе жарар еді…
Сонымен Еңбек және әлеуметтік қорғау экс-министрі Мәдина Әбілқасымова қызметінен не үшін кетті? Халықпен санаспай, әлеуметтік мәселеге қараспай, артық сөйлегені жараспай кетті. «Боз қойдан жуас, Ақ қойдан аңқау», «Бетегеден биік, жусаннан аласа» халықтың, әсіресе аналардың ашуына тиіп, шыдамының шырқын бұзып, төзімінің еменін сындырып кетті.
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев та сол үшін қызметінен кетірді. Келешекте халықпен санаспаған шенділердің кез келгені осы кепке ұрынуы бек мүмкін.
Аналардың жанайқайына құлақ асып, көпбалалы отбасылардың әлеуметтік ахуалын дұрыстау үшін, Елбасы жарлығымен Бердібек Сапарбаев Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып тағайындалды. Бұл Бердібек Машбекұлына артылған үлкен сенім еді. Тәуелсіздіктің алғашқы қиын кезеңдерінде қанаттас болып, тығырықтан шығар тар кезеңде қасында болған серігіне — халықтың ашуын басар ақылы мен парасатына сенгендіктен осы қызмет ұсынылған болатын. Әрине халық алдындағы атақ-абыройы да таразыға тартылғаны сөзсіз! Себебі қай облысқа басшы болып бармасын Бердібек Машбекұлының өз қолтаңбасы мен іскерлігі, табандылығы мен халыққа жақындығы тайға таңба басқандай көрініп тұратын.
Осындай азаматтың беделі мен еңбегіне шүбә келтіру ойымда жоқ. Бірақ АӘК алу барысында тағы да аналардың «дауысы шыға бастағанын» жеткізгім келеді. Бәлкім жұмысы көп министрдің көп нәрседен бейхабар болуы да мүмкін екенін жоққа шығармаймын. Сонымен…
МИНИСТР БЕРДІБЕК САПАРБАЕВҚА ДАТ!
Құрметті Бердібек Машбекұлы!
Көпбалалы аналарға тиесілі 21 мың теңгенің жыры таусылар емес. Қат-қабат құжат жинаған мұқтаж жандар сергелдеңге түсіп жүр. Олардың айтуынша, қанша құжат өткізіп, қанша табыс болуы керектігін құзырлы органдар әлі күнге нақты түсіндіріп бере алмайды. Осындай түсінбеушіліктің салдарынан мемлекет көмегінен құр қаламыз ба деп қауіптеніп отырғандар көп.
Арнаулы Әлеуметтік Көмекке құжат өткізіп жүрген аналарға құлақ түрсек, бізден мынандай құжат сұрайды деп зар еңірейді.
«Күйеуіңізге ИП ашыңыз, 21 мың теңгеге балаңа да ИП аш дейді. Бір нәрсе десек, телевизорды есептейді, холодильникті есептейді, кілемді есептейді. Оны неменеге есептейді. Қара жерде отырамыз ба сонда?» — дейді ашынған аналар. Мына сөздерінің де жаны бар. «Ал, мен ИП ашсам, 21 мыңға неге жүгірем? Қолымда ақшам болса, мен кәсіпкер болып шығады екенмін», — дейді қамығып.
Енді бір ана «Күнкөріс деңгейіміз төмен болса да, жәрдемақыны әртүрлі сылтаулармен ала алмай қаламыз ба?» — деп қынжылады. «Енді доход дейді. Менің льготымды есептейді, күйеуім инвалид, қызым инвалид. Сонда не істейміз? Бірнәрсе десек, үй ішіндегі заттарды есептей бастайды. Қорадағы мал да тізімге іліккен», — деп қынжылады.
Өз бетінше жұмыс тапқан азаматтар 2 деңгейлі банкке барып, біріңғай төлем ретінде 2525 тг ай сайын төлеп тұруы тиіс екен. Оған да аналардың өкпесі қара қазандай. Себебі 2019 жылдың 1 қаңтарында енгізілген біріңғай жиынтық төлем қазір жарамсыз болып қалған. Осыған ашынған аналар: «2019 жылы шыққан заң неліктен 3 айда жарамай қалады? Бізге осыған жауап берсін?» — деп отыр.
Құрметті Бердібек Машбекұлы!
Бұл айқай-шудың тек бер жағы ғана секілді. Тереңірек үңілген адам, әкімдіктердің көпбалалы аналарға тиесілі қаржыны — тақыр кедейлер мен бір тілім нанға мұқтаж отбасыларға бөлгізуге «құштарлықтарын» аңғара алады. Ондай отбасылар әрине аз. Қарға тамырлы қазақтың ағайын-туысы, жілік-жекжаты бар. Олай болса намысты қазақ отқа қарап отырмайды. Күнкөріс үшін күресін тоқтатпайды. Бірақ шын мұқтаж адамға, шиеттей бала-шағаға 21 мың теңгені көп көру — ұлтқа жаны ашымастың ісі емес пе?… Билік осы жағын да терең ойластырса дейміз дағы…
Осы жайларға қатысты ел арасында әжуәға бергісіз мынадай сөздер де өріп жүр.
