«ҚАЖЫҒАН» МЕКТЕПТЕ ДАРЫНДЫ БАЛАЛАР ӨСІП КЕЛЕДІ… «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналы Қажымұқан ауылында

Астанаға ат шаптырым жерде тұрған Ақмола облысына қарасты, Целиноград ауданына жататын Қажымұқан атамыздың атын иеленген ауылға жолымыз түсті. Ол жаққа баруға ұйытқы болған журналист Азамат Кеңесұлы. Өзі сол өңірде тұратын болғандықтан, Қажымұқан ауылының тыныс-тіршілігі мен мектебін таныстыруды өзінің азаматтық міндеті санапты.
Бізді (Саят Қамшыгер, Сәлима Мешітбайқызы, Нағашыбай Қабылбек) Қажымұқан ауылының № 4 негізгі мектебінің директоры Әбдіхалықова Тұрсын Серікбайқызы мен мектеп ұжымы мәрт пейілмен қарсы алды.
Әлі күнге аты жоқ (Қажымұқан бабамыздың атын қоя салса ғой, шіркін!) № 4 негізгі мектеп оқушылары «QAZAQSTAN dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының журналистерімен кездесуге кәдімгідей дайындалыпты. Әсерлі әңгіме, тағылымы мол кездесу оқушылардың дайындаған ән-күйіне ұласты. Талантты ұл-қыздардың өнерін көріп бір марқайсақ, бізге сұрақ қойып, өз пікірлерін ашық айтқан оқушылар үшін қатты қуандық.
Кеш соңында Қажымұқан ауылының № 4 негізгі мектебінің директоры Әбдіхалықова Тұрсын Серікбайқызымен шағын сұхбат жасадық.

 

— Тұрсын Серікбайқызы, Қажымұқан ауылының №4 негізгі мектебі қанша оқушыға арналған? Дәл қазіргі сәтте қанша бала оқып жатыр?
— Бұл мектеп 2003 жылы 100 балаға арнап салынған көрінеді. Ол кездегі ауыл тұрғындары аз болғандықтан соған шақтап тұрғызылған болар. Таза қазақ мектебі. Алайда бүгінгі таңда 446 бала оқып жатыр, 3 ауысыммен 46 мұғалім қызмет істейді. Мектеп шығын болғанымен спорт залымыз бар, бірақ, активи зал жоқ.
— Мектептің тарлық етіп тұрғаны, бала санының көптігінен-ақ көрініп тұрғандай…
— Оныңыз рас, мектебіміз шағын. Бала саны өте көп…
— Кейбір оқушылар қалаға қатынап оқиды деп естіп жатырмыз. Бұған сіз не дейсіз?
— Жоғары 10-11 сыныптың балалары қалаға қатынап оқиды. Себебі мектебіміз 9 жылдық.
— Қиын жағдай екен. Жаңа мектеп салу жайлы әңгіме айтыла ма? Әлде салынып жатыр ма?
— Иә, жаңа мектептің іргетасы қаланып тұр. Менің білуімше жоспар бойынша 2020 жылдың қаңтарында қолданысқа берілуге тиіс. 300 орындық мектеп.
— Оқушылардың алаңсыз оқуына бар жағдай жасалынған ба?
— Ол жағынан проблема жоқ. Оқу құралдары жеткілікті. Бізді аудандық білім бөлімі 100 пайыз қамтамасыз етіп отыр. Ең алдымен біз, аз қамтылған отбасылар мен көпбалалы ата-аналардың балаларына қарасамыз. Содан кейін ғана қалған оқушылар назарға алынады. 4 пен 9 сынып оқушылары тегіс жаңартылған оқу бағдарламасына көшті. Алдағы жылы бәрі толықтай көшеді деп отырмыз. Мектепте кадр жетіспеушілігі деген жоқ. Мұғалімдердің бәрі жоғары білімді.
— Ата-аналармен байланыс жағы қалай?… Бұл да күрделі мәселеге айналып отырған шаруа ғой.
— Ата-аналармен қарым-қатынасымыз өте жақсы. Түсіндіру жұмыстарын жиі жүргіземіз. Балалардың бәрі тәрбиелі. Сіздерді осында әкеліп, мектеппен таныстырып отырған Азаматқа алғысымыз шексіз. Ол кісі ата-аналар комитетінің басшысы. Өте белсенді. Спорттық шара, оқу, тәрбие мәселесі болсын үнемі біздің қасымыздан табылады.
— Шағын мектептің атын шығарып жүрген оқушылар бар деп естіп жатырмыз? Солар жайлы айта отырсаңыз?


— Ең бірініші мақтанышымыз Махмет Әмір деген оқушы. Ол — Қазақстан рекордтар кітабына ғана емес, бүкіл әлемдік рекордтар кітабына планка жасаудан енген бала. Яғни, Ол — 1 сағат бойы планкада тұра алады. Одан кейінгі мақтаныштарымыз — Кеңес Алпамыс пен Есен Малика деген әнші оқушылар. Екеуі де шетелдік сахнаға шығып жүр. Былтырлары Дубайға, биыл Өзбекстанға барып қайтты. Тағы бір айтқым келетіні, біздің 9 жылдық мектепті жақсыға аяқтап, Астанаға барып алтын медальға бітірген екі бала бар…
— Өте жақсы жаңалық екен. Қуаныштымыз. Әйтседе, шағын мектеп болғандықтан қажеттіліктер де болып тұратын шығар?..


— Барлық мектептердегі секілді бізде де материалдық базадан қажеттіліктер бар. Оны жасырмаймыз. Мысалы, компьютер жетіспеушілігі, интерактивті тақталардың аздығы, лабораторияға қажетті заттардың кемдігі деген сияқты… Дегенмен мұның бәріне сұранысты беріп қойдық. Көп ұзамай келіп те қалар…
— Ұстаздардың білім көкжиегінің кеңеюі үшін газет-журналдың орны бөлек. Егер құпия болмаса қандай БАҚ жазыласыздар?
— Мұғалімдер өздеріне қажетті әдістемелік журналдарға жазылады. Оның сыртында міндеттеу деген бар. Ауданнан арнайы жоспар келеді жазылуға. Оған «Егемен Қазақстан», облыстық, аудандық газеттер жатады.
— Ендеше алдағы уақытта мектеп ұжмы “Qazaqstan dauiri” газеті мен “Мөлдір бұлақ” журналына да жазылады деген үміттеміз.
— Иә, жазыламыз.
— Сұхбатыңызға рақмет.
— Сіздерге де рақмет. Елеп-ескеріп келгендеріңізге!

Нағашыбай Қабылбек