Рамазан — кешірім мен мейірім айы

Құран айы

«Рамазан айы — ол адамдар үшін тура жол басшылығы етіліп,сондай-ақ тура жол мен парықтылықтың айқын дәлелдері түрінде Құран түсірілген ай!» (әл-Бақара: 185 аяттың басы)
Рамазан айы мұсылманның Құраннан еш ажырамай, онымен үздіксіз байланыста жүруі лазым болатын ай. Сондықтан да кім Құран оқуды әлі білмесе, дереу оны оқи алатын деңгейге көтерілуге талпынсын, ал кім оқи алатын болса, бір-екі параны жаттап алуға қарай талпынсын, ал кім жаттап жүрген болса, оны қайталап пысықтаудан үзілмесін.

 

Дұға айы

«Һәм егер құлдарым сенен Мен жайында сұраса, сөзсіз Мен — Жақынмын! Жауап беремін дұға тілеушінің дұғасына,ол Менен дұға тілеген кезде. Естілерден болулары үшін, олар да Маған бойсұнып жауап берсін һәм Маған таухид сенімімен иман етсін!» (әл-Бақара: 186)
Абдуллаһ ибн Әби Мулайка: Абдуллаһ ибн Амру ибн әл-Аас: Алла елшісінің: «Сөзсіз, ораза ұстаушының ауызашар кезіндегі дұғасы, әлбетте, жауапсыз қалмайды», — деп айтты дегенін естіген. Абдуллаһ ибн Амру ибн әл-Аас аузын ашқан кезде: «Аллаһым, сөзсіз, мен Сенен күллі нәрсені қамтыған рақымыңмен сұраймын, — мені кешіруіңді», — дейтін деді. Сіз де өз қажетіңізді, яғни дүние мен ақыреттік қажеттіліктеріңізді ауызашардың алдындағы осы мүмкіндікті жіберіп алмай, Алладан сұрап алуды ұмытпаңыз.

 

Шүкіршілік айы

«Сөйтіп сендерден кімнің көзі Рамазан айына жетсе, онда оны ораза тұтсын! Ал кім науқас немесе сапарда болса, қарыз күндерінің санын басқа күндердің ішінде өтесін! Алла сендерге тек оңайлық қалайды, ауырлық қаламайды. Шүкір етерсіңдер деп, қарыз күндердің санын толтыруларыңды, һәм сендерді тура жолға салғанына сай етіп,Алланы ұлықтауларыңды қалады» (әл-Бақара: 185 аяттың соңы)

 

Зікір айы

Нұғман ибн Башир: Алла елшісінің: «Шындап келгенде, Алланы ұлықтауға арналған сендердің субханаллаһи, лә иләһа иллаллаһу, әлхамдулиллаһи секілді зікірлерің Аршының айналасын айналып, аралардың ызылындай ызылдап, өзін айтқан иесін еске түсіреді. Сендердің біреулерің ұнатпай ма,оны еске түсірушінің я оны үздіксіз еске түсіріп тұрушының болуын?!» – деп айтқанын риуаят еткен.

 

Қиям айы

Әбу Һурайрадан: Алла елшісінің: «Кім Рамазанның түндерін иманмен әм сауабын тілеумен намазбен өткізсе, оның ілгері жіберген күнәлары кешіреледі!» — деп айтқанын риуаят еткен. Яғни, дәл осы жасыңызға дейінгі күллі күнәларыңыз төгілетін кеңшілік пен кешірім айы.

 

Жомарттық айы

Ибн Аббас: «Алла елшісі адамдардың ең жомарты тұғын. Әсіресе, рамазан айы бойы Жебірейіл оған жолығатын кезде жомарттығы көз ілестірмеуші еді. Жебірейіл онымен рамазанның әр түнінде Құранды дәрістеуге жолығуға келетін. Негізінде, Алла елшісінің жақсылыққа ұмтылып тұратын жомарттығы жіберілген желден де жүйрік болатын», — деп риуаят еткен. Ардақты Елшінің осы сүннетін өз бойымызда да тірілтіп, қасиетті айда жомарттығымызды арттыруымыз қажет.

 

Сабырлық айы

Әбу Һурайра: Алла елшісінің: «Сабырлық айының оразасы және әр айдың үш күн оразасы – бір жылдық ораза!» — деп айтқанын естідім деген.
Әбу Һурайра: Алла елшісінің құдси хадисте: «Ол Мен үшін тағамын әрі сусынын әрі құмарлығын тастады. Оразалар — тек қана Мен үшін, әрі ораза үшін Мен Өзім жарылқаймын», — деп айтқанын риуаят еткен. Демек, қаншама жылдардан бергі жолыға алмай келе жатқан сабырлық мінезін бойымызға шынайы сіңіріп алатын сабырлықтың үлкен мектебі осы ай болмақ.

 

Ұстамдылық айы

Әбу Һурайрадан: Алла елшісінің: «Ораза — ол күнәдан әм тозақтан қорғайтын қалқан! Сондықтан ол арсыздыққа бармасын әм надандық жасамасын! Әм егер бір адам оған төбелес ашса я тіл тигізсе, ол екі мәрте: «Негізінде, мен — оразамын», — десін!» — деп айтқанын риуаят еткен.
Абдуллаһ ибн Масғуд: Алла елшісінің: «Сендерден кім отбасын құруға шамасы келсе, онда үйленсін! Өйткені үйленуі көзді тыюға ең тиімді жол әрі мүшені қорғауға да ең тиімді жол. Ал кім отбасын құруға шамасы келмесе, онда өзіне ораза ұстап тұруды міндет етіп алсын, өйткені ораза оның қорғаны болмақ», — деп айтқанын риуаят еткен.