«Осы үкіметтің заңдарын түсінбеймін. Ипотека алайын десем табысым жетпейді. Жәрдем ақы алайын десем табысым асып кетеді», — деген..
Жан басына шаққандағы табыс отбасындағы барлық мүшелерінің табысын қосып, отбасы мүшесінің санына бөлген кезде шығады. Кедейлік шегінен төмен болған жағдайда отбасы атаулы әлуметтік көмекті алуға құқылы. Сәуір айынан бастап кедейшілік шегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызын құрайды немесе 20 мың 789 теңге. Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін көпбалалы болу міндетті емес. Екі, үш баласы бар отбасы осы талапқа сай болса, атаулы әлеуметтік көмекті ала алады. Осылай деп келе жатып, Атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін отбасының жалақысы мен төрт түліктен түсетін табысы есептеледі дегенде ойланып қаласың. Жарайды жалақы есептелсін, ал төрт түлікті есептеу өте қатал шешім емес пе? Қазақтың малсыз күні бар ма?… Ол малдың қысқы азығы, бағылуы есепке алынбай ма? Бұл өзі халықты таза кедей болуға үгіттеу емес пе? Күні ертең АӘК алу үшін барлығы малын сатып жіберуі әбден мүмкін. Сонда одан кім ұтады? Кім ұтылады? Әрине тағы да халық тұтылады. Осыны жоғарыға жеткізсеңіз? Бұл менің емес, тұтас халықтың талабы!
Айта берсем, АӘК қатысты халықтың реніші жетерлік. Оның бәрін жазып, тауысу мүмкін емес. Сөйте тұра, мына бір келеңсіздікке тоқталмай кете алмадым. Егер көпбалалы отбасыда қарт әке-шешесі бірге тұрса, олардың зейнетақысы да отбасының кірісі ретінде есептелетіні. Бұл меніңше өрескел талап. Бар ғұмырын еңбекке арнап, енді бір қартайғанда тыныққысы келетін қарттарды, немере-шөбереге «байлап қою» қаншалықты әділдік? Олардың зейнетақысы еркін қыдыруға, денсаулығын күтуге, дәрі-дәрмек алуға әрең жететіні неге ескерілмейді? Енді келіп қарттарды «пайда түсіретін» қара нарға айналдыру кім үшін қажет?
ТҮЙІН:
ДЕМОГРАФИЯМЫЗДЫ КӨТЕРГІҢІЗ КЕЛСЕ — АНАЛАРҒА КӨМЕКТЕС!
Құрметті Бердібек Машпекұлы, сіз ұлтжанды, жүрегі кең, үлкен парасат иесісіз. Сіз, кешегі Голощекин жасаған геноцидтті білесіз? Алаш арыстарын қынадай қырған зұлматты да естіп өстіңіз. Қазақты басынған, отар санаған кеңестік кезеңде кіжініп есейген азаматсыз. Билік белестерінің өсу сатысында, ұлтыңызға адал қызмет жасап келесіз. Тұңғыш Президентімізге сенімді серік болдыңыз! Көргеніңіз, түйгеніңіз мол.
Біз халықтың ортасында көп жүретін болғандықтан, дүйім жұрттың арыз-шағымын, талып-тілегін сіздерге жеткізуді борышымыз деп білеміз. АӘК алуда осындай түрлі келеңсіздіктердің әр өңірде белең алып жатқаны рас. Сізге бірі жетсе, бірі жетпеуі мүмкін.
Қалай десек те демографиялық жағдайдың өрістеуі үшін көпбалалы аналарға қолдау керек. Бабалардан аманатқа қалған ұлан байтақ жердің мал мен жанға толуы билікке сын!
Ал дүниеде жері бай, кені бай елге ие өз елінен табылмаса, жат жұрттықтардан табыла кететіні ежелден белгілі. Сонда демография ашаршылығынан қалай құтыламыз? Әрине, әр мемлекет өзінің көрпесіне қарай көсіледі. Халықтың әлеуметтік күнкөрісі мәз емес екені бесенеден белгілі. Мемлекеттің тақыр кедейлігінен емес, жемқорлардың тойымсыз жемсауына түсіп кеткендіктен.
Құрметті Бердібек Машбекұлы! Сіздің өнер адамдарына, жазушыларға деген ілтипатыңыз өте ерекше. Оларға көрсетіп жүрген қолдауыңыз, құрметіңіз ала-бөтен. Сөз соңында өзіңіз қатты құрметтеген, ардақ тұтқан халық жазушысы Шерхан Мұртаза ағаңыздың ғұмырының соңғы сәтінде жазған «Бір кем дүние» кітабынан мына үзіндіні жаза кеткенді жөн көрдім.
«…Ендеше мемлекет ендігі жерде демографияны да мықтап ойлайтын мезгілі жетті. Қазір әйелдер зейнетке 58 жаста шығады. Ол қай уақытта бала туып, қай уақытта оны өсіріп, тәрбиелей алады? Ендеше 4-5 бала тапқан ананы еңбектен босатып, зейнетақысын берекелі етіп төлеу керек. Әр балаға жарытып жәрдемақы беру қажет. Бұл өте жауапты, тағдыршеш проблеманы Парламент, Президент мықтап қолға алсын. Әйтпесе, орасан кем дүние осы болады».