Павлодар облысында ардагерлерге пәтерлер берілді
Отан қорғаушылар күнінде тұрғын үй алуға кезекте тұрған Ұлы Отан соғысының үш ардагеріне «Сарыарқа» шағын ауданындағы жаңа үйден пәтерлер берілді. Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов майдангерлер Әкімбек Әбдірайымов, Құдайберген Қапсалямов және Вячеслав Чернышевке екі бөлмелі пәтерлердің кілттерін табыстады.
— Бүгінгі таңда облысымызда 72 Ұлы Отан соғысының ардагері тұрады, — деді аймақ басшысы. – Мен олардың бәрін аралап, жағдайларымен танысып шықтым. Тұрғын үйлері болса да мемлекеттен пәтер алуға құқығы бар үш ардагерге бүгін пәтер кілттерін табыстадық.
Облыс әкімі өңірде тұрғын үйге мұқтаж ардагерлер қалмағанын атап өтті.
Әкімбек Әбдірайымов жақында 95 жылдық мерейтойын тойлайды. Ол майданға 1942 жылы шақырылған еді. 60-шы автоматшылар полкының 204-ші атқыштар дивизиясының құрамында Әкімбек Әбдірайымов Белоруссияның Витебск және Смоленск облыстарының аумағындағы шайқастарға қатысып, Украинаны азат етуге қатысты. Ұрыс даласындағы бірнеше жарақаттардан кейін мүгедектік алған Әкімбек Әбдірайымов ерлігі мен батырлығы үшін екінші дәрежелі Отан және Қызыл жұлдыз ордендерімен марапатталды.
Соғыс ардагері Қапсалямов Құдайберген Павлодар облысында дүниеге келген. Майданға он жеті жасында аттанған ол 34-ші танкіге қарсы атқыштар дивизионында артилерист-көздеуші ретінде шайқастарға қатысты. Қарт майдангер үшінші дәрежелі Даңқ орденімен, «Варшаваны азат еткені үшін», «Ерлік істері үшін» медальдерімен, мерейтойлық медальдермен марапаталды. 1950 жылы әскерден қайтқан Құдайберген Қапсалямов туған ауылына оралып, ішкі істер органдарында қызмет етті. Ел тыныштығын қорғаудағы еңбегі үшін ол «Мінсіз қызметі үшін» медалімен және «Милиция үздігі» төс белгісімен марапатталды.
Вячеслав Владимирович Чернышев әскер қатарына 1944 жылы шақырылып, 76-шы гвардиялық атқыштар дивизиясында соғысты. 1945 жылдың қаңтарында жеңіл жарақат алған ол 1953 жылы запасқа шығып, оқытушылық қызметпен айналысты. Вячеслав Чернышев екінші дәрежелі Отан орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдерімен және мерейтойлық наградалармен марапатталған.
— Вячеслав Владимирович өмірі пәтер сұраған емес, маған да тыйым салды. Бүгін біз үшін тосын сый болды, — дейді ардагердің зайыбы Татьяна Ивановна Чернышева. – Өкінішке қарай, біздің ұлымыз қайтыс болған еді. Қазір жұбайымыз екеуіміз Ресейге көшіп кеткен немерелеріміздің пәтерінде тұрып жатырмыз.
Атап өту керек, ағымдағы жылы Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне төленетін жәрдемақының көлемі жарты миллион теңгеге дейін көтерілген еді. Сонымен қатар, оларға коммуналдық төлемдер мен дәрілермен қамтамасыз ету бойынша өтемақылар қарастырылған.